ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ 7 страница– "Мың асқанға, бір тосқан", – деп қалды Құрышбек, жұлқына шыққан Кәкімбайдың артынан. – Қайыр, керек жоқ, "сом темірге балға бар, сомсынғанға Алла бар”! Қонақ иесі болғандығымыз қолымызды байлады бұл рет!.. Бізде не жазық бар еді мұншалық!.. Біз мұнан соң үлкендердің не десіп жатқанын тыңдамадық, Кәкімбай атына міне жөнелгенде, артынан біз де баспалай жүгіріп ердік. "Таздың" өнерін көру керек қой. Бай жорғасы төменгі айналма жолмен енді қара үзіп бара жатқанда, жолдың сол жағына қарай жалт беріп, жайдақ шыға берді. Батып бара жатқан айдың жарығымен анық көрінді. Үстіндегі жардай иесі жоқ, ер-тоқымын бауырына алып, "ойнай" жөнелді. – Сен кім? – деп Кәкімнің ақыра түрегелгені естілді бізге. – Мен, өзім! – деп Білеубай "таз" да ақырды. – Не ғып отырсың жолда?! Бай қамшысын білей ұмтылған болса керек, аттың артыннан "таз" да "үрке" жөнелді. – Ұл жараққа отырғам. Атың басып кететін болған соң, жан керек қой, ыршып тұрдым! – деп жауабын қашып бара жатып қайырды, – атыңды ұстап берейін енді! Білеубай қар омбылап аттың ізімен жолсыз иенге тартты: бір үріккенді "бір үріккен” қуып, қаланың төменгі шетіндегі дуалды айналып кеткенін көрдік. Үріккен құр ат пен бәйгеге түсіп жүрген жүйрік Білеубай қарға малтыққан жуан саптамаға шалдырсын ба! Бір жығылып, бір тұрып бара жатқан Кәкім ақ қар үстінде қара доптай домалап, отырып қалып еді. – Ей, бай, атың жеткізбеді! – деген Білеубайдың айқайы естілді бір кезде. Ар жағындағы дуалдың үстіне шыққан сияқты, – мен енді үйіме жетіп алайын, қаланың арғы шетінде еді, кеттім, ренжімеңіз, оқыс болды! – Ей, бала, ей, бері келші өзің! – деп ентіге айқайлады Көкім, – тиіспейін, құдай біледі тиіспейін, бері келші өзің! – Құдай біледі бармаймын!.. Алла біледі менің айыбым жоқ, үлкен дәретте отырған кісінің үстіне бай не іздеп келген?! – Ей, ей, тоқташы өзің!.. Үйің қайда?! Ей тоқташы, бұл жаққа кімнің үйіне келіп едің?! Білеубай "таздың" дауысы алыстап барып естілді. – Қалыңдығыма келгенмін. Үйінен шыға алмай, өзімнің де жолым болмай көңілсіз отырғанымда келдің!.. Қайыр енді, әлде де табылар сізге!.. Кәкімбай аты кеткен жаққа қарай қиралаңдап, қарасы әбден өшкенде, Білеубай төменгі көшемен айналып бізге жетті. – Аты үлкен жолмен құйындатып, Күрті жаққа кетті! – деп алқынды ол, – егер ырыс айдап әкеліп бермесе, ол аты біреуге соғым болды деп қой!.. Біз Ерсұлтан үйінің терезесіне қайта оралғанда, қонақтар сыпыра қызу, өзара айтысып-тартысып отыр екен. Бірі байлығын айтса, бірі руы мен ірге күшін айтады. Нұрасыл өзіне тиісті сөз болмаған соң қайтып кетіпті. Арыздарын өткізуден түңілген Ерсұлтан қарт пен Құрышбек салқын ғана қарасып қойып, үнсіз отыр. Мастығы шегіне жеткен Күнтуған шаңия қимылжықтатып өлендете жөнелді де, Кәкімбайын шақырып, айқай салды бір кезде. – Ой, әлгі Кәкең қайда! – деді Ерсұлтанға құтыра қарап, – бір ыр.. бірің атып, бірің қағып қуып жібергенсіндер ме! Кісі екенсің, қу сақал, кісі екенсің!.. Ерсұлтан ба сен!.. Сенің атың Елсойқан!.. Елсойқансың сен! – деп бақырая қайталады да, өзінің екі бетін екі қолымен шарт-шұрт шапалақтап жіберді, – Елсойқан! Мылжалап тастаймын сені, Елсойқан! – деп етпеттеп барып, шалқасынан түсті өзі. Желінбей қалған тамақты, ыдыс-аяқ пен дастарқанды шаңияның көсілген аяғының астынан ауыл азаматтары әрең жиыстырып алды. Екі бетін тағы да кезек-кезек жани берген шаңияның екі әділетті қолын Құрышбек буа құшақтады да, шанаға тиеп жөнелтті. Құрметті "тергеушім", әзелде Ерсұлтан аталып, кісілікті кісілерден қонақ шақырып, татулық сұрағандығынан “Елсойқан” болып қалған осы шал рас мылжаланды білем. Ақылға шақырамын деп аппақ сақалын дымдатып та алмады ма. "Кісілігімен асып, әкімшілікке ие болған зор кісінің", “кісі екенсің” деуінің өзінде қаншалық "даналық" жатыр, адам емессің дегені ғой. Көп кісіден табылмайтын асқан әділ үкім емес пе бұл. Адамдық деген ұқықта. Ұқықты кісіге қылмыс сойқан жолай ма. Адамда ұқық болмаса, орныңда қылмыс болуға тиісті. Сондай қылмысты Елсойқанның адамша пікір айтатын қанша адамшылығы бар еді. Керісінше қылмысын әшкерлеп алмады ма. Сол кезде сол Елсойқаннан жұқтырып алғаным бойынша, қазір осы мен де өзімді дәл сол жөнінде әшкерлеп, «мылжаланып» жатырмын-ау. Ол дәуірдегіден қазіргі дәуір өскелең. Білім мен мәдениет жоғарылап, саясат техникаласты. Ол Күнтуғаннан сіздің ақыл-парасатыңыз тіпті, салыстыру күнәһарлық болардай жоғары ғой, тергеушім. Сондықтан да мені аса жоғары қысыммен мылжалауыңыз, Күнтуған жете алмайтын қаһар құдіретпен қинауыңыз – өзіңіздің сол жоғарылық қасиетіңізге лайық-ақ болып жатыр!
VІ
1942 жылдың күзі қиын болса да, мен үшін қызықты кезең көрсетті: "Үрімжі ауызын арандай ашып тұрғанымен мені қайтпек, жиырма жасқа жетпегендерді жұтқанын естімедім ғой” деген оймен тәуекел айтып, Үрімжідегі "Спан” деп аталатын педагогикалық мектепке түсуге емтихан тапсырдым. Қызыққаным: аудандық ұйымдағылар оны "кедей колды мектеп, үкімет шығынымен қамдап оқытады" деп таныстырды. Алғашқы кезде үкімет құрамындағы коммунистердің талабымен ашылыпты да "Шыңдубанға қамқор", "халықшыл көсем" атағын берген медеткерлердің бірі осы мектеп болғандықтан, коммунистермен бірге құлыпталмай тұрыпты. Емтиханда озат өткендігімнен, Дөрбілжін аудандық қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымы жол шығынымды көтерді де, Ерсұлтандай ауқаты бар ағайындар жанашырлық жөнімен жәрдем жиысып берді. Мен түрегелгенде "әуп" деп қалатын әдетімен әке-шешем барын кигізіп, жоғын сандығыма салды. Жоқтан тапқанның орнын Биғазыны қайта жалдап толтырмақ. "Спаннан” оқып шықса ұлы "мұғалім болып жетістірмей ме". Мені бай мырзасындай жасандыра қойды сөйтіп. Түнімен құшақтап, түнімен құдайға тапсырған әке-шеше таңертең кіреші арбаға ере келгенде: "Жыламайсыңдар, ә" деп мен жөнелдім де, бет-ауыздары жыбырлап олар қалды. Жүгі ауыр ат арба жиырма шақты күнде әрең жететін "Барса келмес" жол ғой. Менің қайғым ол емес, қалып бара жатқан ағайын-туыстар болды. Кәкімбайдың өзін біздің жас ағайлар бір боранды түні боршалай сойып, көп айтқан "ағатайлары" үшін сөлдерін ғана тастап кеткенін естігенмін. Ұрғандардың ешқайсысын тани алмай қалса да, қыстағы саңлақ жорғасын жоғалтқан кім екенін білмесе де, қазір бар қаһарын Қүрышбек пен Нұрасылға төгіп, бар ақшасын сақшыларға асатып жүр еді. Аяғы қалай тынары мені де алаңдата беретін. Үрімжіге бидай тасыған бір лек арбаға екіден-үштен бөлініп түсіп, Шәуешек пен Дөрбілжіннен жиырма алты оқушы шығыппыз. Спан мектебіне қабылданғанымыз – 18. Жарымымыз ұйғыр да, жарымымыз қазақ, бізден басқа, бухгалтерлік курсына өткен үйғыр, қазақ, татар, өзбектен сегіз бойжеткен бар екен. Жайыр тауынан асқанша бір-бірімізді жатырқай шыққанымызбен, көгі де, жері де сұрғылт, тіпті жат көрінетін жыңғылды сортаңға шыққанда жақындаса түстік. Арба дөңгелегі борбасқа сүңгіп жаяу шұбағанымызда ескі достарша сүйемелдестік – сол шұбырындымызбен тағы даланың түнек түніне түн қатқанда маңайымыздан қасқыр елестеп, бір-бірімізге тығыла, қойындаса түстік. Ат тынықтыруға түскен суаттарда арбакештің аспа қара шелегімен бірге су көтерісіп, бірге отын әкелістік те, бірге шай қайнатыстық. Бір дастарқанда отырып, бір шәугімнен шай іштік. "Тәңір қосқан" деген осы емес пе, осылай өткен бес-алты күн ішінде бойжеткендердің екі-үшеуіне "аға", "бауыр" шығып, олар табыса қойды. Бір бауырмал табылып, мені де қамқорлығына ала бастады, маған әмсе жанасалай жүрді. Менен жас шамасы үлкенірек болса да, талдырмаштау, ақ сұры, шала өзбек Қалима бикеш шешесі шала қазақ, өзін өзбек санағанымен, тілі толық қазақша, тым өткір де әнші қыз екен. Мені сол нәзік толқынды әнімен баурай берді. Шиху қаласының сыртындағы бір көк майсаға түсіп, ат тынықтырған түс уақытында ол мені қолтықтап бұлақ жаққа тартып еді. Былай шыға баяу әндетіп келіп тұра қалды: – Ей, тұра тұршы, бір нәрсе айтайын! Сен маған өлең жазып берші, мен бір ән шығарғым келіп жүр! – Мен өлең жаза алмаймын ғой!.. – Сен әдебиетті көп оқиды екенсің, тырыссаң жазасың. – Ал, қандай өлең? – Қалима менің жүзіме көз алмай қарап, өңі сәл қызғыш тарты. – Менің,– деп қалып сыңғырлай күле жалғастырды сөзін, – менің жақсы көретін бір жігітім бар. Суретін айтып берейін: орта бойлы, иықты, өзі ақ маңдай, жіңішке қасы ұшатын құстың қанаты сияқты толық шекесіне қарай көтеріліп серпіле біткен. Өзі бұйра қара шашты, қап-қара көзі құмарланғандай от шашып, жарқырап тұрады, соған көз алмай қарап тұрғым келеді менің. Қыр мұрын, қызыл ерін, аққұба, дөңгелек жүзін әмсе өз қолыммен жуғым келеді... Осылай суреттеп жаз! Пәле қыздың мені суреттеп тұрғанын біле қойдым да, теріс айнала бердім: – Мен өлең жаза алмаймын, жаза алсам ғой алдымен сені суреттеп жазар едім! Қасымызға Бексапа мен Өмірбек келіп қалды да, Қалима сөзді басқа жаққа бұрып әкетті. Бексапа, Өмірбек үшеуміз бір арбада едік. Қалима маған бейімделгеннен бастап, ең әңгімешіміз Бексапамен "дос" бола қойды. "Досым" әңгіме айтшы деп біздің арбаға шығып алады. Көп сөзге араласпай әркімнен кітап алып оқи беретін менің иығыма иығын тірей келіп отырады сөйтіп. Бірақ, мені ешқашан досым деп атамайды. Керісінше "кешкіл", "талиб" кейде "Пушкин" деп кекесінді атпен шақырып жүрді. Жол қиындап, арбадан түсе шұбырғанда ғана іс жүзіндегі "дос" екенімді білдіріп, мені қолтықтайды да, бәрінен ауашалап әкетеді. Маған таққан ат-атауларының ешқайсысына иім қанбайтын болған соң, "Сылқым", "Сылқым сері" деп бар бойжеткеннің көзінше айқайлап шақырды бір қоныста. Сонда ширадым білем, осы атауының ұйқасы бойынша, "ау, не дейсің қатқан тері" деп жауап қаттым. Әншейінде шағып алма, шамшыл қыз бұл атауыма шамданбай, "әпке", "сіңілерімен" бірге күлді. Ертеңіне жүріп, арба сортаңға кіргенде екеуміз тағы да қолтықтаса жөнелдік. Оңашаланғанда маған шытына қалды: –Неге "қатқан тері" деп шақырдың! Мен рас сондаймын ба?! – Сен неге "Сылқым сері” дейсің?! – Сері екенің өтірік пе! – Сендей пері қыздар былтыр ғана Шәуешекте мені Қалима бар дауысымен шаңғырлап бір күліп жіберді де, қоңыраулатып сыңғырлай берді, білегімді қымқыра түсті. – Мақұл, мақұл!.. Болды... Енді олай атамаймын!.. Сен де мені енді олай атама, иә!.. Манастан өткен бір кеште түн қатып, тағы жаяуладық. Еренқабырға бөктерінен жайнаған қалың электр шырағы көрінді. Үш-төрт күн алдында көрінген Майтау мұнай кенінің жарығынан мына шырақтар жиі де, нұрлы да екен. Қалима соған қарап еліте сөйледі: – Анау – Совет площадкасы. Мектеп бітірген соң қызметті – Мен Дөрбілжінде істеймін, әке-шешемнің қасында боламын! – Олай болса мен де Дөрбілжінге барып істеймін, бір жерде тұрамыз мақұл ма?! – Мақұл! – дедім мен. Әлі күнге үлкен ағаның да үйленбегенін ойлап келе жатып, неліктен жеңіл ғана "мақұл” болғанымды толық ескере алмай қалыппын. "Бірақ енді үш жылға дейін оның жөні болар” деп артынан ойландым. – Мектебіңе барып орналасқан соң әр жексенбі күні менің жатағыма келіп тұрасың, иә!.. Кірлеген киіміңді маған әкеліп тұр!.. – Барғанда әніңді бұлданбай айтып тұрсаң, әр күні-ақ барармын! – Менің әнімді жақсы көресің, өзімді ше? – Әнді соншалық көркем айтушының өзі сол әннен де сұлу болса, кім жақсы көрмейді! Бірақ, менің үйім кедей, әке-шешем жүдеу, сыртынан қарағанда жаман көрінеді. Сен жақсы көрер ме екенсің!.. – Екеуміз де қызметке орналасқан соң олар кедей бола ма! Ей, тоқташы, біздің арбаға шығып сөйлесейік, жол түзелді!.. Арбаға екеуміз шыққан соң ана екі қыз түсіп, басқа арбаға кетеді. Біздің сырымызды олар біледі... Арбаға алдымен Қалиманы қолтықтап шығарып, өзім көтерілгенде делбе ұстап отырған кексе жігіт маған қарап жымың ете түсті. Бетім дуылдай барып, Қалима тартқан ортадағы орынға отыра кеткенімде, кәмелетке толық жеткен бір қазақ қызы: – Бір-біріңе опалы болыңдар! – деп екеуміздің қүлағымызға анықтап сыбырлады, – делбені тарта тұрыңыз, ағай, біз түсіп кетейік! – Солай деп қасындағы ұйғыр қызды тартып түсіріп әкетті. Арбакеш делбені сілкіп қойып "Қоңыр гүлім” әніне ыңылдай берді. Сөйлесіп алсын дегендей, артындағы бізге қарар емес. Қалима менің мойныма бір қолымен рай асылып, құлағыма сыбырлады: – Екеуміз тұрмыста тең боламыз, мақұл ма?!.. Бір-бірімізді қақпайламаймыз, бір-бірімізге адал боламыз, мақұл ма?!. Менің пікірім дұрыс болса, сен сөзсіз қабылдайсың! Сенің пікірің дұрыс болса, мен бойсынамын, мақұл ма?.. Сонда өте тату тұрамыз. Мен сені сондай сүйемін!.. Менің "мақұл, мақұлдан” басқа лажым да, сөзім де жоқ сияқты. Сол "мақұлым” әрқандай шыншыл сөзден де мығым серт екенін өзім толық түсінемін. Олай болатыны жүрегімнің ең түбінен кіршіксіз тұнық күйінде шығып жатты. Құшақтасып жатып қалған екенбіз. Арба тоқтап, екі қыз қайта кіргенде бір-ақ білдік, таң атыпты. Жүзіміз тотығып, ерніміз кезергенде де осылай ән-әуенімізді қоса, көңілді жүріп келіп едік. Үрімжінің үстіндегі қара сұры тұманды көргенде тұнжыраса қалдық. Көшеге кіргенде үлкен қаланы айқара басып тұншықтырып жатқандай сұп-сұры сұмдық көрінді бізге. Үлкен көпірден өтіп, аз жүрген соң әпке-қарындас, қалыңдықтармен қоштасып жыласқандай айырылыстық та, арбамызбен қатар шұбап отырып, "Нәнляң" көшесінің басындағы Спан мектебіне жеттік. Үлкен қара қақпадан кіре бере, қос әйнек терезелі мектеп кеңсесінің алдына барып тізіле қалып едік. Сұңғақ бойлы, ақ сары қазақ тізім бойынша тоғызын шақырып, айырып тізді де, жүгімізді сол жерге түсіртіп, ерте жөнелді. Үлкен алаңды ауланың түп жағына әкетті. Ыңғай сабан қағаз терезелі көп үйдің біріне бастап кірді де: – Сендер осы 45-ші сыныпта оқисындар! – деді. Спан мектебі құрылғалы біріншіден бастап биыл 47-ші сыныпқа жеткенін, 45–ші сыныпты биыл ашылған қазақша сынып екенін қарапайым ғана қоңырша үнмен жайлап түсіндірді. – Оралхан, жүр, мына сабақтастарыңды алдымен жатақханаға орналастырайық! – деді сонан соң. Батпиған жуан қызыл сары, қалың қырма сақалды дәу жігіт ысқалып, партасынан әрең суырылып шықты. Біздің сынып бастығымыз осы екен, бастай жөнелді. Буыншағымыз бен сандықшамызды көтеріп, тұнжыраған көк сұры тұман арасымен жарым шақырымдай қайта құлдадық та, сол көшедегі басқа бір қара қақпаға барып кірдік. Жатақханасы мен асханасы осында екен. Маңайы биік дуалдармен қоршалған бұл аула тіпті түксиіп көрінді. Сыныпта болмаған әйнек терезе жатақханада қайдан болсын, қағаз терезесі тіпті кішкене екен. Он адам сығылысып әрең сыятын сыпыдан орнымызды өлшеп берді. Шіріп тесілген кішкентай ғана қаңылтыр мештің қаңқасы қаусап тұр. Ақсары мұғалімнің аты Сәду болып шықты. Осы мектептің қазақ бөлімінің тәртіп меңгерушісі әрі қазақша тіл, грамматика ұстазы екен. Сұр жолақ трикодан тігілген мақталы ұзын шапанын әлден-ақ киіп алыпты өзі. Сонда да тоңып тұрғандай, біз орналасып жатқан жатақхананың пешіне қарап тітіркеніп қалды. Кедір-бұдыр жер тағанның сызына, ыс пен тозаң басқан жалбыр-жұлбыр сылақ қағазына қарап тыжырынды да, біздің орын-көрпемізге үңілді. – Ұзақ жол жүріп кірлеп қалыпсыңдар, күн ашылысымен мына есік алдындағы арық суына жуып алыңдар, қыс түскен соң кебуі қиын болады! – деді қолын уақалай тұрып. Сақалды Оралхан бәнжаң (класс бастығы) жақындай түсті оған. Оқушылық изетпен иілейін десе де, жалпақ қарны икемге келмей, кердиіп түр: – Мұғалім, біз де кірлеп кеттік, – деді қып-қызыл мол бет-аузы тұтасымен күлімдеп, – завхоз сабын бермей қойды, сіз айтыңызшы! – Биыл сабынмен қамдай алмайтын болды, базардан өздерің ала салыңдар! Болмаса, ащы кірі кетсе болды ғой, мына су қатып қалмай тұрғанда шайқап алыңдар! — деп бір күрсінді де шыға берді Сәду. Оралхан Спанның дайындық мектебінен оқып шыққан осы Үрімжі маңының жігіті екен. Бізді мектептің барлық жайымен таныстырып отыр еді. Алыстан соғылған қоңырау үні естілісімен орнынан атып тұрды: – Ә, сары айғыр кісенеді, кешкі тамақ, жүріңдер, асханаға барайық. Сабақтастар сақадай атылуы керек мұндайда! Айтып қояйын, тез қарманбасаңдар аш қаласыңдар!.. Алдыға түсе жүгірді бұнжаң, тамаққа былай жүгіруді ар көріп, аяңмен жетіп едік, іші-сырты түгел ысталып кеткен қара қожалақ залдың есік алды әлем тапырық, зор соғыс майданына айналып кеткендей көрінді. Өңшең қара мата шекпен, мешпет, сымды азамат есікке кептеле қалыпты. Ес-түс жоқ, жан алқым кимелесіп жұлқынысып кіріп жатыр. Біз аңырып оқшаурап тұрып қалдық. Шәуешектен келіп қосылған туыстасым – Қуат атты жуан тұғыр, тапалтақ, ақ сұры жігіт маған қарап басын изеп-изеп қалды. Мұңайып тұр екен. – Осылардан қандай ұстаз шығар екен!–деп қатты күрсініп жіберді, – мына ел састы, етек басты жұлқыста жайбасар сен қалай күн көрер екенсің! – Тілін үйреніп, тырысып көреміз де! Біз ең артынан кіріп, босағада тұрып қалдық, орын жоқ. Қойылған стол-орындықтарда да рақаттанып отырған ешкім көрінбейді. Бір залда лықсыған мың шақты адам әлі арпалысып жүр. Енді бір-бір тас тостаған көтерісіп алыпты. Оны ала алмағандары "қадыра!" "қадыра!" деп айқайлады, екі столға ғана үйілген сақпыға ұмтылысады. Алғандары жұлқынып-жұлқынып шыға келіп, үлкен дас-астаулардағы суға бөрттірген күрішті кеймелеседі. Одан қолындағы қадырасымен көсіп алып шыға алғандары тағы да жұлқынып үлкен астаулардағы суға қайнатқан бөйсай жапырақтарына үймелеседі. Быжынаған қалың шыбын сияқты, ешқайсына көзіміз ілесе алмай, есіміз шығып кетіпті. У-шу. Әйтеуір, бұнжаңымыздың дауысы зор екен, айқай салғаны алыстан естіліп еді. Кимелей соғып бір дас күріш көтеріп шықты. Тері ме, майы ма белгісіз, қалың қырма сақалынан жауын жауып, қатты алқынып келеді, сумақы қадыралар оның дасына да бір-бір түсіп қалып жатыр. Мүйізін тосқан жуан қызыл бұқадай Оралхан ондайларға дамылсыз гүжілдей жетті: – Үй, алмаңдар бұл дастан, жаңа келген сабақтастар жесін!.. Осы әлем-тапырық шайқастың арасынан Қуат екеумізге үстіне үш-төрт көк жапырақ салынған бір қадыра күріш әрең тиді, бір пар сақпымен екеуміз кезек татып көрдік те, жаландап жүрген біреуіне ұстата салып шыға бердік, тұзсыз су мен бөйсайдың жылымшы дәмінен басқа, тамақ дәмі білінбеді. Шошына шығып едім, артымыздан: "Ей, бауырлар, тоқта!" Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|