ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ 2 страницаӨзім бір жауымды анық танып, дәл үстіне секіріп түсіп едім, суға толық тойдырмақ болып соны ғана үш рет "сыйлап" шыққанымда, бүкіл көлдің пырылдап-шиқылдап ұлар шуға айналып болғанын бір-ақ көрдім. Жарға шыға салып құлап, танылып қалмау үшін кенереден сығалай қарасам, өз жазалағанымнан басқаның бәрі нақақ сабақтастар сияқты көрінді. "Өш алмай, обал арқалап шығыппын-ау!" деген кейіспен жар үстіндегі құмайтқа аунай кеттім. "Жайындардың" бәрі батпақ сауыт киіп алғандықтан, ханзу сабақтастар олардың ешқайсысын танымай, улап-шулап киімдерін көтере-көтере жөнелді. Алысырақ барып, киімдерін кие тұрып, жабыла боқтық жаудырды да кете барды. Көпшілігінің жансақ жазаланып кеткені анық екен. Енді мұнан соң жаппай жазалау жүргізбей, анық танылған содырларды ғана баптауға келістік. Менің ең негізгі нысанам, түнде өзім жалынып айтқан, қазақ тілі бар содыр еді. Тәтті жалынышыма қатты жұдырық қайтарған ғой ол, соның келуін тосып, жарды көп жастандым, келмей қойды. Сол ғана емес, тіпті ханзу балалардың көбі келмейтін болды. Жалыға-жалыға жар үстінде Жәкен екеуміз ғана қалдық бір күні. Тауға көп құйған нөсердің тасқыны келіп, Емілдің суы аса молайған күні еді. Түске көтеріліп қалған күн ашық, ыстық болса да, түндегі жаңбыр қалдырған дымды лептен болса керек, су бойына ешкім келе қоймай, құлази бастадық. Құтырған тасқын біз жақтан жар қабырғасын арс етіп қауып, шап етіп жалап өтіп жатты. Терең иірім шыр-көбелек иіріліп, аш айдаһардай шиқ-шиқ жұтынады. Жүз толғанып, мың бүктеліп, жолбарыстай ыршыған сарғыш толқындар қарсы жақтағы қалың шым бөгеуді үздіксіз басып, жұлқылап жатыр, тіпті кеміріп жеп барады. Өзен ашуымен қайнап кетті. Көзіккен содырым келмей менің де кегімді қайнатты. Есіме түскен сайын менің де ашу-ызам осылай жұтынып, осылай құтырып жатты. Ол мені соққылап қана қоймай, бейуаз ханзу сабақтастарға соқтықтырып, өзімді содырға айналдырды ғой!.. Осылай дағдарып толқынға төніп жатқанымызда, әр үйдің суын тасып күн көріп жүрген Жарбол дейтін жынды келді суға. Ол жынды болғанымен ешкімге соқтықпайтын, ешкімнің ала жібін аттамайтын. Тек өзінен-өзі айқай салып, бар сөлекет әуенімен "өлең айтып", бақылдап, барқылдап, шаңғырлап жүретін ауысқан адам еді. Ешкімге пайдадан басқа зияны жоқ, адал еңбегімен жаққандықтан, кірген үйінен тоя ішіп, тоя жеп жүретін қайғысыз-қамсыз, тоқ жынды Жарбол жардай жалпиған семіз де кесек денелі болатын. Сол жынды айқайлап келіп, екі шелегімен иін ағашын біздің қасымызға қоя салды да, шешіне бастады. Жардың тоған шығарылған төменгі жақ оймауытындағы суға құлай өскен үйеңкінің түбіне жыртық көйлегін тәптіштеп бүктеп қойып, кенеп дамбалын арт жағына лақтыра салды. – Жарбол, түспе!.. Малту білемісің, ей Жарбол?! – деп шошына сұрады Жәкен. Жарбол үн қатпай аяғын салбыратып жағаға отыра қалды. Мен қатты айқайлап әрең қараттым. – Жарбол!.. Жарбол!.. Түспе! Түспе! Қарашы өзің бұл су терең, бойыңнан асып кетеді, өліп қаласың! – Е... Кімдей, сендер түскен суға мен түсе алмаймын ба! – Біз малту білеміз, сен білуші ме едің? – деп Жәкен қайта сұрап үлгіре алмады. Жарбол сырғып түсіп, бақыра ұмтылғанымен, салбырап тұрған үйеңкі бұтағына қолы жетпей қалды. Басы бір батып, бір шығып, пырылдай жөнелді. Тулаған сайын, бері қарай ұмтылған сайын ары кете берді. Дүлей шыңырау Жарболды жалмап тартып, жұтып барады, мен Жәкеннің қолынан тартып қолқалай түстім. Ол күшті де ең жүйрік сушылымыз еді. – Ұстап алса жібермейді. Өзімен бірге өлтіреді, – Мен де түсейін, екеуміз екі қолынан ұстайық! – Жоқ, екеумізді де өлтіреді! – Суда адамның жалаңаш денесі тайғақ болмай ма!.. Жабыла жармасқан жиырма қолдан сытылып шығатын ең ғой, осының бір қолы сөз бе саған! – Жоқ, мұның қолы сол жиырма қолдан да қиын!.. Әншейінде өте көңілшек Жәкен көнер емес. Өлімнің өзіне де тасбауыр болып алғандай, қатая түсті. Су астында оқтай тез атылушы еді. Басымен арғы жағынан бері қарай бір сүзіп өтсе де жағаға жақындар еді деп қатты ділгір болдым. Су Жарболды, Жарбол суды жұтып, өлім мен өмір әлем-тапырық алысып жүр. Соңғы минут болса керек, Жарбол басын судан кідіре бір рет шығарғанда, шыдай алмай атылып түстім. Ылай болғандықтан су асты бүгін өте қараңғы екен, арт жағынан келіп әрең таптым. Балтырынан құшақтап көтеріп едім, екі білегімнен шап беріп ұстай алды, сыртынан көтергендігімнен онысынан қорқа қоймадым, судан басы шыққаны байқалды, аса тереңге әлі де жетпеген екен, үйеңкі жаққа екі-үш рет адымдап апардым да, бар қауқарыммен итере серпіп тастап, су бетіне шықтым. Бір дем алып қайта сүңгідім де, және солай жылжытып апарып серпідім. Енді екі рет осындай өніммен жылжытуға шыдасам, жындының қолына үйеңкі бұтағын ұстатуға болатын сияқты. Балтырынан үшінші рет көтергенімде, ол қолымнан ұстамай, төбеме қолын тіреп, шашымды шеңгелдей көтерілді. Шашым қысқа болатын, мұның қаупі тым аз сезіліп, бұл жолы алға недәуір өндіре жылжытып апарып шығып едім, үйеңкі бұтағының астына барып, бырғылдағаны көрінді. Жан алқым қайта сүңгіп барып көтергенімде, қолы мені қармады. Бұтақты ұстағаны білінген соң алыстамай, дәл артынан шықтым. Бұтаққа қос қолымен мықтап жабысып, артына қарап тұр екен. Бедірейген бойы маған қадалған көзі қыбырсыз төніп қалды. Мені бас салып жегісі келген қаһарлы жыртқыш тағыша кірпік қақпаған суық көзі ту сыртымнан өтіп барады. Өлім үрейі соншалық ызғарлы болады екен, өзімнің де әлім құрып, басым зеңгіп кетіп еді, маған атылатындай кейпінен сескеніп, алыстап барып, су үстіне шалқалай жаттым. Жәкен әлі міз қақпай қарап отыр екен. Бұл отырысына ызам қайнап кетті: – Ей, шошқа, тарт қолынан! – деп айқайлап жіберіппін. Ол үнсіз ширап келіп, Жарболдың қолынан тартып шығарып алды. Рақымсыздық онда мүлде жоқ сияқты еді, артынан байқасам, тосын көрсеткен адамгершілік бейнесінен намыстанғандай, өзінің де есі шығып кеткендей көрінді. Судан шыққан соң әлгі қатты тіліме тіл қайырмады, сары жүзі қып-қызыл болып төмен қарап қалды. Жарболдың басын төмен қаратыл, етпетінен жатқызып қойыпты. Оның аузынан су төгіліп жатыр. – Кешір, Жәкен! – дедім мен. – Сәл үлкендігіңе қарамай тілім тиіп кетті. Қасындағы адамға өлім қаупі төнгенде, мынау отырысың жақсылығыңа үйлеспеген соң ішіме сыймай кетті. – Мен кешірмейтін не бар? – Ол төмен қараған бойы баяу қайырды жауабын. – Сен кешір, қорыққанымнан есім шығып кетіпті! – Сен неден қорықтың?! – деп қалшылдап отырып күлдім мен. Жәкен онан сайын қызарды: – Жарбол сені ұстап алса, еріксіз түсем ғой... Екеуің бірдей жабысқанда менің нем қалар, бәрібір өлдім дедім мен... Сен өте қатерлі іс қылдың, мына дәу құшақтап алса тыпыр етпей өлетін едің! Бір жынды үшін сап-сау басың кете жаздады! – Біреуді тұншықтыр десе, он-он бесін бірақ қиқылдатар едің ғой... Құртуға бар, құтқаруға жоқ болғаның ба, қалай?!. Жәкен суда біреуді қолынан тартып жабыстырып алудан аяғынан тартып батыра салу оңай екенін дәлелдеп отырғанда, көше жақ тапыр-тұпыр етіп, көп адам шыға келді: – Кім кетті суға?!. – Аман қалып па?!. – Кім шығарды? – десіп сұрасып жатты келіп. Әкем де Әкем судың пиғылына үн-түнсіз қарап, тұнжырап тұр. Киініп, басын көтеріп отырған Жарболға кейбіреуі ұрысып жатты. Есіне толық келіп қалған Жарбол да бой берер емес. – Мені судан шығарған сендер емес, ақырма! Әне, Жаппар атамның баласы! Ол ұрысқан жоқ қой, әуелдесең ұрған да жоқ, әне, өзінен сұра! – деп аузынан көбігін шаша бақылдап кетті. – Сен суға өзің ғана кетіп қоймай, балаларды өлтіре жаздадың, енді түспе суға! – Құдай сақтаған екен! – Мынадай суда тұрмақ, жай жүргенде адамның жүрегін ұшыратын мына дию ұстай алса, аюға түскен қаршығадай балада не қауқар бар, тырп ете аламай кеткені ғой!.. Рас сақтаған! – Кешірер өмірі, көрер қызығы бар ғой алдында, өмірің ұзақ болсын, балам! – деді бір қарт. Әкем бұл алғысқа да қарамай, суға үңілген бойы тұнжырай түсті. Сөзінен қызық күтетін біреу Жарболды айналдырды: – Ей, Жарбол, сені қалай шығарды мына бала? – Балық мені жегелі жүр екен деп қорықтым. Аяғымнан жұтатындай болды... Бірақ тістемеді, мына құйрығымнан көп түртті... Шашынан білдім, балықта шаш жоқ сияқты болатын... өгіз сияқты айдап шығарды. Қарық болып қуанып отырған Жарболдың шашыран сөзіне көпшілік ұзақ күлді. Маған алғысты көздерімен қарасты. Мен қаншалық аңдысам да әкемнің райынан жылыну шырайы байқалар емес, бірақ, ашу да жоқ тәрізді, көзі жасаурап, анда-санда бұлт ете түскен шықшыт сүйегі ғана азуын қатты басып қалғанын байқатады. Мынау рақымсыз тасқын аяулы баласын жұтып кеткендей-ақ дағдарулы тұр. Мен алдыңғы жылы бұл кісінің таяғынан көшеге жалаңаш қашып шыққанымда төгілген абыройымды осы жолы қайта бүтіндеп жиып алғанымды көптің алғысынан біліп, көңілденіп отыр едім. Байқасам, сол бір масқара болған кезімде қатты күлген қыз-келіншектер де келіп тұр екен. Сол күннен бері оларға ұялмай қарағаным бүгін ғана болар, кешірім алған қылмыстыша жүзімді алғаш рет аша қарадым. Әкем қасыма келіп, "жүр үйге!" деп күбіре ете түсті де, бұл жолы алдына салып қуаламай, қолымнан жетектеп қайтты. – Жәкең енді қамайды оны! – деп қалды арт жағымыздан біреуі. Бұл болжалдың шындығы іле-шала дәлелденді. Былай шыға бере әкем: – Осы суға енді келсең аяғынды қырқамын, – деді жалғыз-ақ. Осы кесімнен соң сәті түскенде ғана, тым сирек келе алатын болдым да, кегімді қайтара алмай қалдым. Әділетті "тергеушім", бұл тараудан сіз менің әлемде жоқ ерекше қылмыскер екендігімді көріп отырсыз. Жындыдан қорықпайтын адам жоқ, өйтетіні, ол заңға бағынбайтын содыр емес пе. Мен сол содырды судан жан сала құтқарып, сау адамды жан сала тұншықтырған содырмын. Жындыны өрге сүйреп, сауды көрге итеру адам баласы өткізуге тиісті қылмыс па!
II
1940 жылдың күзі күңгірттеніп түйіле жетті. Мектепке қайта жиналғанымызда қою қара түтін мен боз түтек қаптаған суреттер сынып қабырғаларына көп жапсырылғанын көрдік, өңкейген сұры киінген неміс, сары киімді тапал жапон әскерлері бейнеленген суреттер тіпті ойран-асыр. Жалаңдаған, өрт түтеген улы газ, қараушыны тітірететіндей тым суық көріністер сол екі фашизмнің дүниеге өрт шашып жатқанын көрсетеді. Бәрі де Совет Одағында басылып шыққан аса айқын суреттер. Біз құтырған ит көргендей тіксіне қарасып жүрдік соларға. Өзіне тартып, көп үңілетін келбетімен кенелтетін бір ғана сурет – Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин суреті мектептің ең тұңғышы – біздің алтыншы класқа ғана ілініпті. Алдына жиі келіп, көп үйіріліп, қараса бердік соларға. Кейінгі екеуі маған бұрыннан көзі таныс, өз семьямыздың атасындай көрінді. Алдыңғы екі қарияны бір-бірімізден көбірек сұрасып, сабаққа кірген мұғалімдерге де олар туралы сұрауды көбірек жаудырып жүрдік. Бірақ, біз қанша көп сұрағанымызбен мұғалімдерден қайтатын жауап тым келте болды. Олар атын ғана айтып беріп, кейбірі "жақсы адамдар", "үлкен ғалымдар" деп қана кетеді. Солардың арасында Үрімжіден оқып келген біреуі ғана тартыңқырап айтса да, тап басар жауап айтқандай болды: "бүкіл дүниедегі кедейлердің көсемі. Кедейлердің жоғын жоқтап, көп кітап жазған ғалымдар!" Ли Шиянжаңның лекцияларында көбірек аталған кісілер осылар екенін білген соң, сонда мысалға алған сөздерін еске түсіруге тырысып көріп едім, көкейіме толық қонбады. Өзім көріп жүрген көп жұмбаққа ойыстым. "Бұл кісілерді жақтайтын, көп айтатын Ли Шиянжаңды, Елсадықтарды неге ұрлап әкетті екен?! Олар ашық айтушы еді, қазір мұғалімдер бұл кісілердің атын атауға да тартынып жүргені несі?!. Таныстыруға шынымен тартынса, мектептің ең төріне неге шығарды?" Осы сұрауды қасымда отырған Бексапаға қойдым бір күні: – Бұл кісілердің жақтаушылары мен мақтаушыларын түрмеге тығып, өзін биікке көтергені қалай? – Олардан қорқады! – деді ол сыбырлап қана, – алты саясатпен фандиқұй ұйымы тұрғанда, көрініс үшін болса да көтермей ме, Совет Одағынан қорықпай ма... Байқасам, биыл сабақтастардың көбі саясатшыл болып алыпты. "Ыр" дыбысын "и" дыбысына, кейде "ыл" дыбысына айналдырып сөйлейтін Ораз атты сақау сабақтасымыз "Шынжаң газетін" қолынан тастамай, тіпті сабақ уақытында да оқиды. Сабақ аралығындағы демалыстарда мұғалім шығып кетісімен соның орнына барып тұра қалады да, газеттен тапқаңдарынан лекция өтеді. Ол өзі соқталдай денелі жігіт болып қалса да, сақау сөйлейтін себебі жалқы, ерке болғандығынан екенін әлі күнге алынбаған ұзын айдары әшкерелеп тұратын. "Мұғалім болып, бас киімін үстелге тастай салғанда, түйіп қойған айдары шашылып кетіп, ду күлдіріп жүрді. – Енді Ояз әпенді сабақ өтеді дейді сендейге, – деп газетін стөлге жая салады ол, – тағы да дүние ахуалы жайында сөйлеймін. Биғаділ, түй!.. Қалитаға шық! Қабырғаға ілінген үлкен қаританың жазуы славян әріпінде болғандықтан, оған өзінің тісі батпай, «мұғалімдігін» пайдаланып, маған бұйырды. – Дания қайсы? Чехословакия қайсы! Енді Польшаны көйсет! Ойныңа оти! Көйдіңдей ме, балалай, и? Дания мен Чехословакияны Гимания фашисти жұтып алды. Гитлей өңешін енді Польшаға созды, Совет Одағы оған қайсы болып «так–так» айтып жати. – Германияның өзі қайда тұр, мұғалім, көрсетші! – деген сұрауға: – Биғабіл, көйсетіп қой, балалайға! – деп тағы да маған бұйыра салды. – Мұғалім, өзің көрсетші, оқушыларың қате көрсетіп қояр! «Тыныш отиыңдай! Ол қате көйсетсе, мен түзеймін! Оти.... Гимания деген сол. Дүниежүзілік биінші соғыста жеңіліп құлған сол қанқұйлы Гитлей таққа шыққан соң қайта құтиып, бүкіл Еупаны ойландап басып жеп жати! Дүниені жұтпақ! – Гитлер деген қайсы мемлекет? – Балалай, тым надан екенсіңдей! Гитлей, Шеңбилен, Шейшіл, Уазвеит дейді білмесеңдей, мен қайтіп оқытамын сендейді! –деп шыға берген Ораз қайта қайырылып тұра қалады. – Сендей басқа мұғалімдейге мұндай сұрақ қоймасыңдай ғой! Өңшең дү....лыт аяқ!... Айналып кеп менің айдайымды ағайтқанша Гитлейді Нәбиолла молдадан сұяп ұқсаңдай болмай ма! Молда айтып жүйетін қазияилей сол Гитлейдің дәл өзі! Менің артымдағы партада отыратын Өмірбек дейтін сабақтас, Оразға бір қоқайдың дерегін көрсетіп еді, Бексапа құбыжықтың дәл өзін алдына қоя қойды: – Олай болса, Гитлер құдайдың періштесі болғаны ғой! – Хазірейілді де Гитлер тектес лағнат көрдің бе, Ораз әпәндім, осының пәтуасын молдадан сұраймыз, тұра тұр! Нәбиолланың алдында қорыққанынан намаз-дұғаларындағы «ыр» әрпінде «ыр-ыр-ыр» деп күштеп оқитын Ораз, осы сөздер шыққанда үдірейе қалып еді: – Ағатайлай, басқасына айтсаңдай да молдаға айтпаңдай! – деп столдан тайқай берді, – енді мұндай сөзді сөйлемеймін. – Басқа мұғалімдер де дұрыстай қоймас бұл сөзіңді, Гитлерді хазірейіл сияқты құдай тағаланың өзі белгілеп қойған періштесі деп ақтап, пәк қылып көрсетпексің ғой! – Жоқ, басқа мұгалімдиге айтатын патуам бай, олай тіл біледі ғой. – Қандай патуаң бар? – Балалай, мен енді сендейге соны түсіндейін, молдаға айтпасандай болғаны! – деп Ораз "мұғалім" столына қайта келді, – мәселенің шындығын ойлап көйіндейші! Ешкімге жазығы жоқ жақсы адамдайды өлтигенге, кім болса да – біз "қаншеи", "қанқұйлы" деп ат қойсақ, күнә болай ма еді? Қане айтындайшы!.. Болмаса "күнә болады дегендейін қол көтейші қане!.. Ә, міне, ешқайсылайың қол көтеймедіңдей ғой, демек күнә болмайды. Ендеше адамзат жайлағалы ғазияилдің өлтиген жазықсыз адамы аз ба! Өздейің көйген өлім – қазалайды ғана ойлап көйіндейші! Ол қай қашан жазықсыз, өз еңбегімен ғана күн көйетін еңбекшилидің жетім-жеси қойғансыз адамдайдың жанын көп алып жүймей ме, жеменгей байлайға аз тиіседі. Олай болса, ғазияилдің Гитлейден қай жеиі кем?! Меңіше, пайқы бию ғана: Гитлей көзге күйініп келіп, тайыс-түйіс дауыс шығайып атады да, ғазияил күйінбей келіп үндемейтін мылтықпен атады. – Ораздың бұл сөзіне сүйіне күліскен көпшілік сабақтастар хазірейіл туралы айтылған кінәға талас айтысты. Кейбірі тіпті даурыға жөнелісті. – Хазірейіл тек тағдыры біткен адамның ғана жанын Алланың бұйрығы бойынша алмай ма? Ал Гитлер кімнің бұйрығымен қырады? – Соғыста тағдиы біткен адам ғана өлді дисек, Гитлей де құдайдың бұйлығы бойынша ғана өлтие алады. – Сен сақау не деп былжырап тұрсың, хазірейіл ыңғай кедейлерді алады дегенің қай сандырақ! Байлар өлмей ме! – Өледі ғой, өледі, бияқ, аз өледі, – деді Ораз тағы да, – оқыстан, қиыншылықтан өлетіні тіпті аз! – Ыңғай байлар ғана өлсе, қыбың сонда қанбақ қой! – деп Мәкен көк көз ұзын мойнынын соза түсті, – хазірейіл байлардың жанын алса, Гитлер байларды ғана қырса қанішер аталмақ емес қой!.. Ей, сақау, байлар соншалық неңді алды сенің?! Қуанышқан бұл сөзден куат тауып іле зекірді: – Құдайдан безіп шоқынған екенсің!.. Айдарыңды жұлып аламын, отыр былай! – Ораздың күлкілі әрі ойлы сөзін қызыға тыңдап отырған біздің жақ, зекірушілерді мықтап тойтарды. – Жә, мырза, сенің мүйізің не ғып сырқырай қалды?! – деп алдымен Өмірбек мысқылдай күлімсіреді. Сөйтсе де, қара торы толық жүзі сәл сұрғылт тартыпты. Қиялзат араға ашық түскендей рай білдіре шектеу айтты: – Жаңағы айтқаныңдай, құдайдың бұйрығынсыз сен де оның айдарын жұла алмайсың! – Қане, жұлып көрші, өз мойның жұлынсың! – деп Жәкен дүрсе қоя берді. – Құдай мен олардың періштесі сендерге ғана тән капитал емес, бізге де ортақ қой, елден ерек сендердің нелерің күйіп кетті деймін! – деп Өмірбек тағы да мысқылды ажар көрсетті. Етті сопақша көзі күлкімен жұмылып, көлденең сызықтай көрінді енді. – Тек, олай демендер, сөз саптауларына қарағанда бұлар сол жаналғыштардың ерке немелері болса керек! – деп Бексапа көсіп жіберді. Бүкіл сынып болып күлдік. Көп қолдауға ие болған Ораз енді күле сөйледі: – Жігіттей, менің айдайымды жұлу оңай, өзім де құтыла алмай жүймін, бияқ, сендей өздейің менің пікиімді жақтап алып, айтынан боқтағандайың қалай?! – Қашан жақтадық? – деп Мәкен бастатқан бірнешеу өре тұрды. – Алғашында кесетіп айтқан сөз естеріңде бар ма? – деді Бексапа, олардың мұғалімдерге айтып қоюынан Оразды сақтағысы келді, – ол: "ешкімге жазығы жоқ, жақсы адамдарды өлтіргенге – кім болса да, біз қанішер деп ат қойсақ күнә бола ма! – деп сұрады ғой, біз оған күнә болады деп тойтарыс бере алмадық. Бәріміздің жақтағанымыз сол емес пе. Сендердің біреуің тойтарыс берсеңдер сөйлер ме еді! Мұның сондағы кесеткені бай да, кедей де емес, "ешкімге жазығы жоқ жақсы адамдарды өлтіру күнә бола ма, болмай ма, ол күнә деп аталса, әрине, оны өлтірген адамды қанішер деп атауға болады. Ал, енді біз осыны айтқан Ораздың өзін қанішерге айналдырып, айдарын жұлып алсақ кім болғанымыз... – Сұрау да, жауап та Гитлер жайында ғой, – дедім мен, – бұл жерде байдың жанын алғалы бақыртып басып отырған ешкім жоқ. Ораз жай байды емес, жемеңгер, сойқан байларды айтты. Сендер өздеріңді өздерің әшкерлеген жанша, зұлымдарға болысып шырылдамасаңдар да болар! "Тақия тастамақ ойнаса, таздың басы қышиды". Сендердің бастарың сап–сау емес пе еді, неге қышиды сонша?! – Ешкімге жазығы жоқ адамды ғана емес, тіпті жазығы бар адамдарды да күнәсіне лайық қана жазаламай өлтіре қалса, ол қанішер аталмай ма? Ал хазірейілге келсек, ол періштені тіпті құдай тағаланың өзі де жан алмайды деп ақтаған емес. Жаратушының өзі хазірейілді "жан алғыш" деп жарияламаса, оны көрмеген Ораз байғұс қайдан білмек. Оған түс шайысудың жөні тіпті жоқ!.. Ораздың қылмысын осылай жуып-шайып, егесті бұл жолы бассақ та, ертеңіне молда келіп бас салды: Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|