Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






АЛТЫНШЫ БӨЛІМ 1 страница




АЖАЛ АУЗЫНДА

I

 

Құдіретті "тергеушім", өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Ли Шиянжаң кеткен жылдың жазында Нұрасыл авдокаттығын қоя қойды, тіпті үлкен көшеге де бармай, жаяу саудагерлігін қала сыртындағы жол аузында жүргізді. Біздің үй қоныстанған шет Орқашар тауы мен Жайыр қазақтарының қалаға кірер жолы еді. Бұл жолмен тері, жүн, ішек сатуға айдалған қой-ешкілер өтіп жататын. Жаяу саудагерлер соны тосатын да, кең балақ сахаралықтан сатып алып, ірі саудагерлерге апарып өткізетін. Ал ірі саудагерлер оны жиып апарып Соу-син торгіге[15] немесе шекарадағы совет сауда пункттеріне өткізіп, базар-дүкендерін жайнататын. Нұрасыл сол ұсақ алыпсатарлығын шеттей істеп, ертелі-кеш жол аузында отыратын болды. Бұл жазда патентсіз саудагерлердің алып сатуына тыйым салынды. Жол аузында отырушылардың көбеюі содан еді. Ал, Нұрасыл патенті бола тұра шеттеп алды. Жолдан сатып алған нәрселерін апарып өткізеді де, өзі бармай басқа біреуге патентімен беріп өткізіп жүрді. Жол аузында отырып-отырып, біздің үйге кіріп келген бір күні әкем сұрады бұл жайын:

– Нұрасыл, сен неге бұғып жүрсің осы?!

– Бұқпасқа болмайтын сияқты, Жәке... Базарға түсіп әдемілігімді көрсетпей-ақ, бес-алты шикі өкпемді амандықпен асырайын дегенге келдім. Сіздің қорқақтығыңыз маған да жұға бастады.

– Жүзіңді көрсетуден неге қорқасың?

– Көрінсем-ақ әдемі екен деп Үрімжіге ала жөнеле ме деймін. Бірдеме ойлай алатын, әдемі сөйлей алатын адамдарды "құрылтайға" шақырып жатыр ғой үкімет.

– Е-е-е, – деп соза күрсінді әкем, – біздің елдің заңшылы, жауап қайтарары жалғыз сен ғана болып қалып едің. Енді Дәмештерді сүйрей жөнелсе үн шығармай шұлғи беретін болғанымыз ба!?

– Мұң тыңдап, аққа жақ боларлық үкімет Дөрбілжінде қалмай барады ғой. Бір дауға барып, әділдік сұрастыра қалсаң, "е, сен де әдемі екенсің, жүре ғой құрылтайға" дейтін заман болып қалды. Үкіметтің бір басы – мұң тыңдағыш, сүйкімдірек бас еді, сірә, ол жанама бас болса керек. Дулығалы дүлей бас соны кеміріп жеп жатыр. – Өнер алды... қысқан, өгізге туған бұзауға да тумасына кім кепіл. Балаларымды бағайын!

– "Алты саясаты" әлі айтылып жүр ғой, неге түңілдік сонша?

– Алты саясатты апамның маңдайшасына асып, әлгі дулығалы аю ғана қалды ғой, онысын орындап қанша жарытар дейсің... Жә, енді Биғазыңызды маған қосып беріңіз! Малайлықтан гөрі менің кәсібім сәл тәуірлеу. Ең болмағанда, қожайынға қоқаңдатпай, еріктірек істейтін кәсіп қой. Оған қарызға бір сома тауып берейін де, қасыма ертейін!

– Сенің кәсібің ғайыпты күтетін кәсіп қой, шырағым. Ғайыптан түсе қалғанда да ең алдампаздарың ғана ала аласыңдар. Қазір ол жас, тапқан пайдасы алдамшылық үйрену ғана болып, оның үстіне зиян тарта қалса қарызын қайтарта алмай қан тышамыз ғой. Сауда түбі "борыш", михнат түбі – "ырыс" деген, қазірше осы алал жалшылығымен ғана жүре тұрсын! Әйтеуір қазір байлар аз болсын, көп болсын, тоқтамды еңбекақыны мүлде жеп кетпейтін болды ғой.

– Мұң тыңдаушылар мүлде жоғалғанда, байлар мұртын тағы тікірейте қоймаса!.. Сонда да ойлап көріңіз, Жәке! – деп шықты Нұрасыл, – Биғазы еті тірілеу, жігіт болатын бала еді, қабырғасы жастай қайысып, жасып жүргендей көрінген соң жаным ашып еді. Қайсынымыз қарызданбай күн көріп жүр дейсіз, көппен бірге көрмей ме!

Әкем Нұрасыл кеткен соң, ойлана қараған шешеме сөйледі:

– Патент алуға да ақша керек, оны алған соң еш нәрсе өндірмесе де ай сайын бажы төлей береді, ал патенті жоқ саудагерлердің күнін итке берсін, бәйбіше, қала ішінен киімі түзу біреу шыға келсе, сақшы мен бажыхананың тәйниі деп қорқып, бұта-бұтаға тығыла қашады.

Осыдан екі-үш күн өткен соң тәйниге ұқсаған бір ұйғыр жігіт келді біздің үйге. Нұрасыл біраз саудалық бақал-мәліш алып, жайлауға шығып кеткен екен. Жол бойында отырған алыпсатарлардың тым-тырақай қашуынан ол жігітті біз де тәйни деп біліп едік. Шекшие қарап, шерте басуынан, тіпті "шенді агент" сияқты көрінді. Үйге кірмей, екі бүйірін таянған бойы екі ешкіміздің қорасына барып үңілді.

Шағын қаланың қандай адамы болса да бір-біріне түс таныстау келеді. Ол – мен көріп жүрген Абылахат дейтін мырза – сері қасапшы болатын. Үлбіреген жібек көйлегіне дақ түсірмей, сымының қырын сындырмай, тіпті қасапшы екенін де білдірмей, көбінесе шертигендер арасында жүретін. Ұйғыр тілінің ұяңырақ дыбысты жұта сөйлейтін әдетімен, "Әбілат" деп атайтын өзін. Әбілат бұрынғыдай айқұлақтанып, төне қарады қораға. Онда Жайыр тауынан түн қатып келген бір таныс уақтың бес-алты қойы қамаулы еді. Агенттің көзі қызарып кеткенін көріп, мен сескене қарадым оған.

– Ей, мына қой кімдікі? – деді. Әкем үндемей қалды да, жауапты шешем қайырды:

– Таудан келген бір таныстың қойы.

– Иесі қайда?

– Үйде ұйықтап жатыр.

– Шақырыңыз!

Шұғыл бұйрықтан тіксініп қалған әкем тұра ұмтылып барып шақырып шықты.

– Мына қойларыңызды сатамысың, ей? – деп Әбілат қонағымызға адырая қарады. Өзі қой сатып алуға келгенін біліп, мына қоқаңдауына қорланыңқырай қалдым мен. Бір жеңін киіп, бір жеңін кие алмай қалқақтай шыққан момын қазақ:

– Сатамын... Тұяғы сексен сәріден! – деді.

– Не деп тұрсың... Ол қайдан келген нарық?!

– Тақсыр, бұл таңдап әкелген қойларым, көріп тұрсың, бәрі семіз, құнан қойлар!..

– Құнан қойға да базардың нарқы бар!.. Ең жоғарғысы қырық сәрі, білемісің! Бір-ақ сөз, тұяғы отыз сәріден, беремісің, жоқ?!

– Тым төмен, тақсыр! Отыз сәріге мұндай қойды сатқанша айдап қайтқаным жақсы!

– Ей, сен, қайдан келдің?

– Жайырдан.

– Қайда жүрсің?

– Дөрбілжіннің шеті шығар?

– Ә... Бұл, сенің тауың емес, Дөрбілжін, нарықты өрлетсең пал салынады, ұқтың ба?.. Мен сені сынап қою үшін дәл бағасынан артығырақ айттым. – Сатамысың, жоқ?!

– Жоқ, тақсыр, сата алмаймын. Мұның екеуі ғана өзімдікі, басқасы ағайындардың аманат қосқан малы, алмасаңыз өз еркіңізде ғой.

– Менің алатын еркім бар... Үкімет бағасымен алуға қақылымын. Қадірің барда сат, артығырақ баға айтып тұрмын. Шығарып айдап апарып, ақшаңды ал!

– Жоқ, сатпаймын!

– Қойды біреудікі дейсің ә, сен. Саудагер екендігіңді біліп тұрмын, патентің қане!

– Патек дегенің немене, тақсыр-ау?! – Малшы күлімсіреп таңдана қарады, өзіңде жоқ, ұятты аспап сұрағандай ұғып еді.

– Сауда қылатын белетіңді шығар, көремін! Сен саудагер болмасаң мұндай қымбат баға шығармайсың!

– Бұл саудагер емес, – дедім мен, – таулық мал баққан адам!

– Сен тыныш тұр! – деп Әбілат маған едірейе қарап тастап, малшыға әкіреңдей жөнелді,–патент жоқ па?!. Жүр, айда қойыңды, сақшыға барасың!.. Қанша қымбат айтсаң, соншалық пал төлеп сатасың. Үй иесі сен де жүр, сатпақ болған бағасына куә боласың!

Мал иесі аңтарылып тұрып қалды да, күңкілдей жауап қайырып әкем тайқыды:

– Саудаңда ісім жоқ, шырағым, өз жұмысыма кеттім! – деп шығып жүре берді.

– Қарағым, қой алушысың ғой сен, – деп шешем тігіле қарады Әбілатқа, – оншалық қорқытпай-ақ саудалассаңшы! Саудада зорлық жоқ қой!

– Сіз үкімет заңын білмейсіз, ана, араласпаңыз, менің
бұл іс туралы міндетім бар! – бұл сөзімен Әбілат тәйни екенін түсіндірсе де, маған шешемнің сөзі демеу болып, тиянақ тапқандай болдым. – Жүр айдап, жүр! – деп Әбілат малшыны итермелей түсті, малшы жалынышпен қарады оған:

– Менің баратын не жұмысым бар, тақсыр-ау? Сатушы сәл қымбатырақ та айтар, алушы әуелі төмендете бағалап, келісе алмаса өрлете түсіп, ақырында келісуші еді ғой! Мұсылмансың, қарағым, иман ағзамның жолы сол емес пе еді! Сақшыға бармай-ақ қоялық, өзің біраз өрлеп көрші қане!..

– Қорықпаңыз, – деп малшының иығынан түртіп қалдым мен, –қойды бұған сатпа!.. Жүр, барсақ барайық сақшыға!.. Бұл сенің қойыңды қорқытып алмақшы ғой, қаншалық тәйни болса да көріп алайық, жүр кәне!

– Жүр! – деп Әбілат малшыны алдына итеріп түсірді де, мені қолымнан ұстай алды, – жүр, сенің де батырлығыңды көремін!

– Мені айдайтын ақың жоқ! – деп қолымды серпіп шығардым, – өзім-ақ барамын!.. Сенің міндетің не екенін мен де көрмекпін, жүр өзің!

Мендей екеу келетін ұзын Әбілат, қол жұмсай алмай ырқындағы малшыны айдап ала жөнелді. Әбілаттың өзін айдаған тәрізденіп мен оның соңына түстім. Әбілат жол-жөнекей маған құқай көрсете, заңын да түсіндіріп сөйлеп келеді. Жауабына мен де жауап қайырғаныммен, жүрексініп, құқайына құқай көрсете алмай келе жатыр едім.

– Сен ұғып қой, – деді базарға таяй бере, – ұры саудагерді үйіңде сақтап, алған малын қораға жасырып отырыпсың! Сақшыға барғанда мұның қылмысын жасырушы болсаң, өзің бірге қамаласың! Сен таныс оқушы болғандығың үшін, құтылу жолыңды ескертіп қояйын, бұл өзінің саудагер екенін айтып, шығарған әлемде жоқ нарқына куә бол, мақұл ма!.. Оқушы ұры жақта емес, үкімет жақта болуға тиіс!

– Әлбәтта! – дедім мен. – Оның сөзіне де, сенің қылмысыңа да куә боламын!

– Менің не қылмысыма куә болмақсың?! – деп ол атыла қарады маған.

– Отыз сәріге бермесе түрмелетіп, пал салдыратыныңды, міндетің бар екенін айтып қорқытқаныңды ғана айтамын. Тәйнилігіңді айтып, біреудің малын тартып алмақсың! Бұдан басқа үлкен қылмысыңды, осылай қорқытумен қанша адамның малын жегеніңді білмеймін, рас емес пе!.. Ал мынаның қылмысы – "сексен сәрі" дегені, сен айтқан отыз сәріге бермегені, мұны да қалыстықпен айтамын!..

Әбілат қыңқ етпейтіндей қампиып, екі қолын қалтасына салды. "Қылмыстарын" айтқанда малшы ғана қинала қарады маған. Көзімді қысып қойсам да қыбыжықтай берді.

– Ей, қалқам, – деп қайырыла қалды бір кезде Әбілатқа, қайтадан саудалассақ қайтеді?

– Қой, қой, ақсақал, малыңды қорқытушыға сатпайсың! – деп қолымды қатты сермедім мен, – енді осыған сатсаң шын қылмысты боласың!

Менің малшыға ашулануыма бір-екі рет қарап қойған Әбілаттың бәсеңдеп қалғаны байқалды, мұнан соң үндеспедік. Суы жаз шыққалы бірнеше жерден буылып, тартылыңқырап қалған Емілдің аттамаларынан аттадық. Айдаушы баяулау басты аяғын. Еңкейіп бара жатқан жалынды күн, "енді қайсының қорқар екенсің" дегендей сынай үңіліп тұрған тәрізді. Аспан әлденеден қауіптенгендей, демін ішіне тартып тына қалыпты. Алдыңғы жағымыздағы көкжиектен қою қара бұлттың түксиген қабағы көрінеді. Ашуы ішіне сыймай көңілді шаңытымен зәрленіп келе жатқан долы сияқты. Сол қаһардан қаймыққандай қарлығаштар да шыр қағып, зыр қағып әуелеп барады.

– Тез жүріңдер! – деп енді мен айдаушыға айналғанымды білдірдім, – тергеуші қайтпай тұрғанда сөйлесіп алайық!

Ағардың батыс жақ қабағына шыға бере Әбілат күреңіте "бұйырды":

– Қайтыңдар! Бағана мұсылмандығыңды айтып едің шал, мұсылманды мұсылман қаматқан болмас, амал жоқ... Кештім!

Ол басын төмен салып кете берді. Ауыр қинаудан жаңа құтылғандай күрсінген малшы маған қарап тұра қалды. Тәуекел деп түйілуім ғана болмаса, менің де туталақай болып келе жатқан кішкене жүрегім бар ғой, сақшы мекемесіне кіруден белгісіз қорқынышпен іштей сескеніп келе жатқандығымнан мен де тұрып қалдым. Әбілаттың сонша қомсынғанына қарай, менің де бір қорлап қалғым келді:

– Ей, Әбілат, тоқташы! – дедім мен, "Әбілат" сөзін нақтылап айттым. Қайрыла қалды ол, – жасың қанша үлкен болса да "аға" деген сөзді мен саған қимаймын, сенің атың Әбілат екенін білемін, ұяң дыбысты жұтып қоятын әдетіңмен «Абылқаттан», «Әбілатқа» айналып қалғансың. "Әбілат" бізше албасты деген сөз. Адамның қабағына қарап басатын албастысың! Бұл атыңды осы жолы мықтап дәлелдедің. Момын малшыны жұтып алмақ болдың ғой! Мұсылмандыққа қарап "амал жоқ" демедің, албасты болғандығың үшін ғана амалың құрыды, осыныңды ұмытпа!

Оның беті шыдамай жүре тыңдады, үнсіз кетті.

– Япырмай, пәледен құтылғаным рас па! – деді шал. – Жас болсаң да ерлікпен құтқардың-ау мені!.. Сен болмасаң жарым бағаға тіпті соның бергеніне разы бола салатын едім. Қасқырдан аман қалған үш қойдың біреуін саған-ақ сыйладым, қарағым!.. Өркенің өссін!

– Жоқ, аға, рахмет!.. Ерлік емес, өзім де селкілдеп
тәуекелмен әрең келе жатқанмын.

Сақшыға бұл даумен барудан Әбілат тәйнидің өзі қорыққандығына қарап, мен "үкіметтің әділдігі» әлі бар екен деп түсіндім. "Мұң тыңдайтын жанама басын негізгі дүлей басы жеп" жатқанымен, әділетті әлі де жемеген сияқты көрінді. "Бірақ әділет желінбеген болса, құрылтайға осындай Әбіләттарды неге шақырмайды?! Елсадықтарды алғанша осыншалық зорекер құтырғандарды алса, шын әділдік сол болмас па еді!.. Алты саясаттың парақорлықты-жемеңгерлікті жоғалтқаны қайда, керісінше мұның тәйни болып асқаны қалай?! Есіктей кеудесі мен тастай жүрегі қалай сақталып жүр, бұған кім бу берді?! Бірақ, мұндайды буландырып қойған үкіметтің өзі десек, сақшыға таянғанда бұл Әбілат неден қорықты?!

Бұл кезде мен тәйниліктің үкімет құпиялығы екенін, бұл құпиялықты әшкерелеп қоюшыны, қаншалық ардақтысы болса да, үкімет қатал жазалайтынын білмейді екенмін. Кейінірек, расында Әбілаттың саяси тайни екенін, ол осы зорекерлікті, өзінің тәйнилігін әшкерелей жүргізгендігін, сол қылмысын менің дәл жеткізбек болғандығымнан қорыққанын ұқтым!

Өзім жаңа көріп келе жатқан жақсылықтың жаныштала бастауымен қатар бұзықтықтың қайта бас көтере түскені осыдан төрт-бес күн өткенде тағы да анығырақ байқалды.

Жаздық демалысқа босағаннан бері қала ішіне кірмеп едім. Клубта тағы бір жақсы кино қойылатынын күн бата естіп, жеткенімше кино басталып кетіпті. Ішінен бекітілген. Есік ашылмаған соң баспалдақтан енді түсіп, қашуға бет алғанымда екі ханзу бала клубтың бір жағынан шыға келіп, арт жағына: "хаса-хаса!" деп айқай салды. "Қазақ" деген сөзі екенін ұғып, аңтарыла қарадым. Соның арасында ересек-ересек ханзу оқушылары тұс-тұсымнан шығып қоршап кеп алды. Кейбірінің қолында шоқпар, кейбірінің қолында тас бар, не деп қаудырласып, не үшін ұрмақшы болғандықтарын түсінбей есім шықты. Қия бассам салып жіберетіндей. "Зу", "тупи"[16] деген сөзді жамыраса жаудырды. Бәрі де жер жамбылдың иен, қараңғы жағын нұсқайды. Жан-жағыма қарап, ара түсетіндей ешкімді көре алмадым. Дөрбілжіндегі жалғыз электр жарығы жайнап тұрған жер еді. Бәрі түсі таныс екен. «Тупи» дегенін түсінбесем де, "зу" дегенін толық білем ғой, таңбасын өзім биыл үйренген "жүр" деген сөз емес пе? Неге жүремін, не қылмысым үшін айдайды!.. Бірақ, жүрмесем ұруға кезеліп тұр. Шоқпар да – тас, тас та – тас, қаша жөнелсең ешқайсысы оңай тимейді. Қарсылассам тіпті қаттырақ тиюі хақ. Жалғызбын ғой! Онан да жүр деген жағына жүрейін. "Қазақ" деді ғой, қазақ болғандығым үшін ғәзер болса бір-екі шапалақ ұрар. Қол көтермей қойсам одан артық ұра бермес, жазығым жоқ емес пе!

Қазақша тілді жақсы білетіні белгілі біреуіне жазықсыздығымды білдіре қарадым:

– Ей, сабақтас, мен не қылдым сендерге, ешкімге тиіспеген едім ғой?! – менің қазақша сөйлегенім шам болса керек, екі жұдырық қатар келіп тиді. Боқтап, итермелеп сүйрей жөнелді сөйтіп, ешқайсысы қазақша тіл қатпай ханзуша тілдеп, түйгіштеп әкетіп бара жатса да, лажсыз тағы да қазақша сөйледім. Бұл жолы үнім қаттырақ шықты, – мен бәріңді танимын, жазықсыз ұрмандар мені!

– Ұрсақ қайтесің, міне!.. Мә, қазақ, саған!.. Міне тупи! – десіп енді бәрі қазақша сөйлей төмпештеп келе жатты. өлтірмеген жағдайда да естен тандыра соғатындығы былай шыға бере түсінікті болды. Адам бар жерден аулақтаған сайын таяқ қатая да, жиілей де түсті. Ешкім жоқ, дүлей қараңғылыққа сіңіп бара жаттым. Бір топ дүлей жыртқыштың қолында бекер өлгенше менің де қарманғым келеді, бірақ, ешқандай лаж жоқ: тосыннан сілкіп қолымды босатып алармын-ақ, бірақ, мына қараңғыда тас табыла қояр ма, қолдағы қаруларының бірін оңайлықпен қайсысы қарызға бере қояр. Мен жер сипалап бірдеме тапқанша, жер жастандырар. Соғысудан гөрі қаша жөнелу қолайлырақ сияқты, аяғымның біраз жеңілдігі бар еді. Сол оймен өз еркімше бағынғансып, елпектей бердім.

– Қайда апарасыңдар, өзім барайын, қолымды қоя бер! – деп екі қолымды да сілкіп шығарып, алдыларына түстім. Ең үлкен екеуі екі қолыма қайта жармасты да дедектете жөнелді.

Жер Дөрбілжіннің теріскей бір бұрышында жарлауыққа жақындай бергенде:

– Биғабілмісің, ей!... Биғабіл! – деп айқай салды артымнан біреу. Бәрі жалт қарады, құтқарушы періштем шақырғандай дереу: «мен» деп қуанышты үнмен жауап қайырдым. – Үй, қайда барасың?!

Дауысының қарлыға шығуынан тани қойдым, біздің шығыс шеттің Ғарыпбек атты «қыран сарысы» екен. «Жаңгүдейлерге» көбірек жалданғандықтан ханзуша жақсы сөйлейтін, әрі қалаға белгілі жұдырықшы еді.

– Мыналар ұрғалы айдап барады! – дедім мен жан дауыспен.

Ақырып жіберіп, тұра жүгірді. Ата-аналарын дәл өздерінше, өз тілімен сыбай ұмтылғанда, тым-тырақай қаша жөнелді әлгілер, лезде ғайып болды.

– Үй, сен олардың алдына түсіп, неге елпек қағып барасың? –деді Ғарыпбек қолымнан ұстай алып, – иен қараңғыда өлім іздеп барамысың! Ешкім көрмейтін жерде өлтіре салмай ма! Екінші былай қолға түссең, жарық жерден, не адам бар көшеден шықпай жатып ал! Ұрғыш болса адам көретін жерде ұрсын, өлсең адам бар жерде өл, сонда ғана дерегің табылады.

Мен қатерлі кемшілік өткізгенімді енді түсініп, Ғарыпбектің қатал сөгісін мойындай бердім.

– Сіз қайдан көрдіңіз, аға?

– Олар жабыла итермелеп клуб қақпасынан алып шыққанда, мен Төрт көше жақтан келе жатып көргенмін. Кім екендіктеріңді танымасам да, әйтеуір бір төбелес қой деп, жеделдей басып жеткенімше, сені сыртқа қарай бұрып ала жөнелді. Жүгіріп келіп бұрылыстан тыңдай қалсам, сенің үнің естілді. Енді бұл жаққа кеште жалғыз келуші болма, ұры-қарақшы, сотанақылар көбейіп қалды.

– «Тупи» деген не?

– Қарақшы, банды деген сөзі. Тупи деді ме?

– Ие, "хаса", "тупи", – деп айдады. – Біз қарақшы аталдық па енді?!

Ғарыпбек ашуымен мырс ете түсті.

– Алтайдағы қазақтан "банды" шығыпты дейді. Қазақ болған соң бізді де соған сындырғаны ғой!..

"Баңды" жайын кеңіте сөйлей еріп, Ғарыпбек мені үйге шейін жеткізіп салды. "Жаңа Шиянжаңның" көп барып тұратын мектебінің оқушылары шынымен осылай тәрбиеленгені ме?!" деген ой құрыстап алды мені. Есімхан көтерлісінен аман қалған Оспандардың көбейіп, енді Көктоғай, Шіңгіл аудандарын түгел "бандыға" айналдырып алғанын естідім. Бірақ, оларға біздің не ортақтастығымыз бар еді. Олар "банды" болды деп бізді "банды" деп атаса, әділетсіздіктің ең сорақысы сол ғой! Елсадықтарды әлде соның себебінен ұстады ма екен!.. Олай болса Керім Шиянжаң мен Құсайын қазақ емес қой, ал Ли Шиянжаң тіпті ханзу емес пе!.. Жоқ, олардың ұсталу себебі басқа. Бірақ, қалайда Алтайдағы "бандыға" бізді қосып жазалау, тек осындай бұзық балалардың ғана ісі!"

Сол оймен олардан ертеңіне-ақ кек алмақ болдым. Содырлардың бұл қылығын өз көшеміздегі "жайындарға" жеткізіп едім, олар "содырларды" тыныштандыру қимылына қыза қатысып, жар үстіне түгел келіп жатысты. Бірақ, сол күні біз де әділеттіктен жазып қалыппыз: менің өшім, әрине, барлық ханзу баласында емес қой, жазаға түнгі содырлыққа қатысқандар ғана тартылуы керек еді. Суға кірген соң "жайындардың" көзі тұнып кетіп, бәрін "жұта" берді. Мен көрсеткендерді анықтап айыра алмай "жұтты", соғыс майданындағы жауынгерлерді "хақ жау", "нақақ жау" деп таңдап соғу өзі үшін қатерлі де болмай ма. Соғыста қарсыдан келгеннің бәрі қас. Сол жағдайда жаппай соғылды.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных