ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ 5 страницаЕкі қан бір өзіңе ауыр болар, Болма енді Қалқаманның қанына ортақ!" Өлер алдындағы Мамырдың ақтық айтылатын осы ұзақ сөзі үзіліп-үзіліп шығып жатқанда, көрушілерден жыламаған әйел қалмады. Тіл атаулы байланғандай, үн атаулы өшкендей, тым-тырыс отырыс, тым-тырыс көз жасы, пыс-пыс мұрын, мыс-мыс жылау... Біз жаз бойы халықты осылай жылатып жүріп, таудан сегізінші айдың ақырғы шенінде бір-ақ түстік. Тергеушім", көпшілікті жылатудан үлкен қылмыс жоқ шығар. Біз сол жылы жазда тау халқын қан жылаттық: күндіз сойыспен тойлап жылаттық та, түнде өлі іспен ойнап жылаттық. Шынымыз да қылмыс, ойынымыз да кылмыс болды. Сумаңның қолы мен жыланның тілі бір текті ғой, балық тілдес, бақа үндес болмай ма. Біздің сол жаздағы қылмысымызды өзіңіз тектес тергеу шеберлігін толық игерген инабатты сол зәңгі, елубасылардан сұрап анықтарсыз.
IV
Шәуешекке барып, орта мектепке сынау беруге сабақтастарымның көбі-ақ сайланып болыпты. Олардың екпіні мені де елеңдетіп әкетті. Олар жаз бойы дайындалып қызынса, мен ешқандай дайындықсыз-ақ, дүбірге шыдамағандықтан қызындым. Өйтетінім, жаз бойы менімен бірге серуенде жүрген үш-төрт сабақтас та қызына жөнелді. "Олардан мен кем бе”. Олар өздерінің тұрмыс күйі қалай шапса да, тұсау салмайтын оқу шығынына шыдайтынын біліп қызынса, мен ол күйге қарамай қызындым. Өйтетінім, "әуелі сынау беріп, өзімді байқап көрмеймін бе, оқуға жарап, оқу шығынына шыдамасам, қайтып келмеймін бе?” Әке-шешеге осыны айтып, екі күн кыңқылдап едім, қиналса да талабыма қимай көніп, біреуден жиырма сәрі қарыз алып берді. Сол ақша жан қалтама түсісімен жүгіре жөнелдім. Шәуешекке баратын сабақтастар арба жалдап алып, Ағылық көшесінде мені тосып тұр екен. Әкем де бүлкілдей келе сар желіске түсіп, мені сол арбаға шығарып жіберіп қайтты. Түн қатып жетіп, ертеңінде-ақ емтихан залына кірдік. Емтихан тапсырушы үш жүзден артады екен де, қабылданатын оқушы бір кластық – отыз шамалы ғана екен. Оның үстіне, сол кездегі Шәуешек орта мектебінің тілі – татар, ұйғыр, өзбек тілдерінің қосындысы болатын. Емтиханды сол мектептің өз тілінде алды, Дөрбілжінде сап қазақ тілінде оқыған біз қаңқиып отырып қалдық. Емтихан алушылардың арасында қазақтан шоқша сақалды семіз қара мұғалім ғана бар. Бар болғанымен де бізге жоқ сияқты. Шәуешектің өз оқушыларының қамынан аса алмай қалды. Ол кісінің де өзінің жебеу міндетіне алған сүйікті "тайыншалары” баршылық көрінеді. Сол "тайыншаларының" бірін емізіп болып, енді беруге өтерде аузындағы насыбайын бұлтыңдатып апарып, сол тұстағы түкіршікке түкірген болады, жолшыбай сол "тайыншасының" хал-жағдайын байқап үңіле өтеді. Насыбай орнына жалпақ құмыра шақшасынан жаңа насыбай сала қайтып, оған бүлкілдейді. Бұлтыңдау мен бүлкілдеуден білімнің сол аузы босамай-ақ қояды сөйтіп. Өзі мүйізді сиырдан найзаны көп көрген тоқал сиырдай, тым жалтаң да көрінеді. Басқа "бұзау енелерінің" қабағына қарап “емізіп” жүрді. Олардың әрқайсысы өзі емізетін “тайыншаларының алдына барып иіліп қалғанда, тоқал қара өз “тайыншасының” аузына дәлдеп еркін сала алады. Біз сұраудың тілін де ұға алмай жалтаңдап отырғанымызда “енелі” оқушыларға сондай сылп-сылп сыбырмен оның жауабы да айтылып жатты. Дөрбілжіндік сабақтастардан сол сыбырлардың кейбіріне жақынырақ отырған екі-үшеуі ғана үміткер болды да, басқамыз 1–2 сабақтың емтиханынан соң-ақ түңіліп, бұл сапарда құдай тағаланың пәлендей жарылқай қоймайтынын түсіндік. Үміткерлер ертелі-кеш сабақ пысықтайды. Біз түсініп болғандықтан көшеге түксие шығатын болдық. Шәуешек клубының бақшасы “жаннат” сияқты көрінді бізге. Түн ортасына дейін тамашалаймыз. Бұл бақшада “хор қыздары” мен “періште жігіттер” қатар-қатар қолтықтасып, аяқтарын бір ырғақпен тең басып сайраңдайды екен. Апрель дайындықтарында біз де әскери тәрбие алғанбыз ғой. Біз де солай қатар жүрдік. Самаладай жарық, алуан түрлі гүлмен безелген алаңдарда алуан түрлі гүлдей торқамен безелген сылқымдар арасында біз тым сұрықсыз сияқтымыз. Солай болса да көңіл жүдеулігімізді көрсетпеу үшін, көтеріңкі, кеуделі жүруге тырыстық. Үйде қолмен тігілген “модысыз” киіміміз көнетоз болса да, әйтеуір ауымыз жыртық емес қой, немізден ұяламыз!” деп күлістік. Бұлардың ішінде ең жүдеубасы – менің де қара трико мешпет-сымымның жамауы жоқ еді. Жалғыз-ақ “мінім” – тауда жарасып келген көне етігімнің көше ыстығымен отаспай жүруі болды. – Біздің Дөрбілжіннен бұл қаланың артықшылығы – көшені жарық қылып тұрған электр стансасы мен осы бақшасы ғана! – деді Рафаэль атты ұзын бойлы татар сабақтасымыз. Дәулет мұның атын ұмытқансып: “Тарпайыл”, кейде жеп-жеңіл ғана “Торапай” деп салушы еді. Өзі келіскен әдемі, әдепті жігіт болатын. Қиялзат ол айтқан артықшылықты арттыра түсті: – Дегенмен, аймақтық қала ғой, орта мектебі үшін келіп, ұтылып, тегіс заходқа отырып қайтатын болмадық па! – Біздің мәртебелі мырзаларға ертең ұзатылатын бикештеріміз де дәл солай жасампаз! – деп мысқылдады Өмірбек, – қарашы, әнеубір қырма сақал қырқылжың да шашын майлап, бетіне опа жағып алған сияқты! – Өзінің езуі мен танауына қара, сәнденемін деп оң жақ құлағына бәрін бір-ақ жиып алыпты! – деп сары шаян Бексапа қосты. – Осылардың бірсыпырасы күндіз кірпіш құйып, иә, күндікшілік істейді де, кеште пері боп шыға келеді. Ыңғай қара шай мен қара нан жеп үнемдеп, кеште киетін ақ костюм сатып алады. – Дегенмен, мәдениетті қала, мұнда өзбек, татар, орыс байлары көп, соларға еліктеп бәрі киінуге тырысады. – "Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты!". – Қаз боламын деп қарға да аяғын үсітіп алған ғой! – Үй, ақырын күліңдер, – деп шиқылдай күлді Қиялзат, – бұл календырлер қайдан келген деп бақшасынан қуып шықпасын! "Қаупің неден болса, қатерің содан” дегендей, осының ертеңіне-ақ сол қатер артымыздан сап ете түскендей болды. Қауіптенген жерімізден дәл ұстады бір әйел дауысы. Бұл кезде біз үн қатыспай қатарымызды түксие сақтап келе жатқан болатынбыз. Арт жағымызда, таяу келе жатқан бір тізбек қыздың біреуі: –"Гимназистер”, қайыршылар! – деп қалды. Біз жалт қарасып қайсысы екенін айыра алмай қалдық, әйтеуір ыңғай үлбіреген жібек кофталы, кысқа юбкалы, тоқ балтыр қызыл-сары "татар қыздары” екен. Мұндай келте юбкаларды "шолақ пері” деп атайтынбыз. Жайымызбен аяңдай бердік. Сол дауыс сол сөзін тағы айтты. Өмірбек пен Бексапа жалт қарап, ортақ жауымызды көре қойды. – Сол жақ шеттегі жуан құйрық, сары шолақ! – деп мәлімдеді Бексапа. Өмірбек жауапқа Рафаэльді салмақшы болды: – Артпайыл, ана қарындасыңа бірдеме деп қойшы! – Сызларка біз әлі сойләмәдік, сөйләмәйміз да, сізләрдан қайыр тіләмәдік әлі! Рафаэль бетін алдына қайта бұрысымен "шолақ перілер” түгел шөңгірлеп күлісе жонелді: – Қайыршының сөйләрга уақыты қайда? – Нан сұрап ашауыны гана білә! – Хайыр тіләмәс-мыш... – Бақшаларымызга битларың түшіп қалмасын әлі! – Аузым қышыған мен енді Бексапаны түрткіледім: – Сен де татар түрлессің ғой, қайтып сөйлемейтін болсын қатты нықытып тасташы өзін. Бексапа сөйлемей үнсіз жымия берді. Біз үндемей қойған соң «Шолақ пірілер» де зеріккендей өз әңгімелеріне түсе бастап еді, әлгі жуан құйрық сары шабуылға қайта өтті: – Мұндай қайыршы гимназист көрмеппіз әлі... Шапкаларын қара өзләрінің мәс мүжәкләрға ұқши! Қайырыла қарадым мен. Бұдан жеті-сегіз жыл бұрын осы Шәуешектің бір қызынан естіген «қалендыр» деген сөз есімнен әлі шыға қоймаған еді. Екінші келуім осы ғана. Бұл рет естіп келе жатқаным тағы да сол ғой! Жауабын іле қайырдым: – Қайыршыдан қайыр тілегендей соңымыздан қалмай қыңқылдайсың, бейшара, қайыршының қайыршысы өзің ұқсайсың, бізден не сұрайсың, айта ғой енді. Барымызды аямайық! Мұншалық зарыққаныңызды біліп, жанымыз ашып келеді! Біздің сабақтастар ду күлді. Қыздардың да іле қайырған құр шалдауыр жауабын тыңдамадық, енді ұрыссып қалмайық десіп бұрылдық та, терек арасындағы бір орындыққа барып отырдық. Сол орыннан станция гудогы берілгенде бір-ақ қайттық. Біржолата қайтпаймыз, бақшаға онан соң бармадық, орта мектепке қабылданғандар тізімінде атымыз жоқтығын көрісімізбен Дөрбілжінге бір-ақ тарттық. Сынаудан өте алмай қалғаныма ешқандай жабырқамай, қайта жадырай жөнелдім. Мұнда оқып «қайыршы» аталудан құтылғаныма қуанғандаймын. Өз бетіммен-ақ ешкімнен қалыспай оқимын деген бір сертке қайралып әлденеге егесе қайттым. Әке-шешеме де сол өзім бекінген сертімді айтып едім, олар да үлкен зілден құтылғандай жадырай қалысты. Әкем маған елжірей қарап күлімсіреді: – Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алғандай, ендігі ең үлкен қыспағымыз сол «кемнасың» болар ма деп жүр едік, өркенің өссін, Қырауым, ақыл тауып қайтыпсың! – деп басымнан сипады, – жассың ғой, орайы келгенде кірерсің бір мектепке! Мені осы ақылға итеріп салған сары шолақ қызға “рахмет” дей жаздап барып, өштік сезіммен тісімді баса ескердім оны. Үйден шықпай, өз бетіммен сабақ пысықтап, өз бетімше есеп шығарьп әдеттендім. Демалғым келгенде әркімнен сұрап әкелген ескі хиссаларды көшіремін. Анда-санда ұйымның кітапханасына барып, кейбір кітап-журналдарды әкеліп оқимын. Сөйтіп оқу программам күн сайын көбейе түсті. Ойын-күлкі, дос-құрбыдан саяқтап, сабақтастармен кездесе қалғанда көп сөйлемей, есінеп-есінеп алып үйге жөнелетін мінез таптым. Ең қызық ойын үйде әкем жасап берген ағаш сандықшаның ішінде сияқты. Кітап-дәптерімді жайып салғанда ғана шын думанға кіргендей, тар қапастан кең далаға шыққандай жан сезімім кенеле қалатын болды. Әке-шешем осы кезде маған бір ғана борыш артты! Рамазан айында бес уақыт намаз өтеп, ораза ұстауым керек. Оқуыма бөгеті болмағандықтан "аздап иман да таба жатайын” деп, мен бұған көне кеттім. Сөйтіп 1941 жылдың күзіне келген бір оразаны алдаусыз, адалдықпен өтеуге кірісіп едім. Он-он бес күн ішіндегі сынаудан жақсы өткен сияқтымын, әкем мені семья намазындағы имамдық орынға шығарды. – Осы үйдің ең оқымыстысы сенсің, мұнан соң сен иман бол! – деп оз орнына тұрғызды да тәкбырды оң жағыма тұрып, өзі түсірді, маған мәзін болғаны еді бұл. Жалданба егіншіліктен қыста босап үйде болатын Бигелді сол жағымда. Менің мектепке кірмей қалуымнан біраз жеңілдік тауып, Нұрасылмен бірге жаяу саудагер болып алған Биғазы да, Ораз да үйде бірге намаз оқитын болған. Дөрбілжіннің атақты Әбдірахман дейтін қариінің дәлелдемесі бойынша, әйелдер ерлермен бірге намаз оқитын болғандықтан, шешем де сол оразада менің ұюшым бола қалды. Еңгезердей екі дәудің ортасында кіндіктерінен келсем де, олардан сәл алда түрып, бәрін мүлгітетін болдым сөйтіп. Мен еңкейсем, олардың да еңкейіп, мен тоңқайсам олардың да тоңқаюы басымды сәждадан алмай жата берсем, олардың да жата беруі шарт, ішімнен күлсем де екі-үш күн тәртіп сақтап, тәуір имам болып жүрдім. Сойтсе де, семья үлкендері намазда мен не істесем соны істейтін болғаны маған өте бір қызық комедия ойлата бастады. Күндіз үйден шықпайтын болғаным үшін шешем мені бір уақыт бой жазып ойнап келуге қузап жүретін. Менің көңіл көтеруімді бәрі қостайтын шақ еді. Сол ойынды осы намаз уақытында бір ойнап алғым келді бір күні. Қылжаққа айналдырғанымды білдірмеу үшін, өзім күлмеуім керек. Екінті намазы төрт қана жығылып тұратын ең қысқа намаз еді, сонысын созып апарып, ақшам намазына қосьш жібергім келді. "Алхамдуны” асықпай соза оқып, оған ыңғай ұзын сонар сүре қосып, ұюшыларымды ұзақ қаңтарып аламын да еңкейіп "рукағда” және көп тұрамын. Әкемнің белі ауырды білем, ұзақ еңкейіп тұруға шыдамай қипақтай берді. Биғазы күліп жібергенде қайта бір қайқайып алып сәждаға бас қойып аламын да ұзақ жатамын. Ұюшыларымның әкемнен басқасы, тіпті шешем де күліп жатты. Бірақ, бастарын имамнан бұрын көтеру құлшылық шартында жоқ болғандықтан қыстығып әрең шыдады. Мақсатымның бірі – әкеме намаз бұзғызу болатын. Менен емес құдайдан қорыққандығынан ол кісі шыдай беретіндей көрінді. Сондықтан, сәждаға ең ақырғы жығылғанымда бас көтертпей тіпті үзақ жатып алдым. Ана үшеуі қатты күліп жібергенде әкем жайнамаздан басын көтеріп алды, мені бөксемнен бүре, жайнамаздан іліп алып, арт жағына лақтырып тастады. Өзі де күліп жіберді сөйтіп. Артқа лақтырылған "имамға”, ұюшы мүриттер де түгел карқылдап күліп кетті. Әкемнің өзі имам болып, екінтіні қайта оқымақшы болғанда үй күңгірт тартып, екінті уақыты өтіп қалған еді. Мен алдыға қайта келіп, қарсы қарап отыра қалдым да енді "шариғат” сөйлей жөнелдім: – Алла тағала уа табәрәкәнің ең сүйген құлы ғана намазды намазға осылай ұластырып оқиды, мешіттен шықпайтын сопылар кешке дейін мехрабтың алдында жер жыртып, егін салады. Арық тартып суарады деп ойлайсыздар ма. Хақ пайғамбардың хәлел үммәті әлбетте олар сауаптың кайда екенін біледі. Солай бас көтермей жатып алады да, иман дегенді бермегеніне қоймай тартып алады. Әке, сіз Алла тағаланың өзі желеп жіберген имамын лақтырып тастап, зор күнаға кіріптар болдыңыз! Енді барып мехраб алдына жатып алмасаңыз кешірмейді де... – Ей, шайтан, тұр былай! Имам да болма, ұйыма да, ары ана жаққа отыр, – деп әкем ызбарлана қалды да, мырс ете түсті, – әрі кет деймін! – деп қатайды. – Қуаласаңыз менің күнәм сіздің мойныңызға мінеді! – Мейлі, өзің ары кетші, ары! – Имамдықтан алып тастасаңыздар ғой, бұрқан боламын ендеше! Будда пұтханаларындағы пұттарша кердейіп сіресе қалып едім, тағы да күлісіп жіберді. Күлкіден тыйыла алмай қалған Биғазының иығынан әкем қатты нұқып жіберіп, Бигелдіге алара қарағанда күлкі әрең тоқтап еді. – Жарығым, Қабыкен, ақшам болды! – Шешем маған жалынды, – намаз оқып алып ауыз ашайық. Мен түрегеліп барып арттағы шешемнің қатарына тұра қалып едім, әкем қайырылып, кеудемнен итеріп жіберді: – Сен енді жеке оқы, бірге оқысақ тағы бұзасың! – Сен, дін бұзар, мұнан соң намаз уакытында үйде отырушы болма! – деп әкем бадырая карады, – бес ракағат намазды бір ракағатта бітіре сал деп қай молдаң үйретті саған?! – Молдамыз үйретсін, үйретпесін, Алламыздың ақшам намазындағы салығын толық өтесем... болатын шығар, – деп мен төмен қарадым. – Ол қай салық?! – Ақшамда отыз рет жалындыру емес пе... Тұра тұр Алланың өзінің әр қолынан әр күні намаз арқылы алып тұруға тиісті салығын айтып берейін: таңертеңгі намазда құзғын сәріден тұрғызып алып 24 рет жалынту... Бір рәкағатта алты қой... Бесінде алпыс рет, екінтіде 24 рет, ақшамда отыз рет, ясих намазында 54 рет жалынту. Бір күнде жиыны 192 рет жалынсақ болғаны емес пе! Жаратқан ақысы үшін әділ. Алла бұдан артық еш нәрсе талап қылмайды. Бір күндегісін бөліп-жармай, маңдайды жұмсағырақ кигізге қойып алып, бір-ақ өтеп тұрсақ тіпті разы болар еді!.. – Саған дауа жоқ екен!.. Болды, бажырамай шайыңды іш енді, –деп әкем шайға жібіткен қара нанын асай түсіп күлімсіреді. – Кешке шейін үйден шықпай отырып алып, – Жеңеше, осы Қырауың балалардың бәрімен ұрысып калған ғой деймін, – деп Бигелді салдырлады. – Тату болса ойнамай ма! – Жоқ, ұрысқан жоқ, – деп Биғаділ сақ ете түсті. – Сабақтастарының бәрі менен сұрайды. Мен, "жұмыртқа басып” жатыр дедім. Бұл сөзге үй іші ду күлді де, мен кіржие қарадым оған. Қағысып қалуымнан Биғаділді қорғағысы келген Биғазы да сөйлеп, мені өзіне қаратпақ болды: – Бұл жаман емтиханға жарамай қалған соң өзін-өзі түрмелеп отыр. – Ей, Қырау, өзіңді-өзің неше жылға кестің? – Біздің Қырау ұрысқүмар емес, ешкіммен төбелеспейді. Жұмыртқа басатын күрке тауыққа тіпті ұқсамайды, – деп шешем мені мақтап-мақтап, бір уақыт серуендеудің амалын ізлестірді. Ертең көріңдерші кәне, күндіз көшеге барып ойнап келіп тұрады! "Бұл қақпайларыңа көнсем-ау!" деп мен бекіне түстім. Тергеушім, мен сол жылы Шөуешектен қайыршылық қылмыспен қуаланып келіп қамалғанымда, үйімнен дін бұзарлық қылмыспен қудалана түскенімді көріп отырсыз. Өз үйіме сыймауымнан-ақ менің әуелден жер-көкке сыймай келген қылмыскер екендігім белгілі болмады ма. Әсіресе сол кездегі дін бұзарлығыма тереңірек қарасаңыз, қазіргі қылмысымның тарихи тамыры жарқ етіп шыға келеді. Дінге сенбеген кімге сенбек. Бұл да сол кездегі белсенді кері төңкерісшілдік емес пе. Мен бес уақыт намазды бір рәкағатпен ғана өтеп, сол кездің өзінде-ақ құлшылық қалыбын бүзыппын ғой. Бұған қарағанда қай құлшылық қалыбын бұзбас дейсіз. Жастайынан өзін-өзі түрмелеп үйренген адам, өзгенің түрмесін қуана қарсы алмас па. Онан да осы түрмеден мені сіз де қуып шықсаңыз, жан жерімнен ұстаған ең қиын жаза сол болар еді. V
Дәмешті "ұрлап жоғалтқан" Нұрасылдың соңынан түйілген жұдырық жуандай түсті. Оның қасына сол кезде ілескен Биғазы өздерінің аздықтарын айтып, ыза болып қайтып жүрді. Құрышбек көбінесе әркімнің үйін салып, кәң, пештерін жасап тіршілік көсібімен кетеді, басқа достары да басқа-басқа жақта жүретін кәсіпқорлар, Нұрасылдың өзіне тетелес інісі, бай есігінде жалшы, басқа інілері өлі бүғанасы қатпаған жас оқушы еді; Сөйтіп, тірегі әлсіз тірі азаматтың тіршілігінің өзі зор қылмыс болғандай, қысымға ұшырап, өрісі тарая түсті. Көзін аларта өтіп, иығымен қаға-соға кететін соқтықпалы бір топ қиянпұрыс жолын кес-кестеп, Нұрасылды неше рет тосқан екен. Өзінің жолында құтырған ит тұрса да қаймықпай өтуді – Көкеңнің үйреткен бұл кәсібі сіздерге тым алал кәсіп емес-ау, жігіттер, біз өзара әй-шәй десіп көрмеген адамдармыз ғой! – деп күлімсірей келіпті. Бұл сөзге үн де қатпай, жол да бермей, көлегейлеп тоса тұрып алған біреуін қолының сыртымен сырып қана өте берген екен, шекесіне бір жұдырық шақ ете түсіпті. – Шырағым, мынауың шының ба, қалжың ба? – деп қарай бергенде, жұдырыққа жасырынған тастың бірнешеуі қатар келіп тиіпті: – Өзің неге қағасың? – Қаймана тұрған адамды неге ұрасың? – Шын болғанда қайтпек едің?.. Жарыса шыққан осы сөздерді ести құлаған Нұрасылдың артындағы Биғазы көшедегі халыққа айқай салғанда, жендеттер бет-бетімен жөнеле беріпті. Тападай тал түс, ап-ашық күні көшеде соққыға жығылған Нұрасыл Биғазының демеуімен тұрыпты да, басы-көзі күп болып, сақшы мекемесіне барған екен. Нұрасылдың арызын тыңдамай, мына сиқына ғана қараған қара сұры тергеуші сақылдап күліпті келіп. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|