ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Басылымның функциялары. 1- сағат.Дәріс мақсаты: Басылымның функцияларын анықтап, көрсету. Тірек сөздер: Басылым, басылымның қоғамдық функциялары, басылымның эвристикалық функциясы, басылымның зерттеу функциясы, басылымның зерттеу функциясы, басылымның салалық функциялары, басылымның практикалық функциясы, басылымның ғылыми функциясы. Негізгі қарастырылатын мәселелер және қысқаша мазмұны: 1. Басылымның қоғамдық функциялары. Басылымның мәдениеттегі рөлі. 2. Басылымның эвристикалық функциясы. 3. Басылымның зерттеу функциясы. 4. Басылым тарихи ілімдерді тарату құралы және оқыту құралы ретінде. 5. Басылымды саяси мақсатта қолдану. 6. Басылымның салалық функциялары. 7. Басылымның практикалық функциясы. 8. Басылымның ғылыми функциясы. Басылым - әдеби шығарманың жарық көрген нұсқасы. Басылым бірнеше функциялардан тұрады: Басылымның қоғамдық функциялары. Басылымның эвристикалық функциясы. Басылымның зерттеу функциясы. Басылым тарихи ілімдерді тарату құралы және оқыту құралы ретінде. Басылымды саяси мақсатта қолдану. Басылымның салалық функциялары. Басылымның практикалық функциясы. Басылымның ғылыми функциясы. Басылымның қоғамдық функциялары – бұл белгілі мемлекеттің идеологиясын қалыптастыру, қолдау, жариялау, бекітудегі мемлекет қызметі. Бұл функция білім беру, мәдени, басылым, теледидар құралдарымен іс жүзіне асырылады. Басылымның эвристикалық функциясы – басылымның бастапқы кезеңі эвристикалық кезең деп аталады, яғни, басылымға жарияланатын мәліметтерді іздеп, табу немесе ғылыми айналымға енгізу. Басылымның зерттеу функциясы - қол жеткен білімдерді кеңейту және жаңа білімдер алу, ғылыми топшылауларды тексеру, табиғат пен қоғамда көрініс табатын заңдылықтарды анықтау, жобаларды ғылыми тұрғыда жинақтап қорытындылау, ғылымды негіздеу мақсатындағы зерттеулер, тәжірибелер жүргізумен, ғылыми ізденістермен байланысты ғылым сипаттағы жұмыстар, талдамалар Басылым тарихи ілімдерді тарату құралы және оқыту құралы ретінде. Тарихи сана – бұл бүгінгі ұрпақтың әлеуметтік жады. Әлеуметтік жады формасы жағынан әмбебап және мазмұны жағынан нақты болып келеді. Сондықтан да тарихи сана қашанда нақты-тарихи, әлеуметтік, ұлттық және индивидуалдық мазмұнмен толырылады. Қазіргі кезеңде әлеуметтік жадының үш деңгейінде жаhандық деңгейінде, ұлттық деңгейде және жеке тұлғалық дәрежеде түбірлі өзгерістер болып жатыр: адамдық индивидуал- дық деңгейде антропологиялық төңкеріс орын алды, әлеуметтік немесе этностық деңгейде ұлттық сана-сезімнің бұрын-соңды болмаған дүмпуі байқалды, ал жалпыадамзаттық деңгейде ақпараттық жаhандану үдерісін бастан кешіп отырмыз. Бұл өзгерістер, өз кезегінде тарихи сана мәселесін күн тәртібінің алдыңғы қатарына шығарып отыр. Әлеуметтік-мәдени еспен сипатталатын тарихи жады немесе тарихи сана неғұрлым терең болған сайын адам да, тұтастай алғанда қоғам да рухани бай болады. Ал тарихи білім берудің мақсаты жан-жақты дамыған тұлғаның ойлау мәдениетінің қажетті компоненті ретіндегі тарихи сананың элементтерін адам бойында қалыптастырумен ұштасып жатады. Тарихи эрудиция – бұл тұлғаның рухани байлығы. Алдыңғы буынның жинақтаған әлеуметтік-мәдени тәжірибесіне тереңірек енген сайын қазіргі адамның өмірлік және азаматтық ұстанымы да айқындала түседі. Тарихи білім адамның ғылыми дүниетанымының қалыптасуына, оның бойында адамгершілік мұраттардың егілуіне ықпал етеді. Отанға деген сүйіспеншілік, оның өткені мен бүгінін мақтан тұту патриотизм деп аталатын сезімдердің құйылысын тудырады. Сондықтан да басылым тарихи ілімдерді тарату құралы және оқыту құралы ретінде қарастырылу тиіс. Басылымды саяси мақсатта қолдану - саяси жүйенің негізін құрудағы, билік үшін саяси күрес жолындағы, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы, әлеуметтік және ұлттық келісімдегі, мемлекеттің егемендігін, ішкі және сыртқы жаулардан қорғанудағы мүдделерді келістіретін мемлекеттің әрекетін бейнелейтын басылымдар. Басылымның салалық функциялары- басылымның белгілі бір бағыттары бойынша бөлінуі, яғни тарих саласы, экономика саласы, заң саласы, техника саласы және т.б. Басылымның практикалық функциясы - ғылыми-библиографиялық көрсеткіштер шығару, баспасөз статистикасын жүргізу, жүйеленген каталогтар негізінде баспаларға, мекемелерге, жекелеген адамдарға ақпараттық-библиографиялық анықтамалар беру қызметінің саласы Басылымның ғылыми функциясы -табиғи байлықтарды ұтымды пайдалану және қоғамды тиімді басқару мақсатында табиғат, қоғам және ойлау заңдарын зерделеу, болмыс туралы объективті білімді тұжырымдау және теориялық жағынан жүйелеу болып табылатын адам қызметінің саласы; Қазіргі таңда технократиялық ойлау жүйесі қалыптасып, үлкен қарқын алуда. Осы тұста мемлекеттің және қоғамның саналы өкілдері өткен тарихи кезеңдердегі деректерді болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында сақтап қалдыру жауапкершілігіне ерекше мән беріп, біршама іс-шаралар жасауда. Мұрағат құжаттары тарихи дерек ретінде Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуына тигізер әсері мол. Өйткені өткен тарихи кезеңдерді зерттеп білу үшін мұрағат құжаттарына сүйенеміз. Мұрағат құжаттарын тиімді пайдалану арқылы Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерін ашуға мүмкіндік туады. Тарихи зерттеулер мұрағат құжаттары негізінде жинақталып жазылатындықтан бұл мәселе қазіргі таңда өзекті болып отыр. Мұрағат құжаттарын мәдени- ағарту және насихаттық мақсатта пайдаланудың барысында: көрмелер ұйымдастырып, теле және радио хабарлар даярлап, лекция мен экскурция өткізіп және мерзімді басылымдарда мақалалар жариялап, түрлі құжаттық көрме ұйымдастыру болып табылады. Көрме құжаттарды насихаттау үшін жасалады. Көрмеде арнайы таңдалып алынған құнды, әрі қызық (хаттар, естеліктер, фотосуреттер, брошюралар, плакаттар т.б.) құжаттар қойылады. Көрменің тақырыбы елдің қоғамдық – саяси өміріне белгілі мемлекеттік және қоғамдық қызметкерлерге, республика тарихына арналуы мүмкін. Мұрағат құжаттарының көрмелері уақытша және тұрақты болып келеді1. Мұрағат құжаттарын танымал етуде радио хабарларының атқаратын орны зор. Мұрағат құжаттарын насихаттауда бірнеше радио хабарлардың түрі қолданылады. Олар: тақырыптық әңгімелер, баяндамалар, лекциялар және мұрағатта табылған және жаңадан келіп түскен құжаттар жайлы хабарлар ұйымдастырылады5. Әңгімелік, лекциялық және баяндамалық радио хабарларының ұзақтығы 30 минут болуы шарт. Ал соңғы хабарда берілетін радиолық ақпараттар көлемі бір беттен аспауы қажет. Радиолық ақпараттың оқылу ұзақтығы 3 минуттан аспауын ескерген жөн. Әдетте радиорепортаждарда құжаттар жайлы және оның ғылымды, халық шаруашылығын, мәдениетті дамытудағы ролі жөнінде айтылады6. Мұрағат құжаттары негізінде даярланған телехабардың көрерменге әсері зор. Телехабарларда белгілі оқиғаға байланысты құнды құжаттардың түпнұсқасын және оқиға куәгерлерімен даярланған телехабарлардың көрерменге әсері зор. Телехабарларда белгілі оқиғаға байланысты құнды құжаттардың түпнұсқасын және оқиға куәгерлерімен қатысқан адамдарды көрсетуге болады. Сонымен қатар фото-кино құжаттарды пайдалануға, хабарға музыка мен ән қосу тиімді. Мұрағат құжаттары негізінде әзірленген телехабарлар өзінің көлемі жағынан әртүрлі болып келеді. Бір түрі тележурналдық болып келсе, екіншісі мұрағат құжаттары негізінде жасалған арнайы телефильм. Телехабар үшін мазмұны қызықты құжаттар таңдалынып алынады. Телехабар текісін көрермендер тиісті дәрежеде қабылдауы үшін автор сөзімен қатар құжаттардан үзінді келтіріп, оқиғаға қатысқан адамдарға сөз беріп, көркемдік шығармадан үзінді келтірген жөн. Мұрағат құжаттарын мәдени- ағарту мақсатта пайдаланудың тағы бір түрі- кездесулер ұйымдастыру, экскурсия мен лекция оқу болып табылады. Бұл кездесулерде мұрағат қорының құрамы мен мазмұны жөнінде және мұрағат қорын ғылым, мәдениет саласында пайдаланудың маңызын көрсетеді. Өзінің маңыздылығына қарамастан, археографиядағы жете зерттелмеген мәселелердің бірі – өкінішке орай, «нені жариялау керек» деген сұраққа жауап беру. Жинақталып жатқан мұрағаттық құжаттар көлемінің күрт ұлғаюы мен олардың жарияланып үлгеру мүмкіндігімен сәйкес келмей отырған жағдайда бұл мәселенің көкейкестілігі арта түседі, сонымен бірге археографиялық басылымдардың міндеттері мен оны әзірлеу жағдайлары мен әдістерін жақсы меңгермеген, дағдыланбаған кездейсоқ адамдардың археографияға келуі бұл мәселенің неғұрлым оң шешілуіне ықпал ете алмайды. Соңғы жағдайға ресейлік тарихшы А.Д. Степанский өз кезегінде көңіл бөліп, былай дейді: «Бүгінде ғылыми емес басылымдардың беттерінен археография дегеннің не екендігін білмейтін адамдардың ұсынуымен құнды деректер жарық көріп жатыр». Басқаша айтар болсақ, олар мәтіннің қарабайыр нұсқасын қайта бастырумен шектеледі. Бүгінгі таңдағы құжаттық жарияланымдардың жариялануына талдау жасайтын болсақ, оның ішінде әсіресе журнал бетінде жарық көргендері жайлы О.В. Наумов: «Өкінішке орай, ғылыми-археографиялық жұмыста тәжірибенің аздығы құжатты жариялауға әзірлеу барысында байқалады, олар негізінен мыналар: біртұтастық сақталмайды, кейде біржақтылық байқалады, үзінді түрінде беру жиі ұшырасады, басылымдардың көпшілігінің кешенділігі бұзылады, құжатқа шолу жасауда қателіктерге жол беріледі». Бұл кемшіліктер соңғы он жылдағы Ресейдің, оның ішінде журналдық басылымдардағы құжаттық деректерді жариялау ісіне тән, сол кезеңдегі Белоруссия басылымдарында да жоғарыда аталған кемшіліктер кездесті. Белоруссия археографтарының кәсіби әзірлік деңгейінің жеткіліксіздігі бір жағынан, екінші жағынан олардың «ережелер мәдениетін», «әдет-ғұрып мәдениетін» археографияда сақтау қажеттігін мойындамауы отандық ғылым үшін құнсыз құжаттық басылымдардың пайда болуына әкеліп соқтырады. Жарияланымның объектісін анықтаушы археографқа ұзақ уақыт бойы ғылыми емес әсерлер (саяси, идеологиялық т.б.) ықпал етті, «нені жариялау керек?» деген мәселе ғылыми тұрғыда шешілмей, бұл сұрақтың жауабы тарихшылар мен археографтарға, мұрағатшыларға тәуелді болды. Шынын айту керек, бұл жерде көп жағдайда билік етуші идеологияның құжаттық жарияланымдарға қойған талабына, нұсқауына, қолдауына байланысты болды. Олардың ойынша, жарияланған деректер социалистік жүйенің артықшылығын дәлелдеп, капитализмді жексұрын етіп көрсетулері керек. «Құжаттық материалдарды пайдаланған кезде фактілерді әркім өзіне қолайлылық жағынан қарастыруға, өз мақсаты үшін бұрмалауға, сөйтіп бүгін берілетін бағаны өткеннен іздестірмеуіміз керек»,– дейді беларус археографы Е.Ф. Шорохов. Сонымен қатар, шындықты айтамын деп, әділдікті көрсетемін деп мемлекетіміздің өткенінен кез келген фактіні жарыққа шығара берудің өзі ел тарихын қаралауға әкеліп соқтырмасын. Дегенмен, совет үкіметі тұсындағы деректерді жариялауға әзірлегенде археографияны саясат пен идеологияға бағынышты болды деп тұжырымдау аса дұрыс болмайды. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы құжаттық басылымдарға талдау жүргізсек, жоғарыда айтып өткен «бағыныштылық» дерті оларды да шарпығанын көреміз. Бұған көз жеткізу үшін бір ғана «Виленск археографиялық комиссиясының актілеріне» назар аудару жеткілікті: оларда, әдеттегідей, орта ғасырда католиктер тарапынан қысым жасалғанына қарамастан, беларус жерінде православие дінінің үстемдік еткенін дәлелдейтін құжаттар көп, сонымен бірге ежелгі ірі байлар, магнаттар, Литва Ұлы княздығының шыққан тегінің «орыстығын» анықтауға қажетті құжаттар да жеткілікті. 1917 жылдан кейін деректерді іріктеудегі біржақтылық басқаша мәнге ие болды, үстемдік етуші партияның, оның жетекшілерінің ерекше іріктеліп, аса шеберлікпен жинақталған құжаттары кеңінен жариялана бастайды. «Оларда жариялануын партияның басшылары мақұлдаған мәліметтер ғана берілген», – дейді бүгінгі ресейлік зерттеушілер. 1991 жылдың тамыз айына дейін КСРО ОК бас хатшысының орынбасары В.А. Ивашкоға КСРО ОК жанындағы марксизм-ленинизм институтының директоры академик Г.Л. Смирнов мынандай жағдайларды мәлімдеді: мемлекет басшысы ретінде В.И. Лениннің нақты саяси қызметіне қатысты құжаттардың ішінде, оның ойынша, бүкіл әлемде, елде әртүрлі көзқарас тудырарлықтай құжаттар да бар. Бұл жерде әңгіме Ресей большевиктер партиясы көсемінің кейбір тәуелсіз мемлекеттерге қарсы күш көрсету әрекеттерін қолдағандығын дәлелдейтін құжаттар жөнінде болып отыр (оның ішінде Эстония мен Латвияға қарсы), кеңестік Ресейдің мемлекеттік ұйымдардағы шетелдік азаматтарға көзқарасына байланысты жұмыс тәсілдерінің құпиясы ашылды (концлагерде ұстау жағдайы, Ресейге келген шетелдіктердің соңынан бақылау қою т.с.с). Лениннің құжаттары арасындағы осы және басқа да осыған ұқсас мысалдарды келтіре отырып, тарих-партия институтының басшысы: «Мұндай құжаттарды дәл қазір жариялау орынсыз» деген тұжырымдама жасайды. Кеңестік мемлекеттің жарты ғасырдан астам уақыт бойы өзара соғыс ашпау жөнінде ұстанған саясаты 1939 жылдың 23 тамызындағы совет-герман Келісіміне қосымша құпия қаулының болғандығын, және «Катынь трагедиясы» құжаттарының болғандығын жоққа шығарып келді. «Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңының құжаттары мен материалдары. 1937-1939 жж. (М.: КСРО СІМ, 1981), бір жағынан «1939 жылдың баламалары» (М.: СҒА баспасы, 1989), екінші жағынан – жарияланым тақырыбын таңдауға байланысты мәселеде «социализмнің дамыған» кезеңіндегі кеңестік археографтарға жан-жақты ойлануға негіз болады. Осыған ұқсас мысалдар әлі де айтарлықтай толыға түсуі мүмкін. Кей жағдайда цензура елегінен абайсызда өтіп кеткен шамалы құжаттарды жариялаған баспаның жұмысының уақытша тоқталуына немесе біржола жабылуына апарып соқтыратын. Бұған мысал ретінде айтар болсақ, К.С. Станиславский мен В.И. Немирович-Данченконың жазысқан хаттарын жариялағаны үшін «Исторический архив» журналы 1960 жылдың басында жабылып қалды. Жариялау объектісін таңдауға үстемдік етуші идеологияның әсерін айтпағанда, жариялаушы адамның ол деректерді, жариялануға әзірленген құжаттың құрамына, тіпті құжаттар топтамасына қаншалықты маңызды деп баға беруіне де байланысты болуы мүмкін. Мұндай көзқарас жариялаушының жалпы дүниетанымына, ой-өрісінің деңгейіне, ұлтына, конфессияға, көркемдік тәрбиесіне және басқа да мәндерге байланысты қалыптасуы мүмкін. Белорусьтың кітапты басып шығару тарихынан шамалы ғана хабары бар археограф Ф. Скоринаның, П. Мстиславтың, И. Федоровтың жазбаларына немесе олардың фамилиялары аталған құжаттарға мән де бермеуі мүмкін. Православие дінін ұстанатын жариялаушы басқа діннің адамынан гөрі әрине, православие дінін ұстанушы адамның қаламынан шыққан дүниеге көбірек мән беруі ықтимал. Археографияда кездейсоқ жарияланған, кездейсоқ әзірленген құжаттардың аз кездеспейтіні белгілі болып отыр. Осы жағдайларды ескере отырып, арнайы ғылыми өлшемдерін (өлшемдері, қойылатын талаптардың түрлерін) әзірлеу қажет деген ой келеді, сол ережелерді пайдалана отырып, міндетті түрде және бірінші кезекте жариялануға тиісті құжаттар көлемін анықтаймыз. Бұл талаптар тарих ғылымында ғана қолданылатын (тарихилығы, шыншылдығы, жан-жақтылығы, кешенділігі, яғни мәліметтің толық берілуі) жалпы принциптер археографиямен тығыз байланысты деректемелік пәндер (тарихнама, мұрағаттану, деректану) үшін де ортақ талап болуы керек. Мұндағы мақсат: археографиялық жарияланымдардың көздегені – ғылымды жаңа құжаттармен қамтамасыз етіп тұру, ал олар өз кезегінде негізінен нақты тарихи көріністерді зерттеумен айналысатын тарихшы – зерттеушілер үшін деректік қызмет атқарады. Жарияланым деректік жағынан толыққанды (бұған деректік сын жеткілікті дәрежеде, дұрыс жүргізілгенде ғана қол жеткіземіз) болуымен бірге, деректік ақпараттың жан-жақты таралуы және әр құжаттың тарихи дерек ретіндегі бағасы қамтамасыз етілуі керек. Жариялау үшін құжаттарды таңдау жұмысы ең алдымен мұрағатшының мұрағаттанудың талаптарына сәйкес таңдауынан басталады, яғни тұрақты сақтауға қабылданған құжаттар белгілі бір дәрежеде сұрыптаудан өткізіледі. (Сақтау мерзімі көрсетілген бір үлгідегі, ведомстволық құжаттар тізбелері бұрын да болатын, қазір де әр сала бойынша тізбелер әзірленеді). Жариялауға құжат таңдаудың критериін әзірлегенде басты міндетті назарда ұстау керек, бұл міндеттер археографтың да алдына қойылады, ол міндеттер: жариялауға таңдап алынған құжаттар өткен тарихымызды шынайы танып білуде (тарих ғылымына қатысты) басқаларға қарағанда жарияланғаннан кейін ғылымға зор пайда әкелуі тиіс. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жариялауға құжат іріктеуде ұстанатын аса маңызды негізгі үш факторды ерекше атап өту керек. Оның алғашқысы тарихнама саласына жатады. Тарих ғылымының даму жағдайына, деңгейіне тұтастай және кейбір салаларына талдау жасай келе, археограф неғұрлым өзекті саналған немесе дәл қазір зерттеліп жатқандықтан құжатпен қамтамасыз етілуі қажет болып тұрған тарихи зерттеулердің ерекше түрін анықтайды. Бұл жағдайлар керісінше де болуы мүмкін. Кей жағдайда белгілі бір құжаттардың жариялануы тарихнаманың ұстанған белсенді бағытының біржақтылығын көрсетеді. «Сборник грамот Коллегии экономики» жинағының жариялануына байланысты С.Н. Валк былай деді: «Жинақтың жарық көруі тарихнаманың сол кездегі мәселелерімен тығыз байланысты болды: қандай да бір тарихи деректердің жариялануы тарихнамада үстемдік етуші теорияның, көзқарастың нәтижесі екендігіне көз жеткізуге болады». Қандай жағдай болғанда да, тарихнамалық фактор жариялаушыға өзінше бағыт сілтеушінің қызметін атқарады, тарихшылар мұны тұрақты пайдаланады. Археографиялық басылымдардың болмауы немесе күрт азаюы тарихи зерттеулердің кейбір бағыттарының зерттелмей қалғанын аңғартады. Бұл жерде Ресейдің, Украинаның археографиясы сияқты, Беларусь археографиясының тарихнамасына тарихнамалық жұмыстардың да қамтылуы заңды, Беларустегі тарих ғылымының жағдайы туралы тарихнамалық шолуға да осыны айтуға болады Археографиялық фактор кейін жариялануғаұсынылатын құжаттардың арнайы археографиялық сипаттамасы есебінің жүргізілуін алдын ала қарастырады. Бұл жерде қорды құрушы мекеменің іс қағаздарын жүргізу барысында пайда болған материалдарының толықтығына мән беріліп, анығырақ айтсақ, мұрағат қорының маңыздылығына назар аудару керек. Егер мұрағатшылар құжаттарды тұрақты сақтауға қабылдау кезінде құжаттарды таңдау жұмысы сапасыз жүргізілсе немесе басқа бір себептерге байланысты (құжаттардың бір бөлігінің физикалық жағдайының нашарлығынан жойылса) мұрағат қоры қорды құрушы жұмысының негізгі бағыттары туралы толық түсінік бере алмайды, кейін тарихи дерек ретінде қолданылуы мүмкін маңызды материалдар болмайды, мұндай құжатты жариялаудың қаншалықты дұрыстығын археограф ойлануы керек. Өкінішке орай, бұған дейін болған тұрақты сақтауға қабылданатын құжаттар тізімі мұрағат қорына маңызды құжаттардың іріктеліп жинақталуына әсер етпеді. Ол тізімдерде көптеген құжаттар кешені қамтылмады, мысалы, хат алмасуларға аса мән берілмегендіктен мекемелер мен ұжымдардың мұрағат қорлары жұтаң көрінді. Жариялануы мүмкін материалдың физикалық жағдайы да маңызды орын алады. Физикалық жағдайына байланысты жойылу қаупі бар (мәтіннің өшіп қалуы, тозығы жетуі) құжаттар бірінші кезекте жариялануы керек, әрине, маңыздылығы анықталған соң, мұрағат қорына кездейсоқ түсіп, үшінші сұрып қатарында жатқан құжаттар бүліну сатысында тұрғанына қарамастан ешқандай жариялауға жатпайды. Деректемелік фактор археограф жариялануға тиісті құжаттың деректемелік салмағын, бағасын, бүгінгі таңдағы және біраз уақыт өткеннен кейінгі ақпараттық құндылығын ескере отырып жариялануға тиісті құжаттың деректемелік салмағын бағасын анықтауға әрекеттенуінен көрінеді. Бұл жерде археограф мұрағатшы сияқты футурологтың қызметін атқарады: тарихи зерттеулер жүргізуге керекті құжаттарды тұрақты сақтауға олардың қаншалықты сапалы (толық) іріктеп алуларына байланысты болады. Осы үш фактор қосылып, жарияланым тақырыбын анықтауға көмектесуі керек. А.С. Степанскидің құжаттар кешенін игеру әдісі туралы алдын ала бір келісімге келіп алу туралы ұсынысы көңілге қонады, яғни жариялаушыға ғана емес, зерттеушіге де бұған дейін беймәлім деректерді жариялауда мұрағат құжаттарының құрамы мен мазмұны жайындағы ғылыми зерттемелердің анықтамалығын әзірлеп алу керек. Осылайша археограф, мұрағатшы мен зерттеуші үшуінің одағы «археографиялық саясатты» дұрыс таңдаудың негізі болады. Оны одан әрі жүзеге асыру өз алдына дербес жұмыс істеуші ғылыми және мұрағаттық мекемелердің ғана міндеті емес, сонымен бірге бағыт беруші арнайы археографиялық орталықпен тығыз байланыста, бірлесе отырып жұмыс жүргізу керек (комиссия, кеңес, институт). Өкінішке орай, 1960-1970 жылдары басталған археографиялық қызметті Бас мұрағаттың шығарып отырған «Беларусь мемлекеттік мұрағаттарында жүргізіліп жатқан зерттемелер тақырыптары», мұрағат құжаттарының жөнсілтерлері мен анықтамалықтары арқылы ретке келтіріп отыру жұмысының үзіліп, жалғастырылмай қалуы келесі кезеңдерде археографияның іс жүзінде дамуына кері әсерін тигізбей қоймады. Бұл мәселелерді ұйымдастырушылық жұмыстары арқылы шешуге әрекеттену (археографиялық комиссия, құжаттарды жариялау ісі бойынша ғылыми кеңес құру арқылы) еш нәтиже бермеді. Құжаттарды жариялауға іріктеудің шарттарына қайта оралсақ, біз атағандардың ішіндегі «жалпытарихи мәні» бар негізгі үшеуінен басқа таза археографиялық талаптар да бар. Оларға бұрын жарияланғандардың есебін жүргізу жатады, әрине, ондайлар болып жатса, жарияланғандар мен жарияланбағандардың ара қатынасы т.с.с. Ең басты мәселе – жарияланатын тақырыпты дұрыс таңдау, бұл – жариялауға ұсынылатын құжаттың немесе құжаттар кешенінің құндылығы. Осы фактор деректің жариялануға жататын не жатпайтынын анықтайды. Құндылық туралы түсінікті әр археографтың өзінше түсінуіне байланысты олар құнды деп санаған кез келген құжатты жариялай беру керек деген ойға жетелейді. Жариялау объектісіне шек қойылмаған жағдайда жариялаушыға толық еркіндік берілуі мүмкін. Осыған байланысты, белгілі бір тақырып бойынша жарияланатын деректер қай жерде сақталғанына, түрлеріне қарамастан, оларды тақырып байланыстырады. Археографиялық өнімнің басым бөлігін осы – белгілі бір тақырыпқа байланысты басылымдар құрайды. Жариялау обьектісін таңдау мәселесіне байланысты әңгімені жалғастырмас бұрын археографияда қолданылып жүрген құжаттық жарияланымдардың жіктемесі туралы бірер сөз айта кету керек, бұл жікемеде ондағы құжаттардың мәні мен қандай мақсаттарда пайдаланылатыны көрсетілген. Бұл бүгінгі таңдағы археографиядағы жариялау обьектісіне қатысы бар кейбір даулы мәселелерді шешуге көмектеседі. Белгілі болып отырғандай, археографияда ең кең тарағаны: құжаттық жарияланымдардың түріне, мәніне қарай жіктелуі. Алғашқысы жарияланымдардың көздеген мақсатына қарай бөлініп жүргізіледі, ғылыми, ғылыми-танымдық және оқу құралдарын әзірлеу үшін. Екіншісінде жарияланып отырған құжаттардың мазмұнын, олардың шығу тегін, түрін (әртүрлілігін) сақталып тұрған орны және басқа да жағдайлар ескеріледі. Осы жағдайларды ескере отырып, жарияланымдар тақырыптық, қор бойынша, бір түрдегі, немесе бір адамның құжаттары болып бөлінеді. Бұл жерде жіктеме құжаттардың мазмұнына, шығу тегіне қарау сияқты бір немесе бірнеше сыртқы белгілеріне қарап жүргізіледі. Осылайша тақырыптық жарияланымдардың құрамында әртүрлі мекеменің, жекелеген адамдардың әр жерде сақталған әртүрлі құжаттары болуы мүмкін. Әуел баста бұларды біріктіруші – біз жоғарыда атап өткендей, ортақ бір тақырып. Қор бойынша жарияланымдар құжаттардың сақталып тұрған жеріне байланысты анықталады, оларда бір ғана қорға, бірнеше қорға, немесе бір қордың бір бөлігіне жататын құжаттар қамтылады. Бір түрдегі құжаттардың, бір адамның жарияланымдарына тән нәрсе – дереккөздердің ортақтығы, құрастырушының бір адам болуында. Археографияда кездесетін құжаттық жарияланымдар жіктемесіне берілген қысқаша сипаттамадан тақырып бойынша әзірленген жарияланымдар үшін құжатты іріктеу ісі субъективтік, саяси, идеологиялық, конфессияаралық сияқты күрделі әсерлерге түсетіндігімен ерекшеленетінін көреміз, қор бойынша және құжаттардың түріне қарай әзірленген жарияланымдардан өзгешелігі де осында. Археографтардың арасында деректік толыққандылығын сақтай отырып, зерттеушілерге тарихи жан-жақты деректер кешенін ұсынуда қандай құжаттар басқаларға қарағанда жарияланудың бірінші кезегіне тез өтеді деген көзқарас бар. Біреулер тақырыптық құжаттар жинағын шығаруды дұрыс санайды, олардың ойынша зерттеушілердің қойған талаптарын сол арқылы қанағаттырады, өйткені олар белгілі бір нақты тақырып бойынша жұмыс істейді. Дұрыс таңдалған тақырып, тақырыптың көкейкестілігі нәтижеге кепіл бола алады. Жарияланым объектісін таңдауда негізгі үш талаптың бірі ғана, атап айтсақ, тарихнамалық фактор ғана ғылыми емес: саяси, идеологиялық әсерлерге бағынышты. Құжаттардың тақырыптық жинағы, олардың ойынша, ғылым үшін көп маңызы жоқ. Оларды сыртқы қасиеттеріне қарай жинақталған құжаттар басылымы сақталып отырған жеріне, түріне, пайда болған уақытына қарай т.с.с. жинақталған құжаттар басылымымен салыстырады. Мысал ретінде айтсақ, оларға «Беларусь архиві» (Мн., 1928. Т.2). Кез-келген басылымды әзірлеу барысында: белгілі бір тақырып қор бойынша, құжаттардың түріне қарай әзірлеме болмасын, археографқа тақырыпты таңдау мәселесін шешу мен оған құжаттарды іріктеумен айналысуға тура келеді. Бірақ та ол мәселелердің өткірлігі әр басылымда біркелкі болмайды. Алғашқы жағдайда, тақырып бойынша басылым әзірлегенде әр құжатты таңдау жеке-жеке жүргізіледі. Мазмұнына байланысты (тақырыпқа қатысы болған жағдайда да, болмаған жағдайда да) тақырыптық жарияланымға пайдаланылатыны немесе қолданылмайтындығы жөнінде мәселе анықталады. Бұл жөнінде кезінде С.Н. Валк былай деп жазды: «Кім де кім құжат жинақтау жұмысымен айналысқан болса, құрастырушының қандай күй кешетінін сол адам ғана жақсы біледі, өйткені бірнеше құжаттар топтамасының қолдануға жататын, жатпайтынын бірден шешу керек болады (жоғарыда қор бойынша әзірленетін және түріне қарай әзірленетін басылымдар жайлы айтылды), ендігі жерде әр жеке құжаттың жинаққа енгізілу мәселесі қарастырылады, әр құжат жеке қарастырылады, әр құжаттың маңыздылығы сарапқа түседі. Жоғарыда айтылған жағдайлардың барлығы жинақ шығарудың қаншалықты жауапты, ауыр іс екендігін көрсетеді.) Қандай да бір әдістемелік қателіктер немесе тақырыптың тарихи мәнін дұрыс түсінбеушілік құжаттарды таңдау кезінде кері әсер етеді». Тақырыптық басылымды құрастыруда құрастырушылардың тарапынан болатын субъективизмге жол беріліп жататыны бұрыннан да жасырын емес, құжат таңдаудағы басты міндеттің бірі – коммунистік партия принциптерін басшылыққа алсақ, «идеялық мазмұны және кез келген басылымның бағыты» бүгінгі күні де ұстанылады, бүгінгі күні бұларға қосымша басқа принциптер: неғұрлым саясаттандырылған, идеологияландырылған принциптерге жол берілді. Қор бойынша әзірленетін басылымдарды әзірлегенде құжат таңдау ісі тақырыпқа байланысты болмайды, құжатты жарияланымға қосу, қоспау деген мәселе болмайды. Мұндай жағдайда құжатты таңдаудағы кездесетін субъективизмге де жол берілмейді, әрі зерттеушілерге қордағы барлық құжаттармен танысуына зор мүмкіндік туады, көптеген зерттеу жұмыстарының жүргізілуіне әсер етеді. Дегенмен де, мұндай басылымдар кемшіліксіз болады деп айта алмаймыз. Соңғының қатарына, біздіңше, қаржылық мәндегі үзінділер, қор бойынша және түріне қарай әзірленетін басылымдарды әзірлеу процесіне әсері болады: қордағы құжаттардың бірін қалдырмай, немесе бір түрдегі барлық деректерді қамтыған басылымдардың көлемі, әрине үлкен болады, оны басып шығаруға шығын да айтарлықтай жұмсалады. Осыған байланысты, бүгінгі күнгі археографияның тәжірибесінде басып шығаруға қаржыны қайдан аламыз деген сұрақтың арғы жағында нені басып шығарамыз деген сұрақ та туындайды. Археогрфтарға құжаттық басылымдарды әзірлеуді тапсырғанда көп жағдайда жарияланым объектісін таңдауда мекемелер мен ұйымдардың қаржылық мүмкіндіктеріне тікелей байланысты болады. Мұрағаттағы көптеген қорлардың ғылыми өңделу сапасын да ескермесе болмайды. Олардың ішінде бірін бірі қайталайтын құжаттар да, құндылығы төмен де құжаттардың кездесуі археограф үшін құжаттарды топтау ісінде қиындықтар туғызады, (тақырыптық басылымдар әзірлеудегідей өткір болмағанмен). Нәтижесінде құжаттардың дұрыс сақталуы да деректерді таңдауда маңызды рөл атқарады. Жариялау объектісін анықтауда осы және осыған ұқсас басқа да кездесетін мәселелер дәл тақырыптық жарияланымдар әзірлегендей күрделі емес. Жоғарыда аталған қиындықтар тақырыптық басылымдардан бас тартып, қор бойынша және құжаттың түріне байланысты басылымдарды ғана әзірлеу керек деген сөз емес. Қаржылық қиындықтарға байланысты да қор бойынша және құжаттардың түріне қарай әзірленетін басылымдарды көптеп шығара беруге болмайды. Егер әр құжат көптеген жылдар бойы жинақталған тәжірибе нәтижесінде қалыптасқан археографиялық талаптарды сақтай отырып іріктелген болса, зерттемелер «археографиялық әдет-ғұрып мәдениетіне» сіңісті болып кеткен әдістемелік ұсыныстарға, ережелерге, нұсқаулықтарға, сай жүргізілгенде ғана тақырып бойынша әзірленген жинақтар тарихи жағынан да, басқа ғылымдар үшін де аса пайдалы болады. Қорыта келгенде айтарымыз, жариялау объектісін таңдауда мұрағаттарда сақталған құжаттық байлықты, кітапханалардағы, мұражайлардағы, жеке қорлардағы қолжазбаларды барынша тиімді меңгеру, орнымен пайдалану қажет. Жарық көруге тиісті деректердің көлемінің ұлғаюына және қаржылық, техникалық мүмкіндіктердің шектеулі болуына байланысты туындаған бұл мәселені шешумен ХІХ ғасырдың өзінде-ақ ойлана бастаған. Тақырып бойынша жарияланым әзірлеу үшін құжаттарды таңдау барысындағы «әрекеттің тиімділік коэффициентінің» аса жоғары еместігін мойындаймыз, соған қарамастан, тарихшылар тақырыптық және қор бойынша жарияланған материалдар арқылы әртүрлі құжаттармен танысуға мүмкіндік алады. Қор бойынша және құжат түріне байланысты әзірленген басылымдарды дайындауда өте көне әрі аздаған тарихи деректерді ғана, сол сияқты экстремальді жағдайларда пайда болған жаңа заманның құжаттар кешенінің аздаған бөлігін қамту мүмкін болады. Тақырыптық басылымдар әзірлеумен салыстырғанда қор бойынша басылым әзірлеудің артықшылықтары сақталу керек. Бақылау сұрақтары: 1. Басылымға анықтама беріңіз? 2. Басылымның функцияларының түрлерін көрсетіңіз?. 3. Басылым мәдени мұра жүйесі ретінде маңызын анықтаңыз? Ұсынылатын әдебиеттер: 1. Добрушкин Е.М. Основы археографии: Учеб.пособие. М., 1992. 2. Добрушкин Е.М. История отечественной археографии. Современные проблемы и задачи изучения. Учеб.пособие. М., 1989. 3. Королев Г.И. Археография: Учеб. пособие. –М.: РГГУ, 1996. ДӘРІС -9. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|