Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Дәріс мақсаты:Жариялау үшін құжаттарды анықтау жолдарынашып көрсету.




Тірек сөздер: Тақырып, құжаттарды анықтау, тарихнамалық фактор, мұрағаттанулық фактор, деректанулық фактор, қордық және түрлік баспалар, деректерді анықтау көзі.

Негізгі қарастырылатын мәселелер және қысқаша мазмұны:

Жариялау үшін құжаттарды анықтау жұмысын ұйымдастырудың кез келген ғылыми-зерттеу жұмысынан айырмашылығы аз. Әдетте оның алдында басылым тақырыбы бойынша монографиялар, мақалалармен қатар құжаттық жарияланымдарды да қоса мүмкіндігінше толық (библиографиялық тізім) жасау жүзеге асырылады. Құрастырушының бұдан былайғы жұмысының тиімділігі библиографияның қаншалықты толық жасалғанына байланысты болып келеді. Тақырып бойынша әдебиеттерді, мерзімдік басылымдарды, құжаттық басылымдарды зерттеу – анықталатын дереккөздер әлуетінің шеңберін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жердегі маңыздысы – белгілі бір кезеңдегі мемлекеттік немесе ведомстволық мұрағаттар торын, оның ішінде мемлекеттік мұрағаттардың қайта құрылу мерзімдерін, олардың ғылыми-анықтамалық аппаратын, мұрағаттардың қорлармен жабдықталу тарихын, олардың қаншалықты сақталғандығын білу болып табылады.

Жарияланған құжаттарды анықтау көзі болып ең алдымен үкіметтік органдардың ресми басылымдары саналады. Археограф үшін көне заңдар жинақтарының барлығын, олардың қай жылдары басылғанын, қайта басылғанын білу аса маңызды. Ондай басылымдардың ресми сипаты болмағанымен, тиісті құжаттық жарияланымдарды даярлау кезінде оған көз салу аса пайдалы болмақ. Маңызды ресми басылымдар қатарында Ресей империясының толық заңдар жинағы, Ресей империясының заңдар жинағының үш басылымы бар.

Археограф үшін ведомстволық басылымдар, мерзімдік баспасөз, құжаттар жинақтары, мемуарлар, т.б. анықтау көзі қызметін атқара алады. Осынау аса зор «ақпараттар теңізінде» өзіндік бағдарлаушылық рөлін атқаратындар – библиографиялық анықтамалықтар, көрсеткіштер, каталогтар болып табылады.

Жарияланбаған құжаттар мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттарда, кітапханалар мен мұражайлардың қолжазба бөлімдерінде, жеке мұрағаттар мен коллекцияларда анықталады.

Курсымыздың бірінші бөлімінің дәрістерінде айтып өткеніміздей, археография тарихнамамен тығыз байланыста болып, оның сұраныстарына сезімталдықпен қарауға тиіс болғандықтан, археограф отандық және шетелдік тарихтың әртүрлі құбылыстары бойынша ғылыми-зерттеушілік әдебиетпен жақсы таныс болуы керек. Бұл жерде оған тарихи библиография, сондай-ақ тарих ғылымының тарихы бойынша зерттеулер көмекке келеді.

Әдебиетті зерттеп, дереккөздер шеңберін белгілеу негізінде басылымның жоспар-проспекті жасалады, онда құжаттар жинағына енгізілуге тиісті мәселелер мен оқиғалар ашып көрсетіледі; құжаттардың анықталу, таңдап алу әдістерінің ерекшеліктері, мәтінін беру және археографиялық безендірілуі белгіленеді; дереккөздерді жүйеге келтіру тәсілдері, ғылыми-анықтамалық аппаратының құрамы анықталады; тақырып бойынша библиография келтіріледі; нақты нөмірлері мен қорларының, коллекцияларының, т.б. көрсетілген мұрағаттар, кітапханалар, мұражайлар шеңбері белгіленеді.

Әдетте анықтау бұған дейін жарық көрген құжаттар жинақтарын, әдебиетті зерттеуден басталады. Бұл археографқа оларда кездесетін сілтемелер арқылы дереккөздер шеңберін анықтауға ғана емес, сонымен бірге оларда жарияланған құжаттарды (толық немесе үзінділермен) белгілеп алуға мүмкіндік береді.

Мерзімдік басылымдарда жарық көрген құжаттарды: декреттер, жарлықтар, қаулылар, съездер, конференциялар мәжілістерінің хаттамалары, хаттар, т.б. анықтаудың өзіндік спецификасы бар. Ресми басылым болып есептелмейтін газет немесе журнал беттерінен өзін қызықтырған құжатты кезіктірген археограф оның мәтіні түпнұсқа немесе ресми басылым мәтінімен бірдей екеніне көз жеткізуі тиіс. Бұл үшін мерзімдік басылым редакциясына немесе ең дұрысы – түпнұсқа сақталатын жерге хабарласу керек. Осылайша газет немесе журнал құжат туралы мәлімет жинаудың неғұрлым қолжетімді көзі болып табылады, алайда ол тек сирек жағдайларда ғана, археограф арнайы келіскен кездері ғана құжат жариялаудың көзі бола алады.

Өз материалдарыңды: мақала, хабар, репортаж, корреспонденция. интервью, фельетон, пікірлеріңді, т.б. мерзімдік басылымдарда жариялаудың жөні бір басқа. Бұл жағдайда газет немесе журнал негізгі дереккөз болып есептеледі, алайда мерзімдік басылымдардағы өз материалдарын басуға даярлаған кезде де археограф редакция мұрағатына немесе материал авторларының жеке мұрағатына хабарласу арқылы олардың түпнұсқасын табуы керек. Олардың варианттарын жарияланған мәтінмен салыстырудың археографқа да, даярланып жатқан жарияланымның болашақ пайдаланушысына да осы баспасөз органының тарихын (кеңінен алғанда – журналистика тарихын), автордың жеке басын зерттеуде және, ең ақырында, газет (журнал) материалдарын даярлау кезіндегі қоғамдық-саяси ахуалды зерттеген кезде берері көп болмақ.

Жарияланған материалдарды анықтағаннан кейін мұрағаттық құжаттарды анықтауға кіріскен дұрыс. Ол археографты қызықтыратын ғылыми-анықтамалық аппарат жүйесін, сондай-ақ ондағы әлі көзге түсе қоймаған жаңа түсімдер жайлы мәліметтерді зерттеуден басталады. Бұл мәселеде мұрағаттар бойынша неғұрлым қолжетімді анықтамалықтар – жолкөрсеткіштерде ақпараттар айтарлықтай тапшы болып келеді. Оларда соғыстан кейінгі түскен құжаттар жайлы мәліметтер болмауы мүмкін.

Жарияланған ғылыми-анықтамалық аппарат түрлерімен таныстық жарияланым тақырыбы бойынша құжаттар болуы мүмкін деп жобаланатын нақты қорлар мен коллекцияларды белгілеп алуға мүмкіндік береді. Бұдан кейін қорлар тізімін зерттеу мұрағатта бар барлық каталог түрлерімен (жүйелеуші, пәндік, тақырыптық, атаулы, географиялық, т.б.) танысумен параллель жүргізілуі тиіс.

Мұрағат құжаттарын табысты анықтау көбіне құрастырушы мұрағаттық эвристикамен таныс па, жоқ па, тарихи дереккөздердің жатқан жерін дәл табар өзіне тән сезімталдығы қай дәрежеде, соған байланысты болады. Соңғысы, біздің ойымызша, мұрағаттың ғылыми-анықтамалық аппараты жүйесін зерттеуден ғана пайда болмайды, ең алдымен археографтың мұрағат құжаттарымен ұзақ мерзім қоян-қолтық жұмыс істеуі негізінде, тәжірибеден өтуші мұрағатшылармен үнемі байланыс жасаудан, және ең ақырында, оның жалпы тарихи даярлығы нәтижесінде пайда болады.

Нақ осы, құжаттарды анықтау кезеңінде, тарихшы мен мұрағатшы кооперациясы қажет болады. Тарихшы тарихи зерттеу әдістерін меңгергенімен, көбіне мұрағаттық эвристика мәселелерін шешуде дәрменсіздік танытады; мұрағатшы мұрағаттың көптеген қорлары мен коллекцияларында шашырап жатқан жекелеген тарихи дереккөздер жайлы айтарлықтай танымы болғанымен, кейде олардың арасындағы себептік-салдарлық байланысты, олардың тарихи таным процесіндегі орындарын аңғара алмайды.

Бейнелеп айтқанда, тарихшының жүйегі кішігірім, бірақ мұқият өңделген, күтімді, ал мұрағатшының жері аумақты-ақ, бірақ ол жақсы жеміс беруі үшін, бірінші оны дәнді дақылды күтіп-баптаудың озық технологиясымен таныстыруы керек те, ал ол оны барлық алқапқа таратуы тиіс.

Көпшілік жағдайда ресми құжаттармен қатар жеке басқа қатысты дереккөздер де жарияланым объектісі болуы мүмкін (жеке хаттар, күнделіктер, естеліктер, мақалалар, т.б.). Оларды анықтау үшін қорларында ресми құжаттама сақталып қалған мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар тарихын ғана біліп қою жеткіліксіз болады. Бұл жерде қорында өзінің құжаттары (ең алдымен хаттары) сақталған археографты қызықтырған адаммен қарым-қатынаста болған барлық жандарды анықтаудың маңызы зор. Сондай-ақ бұл қорлардың сақталатын жерін білу де маңызды. Өкінішке орай, кейбір республикалық мұрағаттарда, кітапханаларда, мұражайларда сақталған жеке мұрағаттық қорлар туралы анықтамалық басылымдар болмауы да мүмкін, сондықтан мұндай жұмыстарды табу үшін кейде көрші елдерге өтініш жасауға тура келеді.

Статистикалық, әскери, картографиялық, ғылыми-техникалық, кинофотофоноқұжаттарды анықтаудың өзіндік ерекшеліктері болады (Кино және фотоқұжаттарды анықтау және жариялау әдістері туралы мына еңбектерді қарауға болады: Магидов В. М. Зримая память истории. М., 1984; Янин В. Л. Старая граммофонная пластинка как объект источниковедения // Археографический ежегодник за 1978 год. М., 1979; Селезнев М. С. Проблемы публикации фонодокументов // Актуальные вопросы теории, методики и истории публикации исторических документов: Межвузовский сборник научных трудов. М., 1991. С. 63–68 и др.) Сөйтіп, статистикалық дереккөздер үшін құжаттардың ақырғы мәтіндерін анықтау маңызды болса, ғылыми-техникалық дереккөздер үшін – объектінің (бұйымның) сатылар бойынша өңделуі маңызды. Әскери аппараттың бағыныштылық буындарын білу керек, әскери іс қағаздарын жүргізу ұйымдарын білу қажет болғанда қорда жоқ бір штабтың материалдарын осындай қорларда жатып қалған жоғары және төменгі тұрған штабтар материалдармен толықтыруға мүмкіндік береді.

Жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижелері әрбір анықталған құжатқа белгіленген үлгідегі карточка толтырумен бекітіледі (Карточканың сипаттамасы КСРО мемлекеттік мұрағаттары жұмыстарының Негізгі ережелерінің 7.2.2.14 б. келтірілген (М., 1984), бұл әзірге көп жерлерде қолданыстағы нормативтік құжат болып келеді). Онда анықтаудың тақырыбы мен ішкі тақырыбы, сақталатын орны көрсетілген құжат тақырыпшасы (қажет болғанда құжаттың мазмұнының аңдатпасы беріледі); іс қағаздарын тіркеу нөмірі; құжатта аталатын оқиға болған орны белгіленеді; құжаттың пайдаланылуы мүмкін сипаты жайлы белгі қойылады (негізгі құрамға қосу, ескертпелерде, алғысөздерде, хроникада, т.б. қолдану үшін). Аяғына анықтауды жүргізген адамның аты-жөні көрсетіліп, карточка толтырылған күн қойылады.

Археография тәжірибесінде карточка элементтерінің саны, тақырыбы, ішкі тақырыбы, тақырыпша, әпсана және карточка толтырылған мерзім мен авторы туралы мәліметтерді ғана көрсетуге дейін қысқартылуы мүмкін. Жұмыс барысында жасалған карточкалар массиві кейін мұрағаттың ғылыми-анықтамалық аппаратының құрамына енгізіледі. Әдетте анықталған құжаттар көлемі таңдап алынғаннан бірнеше есе артық болады, ал жинақта жарық көргендерден тіпті көп.

Жариялау үшін құжаттарды таңдап алу проблемасы, курсымыздың бірінші бөлімінде сөз қылғанымыздай, неғұрлым күрделі, дау-дамай, пікірталасқа азық болатын мәселе (бұл туралы толығырақ мына еңбектерді қараңыз: Отбор исторических источников для публикации в различных типах и видах изданий документов: методические рекомендации. М., 1986; Козлов О. Ф. Проблема отбора документов для издания в советской археографии (1950 – 1980-е гг.) // В кн.: Современные вопросы историографии советской археографии. М., 1986 и др.). Нақ осының шешіміне келгенде құрастырушылардың субъективизміне даңғыл жол ашылады: жариялауға таңдап алынған құжаттардың мәні мен маңызын бағалауда олардың құштарлықтары кейде саяси, идеологиялық, конфессияаралық, этносаралық, т.б. сипаттарға ие болып шыға келеді. Өткен дәрістерімізде біз жариялауға дереккөздер таңдап алу ісінде саяси, идеологиялық және басқа факторлар тіпті басты рөл атқарып кете жаздайтынын атап көрсеткенбіз. Құжатты басылымдарды даярлау процесінде жасалған іс жүргізу құжаттарына көз жүгіртсек, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болар еді. Мысалы, мұрағаттық мекемелердің жарияланым ісі мәселесі қаралған республикалық Бас мұрағат Ғылыми кеңесінің мәжілісінде сөз сөйлеген мұрағаттық ведомствоның жауапты қызметкерлерінің бірі былай деді: «Кеңес адамының ұлттық мақтанышын тудыратынның барлығын, кеңестік патриотизмді тәрбиелеуге қызмет ететіндерді, сонау өткен кезеңде өмірге келіп, езушілерге қарсы күресте нығайған, кеңес үкіметі кезінде гүлдене түскен еліміздегі халықтар достығын нығайтатындардың барлығын жариялау керек». Республикадағы археографиялық саясатты анықтауда Бас мұрағат ғылыми-баспа бөлімінің бастығы, ұжымдастыру туралы құжаттар жинағының қолжазбасын талқылау барысына қорытынды жасай келіп, былай деді: «Құжаттардың барлығы бірдей керекті деректерден (астын сызған мен. – М. Ш.) тұрмайтынын жолдастар ескере бермейді, кейде құжаттарда қажетті деректер болады, бірақ қандай да бір себептерден оларды томға қосуға болмайды».

Бұдан әрі сөздердің назарларыңызды басылым үшін құжаттар таңдап алудағы құрама проблемалардың біріне, нақтырақ айтсақ – әртүрлі типті басылымдардағы қайталама жарияланымға жол бермеуге аудармақпын. КСРО-дағы тарихи құжаттарды жариялау Ережелерінің өңделген және толықтырылған редакциясына (М., 1990) көз салғанда, онда құжаттарды ғылыми типтегі басылымдарда қайта жариялауға сегіз жағдайда рұқсат беретінін таңырқай оқыдық, атап айтар болсақ:

қорлар бойынша басылымдарда, бір түрлі немесе бір адамның құжаттарын жариялауда;

егер бір басылым шеңберінде барлық дереккөздерді толық жариялау міндеті қойылса;

жаңа құжаттармен кешенді берілгенде онда айтылған оқиғалардың себептік-салдарлық байланыстары толығырақ көрсетілетін болса;

оқиғалар өрбуінен жекелеген фактілерді бөліп алу мүмкін болмайтын, оқиғаның құжаттық баяндалу кезектілігі қажет болғанда;

мерзімдік баспасөзде жарияланған құжаттың түпнұсқасы сақталмаған жағдайда;

бұдан бұрынғы жарияланымды табу мүмкін болмайтын жағдайда;

бұдан бұрынғы басылымында құжат бұрмаланып жарияланса, немесе ондағы берілген түсініктемеде оған қате баға берілген болса;

егер бұған дейін құжат басқа тілде жарық көрген болса.

Ескерте кетсек, Ереженің 1969 жылғы редакциясында 1990 жылғы Ереже жіктемесінің 1-ші, 6-шы және 7-ші жағдайларында ғана қайталама жариялауға рұқсат берілген болатын.

Танымал басылымдарға құжаттар таңдап алуға келетін болсақ, бұл жерде археографтарға одан да көп еркіндік беріледі. 1990 жылғы Ережеде бұл мәселе жөнінде былай делінген: «Құжаттардың қайталама жариялануы ғылыми басылымдарға қарағанда кеңінен қолданылады, және нақты тапсырмаларға орай жарияланымның айтарлықтай бөлігін қамтуы мүмкін».

Бұл арада айтарлықтай қарама-қайшылықты аңғармай қала алмайсыз: бір жағынан, басылымға қалаған түпнұсқа дереккөзді енгізу үшін қиян-кескі шайқас жүргізіледі, ал екінші жағынан – бұрын жарияланған құжаттарға жол ашық екендігі айтылады және оның салдарындай – жаңағы түпнұсқа дерекккөздің жариялану мүмкіндігі одан сайын тарыла түседі.

Археография тәжірибесіндегі баяғыдан бері қолданылып келе жатқан мұндай өміршең құбылыстың себебі неде? Біздің көз жеткізген сеніміміз бойынша, бұл сұрақтың жауабы археографтардың прагматизмінде ғана жатқан жоқ: бұрын жарық көрген, сондықтан да мәтіндік және археографиялық өңдеуден өткен құжаттарды жарияланымға даярлаудың оңайлығы ешкімге де құпия емес. Мәселе мынада, құжаттық басылымдар бұрынғысынша талдап зерттеумен ұқсастырылады. Сондықтан жариялаушылар «жинақ (құжаттардың. – М. Ш.) монографиялық зерттеу сияқты басты тақырыптың барлық сұрақтарына жауап беруі тиіс, оқиғаның неғұрлым толық суретін көзге елестетуі керек, сондықтан да олардың бұрынғы жарияланымдарына қарамастан, тақырыпқа толық сай құжаттарды ғана енгізу керек» деген қорытынды жасайды.

Дегенмен, бірінші бөлімдегі дәрістерімізде атап өткеніміздей, жариялаушылар міндеттері зерттеушілер (тарихшылар, филологтар, заңгерлер, т.б.) міндеттерімен бірдей бола бермейді. Егер зерттеу құндылығы (біздің жағдайда тарихи зерттеулер жайында айтып отырмыз) жаңалықтық дәрежесі мен автор тұжырымдамасының дәлелденуімен анықталатын болса, құжаттық жарияланымдар, әсіресе ғылыми типтегі құжаттық жарияланымдар құндылығы негізінен ғылыми айналымға тұңғыш рет енгізілген тарихи дереккөздер мазмұнындағы деректердің жаңалығымен бағаланады. Бұл жерде археограф жауапкершілік жүктейтін нәрсе біреу ғана – тақырып бойынша дереккөздік базаның шынайылығының сақталуы (егер сөз тақырыптық басылым жайлы болса), аталған тақырыптың жан-жақты ашып көрсетілуіне ол жауапты емес. Археографтың ісі – жаңа дереккөздің барлығын жұртқа жариялау, ал зерттеушінің міндеті – белгілі болған дереккөзге жан-жақты түсініктеме беру. Осы тезисті басшылыққа алғанда ғана археограф тұтас ғылымға, оның ішінде тарих ғылымына барынша жәрдемін тигізе алады. Олай болмаған жағдайда, олар жарыққа шығарған құжаттық өнім «ақпараттық кедергі» тудырып, оны жеңіп шығу үшін зерттеушіге біршама тер төгуге тура келетін болады.

Бақылау сұрақтары:

1. Құжаттарды анықтауға қойылатын жалпы талаптарды анықтау.

2. Құжаттарды басылымға шығару үшін әсер ететін негізгі факторлар: тарихнамалық, мұрағаттанулық және деректанулық көрсету.

3. Тақырып түралы түсінікке анықтама беру.

4. Құжаттарды объективті критерялар бойынша басылымға дайындау (қордық және түрлік баспалар) жолдарын көрсету.

5. Деректерді анықтау көздерін көрсету.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Добрушкин Е.М. Основы археографии: Учеб.пособие. М., 1992.

2. Добрушкин Е.М. История отечественной археографии. Современные проблемы и задачи изучения. Учеб.пособие. М., 1989.

3. Королев Г.И. Археография: Учеб. пособие. –М.: РГГУ, 1996.

ДӘРІС - 14






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных