Главная | Случайная
Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Басылымның тұрпаты” түсінігі. Қордық, тақырыптық, бір түрдегі құжаттар. 1-сағат.




Дәріс мақсаты:Басылымдарды тұрпаты түсінігінің методологиялық негіздерін ашып көрсету.

Тірек сөздер:Басылымдарды жіктеу, басылымның тұрпаты, басылымдардың типологиясы, ғылыми басылымдар, академиялық басылымдар, ғылыми-көпшілік басылымдар, оқулық басылымдары, тақырыптық басылымдар.

Негізгі қарастырылатын мәселелер және қысқаша мазмұны:

1. Басылымның тұрпаты” түсінігі. Басылымдардың типологиясы.

2. Ғылыми басылымдар. Ғылыми басылымдардың мақсаты.

3. Академиялық басылымдар.

Жариялау үшін құжаттарды анықтау жұмысын ұйымдастырудың кез келген ғылыми-зерттеу жұмысынан айырмашылығы аз. Әдетте оның алдында басылым тақырыбы бойынша монографиялар, мақалалармен қатар құжаттық жарияланымдарды да қоса мүмкіндігінше толық (библиографиялық тізім) жасау жүзеге асырылады. Құрастырушының бұдан былайғы жұмысының тиімділігі библиографияның қаншалықты толық жасалғанына байланысты болып келеді. Тақырып бойынша әдебиеттерді, мерзімдік басылымдарды, құжаттық басылымдарды зерттеу – анықталатын дереккөздер әлуетінің шеңберін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жердегі маңыздысы – белгілі бір кезеңдегі мемлекеттік немесе ведомстволық мұрағаттар торын, оның ішінде мемлекеттік мұрағаттардың қайта құрылу мерзімдерін, олардың ғылыми-анықтамалық аппаратын, мұрағаттардың қорлармен жабдықталу тарихын, олардың қаншалықты сақталғандығын білу болып табылады.

Жарияланған құжаттарды анықтау көзі болып ең алдымен үкіметтік органдардың ресми басылымдары саналады. Археограф үшін көне заңдар жинақтарының барлығын, олардың қай жылдары басылғанын, қайта басылғанын білу аса маңызды. Ондай басылымдардың ресми сипаты болмағанымен, тиісті құжаттық жарияланымдарды даярлау кезінде оған көз салу аса пайдалы болмақ. Маңызды ресми басылымдар қатарында Ресей империясының толық заңдар жинағы, Ресей империясының заңдар жинағының үш басылымы бар.

Археограф үшін ведомстволық басылымдар, мерзімдік баспасөз, құжаттар жинақтары, мемуарлар, т.б. анықтау көзі қызметін атқара алады. Осынау аса зор «ақпараттар теңізінде» өзіндік бағдарлаушылық рөлін атқаратындар – библиографиялық анықтамалықтар, көрсеткіштер, каталогтар болып табылады.

Жарияланбаған құжаттар мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттарда, кітапханалар мен мұражайлардың қолжазба бөлімдерінде, жеке мұрағаттар мен коллекцияларда анықталады.

Курсымыздың бірінші бөлімінің дәрістерінде айтып өткеніміздей, археография тарихнамамен тығыз байланыста болып, оның сұраныстарына сезімталдықпен қарауға тиіс болғандықтан, археограф отандық және шетелдік тарихтың әртүрлі құбылыстары бойынша ғылыми-зерттеушілік әдебиетпен жақсы таныс болуы керек. Бұл жерде оған тарихи библиография, сондай-ақ тарих ғылымының тарихы бойынша зерттеулер көмекке келеді.

Әдебиетті зерттеп, дереккөздер шеңберін белгілеу негізінде басылымның жоспар-проспекті жасалады, онда құжаттар жинағына енгізілуге тиісті мәселелер мен оқиғалар ашып көрсетіледі; құжаттардың анықталу, таңдап алу әдістерінің ерекшеліктері, мәтінін беру және археографиялық безендірілуі белгіленеді; дереккөздерді жүйеге келтіру тәсілдері, ғылыми-анықтамалық аппаратының құрамы анықталады; тақырып бойынша библиография келтіріледі; нақты нөмірлері мен қорларының, коллекцияларының, т.б. көрсетілген мұрағаттар, кітапханалар, мұражайлар шеңбері белгіленеді.

Әдетте анықтау бұған дейін жарық көрген құжаттар жинақтарын, әдебиетті зерттеуден басталады. Бұл археографқа оларда кездесетін сілтемелер арқылы дереккөздер шеңберін анықтауға ғана емес, сонымен бірге оларда жарияланған құжаттарды (толық немесе үзінділермен) белгілеп алуға мүмкіндік береді.

Мерзімдік басылымдарда жарық көрген құжаттарды: декреттер, жарлықтар, қаулылар, съездер, конференциялар мәжілістерінің хаттамалары, хаттар, т.б. анықтаудың өзіндік спецификасы бар. Ресми басылым болып есептелмейтін газет немесе журнал беттерінен өзін қызықтырған құжатты кезіктірген археограф оның мәтіні түпнұсқа немесе ресми басылым мәтінімен бірдей екеніне көз жеткізуі тиіс. Бұл үшін мерзімдік басылым редакциясына немесе ең дұрысы – түпнұсқа сақталатын жерге хабарласу керек. Осылайша газет немесе журнал құжат туралы мәлімет жинаудың неғұрлым қолжетімді көзі болып табылады, алайда ол тек сирек жағдайларда ғана, археограф арнайы келіскен кездері ғана құжат жариялаудың көзі бола алады.

Өз материалдарыңды: мақала, хабар, репортаж, корреспонденция. интервью, фельетон, пікірлеріңді, т.б. мерзімдік басылымдарда жариялаудың жөні бір басқа. Бұл жағдайда газет немесе журнал негізгі дереккөз болып есептеледі, алайда мерзімдік басылымдардағы өз материалдарын басуға даярлаған кезде де археограф редакция мұрағатына немесе материал авторларының жеке мұрағатына хабарласу арқылы олардың түпнұсқасын табуы керек. Олардың варианттарын жарияланған мәтінмен салыстырудың археографқа да, даярланып жатқан жарияланымның болашақ пайдаланушысына да осы баспасөз органының тарихын (кеңінен алғанда – журналистика тарихын), автордың жеке басын зерттеуде және, ең ақырында, газет (журнал) материалдарын даярлау кезіндегі қоғамдық-саяси ахуалды зерттеген кезде берері көп болмақ.

Жарияланған материалдарды анықтағаннан кейін мұрағаттық құжаттарды анықтауға кіріскен дұрыс. Ол археографты қызықтыратын ғылыми-анықтамалық аппарат жүйесін, сондай-ақ ондағы әлі көзге түсе қоймаған жаңа түсімдер жайлы мәліметтерді зерттеуден басталады. Бұл мәселеде мұрағаттар бойынша неғұрлым қолжетімді анықтамалықтар – жолкөрсеткіштерде ақпараттар айтарлықтай тапшы болып келеді. Оларда соғыстан кейінгі түскен құжаттар жайлы мәліметтер болмауы мүмкін.

Жарияланған ғылыми-анықтамалық аппарат түрлерімен таныстық жарияланым тақырыбы бойынша құжаттар болуы мүмкін деп жобаланатын нақты қорлар мен коллекцияларды белгілеп алуға мүмкіндік береді. Бұдан кейін қорлар тізімін зерттеу мұрағатта бар барлық каталог түрлерімен (жүйелеуші, пәндік, тақырыптық, атаулы, географиялық, т.б.) танысумен параллель жүргізілуі тиіс.

Мұрағат құжаттарын табысты анықтау көбіне құрастырушы мұрағаттық эвристикамен таныс па, жоқ па, тарихи дереккөздердің жатқан жерін дәл табар өзіне тән сезімталдығы қай дәрежеде, соған байланысты болады. Соңғысы, біздің ойымызша, мұрағаттың ғылыми-анықтамалық аппараты жүйесін зерттеуден ғана пайда болмайды, ең алдымен археографтың мұрағат құжаттарымен ұзақ мерзім қоян-қолтық жұмыс істеуі негізінде, тәжірибеден өтуші мұрағатшылармен үнемі байланыс жасаудан, және ең ақырында, оның жалпы тарихи даярлығы нәтижесінде пайда болады.

Нақ осы, құжаттарды анықтау кезеңінде, тарихшы мен мұрағатшы кооперациясы қажет болады. Тарихшы тарихи зерттеу әдістерін меңгергенімен, көбіне мұрағаттық эвристика мәселелерін шешуде дәрменсіздік танытады; мұрағатшы мұрағаттың көптеген қорлары мен коллекцияларында шашырап жатқан жекелеген тарихи дереккөздер жайлы айтарлықтай танымы болғанымен, кейде олардың арасындағы себептік-салдарлық байланысты, олардың тарихи таным процесіндегі орындарын аңғара алмайды.

Бейнелеп айтқанда, тарихшының жүйегі кішігірім, бірақ мұқият өңделген, күтімді, ал мұрағатшының жері аумақты-ақ, бірақ ол жақсы жеміс беруі үшін, бірінші оны дәнді дақылды күтіп-баптаудың озық технологиясымен таныстыруы керек те, ал ол оны барлық алқапқа таратуы тиіс.

Көпшілік жағдайда ресми құжаттармен қатар жеке басқа қатысты дереккөздер де жарияланым объектісі болуы мүмкін (жеке хаттар, күнделіктер, естеліктер, мақалалар, т.б.). Оларды анықтау үшін қорларында ресми құжаттама сақталып қалған мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар тарихын ғана біліп қою жеткіліксіз болады. Бұл жерде қорында өзінің құжаттары (ең алдымен хаттары) сақталған археографты қызықтырған адаммен қарым-қатынаста болған барлық жандарды анықтаудың маңызы зор. Сондай-ақ бұл қорлардың сақталатын жерін білу де маңызды. Өкінішке орай, кейбір республикалық мұрағаттарда, кітапханаларда, мұражайларда сақталған жеке мұрағаттық қорлар туралы анықтамалық басылымдар болмауы да мүмкін, сондықтан мұндай жұмыстарды табу үшін кейде көрші елдерге өтініш жасауға тура келеді.

Статистикалық, әскери, картографиялық, ғылыми-техникалық, кинофотофоноқұжаттарды анықтаудың өзіндік ерекшеліктері болады (Кино және фотоқұжаттарды анықтау және жариялау әдістері туралы мына еңбектерді қарауға болады: Магидов В. М. Зримая память истории. М., 1984; Янин В. Л. Старая граммофонная пластинка как объект источниковедения // Археографический ежегодник за 1978 год. М., 1979; Селезнев М. С. Проблемы публикации фонодокументов // Актуальные вопросы теории, методики и истории публикации исторических документов: Межвузовский сборник научных трудов. М., 1991. С. 63–68 и др.) Сөйтіп, статистикалық дереккөздер үшін құжаттардың ақырғы мәтіндерін анықтау маңызды болса, ғылыми-техникалық дереккөздер үшін – объектінің (бұйымның) сатылар бойынша өңделуі маңызды. Әскери аппараттың бағыныштылық буындарын білу керек, әскери іс қағаздарын жүргізу ұйымдарын білу қажет болғанда қорда жоқ бір штабтың материалдарын осындай қорларда жатып қалған жоғары және төменгі тұрған штабтар материалдармен толықтыруға мүмкіндік береді.

Жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижелері әрбір анықталған құжатқа белгіленген үлгідегі карточка толтырумен бекітіледі (Карточканың сипаттамасы КСРО мемлекеттік мұрағаттары жұмыстарының Негізгі ережелерінің 7.2.2.14 б. келтірілген (М., 1984), бұл әзірге көп жерлерде қолданыстағы нормативтік құжат болып келеді). Онда анықтаудың тақырыбы мен ішкі тақырыбы, сақталатын орны көрсетілген құжат тақырыпшасы (қажет болғанда құжаттың мазмұнының аңдатпасы беріледі); іс қағаздарын тіркеу нөмірі; құжатта аталатын оқиға болған орны белгіленеді; құжаттың пайдаланылуы мүмкін сипаты жайлы белгі қойылады (негізгі құрамға қосу, ескертпелерде, алғысөздерде, хроникада, т.б. қолдану үшін). Аяғына анықтауды жүргізген адамның аты-жөні көрсетіліп, карточка толтырылған күн қойылады.

Археография тәжірибесінде карточка элементтерінің саны, тақырыбы, ішкі тақырыбы, тақырыпша, әпсана және карточка толтырылған мерзім мен авторы туралы мәліметтерді ғана көрсетуге дейін қысқартылуы мүмкін. Жұмыс барысында жасалған карточкалар массиві кейін мұрағаттың ғылыми-анықтамалық аппаратының құрамына енгізіледі. Әдетте анықталған құжаттар көлемі таңдап алынғаннан бірнеше есе артық болады, ал жинақта жарық көргендерден тіпті көп.

Егер құжатты басылымдардың мақсатты міндетін олардың типі анықтайтын болса, жарияланатын дереккөздер құрамы олардың түрін көрсетеді. Осы жағдайды ескерсек, басылымдар қорлар бойынша немесе тақырыптық болуы мүмкін; бір типті тұлғалар құжаттарынан немесе бір тұлғаның құжаттарынан тұруы мүмкін. Алғашқыларына бір қор құжаттары немесе олардың бөліктері жатады. Алайда бұл басқа қорларда, тіпті мұрағатта жатқан құжаттарды тарту мүмкіндігін жоққа шығармайды. Әдетте қорлар бойынша басылымдар үнемі немесе тұрақты деуге болады, ғылыми типтегі басылымдарға жатады, өйткені басылым сипатының өзі жарияланатын дереккөздердің қаңқасы толық болуын көздейді. Қорлар бойыншадан өзгешелігі тақырыптық басылымдар әртүрлі мұрағаттық қорлар мен жинақтамаларда жатуы мүмкін дереккөздерден тұрады. Оларды басылымға енгізгенде жарияланымдар тақырыбына жататындығы басты назарда болады. Құжаттарды дайындалып жатқан жарияланымға енгізу керек пе, жоқ па деген мәселе туындағанда, құрастырушылардың субъективизмі мен ғылымға жатпайтындығы тақырыптық басылымдардың барынша осал жақтары екендігі байқалады. Дегенмен де, жоғарыда аталып өткеніндей, басылымның нақ осы түрі кез келген археографияда басым болып келеді және оларды бас тартуға негіз жоқ деп білеміз. Тақырыптық басылымдар пайдасына айтылатын таза экономикалық сипаттағы себептерден басқа, оларға тән болып келетін тағы бір маңызы кем емес ерекшелігі туралы айта кету керек. Мәселе мынада, «мекенжайлық» тақырыптық басылымдарды даярлау («көппрофильді» қорлар бойыншадан өзгешелігі) көбіне тақырып бойынша жұмыс істейтін, сондықтан да тақырып бойынша бұл дереккөздердің сақталатын орындарын жақсы білетін тарихшылар зерттеулеріне ұқсас болып келеді. Сөйтіп, археографтар мен дереккөзтанушы тарихшылар мүдделерінің сәйкес келуі, әсіресе дереккөздерді таңдап алу кезеңінде жариялаушылар алдынан кезігуі мүмкін қиындықтар мен қауіптерге қарамастан, нақ осы тақырыптық басылымдарды даярлау қажет екендігіне көзімізді жеткізе түседі. Республика аумағында жарық көрген тұңғыш дереккөздер жинағынан бастап қазіргі уақытқа дейінгілерді есепке алғанда тақырыптық басылымдар спектрі шексіз кең.

Құжаттар түрі (бірінші жағдайда) және құжаттары жарияланып отырған тұлға (екінші жағдайда) біріктіру бастауы болып табылатын бір типті тұлғалар құжаттары немесе бір тұлға құжаттарының басылымдары неғұрлым азырақ таралған басылымдар. Бір типті құжаттарға, мысалы, шектеулі рамкадағы –«Еңбекшілердің В.И. Ленинге хаттары», хронологиялық рамкадағы – «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Украина партизандарының халыққа арнаған листовкалар жинағы», уақытша және аумақтық рамкалардағы шығармаларды келтіруге болады.

Басылым формасы жағынан тарихи құжаттар корпус (күмбез), серия, жинақ, монобасылым, альбом, буклет, плакат, мерзімдік және әлі де шығып жатқан, ғылыми-зерттеу немесе танымал жұмыстарға қосымша болуы мүмкін. Корпустық басылымдар құрамына әдетте азғана көлемде сақталған бірегей құжаттар жатады, сондықтан олардың қайткенде де жариялануы қажет.

Сериялық басылымдарға жарық көріп жатқан көптомдықтар жатады. Сериялық басылымдардың белгілері бірнеше томдардың болуы ғана емес, даярлаған кездегі эдициялық тәсілдер бірлігінің соңғыларында да сақталуы, бірегей ғылыми-анықтамалық аппарат, бірдей полиграфиялық безендірудің болуы. Бұлардың тым болмаса біреуінің бұзылуы басылымды сериялық разрядтан шығарып тастайды.

Жеке бір құжаттың шеңберіндегі басылым болып табылатын монобасылым салыстырмалы түрде жаңа форма (оның пайда болу мерзімі жағынан емес, нормативтік-әдістемелік құжаттарда есепке алынуы бойынша) болып есептеледі. Бұл жерде оның көлемі маңызды емес. Монобасылым объектілері болып әдетте ерекше құнды, жазба ескерткіш ретінде ғылыми және мәдениеттік мәні болатын (заңдық, актілік, нормативтік сипаттағы) құжаттар саналады. Құжатты монобасылым түрінде жариялау оның жеке жинақ, ғылыми, көпшілік жұмыстарға қосымша, т.б. ретінде қайта жарық көруіне болмайды деген сөз емес. Бұған мысал ретінде Баркулабов жылнамасының көп қайтара, оның ішінде монобасылым ретінде де жарық көргенін айтуымызға болады.

Альбом – көп таралған фотоқұжаттар жарияланымының түрі болып табылады. Оған аңдатпалық құжаттардың, алғы сөздің, түсініктемелердің, көрсеткіштердің қосылуы басылымға ғылыми сипат береді. Өкінішке орай, қалыптасқан әдет бойынша фотоқұжаттарды «екінші сортты тарихи дереккөз» ретінде қарастыру (жазба құжаттармен салыстырғанда) кесірінен жариялаушылар, альбомды көпшілікке ұсынуға даярлау кезінде оларға жоғарыда аталған ғылыми-анықтамалық аппарат элементтерін қосуды ойламайды. «КСРО-да тарихи құжаттарды басып шығару Ережесінің» (М., 1990) екінші редакциясының құрастырушылары осындай қалыптасқан үрдісті өзгертуге тырысып көрді, онда жарияланым объектісін жазба дереккөздермен шектемей, «Ережеге» фотоқұжаттарды, сондай-ақ кино және фонодеректерді басылымға әзірлеу әдістері мен тәсілдерін реттейтін бөлімдер енгізілді.

Құжаттарды плакаттар, буклеттер, мерзімдік және әлі де шығып жатқан басылымдар түрінде жариялау бұрыннан бері, қазір де «шағын жарияланым түрлері» деп аталады. Оларда бір жағынан даярлаудың жеделдігі мен үнемділігі, екінші жағынан – көпшілікке қол жетімділігі үйлесіп келеді. Мерзімдік және әлі де шығып келе жатқан басылымдар сипаты (арнаулы тарихилық, мұрағаттанушылық, археографиялық; әдеби-көркемдік; қоғамдық-саясилығы), сондай-ақ жариялаушының біліктілігі (бір жағынан тарихшы, мұрағатшы, археограф, әдебиеттанушы, филолог; екінші жағынан – өлкетанушы, дилетант, көне мұраларды қастерлеуші, т.б.) құжаттық жарияланымдардың даярлану деңгейіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Әрине, мерзімдік және әлі де жарияланып келе жатқан басылымдардың жоғары ғылыми деңгейі жариялаушының кәсібилігімен үйлесімді болып келгені өте жақсы болмақ. Мұндай үйлесімнің болмауы айтарлықтай кемшіліктерге жеткізуі мүмкін: журнал бетін үнемдеймін деп редакция өздеріне айырықша мәні жоқ болып көрінген мәтін бөлігін, түсініктемелерді, т.б. алып тастауға құрастырушыны мәжбүр ету арқылы жарияланымды бөлшектеуге итермелейді.

Дегенмен де құжаттарды мерзімдік және әлі де шығарылып келе жатқан басылымдарда жариялау бұрын да, қазір де кеңінен қолданылып келе жатқанын тарихшылар, құқық тарихшылары, филологтар, әдебиетшілер, сондай-ақ археографтар мен мәтіншілер назарда ұстағандары дұрыс болады. Мерзімдік және әлі де шығарылып келе жатқан басылымдарда құжаттар жариялауды қазіргі заманғы ресейлік тарихшылар «Журналдық археография» деп атайды, ол «кітаптық археографиямен» қатарлас өмір сүретін, археографиялық базаны кеңейтуге бағытталған практикалық қызмет деп қабылдануы тиіс. Саны көп әртүрлі журналдар, альманахтар, жылнамаларда тарыдай шашырап жүрген аса көп тарихи дереккөздердің зерттеушілер көзіне түсе бермейтінін ескерсек, мұны жасау өте маңызды іс болмақ.

Дегенмен «журналдық археография» ұғымының өзі Россия ҒА Археографиялық комиссиясының қазіргі төрағасы, РҒА корреспондент-мүшесі С. М. Каштанов тарапынан әділ сынға ұшыраған болатын. Актілік археографияны «актілер археографиясына» ауыстыруды ұсынған В. Ю. Афианимен айтысқа түсе отырып, Каштанов, арасында былай деп жазады: «Журналдық археография» сияқты анықтамаларда екіншілік (басылым түрі) біріншілікті (басылым объектісі) көлегейлеп қалады... Егер автор актілік археографияны актілер археографиясына ауыстыруды ұсынған болса, онда неге журналдық археография деудің орнына журналдардағы тарихи дереккөздерді басып шығару принциптері жайын ғана сөз етпеске?» (Каштанов С. М. Актовая археография. М., 1998).

Құжаттарды ғылыми немесе көпшілік жұмыстарға түсініктеме түрінде жариялау осы жұмыс авторлары жасаған қорытындыны, ұсынылған ережелерді, құрастырылған сызбаларды, тұжырымдарды, т.б. құжатпен растауға мүмкіндік береді. Өзіндік бір кеңейтілген алғысөз және мазмұнына түсініктеме рөлін атқаратын талдауыштық бөлімнің болуы, мұндай жұмыстардың құрастырушы-авторларын жарияланымға құжатқа қосымшада жеке ғылыми-анықтамалық аппарат беру мүмкіндігінен айырады. Мысалы, осы курстың авторы осылай жасады, кітаптың мұрағат рестуцияларының проблемалары туралы құжаттық қосымшасына алғысөз жазуды «Төменде жарияланатын құжаттар кітаптың бірінші бөлімінің мазмұнын түсіндіреді, ал кейбір жағдайларда толықтырады. Өйткені олардың әрбірі жайлы ескертпелер осы жұмыстың талдауыштық бөлімінде кездесетіндіктен, олардың мазмұнына түсініктеме берілген жоқ» деген қысқаша ескертумен шектелді. ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі ұлтттық қозғалыс тарихы туралы белгілі жұмыстарға қосымша ретіндегі құжаттар осылайша немесе осылай дерлік жарияланған.

Тарихи құжаттар баспаханалық немесе баспаханалық емес әдістермен шығарылуы мүмкін. Біріншісіне теру (қаріптік), фотомеханикалық; екіншісіне – кинематографиялық, дыбыстық, электрондық әдістер жатады. Құжаттар факсимиле әдісімен шығарылғанда мәтіндерді дәл беру мүмкіндігі арта түседі. Осы себепті факсимилелік басылым құжат түпнұсқасын оның мәтінінен терілген туындымен салыстыра оқу болашақ тарихшыларға, археографтарға, мұрағатшыларға, тілшілерге палеография, неография, археография негіздерін меңгеруге көмектесетіндігі маңызды саналатын білім беру мақсатында қолданылады.

Факсимиле тәсілімен жекелеген құжатты да, бірнеше құжаттарды да (тұтастай немесе үзінділерін) басып шығаруға болады. Жоғары дәрежелі факсимильділік (немесе оларды кейде «тегінде факсимилелі» деп атайды) және биік немесе орта дәрежелі факсимильділік (немесе «факсимиле типтес» басылым) түрлері болады. Біріншілеріне түпнұсқадан оның көлемін өзгеріссіз сақтау арқылы көшірмесін алу, жазба материалының сыртқы ерекшеліктерін сақтау (қағазының, пергаменттің, қайың қабығының, т.б.), оның ішінде олардың пайдаланылған іздерін (механикалық зақымданулары, кіршең тартқан жерлері, т.б.) тән болады. Бұл кезде құжаттың факсимилелік басылымына мәтіннің қаріптік көшірмесі қоса беріледі.

ХV ғ. аяғындағы жазу мен өнердің бірегей ескерткіші – Радзивиллов (Кенигсберг) жылнамасы осылайша жарық көрген. Бірінші томда жылнама мәтінінің факсимилелік көшірмесі болса, екінші томда – мәтіннің транслитерациясы, зерттеу, миниатюралар сипаттамасы, көрсеткіштер (атаулы, географиялық, этникалық атаулар) берілген.

Жоғары және орта дәрежелі факсимильділік басылымдары да түпнұсқа мәтінін жоғары дәлдікпен көшірмелей алады, бірақ сыртқы безендірілуінде тегінде факсимилеліден бірқатар өзгешеліктері болады. Мұнда ішінара 1:1 көлем сақталмайды, құжаттың сыртындағы материал ерекшелігінің сақталуы міндетті емес, т.б. 3/5-ке кішірейтілген факсимилелік көшірме мәтінмен бірге параллель берілуі бұл басылымға ғылымилықпен қатар жоғарыда айтқанымыздай білімдік сипат береді.

Кинофотофоноқұжаттар басылымын одан әрі жіктеуге тоқталмай, тек қана олардың жазба дерекөздер сияқты типтерге, түрлер мен формаларға бөлінетінін ғана айта кеткен орынды.

Дәрісіміздің соңында айтарымыз, құжаттық басылымдарды жіктеу тар аялы мақсат емес. Археографиялық жарияланымдардың оларды басқа құжаттар жарияланымынан ерекшелейтін бірқатар белгілері бар. Осы белгілерді топтастырған археографтың ісі ғылыми еңбек болып табылады, өйткені заттар, ұғымдар, анықтамалар, т.б. жіктеу кез келген ғылымның дамуы мен жетілдірілуі болып есептеледі. Практикалық көзқарас тұрғысынан да құжаттық басылымдарды жіктеудің айтарлықтай жағымды мәні болады, өйткені ол үлкен археографиялық басылымдар топтарына қатысты қандай да бір тұрақты белгілер ортақтығы біріктірген бірыңғай жұмыс әдісін қолдануға мүмкіндік береді.

Бақылау сұрақтары:

1. Басылымдарды жіктеудегі белгілер қандай принциптер негізінде жүргізіледі?

2. Басылымдардың типологиясына анықтама беріңіз?.

3. Басылымдардың түрлерін көрсетіңіз?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Добрушкин Е.М. Основы археографии: Учеб.пособие. М., 1992.

2. Добрушкин Е.М. История отечественной археографии. Современные проблемы и задачи изучения. Учеб.пособие. М., 1989.

3. Королев Г.И. Археография: Учеб. пособие. –М.: РГГУ, 1996.

ДӘРІС 11-12.




Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2018 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных