ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Бесінші бөлім 7 страницаЖаза майданында жалғыз қалдым. Қанқұйлы қас «жаудың» өзі болғандығым үшін әділі осы ғой, мызғымай тұруға тырыстым. Алғашында тым ауырсынбасам да, сабақтастар демалысқа бір шығып келгеннен кейінгі уақытта екі кірпіш зіл болып басып, жерге кіргізіп бара жатқандай қабырғамды қайыстырып әкетті. Түсіріп алсам шапалақтың ең қаттысы ғана тиюге тиісті. Жығылсам да түсіргім келмеді. Сәрсең болып семген екі нәзік бұтақ сияқты екі білегім шырт етіп үзіліп түсердей дір қағып кетіп бара жатқанда, қыр мектептерінің біріндегі Атабай мұғалім кіріп келді. Сағынышты ұстазымның сағым сынып масқара болып тұрғанымда келуі маған ең ауыр жазадан да ауырырақ тигендей, төмендеп бара жатқан кірпішті қатулана көтеріп алдым. Бетіме шоқ түскендей дуылдап ала жөнелгенде басымды төмен салып, тұқыра түсіп едім. Атабай алдымнан өтіп бара жатты да, еңкейіп үңіле қарады. – Үй, мынау Биғабіл ма?! – деп барып Арысбекке қол берді, мынаған не болған, жуас еді ғой! – Ең пәлесі осы. Үндемей жүргенімен, бұдан сүзегені жоқ. – Ей, Биғабіл, не болды саған, соншалық бұзылып кеткенің бе?! «Жауларымның» алдында жасымауға қаншалық тырысқанымен, тамағымның бүлк-бүлк ете түскені сезілді. Сөйтсе де, тісімді-тісіме басып үндемей тұқыра бердім. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген, менің жалынарым да, сыйынарым да осындай мұғалім еді. Бірер рет құтқарып жіберетініне сенсем де, ұяттан өлердей семіп тұрдым. Солай біраз сөгіп алды да, Арысбек пен Нәбиолладан кезек сұрап азат етті мені. «Тергеушім», әр заманның өз қастерлісі өзінде болмай ма. Сол қастерліге қарсы тұру – заманға қарсылық, төңкеріске қарсылық болып саналады. Мен сол заманның өзінде-ақ қастерліге жай ғана қарсы тұрушы емес, осылай тұмсығынан қанын сорғалатқан кері төңкерісші едім. Қазіргі қылмысымның негізі қашан пайда болғанын пайымдап отырған шығарсыз!
V
Қылмыстан көзі ашылмаған адамның қырсықтан көзі ашылушы ма еді. Қырсық мені енді класта шалатын болды. Бас мұғаліміміз есепке ғана емес, саясатқа да жүйрік болғандықтан, мені шалып жығудың амалын әр күні тауып отырды. Амалы табылмай қалған күнде де, қара мұрты маған ит көрген мысықша едірейіп, «гүрілдеп» тұратын болды. – Ей, лақкөз, сүрт қара тақтайды! – деді класқа кірісімен,– сенсің ғой осынша былғаған! – Мен емес! – деп барып сүртемін. – Алдыда отырған сен болмасаң кім?! – Мен класқа кіргелі орнымнан тұрғаным жоқ. Класта күлкі үні естілсе менің күлкім болып естіледі: – Ей, текекөз, немене мәз болып отырсың? – дейді. – Мен емес. – Енді кім? – деп шаңқ ете түседі. – Арт жақтан шықты. – Сеніңше бар пәле арт жақтан шығады ғой! – Мен онысына жауап бермей құтыламын. Бірақ сонда да құтқармайды. Аппақ шытымен мұрнын баса қояды бір кезекте: – По, мөңкітіп жіберді ғой!... Ашыңдар терезені! Ей, текешік, бар, далаға шығып кел! – Арт жақ ду күледі! – Мен емес, мұғалім! – деп жәбірлене қараймын оған. – Енді кім? – деп шаңқ ете қалады, – дәл алдыма отырып алып... Сен емей кім?! – «Арт жақтан!» – деп кекетіседі арт жақтағы ерке тайыншылар. Өзі де арт жақтан шықпай, алдыдан шығады деймісің! – десіп, бұл сөздің қисындылығына бүкіл класс күледі. Мен тұқыра түсемін. Бұл қылығым – мойындау іспетінде көрінетінін сезсем де, нақақтығына булығып тұқырамын. Қуанышқанның мұрнынан қан шықпай тұрғандай, менің мұндай иісім де шықпаушы еді. Енді бүкіл класты мүңкітетін болыппын. Сөйтіп жүріп, басым жерден алынбайтын күйге түстім. Жасып кеткендігімнен сабақ сұрауына жауап қайтаруым қиындай берді. Әсіресе, есеп сабағында қара тақтайға шығарғанда жүрегім атша тулайды, өйтетіні, Арысбек әмсе зекіріп шығарады: – Ей... Кім еді, ей, текекөз!.. Не ғып отырсың бақырайып, шық қара тақтаға! – дегенде-ақ есім шығып кететін. Менің көңілдес сабақтастарымның арасында Арысбек мұғалімге ең батыл пікір айта алатыны – Қиялзат еді. Әкесі сол кезде Дөрбілжіннің ең абыройлы адамдарының бірі, ауқатты саудагер болатын. Қиялзат ақтарыла сырласып, ағыл-тегіл күлетін ақ көңілділігімен бізге жақындасып кеткен. Менің ұмытылып қалған өз атымды Арысбекке сол ескертті бір күні: – Мұғалім әбзи, оның аты Биғабіл емес пе! – Мейлі, не болса ол болсын, мұның атын есіме сақтай алмай қойдым. Мен солай қолмен түртіліп, азумен мыжылып қара тақтайға шыққан бір күні айтып тұрған мысал есептің сөзін де ұқпай аңырып қалдым. Құлағымның шуылынан ба, жүрегімнің дүрсілінен бе, әйтеуір естімей жалтақтап қарай бердім. Мұғалім ырши тұрып қасыма жетіп келді: – Не деп тұрмын мен саған?! Жаз! – деп шаңқ ете түсті де, желкемнен бір түйіп қалды. Не деп жазарымды онан сайын білмей тұрып қалдым. Қатты сөйлегенде шаңқылдап кететін ащы үні құлағымды онан сайын бітеп тастағандай, автоматша жітірмелетіп сөйленетін сөзі, қанша айтқанымен миыма кірер емес. Маңдайымнан тер бұрқырап кетті. Жазсам да сөз тастап әр жерінен бір жазыппын. Шапалақтап-шапалақтап жіберді де, қара тақтайды қайта сүрткізіп тастады. – Мәкен, бері келші, сен жазып берші мынаған! «Жанасқыш тайыншаларының» ең үлкенін осылай еркелетіп атап, күлімсірей шақырып еді, сол көккөз «жау» күле шықты да, мұғалімнің бір-бірлеп нақтап айтып берген мысал есебін асықпай, нақтап жазып шықты. – Сен мені емдің ғой енді! – деп күбірлеп, менен өшін ала қайтты сонан соң. – Ал, шығар! – деп зекіді мұғалім. Мен қара тақтаға қарап тұрып қалдым. Қайта-қайта оқысам да ұқпадым, шығара алмай қойдым. – Кім шығарады? – деп мұғалім оқушыларға қарағанда, мен де қарадым. Мұғалім қанша жалтақтағанымен «жанасқыш тайыншыларынан» ешкім қол көтермеді. Алдыңғы жақта отырған менің достарымнан бірнешеуі өршелене, қатар көтерді қолдарын. «Дұшпанына шығартып көзіне түрткілеткенше, өзіміз шығарып берейік!» дегендей ажар бар сияқты. «Мен!», «Мен!», «Мен!» десті. Менімен бір партада отыратын Бексапа жұлқынып жетіп келген соң мұғалім еріксіз соған шығартты. Арысбектің ажуалы, ащы сөздерінен тағы да жұтып-жұтып алып партама уланған адамша сылқ түсіп отыра кетіп едім. Менімен бойы теп-тең шикі сары Бексапа маған жақындай түсіп, жалтақ-жалтақ қарай берді. Оның өткір сарғыш көк көзі сәл қызғылт тартып, жасаурап тұрғаны байқалды. – Саған не болды?! – деп сыбырлап, алдындағы дәптеріне үңілген болды, үндемедім. Ержүрек-өжеттігіне мені де шақырғандай, ол тамағын ақырын ғана бір кенеп алып, сөзін тез-тез жалғастырып жіберді, – сені сындырмақшы, бәріміз біліп отырмыз. Сен сынбай қой!.. Ішіңнен ерегісіп алсаң сынбайсың!.. Қорқытқан сайын қатайып алу керек, ештеңе етпейді!... Мен қатайып кете алмадым, іштей мұқалып, босай бердім. Барлық мазаққа мойындағандай, үн-түнсіз жасыдым. «Дұшпандарыма» ғана емес, дос сабақтастарыма да тең байланыс жасай алмайтын, тартыншақ болып қалған сияқтымын. Басқа оқушылардан ешқандай зәбір көрмесем де, мектеп маған бас мұғалімнің қабағындай ызғар шашып, суынып кетті. Сөйтіп, мен 1937–1938 жылдық оқу маусымының ақырғы сынауынан сіңірім ілініп әрең өттім. Сабақ оқудың өзі қызық ойын сияқты білініп, оқыған сайын өрге тартқандай көңілі көтеріле түсетін жақсы оқушының қасиеті сол жаз менен тым аулақта қалды да, ыңғай ойыншы балаларды жанасалап, солар бар жерде ғана жасай алатындай, басқаша тіршілікке ойысып кеткенімді сезбей де қалыппын. Емілдің терең бөгеу айдыны біздің көшенің тұсында ғана еді. Жазда балалардың үзілмейтін, ең думанды мекені сол болатын. Біз содан шықпайтын “қара балыққа” айналып кеттік. Біздің көшенің балалары су өнерінің барлық түріне жетілді де, сол өнерлілерді қуалай сүңгіп мен жетіскендей болдым. Жетіскен сайын жетіліп, ол жетілу желік бітірді де, күндіз үй көруді қойдым. Қаладан 30–40-тан жиналып келетін балалар, біздің шеттің алты баласының қабағына қарап шомылатын халге түсті. Алты “жайын” бірдей атылып, биік жардан секіргенде, шабақ балықша тым тырақай қашып, көлді босатып бермесе жұтылатындай көреді. Бірақ, солардың ішінде “жайындардың” кезіккені ғана болмаса, ешқайсысы “жұтылмай” аман қашатын. Жәкен екеуміздің “дұспандарымыз” сол жазда, сол айдында бір-екі реттен шиқылдаған соң келмей қойып құтылды. “Жайын” дәрежесіне енді жетіп “абырой” тауып қалған мені әкем қатты масқаралады бір күні: дар басында жалаңаш тұр едім, қолында ұзын таяғы бар, ту сыртымнан келіп қалған екен: – Оқу қайда?! – деп ақырып қалғанда бір-ақ білдім де, киімімді іліп ала қаштым. Жалаңаш болғанда да, тырдай едім. Таяғын лақтырып кеп қалды, тимей қалған соң ала салып тағы қуды. – Жыл оқып тапқаның алпыс номер! Алпыс күн ойнасаң да әлі үй қарасын көрмейсің, сабақ қайда қалды? Бәріміз жалданып оқытқандағы үмітімізді ақтағаның осы ма!... Алған бәйгең алпыс па!... Қашып бара жатып естігенім осы сөз болды. Бұл сөзді естіген өзім ғана емес, су бойындағы балалар ғана емес, әкемнің зор дауысы бүкіл көшеге жайылды. Бұрыла қашар басқа жол болмағандықтан, жар бойлап зытып, жалаңаш қалпымда көшеге шыға келіппін. Қуып келе жатқан құба таяқ, әй-шайға қаратар емес, ерсілі-қарсылы екі қақпаның алдына топталған екі топ қыз-келіншектің арасынан зырылдатып өте шығып, ат бойлап кететін төте жолдағы жоңышқаға кіре жөнелдім. Артымда дуылдап мазақ-күлкі сайрауда. «Алпыс номер» жайлы әкем тағы айқайлап, жар салып келеді, оның жетісе алмай сәл кейінірек қалғандығы ғана іш киімімді теріс болса да киіп алуыма мұрсат берді. Енді бұл көшеге қайта көрінер жайым қалмағандай, әшкереленген «алпыс номердің» үстіне айрандай төгілген бетіммен жер бастырып, бірнеше күн үйден шығармай тастады. Әкемнің айтқан әділ таразылығы құтқармас құрсаудай бүріп алды мені. Одан кейін қайталай қыжырытпаса да, сол бір шыншыл сөгіс әр күні айтылып тұрғандай бүре берді. «Екі аға жастық өмірін жалшылыққа кім үшін беріп жүр?... Інім кім үшін сауыс–сауыс сары ала боқшылыққа байланды. Жоқшылығына қарамай әке-шеше мені не үшін сетер етіп әлпештеп жүр! Диуана дегізбеуге тырысып, өздерінде жоқты кигізгендегі тапқаным осы масқаралық па!» Үйден шықпай көшірме кітап дәптерлерімнің барлығын жайып салып, соған үңілумен болдым. Біршама қиынырақ деген есептерді белгілеп алып, соларды басынан бастап қайта шығарып үйрендім. Мен де өзімдегі кемді толықтырып, жоқты іздеп табуым керек қой, қолымдағы барды әр саққа жүгіртіп пысықтадым. Пысықтаған сайын өзімді қиынға салудың талай есебі табылды. Оқыған аз нәрсемнің өзінен бұрын өзім ескермеген көп жұмбақ шыққандай. Соларды шешудің өзі ең қиын ойын сияқты. Басқа ойын іздеу ұмытыла берді. Бір шақ үйге шақырып отырғыза алмаған әке-шеше енді мені бір уақыт үйден шығуға, өзен бойына барып ойнап келуге қузайтын болды. Анда-санда шыға қалсам, әлгі «масқара көшеге» баспай, ыңғай сырт жақпен жұрттың тынығатын мезгілінде ғана шығып жүрдім. Онан да қала ішіне кіріп қайтуым көңілді сияқты. Жаз басында Үрімжіге шақырылып кетті деп естілген Керім Шиянжаң мен жол құрылысының бастығы – Құсайын сол бойы қайтпай қалыпты. Ол кеткендердің дерегін бала-шағалары да білмейтіндігін күзде естідік. Олар туралы ешкім еш нәрсе айта алмайды екен. Жұрт олардың бала-шағаларының ешкім ұрмай-ақ жүдеп, ешкіммен байланыс жасамайтын томаға-тұйық халге түсіп қалғандықтарын ғана біліпті. «Қолға алыныпты», «қамалыпты» дейтін суық хабар тым жасырын сыбырмен ғана таралып жүр екен. Жұрт оларға «қиянаттан», «парақорлықтан» дегендей еш кінә тақпай ішінен ғана күрсінетін көрінеді. Аудандық өкіметке Ли фамилиялы жаңа Шиянжаң тағайындалып келіпті. «Бұл да Керім Шиянжаңның орнын өгейсітпейтіндей, халыққа тым қайырымды кісі екен» деген сөз тарады. Бұл мақтау алдымен дау-шарға көп араласатын адвокаттан шықты да, рас солай екені жұртқа тез байқала бастады. Ли Шиянжаң келісімен бірнеше жиындар ашып, халыққа жағымды сөздер сөйлепті. «Ұлттық мектептерді кеңейту», «қоғамдық ұйымдарды толықтап, олардың ісін батыл жүргізу», «клуб салу» істерін келе қузай жөнеліпті. Сол орындардың бәрін өзі жаяу аралап көріп жүреді екен. Дөрбілжіннің батыс жақ бетіндегі «Жер Дөрбілжін» деп аталған ежелгі қорғанның шығыс жақ іргесін тегістеп, үлкен клуб салып жатқанын көрдім. Төрт бұрыш қорғанның дәл ортасында алғашқы заман айдаһарының басындай көрініп, қалқиып тұратын пұтхананы тып-типыл етіп, теп-тегіс кең майдан жасапты. Сөйтіп «жын бар», «шайтан бар» деп біз маңайынан өте алмайтын ең қорқынышты өңір мәдениет орталығына, жарыс пен бәсеке майданына айналыпты. Жүздеген жұмысшының мұндағы қызу еңбегі біздің мектептің терезесінен көрініп тұрады екен. Тоғызыншы ай туып мектепке қайта жиналғанымызда, темір шатыры шегеленіп болған, тау заңғарындай клубқа шалқая қарап тамашалайтын болдық. Мектебіміздің маңы былтырғыдан қызық көрінді. «Осы қызықтың ортасында мен тағы бұзық аталамын-ау!» деген күдікпен келіп едім. Мұғалімдер бөлмесіне кіріп сәлем бергенімде «қара мысық» күржимей, құйрығын жыбыр еткізді, күлімсірей қарады Арысбек. – Биғабіл, тізімдеткелі келдің бе? – дегенде турарақ қарап едім, рас жылы көрінді. «Атымды жап-жатық, дұп-дұрыс атады ғой!» деген таңданыс пен қуаныш аралас, жан-жағына енді қарадым. Расында Арысбек емес, осы бөлменің өзі жылынған сияқты. Мектеп меңгерушісі бейуаз Қалымынан басқа, гүлдей жайнаған жап-жас үш мұғалім келіпті. Бұлардың біреуі таныс, «өлген адамды да күлдіретін» мысқылшыл Дәулет Шәуешектегі мұғалімдік мектепте оқып жүр деген, Дөрбілжіннің өз жігіті. Демалысқа келген кездерінде бізбен аздап асық ойнаған, артықсынуды білмейтін жігіт сияқты көрінген. Биылғы жаз терең бөгеуге барып шомылғанда біздің «жайындар» оны су астынан бірер рет тарта кетіп шиқылдатуға қимап еді, сонымыз жақсы болыпты! Жаңа мұғалімнің тағы біреуі – сырт таныс, дөрбілжіндік Мақат – асқан кербез, сұлу, сылқым көрініп еді, сонысынан ғана секем алмасақ күдірейіп гүрілдерліктей «қара мысығы» жоқ қой, әйтеуір. Менің көзімді ең көп тартқаны – бұрын мүлде бейтаныс, жылы жүзді ақ сары мұғалім болды. Аты Танысқан екен. Бет пішініндей үні де жарасымды, жатық та анық сөйлейтін шешенділігімен көзімді тартса, жоқтамаға қарап бір рет шақырған соң-ақ атымды біліп ала қоюы – өзімді тартып ала жөнелгендей болды. Оның сабақ өткендегі барлық кейпі зор өнер сияқты көрінді маған. Сөйлеп тұрғанда оның көкшіл көзінен таса ешкім қалмайтындай. Сөйлеген тақырыбынан күңгірт еш жай қалмайтындай. Ай мен күндей, әлемге бірдей, өз денесінен нұр шашып тұратындай әсерлендірді. Сабағымыздың барлығы көшірме еді. Өз сағатында әр сабақтың лекциясын тыңдап, конспекті көшіретінбіз. Ал көпшілігіміз Тынысқанның өткен сабағын сол сабақтың өзінде-ақ игеріп алатын болдық. Есеп сабағын тағы да Арысбек жүргізіп, күніне бір рет «текекөз» аталғаныма жасығанды қойдым. Күніне екі не үш сағат біздің класта болатын Тынысқанның тыныс беруімен менің тұтық үнім ашылып, күрмеулі тілім шешіле бастағаны байқалды. Сабақтастар іркіліп қалған сұрауларға әмсе мен құлшынып жауап беретін болдым. Сөйтіп әр күні көзге түсіп жүргендігімнен болса керек, бір күні түстен кейін мұғалімдер тобымен кіріп келді де, ең алдындағы Тынысқан мені нұсқады: – Міне, мынау болады!.. Биғабіл, түрегел! – деді, мен орнымнан атып тұрдым. – Алдымен осыны жаз! – Қағаз алып кірген Дәулет мұғалім менің атымды жазғандай болды, Арысбек мырс ете түсті: – Сайтан білсін!.. Бұдан не шығады! Неше жүз адамның алды тұрмақ осы класта тақтайға шықса ес-ақылы қалмайды, сахнада бедірейіп тұрсын деймісің? Менің жүрегім зу ете түсті. – Жоқ, ең өткірі осы, осындайдан шығады! – Өлең айтқызып көрсек қайтеді, – деді Дәулет, жатып атарлығымен мені бір қинап алғысы келген сияқты. – Қазір өлең айт деп қыстаса сен де айта алмай, бұқаша божбия қаларсың! – деп Тынысқан күлді оған. Аздаған шұбары бар, май басты жуан Дәулетке қарап түгел күлісті, – мұның хорға жақсы қосылатынын байқағанмын. Біздің орындайтын номерлеріміз өлең ғана емес қой, декламация да, пьесса да болады. Бәрін де үйренеді бұл, әлі ашылады! Тынысқан мені солай мақтап бекітті де, Бексапа мен Қиялзатты атады. Бұл екеуіне ешкімнің пікірі болмады. «Ең жоғары класымыз осы» десіп біздің кластан жеті-сегіз «әртісті» бір-ақ тізді сөйтіп. Арысбек қипыжық қағып, нұсқай түссе де, оның «мықтыларын» жаңа мұғалімдер қабылдамады. «Қой, ол өгіздерді» десіп қалды күбірлеп қана. «Дес алуымыздың басы осы дескендей, біз бұл сөзді естіген соң бір-бірімізге қарап жымиысып алдық. Тынысқан Дөрбілжін клубының ашылған тойына, жаңа сахнаға қойылатын ойын дайындығына шығатындығымызды айтып, бізді ерте жөнелгенде, Бексапа менің иығыма қолын арта шығып, арқамнан қағып-қағып қойды. Жалт қарасам, жазғытұрымғы менің рухани ойраншылығымды көргендегісіндей, сарғыш көк көзі тағы да қызғылт тарта қалыпты. Қуанышқа да, қайғыға да ортақ, шіркін достық көңіл күйіміз тағы да іштен білісті. – Тайыншаларын жасырып емізгеннің үстіне, жемдесе де жеткізбейік! – деді, – енді «өгіз» аталды ғой! Менің қауіпім олармен емтихан мәселесінде болмай, енді көзіме сахна қатері елестеп, көңілімде «қорыққан адамнан жағымды үн шыға ма, енді көп халықтың алдында сахнада масқараланбасам не қылсын!.. Көшеде жалаңаш қашудан ол қиынырақ болар-ау!» деген үрей кеулеп келе жатқан. – Сахнада үнім шықпай қалса, не сөзді ұмытып қалсам қайтемін, ей!? – деп үдірейе қарадым Бексапаға. – Несі бар, сөзін мұғалімнің бірі айтып тұрады! Және сахнада сені ешкім “текекөз” деп жасытпайды ғой, біреу қасақана айтса да текірейіп алып соға бермеймісің!.. Жаңа талапппен бірге туған жаңа күдігім жайына қалды. Тынысқан менің әлсіздік жағымды білетін сияқты, маған “қатерлі міндет” артпай, орындай алатын рөлімді тауып отырды. Бірнеше оқушыдан құралған хор номерлеріне шығарғанда, дәл артыма қаймықпайтын өр дауысты Қиялзатты, қатарыма жіңішке үнді, өткір Бексапаны тұрғызды. Мен өз әсерімен баурап, жаңа рухта тәрбиелейтін таланттыларды алғаш рет осы ойын дайындығында көрдім. Айтбектің аспан қамшылайтын болат шыбықтай асқақ әні, Тынысқанның нәзік толқынды скрипкасы, Дәулеттің іштен бұра түсетін күлдіргісі жай тамашашылардың өздерін де әртіске айналдыратындай. Бұл үшеуіндегі қабілет осы айтылған үш түр ғана емес, әрқайсысы сан қилы рөл атқаратын тума әртістер болып шықты. Әсіресе, Айтбек пен Дәулет бас қосқан жерде көп қапалы, ішқұсталықты көп көрген ер, әйел неше жүз өнерпаздың бір үйде бас қоса қалғандағы ойынындай думандатады екен. Сахна шығармаларымен қамдап, жаттығуды басқарып жүрген Елсадықтың режиссерлігі мен суфлерлігі мені бәрінен де жоғары мектеп сияқты қызықтырды. Ол қандай кейіпкердің, қай сипаттағы сөзі болса да, әртістерге дәл өзіндей сөйлеп үйретіп жүрді. Сахна шығармасын оқып ойната отырып, қарапайым қоңыр ғана үнмен қыз да, кемпір де, шал да, жігіт те, олардың ішінде батыры да, қорқағы да, ұялшағы да, өткірі де болып жүз құбылысын да дәл бейнелеп үйретеді. «Әртістердің әртісі де, ми көзі де осы кісінің өзі екен» деп түсіндім мен. Бұл кісі суфлер болып отырғанда мен де әртіс болып шыға алатын сияқтымын. Әр күні түстен кейінгі уақытта жаттығу өткізген соң қолында бар әртістеріне Елсадық қатты разы болды: – Сіздер арқылы әрқандай үлкен драманы орындауға болады екен, – деді де күрсініп алды, – біздің осы елде әйелдер өте артта қалған ғой, артисткадан жоқшылықты көбірек тартатын сияқтымыз. Жаңа ашылған қыздар мектебінен «қарызға бірнеше қыз сұрап ала тұрамыз», бірақ, олар «маймиып, қаймиып» қанша қатынасаалар дейсің және олар қыздан басқа әйел болуға тіпті де разы болмас. – Одан қам жемеңіз, – деді Айтбек. – Қыз әкеліп берсеңіз болғаны, шешесі де, шалы да өзім болып шығамын. – «Әкесі боламын» демей, «шалы боламын» деуін қарашы мына азбанның! – деп Дәулет оның иығынан түйіп жіберді. Жалған күйгелектікпен, күреңітіп божбия қалды өзі, – сенен басқа «шалы» боларлық ешкім жоқ па екен! Біздің сабақтастар ду күлді. Елсадық бізге бір қарап қойды да: Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|