Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






АЛТЫНШЫ БӨЛІМ 10 страница




Әлменнің райына баққан менің де жүрегім тынышсызданып, сол түні таңды тағы ұйқысыз атқыздым. «Бұл ұйымға кіргеніме екі-үш-ақ ай болған. Жаңа оқушымын ғой, қазірше маған қатер жоқ шығар» деген медеумен қаншалық тынышталайын десем де, бір орнықсыздық түрткілей берді. Сабақтастарым арасында жершіл, рушыл жік күшті еді. Осы себепті біріміз бен біріміз жиі-жиі айқасып, шайқасып қалып жүретінбіз. Мұндай дүрдараздықтың салдарынан астыртын көрсетіндіге өзімнің де бір нысана екенімді байқайтынмын. «Алдыңғы жылғы Ораз сақауды шалғандай шалдуар көрсетінді осындағы бір тыңшыға жеткен болып, батыс сарайға барғанда желкемнен бас салып жүрер ме!» деген күдік ұйқымды келтірмеді.

Үкімет үйінің темір қақпасына Спан мектебінен сұп-сұры болып елу шақты ғана адам жеттік. Екі жақ босағада тізіліп тұрған он–оннан жиырма күзетші бізді санап, көзбен ғана тінтіп өткізіп еді, ішкі қақпадағы оншақты күзетші оуып жіберердей үңірейіп, бір-бірден «аймалап» – сипалап кіргізді. Сұғанақ қолдар сумаң қағып жамбасыма бара бере, тіпті жанды жерімді бір жалмап өте шықты. Тінтуге көз ілестірмес спор қолдар екен. Адам санатына қосылып, алғаш тінтілуім осы болар. «Міне, пәндихұй мүшесі болып, ардақты сенімге енді жетіппін!» дедім ішімнен.

«Асқақ мәртебенің» буымен алқына кірдім іш қораға.

Бір-бірден тізілген бойы кіре, сол жаққа бұрылып, батыс сарайдың есігіне жеткенімізде одан да зор «бақытқа» кенелгенімізді білдік: тағы да жақсырақ тінтілу кезегі бар екен. Қарама-қарсы тұрған сап-сары ала погонды екі офицер мені де екі жағымнан «құшақтап-көрісіп» алдыңғыдан да бетер «аймалай» жөнелді. Дәрежелі адамдар емес пе, бұл екеуінің қолы жұп-жұмсақ тиіп, кіндіктен төменгі жақты көбірек айналдырды.

«Қазіргі қыздар шуйянының (институтының) оқушылары погондыларға неліктен сонша қызығатын болды?!» деп таңданып жүрсек, бұл «ғашық жарлардың» қолына киелі қасиет иісі көбірек сіңіпті ғой! Сонысын көріп, соны жұмбақты шешкендей төменгі ауыз залға терлеген маңдайымды сүрте кіріп едім. Үстіңгі қабатқа өрлейтін баспалдақ қарсысына қойылған қып-қызыл сырлы зор тақтаны айналып алдынан өткенімде бір «нұр» көзіме жарқ ете түсті: сол зор тақтаның ішкі бетіне бізді осы «бақытқа» жетектеп әкелген тегіс қара мұртты «данышпан көсемнің» суреті сызылыпты. Ұшқандай зымырап шауып келе жатқан ақбоз тұлпардың үстінде шірене шақшиып, керемет айбын мен қылыш үйіріп келеді. Шынжаң халқының басына төнген қара бұлтты тілгілеп, барлық жау біткенді жалғыз жайпап қырып келе жатқандай. Шебер жағымпаз жасаған асқан сайқал сурет екен. Алдымда тінтіліп кіргендер шыбындай үймелеп, сол зор суретке қарап тұрыпты.

«Көсемдердің кереметіне» әрқайсысы әртүрлі кескінмен үңіледі. Көбі көз қуаты жетпеген адамша сығырайып, мұрнын тыжыра қадалады. Кейбіреулерінің тісі сыздап ауырғандай, азуын қатты басудан шықшыттары бүлк-бүлк етеді. Үн қатқан бірі жоқ.

Көсемнің батырлығын көріп, баспалдақпен жуаси өрлесін деп орнатқаны ғой, осы суретке қарай-қарай өрлеп, өрлеген сайын қарап, қараған сайын өрмелеп, екінші қабаттағы үлкен клубқа кірдік те, мектебіміз атына белгіленген орындыққа келіп отырдық.

Бумен жылып, желдеткіш желпіп тұрған осы жәннаттай кең клубта отырған төрт-бес жүз шамалы ғана адамның тары қауызына кіргендей бүріліп, қақаған аяз сорғандай дірдектеп отырғаны байқалады. Тырс еткен үн жоқ, көбі орта мектеп пен институт оқушылары, біразы оқу-ағарту қызметкерлері сияқты. Дубаңның офицерлер мектебінің оқушыларына да, басқа сала адамдарына да бөлінген орын жоқ. Бұл жиын оқу-ағарту саласындағы пәндихұй мүшелеріне ғана қаратылғаны, ал бұл орындардан да толықтанып келмегені сыбыр-күбірлерден естілді.

Мен ішкі жаққа қарай терезелердің бірінің алдындағы орындықта отыр едім. Бұл терезеден үкімет ордасының біз жете алмайтын ішкі жағы толық көрінеді екен. Орданы қорғаушы иіңнің[23] машық алаңынан бастап қорғанның арт жақ қабырғасына дейін тас кірпіш дуал, күзет үйлері, шағын-шағын жатын үйлер, тіпті мықты-мықты бекіністер салыныпты. Машық алаңының батыс терістік шетінде тағы бір темір қақпа – ең ішкі, ең ерекше есік болып көрінді. Ол тас кірпіштен қаланып, үстіне электр сымы тартылған ішкі қорғанның қақпасы екен. Қорған ішіндегі бұл қорған – күмбез порымындағы жасыл шатырлы шағын ғана жалғыз ғимарат. «Ертек-аңыздардағы жалғыз көзді ғаярлардай шексіз үкімшіміз сонда ма екен» деген оймен көбірек қарап отыр едім. Дәл солай болып шықты.

Сол ерекше қақпа қақ айырыла ашылды да, екі жақ ішкі босағасындағы он екі күзетші қатып қалғандай сіресті. Ыңғай жеңіл пулеметпен қаруланған жиырма шақты қорғаушы жалаңдап шыға келді де, жапа-тармағай жүгірді. Оларға әскери тәртіппен жүрудің керегі жоқ сияқты. Жау шаһарына басып кірген шапқыншылардай, кірекеш тонайтын қарақшылардай алақ–жұлақ тінтіп келеді. Сол ерекше қақпадан осы сарайға жеткенше алаң шетіндегі жол бойына қатар салынған қорғаушы әскер үйлерін түгел тінтіп шықты. Бір-біріне сенбейтіндей, бірі кіріп шыққан үйге тағы бірі кіріп пулеметтерін кезене үңіліседі. Өздерінің күзет үйлерін өздері мұнша тінтетіндей бұларға не болғанына таңданып, көз алмай қараумен болдым. Ерекше қақпадан тағы бір топ қорғаушы көрінді де, артынан іле-шала маңғаз басып, бұлғын ішік жамылған біреу жалғыз шықты. Артында отыз шақты әскер, басында қоңыр шляпа, тіп-тік жүретін адам екен. Үңіле түстім, суретіне қанықпын ғой, тегіс қара мұртты «халықшыл көсемнің» дәл өзі екен.

Алаңда машық қылып доп ойнап жүрген қорғаушы әскерлер өзді-өз орындарында ізетпен сіресіп тұра қалысқанда, бүкіл тіршілік тылсыммен байлағандай, бар маңы өлі дүниеге айналды. Жаңа ғана бір топ қорғаушысын шығарып жолды арши тексерткен «халықшыл көсем» алдындағы қорғаушыларына тірсектей еріп, саса сақтанғанмен, салтанатын да ұмытпай басып келеді. Қанша айтқанымен «данышпан» емес пе. Жан-жағына мұқият бағдарлап, зерттей қарайды. Алдындағы он шақты қорғаушысы да, артындағы отыз шақты қорғаушысы да «көсемнің» көңіл күйін баққандай әр терезеге бір үңіліп, әр есікке бір сұғынып, «зерттеген» бойы біз тінтілген қақпа жаққа өтті. Осындай «халықшыл көсемнің» дәретханаға кіріп-шығуы қаншалық машақат күреспен орындалатынын түсінгендей болдым мен. Бұл жиынға «халықшыл көсем» келмейтіндей көрініп, көңілім бір сәт жайшылық тауып орныққандай болып еді. Іле-шала елең ете түстім: қарсымыздағы клуб сахнасының арт жағынан үрмелі оркестрдің жеңіс күйі сарнай жөнелді де, әскери жүрістің сарт-сарт аяқ дыбысы естіліп, сахна сыртына келе сақ етіп тоқтады. Пулеметтерін кезей ұстаған екі қорғаушы екі жақтан кіріп сахнаның екі жағына бізге қарап тұра қалысып еді. Бүкіл залды дүр еткізіп, көпшілік атып тұрды да сіресе қалды. Жерге сүйретілген бұлғын ішіктің етегін екпінмен шалқыта, шақ-шұқ басып кіріп келген «көсем» оркестр ырғағына сәйкескендей ішігін шынтағымен серпе салып еді, артындағы біреуі жерге түсірмей тазы итше қағып әкетті. Көпшілікке қадала қараған күйі шляпаны артына лақтыра салғанда, дайын тұрған тағы бірі қағып алды.

Осы «фокустерді» қарсы ала шатырлаған көпшіліктің қол шапалағын жақтырмағандай көсемнің сілке салған сол қолы шорт тыя қойды да, өзі қара көк китель – сыммен ең төрдегі серіппелі орындыққа барып сылқ ете түсті. Жеңіл күйі енді тоқтаса да, «көсемнің» жеңісті әрекеті әлі тоқтамағандай, тоқпақтай берді өзі. Бұл күйді біз орындық серіппесінің күшінен көріп едік, олай емес, «көсемнің» дәл өз жүрегінің күйі екен. Тақытына құйрығы тоқтамай, қайта-қайта сырғып, қайта-қайта орынға отырғандай немесе астынан бірдеме батып, өз салмағын екі құйрыққа кезек-кезек алмастырып салып отырғандай, байыз табар емес.

Тайқылау маңдайынан бастап артына жатқыза таралған ақбурыл шашын екі алақанымен желкесіне дейін сылайды. Сұқ саусағын ғана сұғып, шашының астын тінте қасиды да, қайта сылайды. Екі сұқ саусақ екі шекесін кезек–кезек тінтеді. Бұл саусақтары құстың тұмсығынан да епті екен, дәл басып барып сұғылады да, бір сұғылған жерінде тұрып-ақ талай шаштың астына кіріп, талай түпкірін тінтіп шығады. Осы бурыл шаштың да қопсып көтеріліп кетуінен қорқатын сияқты. Мықтап жатқызылған шашын соншалық шеберлікпен тінтеді де сылайды.

Шатырлаған қол шапалақтың тасқынымен тұрып үстел үстіндегі микрофон алдына бара екпетіндей сөйлеп кеткенде де, қолының осы шеберлігі тоқтаған жоқ. Зал толы пәндихұй мүшелеріне екі жақтан кезеліп отырған екі пулеметтің тұмсығындай төңген екі сұқ саусақ екі шекесіне маза бермеді. Мұндай уақиға тұрғанда құр сөзді қайтпекпін. Менің көзім екі пулемет пен сол екі саусақта ғана болды.

Тып-тыныш жатқан осы ақбурыл шаш біраз зерттеуді талап ететіндей көрінді. Кейбір шаш ауыр қайғының қызуынан, кейбір шаш өткір ашудың қызуынан, кейбір шаш халық тағдырына болған үлкен күйініштің қызуынан күйіп ағаруы мүмкін ғой. Ал бұл шаш неден ағарды деші?! Ауыр қайғы бұл басқа түскен емес, таққа жаңа шыққанында қазіргі мұртындай қап-қара еді ғой. Таққа шыққан соң, өмірдегі бар арманына алдампаз-жағымпаз екіжүзділігімен жетіп алған соң қара бастың ғана қамындағы қожаға, ол қамын әмірімен ғана шеше салатын шат тұрмыстағы қожаға қаншалық қайғы үйірілмек? Енді өткір ашудан десек, ол ашуын өткір қылышымен, от ауызды мылтығымен қайтара салып келе жатпай ма? Ал халық тағдырына күйіну – мұндай саяси саудагердің көкейіне кіріп шығар ма? Бұл шаш – ыстық қанды көп ішкендіктен ғана күйіп ағарған шаш. Менің әкем: «Бұғының мүйіз қанын денсаулығы толық адам ішсе, шаш ағарып кетеді» дейтін. Ал бұл бас Шынжаңның маңдайына басқан барлық «бұғылардың» мүйізі тұрмақ, өзін де жұтып болмады ма? Неше мыңдаған сол бұғыларды жұтудың тәсілін мылтығының «аузымен» ғана ойлап тапқан «данышпан көсемнің» басы ғой бұл, қалай ағармасын. Үрпіне қызған сым темір жүгірту, тырнақ көбесіне қамыс тығу, шегеге жалаң аяқ тұрғызу, әйнек қиыршығына тізерлету, «танкі тергеу», «аэроплан тергеу», көзін электр тоғымен суыру, қапқа салып тірілей көму сынды адамды қинаудың ең «асыл» ғылымдарын сапқа тұрғызып, «тергеу қинауында өлтірілсе сұраусыз» деген бұйрықты түсірген осы бас емес пе? Бұл «ғылымдарды» тапқаны үшін өшіккен бір «надан» осы бастың өзіне «ыстық кәмпит» сыйлап қояр ма екен деп анау пулеметтермен, анау сұқ саусақтар қалай шошаңдамасын. «Данышпан басым аман ба екен?» деп дәміл-дәміл қалай сипап көрмесін өзі. «Тосын бір қатерден ышқыну туылса қалай шыдармын» деп құйрығы неге бүлкілдемесін? Осындай ішкі қорқыныш әурешілігінің сүйкеніс қызуынан бұл шаш қалай ағармасын! Алтайдан басқа жерлерден де бұрқ етіп, ғайып болып тұрған көтерілістердің бір сиқырлы қанжары осы залдан жарқ ете түспеуіне кім кепіл. Ендеше – «данышпан көсемнің» бұл далбаса тыштаңдауын да «данышпандық» есебіне қоспау надандық болар.

«Сахна сыртында жасырынып тұрған лян[24] мен мына екі пулемет бекер қойылған жоқ-ау» деп қорқа отырсам да, анау жылдары «Профессор Мамлюк» кинофильмін көргендегі бір ойыма өкініп те, өзіме-өзім ренжіп те отырдым. «Шыңдубандай данышпан көсем басшылық етіп отырған қоғамда оған қарсы төңкеріс жүргізу қылмыс емес пе» деп ойлаппын-ау сонда. Неткен ақымақтық еді! Сол ақымақтығыма міне «көсемнің» барлық сиқын өз көзіммен көргенде ғана опық жеп, өзімнен-өзім ұялып отырғандаймын. «Данышпан» атап, сонша асқақ-асқар көріп келгеніміз осы албасты екен ғой! Қас албастыны хас данышпан етіп бояп көрсететін жағымпаздықтан жиіркенішті қылмыс жер бетінде бар ма екен?

Осы албастыны он жылдан бері мадақтаған жареуке тіл, жарамсақ жыр аз болды ма? «Шынжаң газеті» бетіндегі мұны жер-көкке сыйғызбай, өңеші үзілгенше шырқатқан өлеңінің бәрін жайып салсаң Шынжаңның жер аумағына сыяр ма? Алал еңбектен туып, арамға айналған неткен сорлы поэзия еді?

Сахнадағы қимылы арқылы «тебірентіп», осы әсерді қозғап тұрған «көсемнің» ең кесек «батырлығы» енді көрінді:

Бұл реткі сөзін ұйғыршаға аударуға Махмұджан деп аты шыққан кексе тілмаш шақырылып, сахнаға шыққан еді. Ол дубаң үстелінен үш-төрт адымдай ғана айырым құйылған бір кішкене үстелде аударып тұрған болатын. Өз баяндамасының бір тармағын сөйлеп болған «көсем» сол тілмашқа жалт қарады да, қайта сырт беріп тезистің бір бетін (қолы жетер жерге тұрып-ақ) лақтырып жіберді. Жалт қарағаны – «дайындал» дегені екен де, сыртын беріп лақтырып қалғаны – «қасыма келмей қағып ал!» деген ишарасы екен. Ішік емес, шляпа емес, жұқа қағазы құрғұр тура ұшпай, бұра ұшты. Жапалақша жалпылдап қаша жөнелді. «Көсем» жалт қарағанда-ақ лап беріп бір аттаған Махмұджанның қолы жеткенше лақтырылған қағаз бір жаққа кетті де, Махмұджанның созған ұзын қолынан үркіп, «көсем» шегінді. «Халықшыл көсемнің» бұл қорқуынан үрейі ұша қорыққан тілмаш жалт беріп, қағазды қуа жөнелді.

Құдіретті қолдан ұшып, желдеткіштің желімен құтырған қағаз еңгезердей ұзын Махмұджан қанша секірсе де ілдірмей үркіп, сахнадан шыға қашты да, айналып барып, сахнаның екінші шетіндегі пулеметтің дәл алдына қонды. Аласұрып қуған атақты тілмашты құтырғандай көрді білем, пулемет дәлдеп кезеніп қалып еді, Махмұджан қағазды кәрі көкжалдай бас салып, іле қашты. Елпілдеп жүгіріп, орнына ентіге жетті де аудара жөнелді.

Залдағы өлі тыныштық тұншыға түскендей, неше жүздеген адамда жыбыр еткен бір үн жоқ. Адамзат сенімінен айырылудан туылған осы бір комедияға езу тартудан бәріміз де қорыққандаймыз, күлкі көңілімізге де кіріп шықпады. 1933 жылдың күзінде Ергейтідегі бір әйел өз іш киімінің бір балағын жыртып алып, қызыл ту етіп көтеріп шыққан еді ғой, менің есіме сол уақиға түсті. Сондағы қарсы алғанымыз осы «көсемнің» үкіметі емес пе. «Сақалына қарай іскегі, сабасына қарай піспегі» дегендей, жайына қарай жалауы болсын да. Бұл кісінің жеке өз басын қарсы алуға аса әділ көтерілген ең лайық ту сол екен!» дедім ішімнен.

Қорқытушының сөзін қос құлақпен тыңдасам да, ұқтым дерлік бір түйін таба алмадым. Пәндихұй мүшелері жиянгерлікке тек гомендаң майданында тұрып қана қарауға тиісті дегендей бір емеурін бар да, іс жүзінде қарсы тұру–тұрмауымыздан дерек жоқ. Басқа сөз алтайдағы Оспан бандысын жойып, оның арқа тірегіне соққа беріп, іштегі сыбайластарын қорқыту» жайында болды да, «арқа тірегі» мен «сыбайластарының» аттары мүлде жұмбақ күйінде қалды.

Осы «данышпан көсем» өзінің жегісі келгендерін үлкен жиынға шақыру арқылы жиып алатынынан ғана қауіптеніп отыр едім. Оркестр жеңіс күйін тартып, «көсем» соның екпінімен сарт–сұрт басып шыға жөнелгенде де, нөкерлері қуып жетіп, бұлғын ішігін жаба, шляпасын басына қондыра жорғалағанда да сол қаупім кетпеп еді. «Сәндіхұй»[25] деген бір қайырымды сөз саңқ ете түскенде ғана көңілім жарқ ете түскендей болды. Екі қақпадан екі-ақ қарғығандай шапшаңдықпен жапырлап көшеге шықтық. Бұл жолы аман құтылғанымызды сонда біліп, «Махмұджанның қылмысына» сонда күлістік.

Осы күлкі шығысымен Әлмен менің қолымнан тартып, жүрісін баяулата түсті. Көпшіліктен бөлініп, артта қалдық. Ол жан-жағына қарап алып тіл қатты:

– Махмұджан сол қағазды жерге түсірмей, қолынан алмақшы болған осы «қылмысы» үшін-ақ қолға алынса, қапқа оңай түсер еді.

– Қалай?... Өзіне көрсетіліп тұрған жақсы ниет үшін жаза қолдана бере ме?!

– Жоқ, ол «жаныма келсе жарып салады» деген қауіппен шегінбеді ме. Өзі арамдық ойлаған сайын басқаны арамсына түсу – арам ниеттің диалектикасы. Үш жылдың алдында осы Махмұджанды да қолға алған болатын. Тек Бурхаң Шаһиди, Дубек Шалғынбаев сияқты мықтылардың барлығын қолға алып, жетік тілмаштан ешкім қалмаған соң, лажсыздан мұны шығарып пайдаланып отыр. Өзіне зәрауаты қалмаған күні қайта қамата салады. «Қастық істемек болған деп» осы ұмытылуын сылтау етсе, қапқа түсті дей бер.

Біз «Нәнлян» көшесін өрлеп, Совет елшілігі тұрған жерге жақындағанымызда кабинкасының желкесіне ауыр пулемет құрылып, құралды әскер тиеген бір жүк машинасы артымыздан келіп қалып еді. Оның соңынан ерген дәл сондай бес пулеметті бес машинаның үсті брезентпен жабылып, мықтап таңылған екен. Бұлардың пулеметтерінің далдасында төрттен ғана әскер отыр.

– Мынаған анықтап қарашы! – деп қалды Әлмен.

Алты машина іркес-тіркес өте шықты.

– Бұл не? – деп аңырдым мен. Әлмен жауап қатпай, артына қарап тұра берді. Желкесіне пулемет құрылып, тағы да әскер тиеген бір машина біраз кейінірек өтті.

– Бұл артқы қорғаушысы! – деп күрсінді Әлмен. Оған үнсіз түксие қараған күйі біраз кідіріп барып жалғады сөзін. – Анау бес машинаға ыңғай алтын тиелген! Шынжаңды гомендаңға өткізгендегі тоқтамы бойынша, Шынжаңнан әлгі қанқұйлы сатқынға тиген үлес. Осылай тасығалы жиырма күндей болды!...

– Қайда апарады?

– Шың Сысай қайда кетпек болса, сонда апарады да! Қазірше Шұңшіңге тасылар.

– Кете ме өзі!

– Мұнда енді қамсыз тұра алар ма, кетпесе тірі қала да қоймас. Онысын өзі жақсы түсінеді екен, кетер-ақ!

«Көбелек келіп көлп етіп,

Көбігін ішіп ол кетті.

Жапалақ келіп жалп етіп,

Жарымын ішіп ол кетті.

Қарға келіп қарқ етіп,

Қалғанын ішіп ол кетті.

Сауысқан келіп саңқ етіп,

Сарқынын ішіп ол кетті».

Осы ертек тақпағын сен де, оқыған шығарсың, көптен бері-ақ осылай болып келе жатпай ма?

– «Жарымын» әкетсе де «қалғаны» мен «сарқыны» қалар ма?

– Халық сарқылмас қайнар ғой, бірақ мына келгеннің ниеті тіпті жаман.

Өршіл талабымен өсіп шыққан осы бір саясатшы алғаш мен көргенде тым сақ жігіт сияқты еді. Сөзі де сап принцип бойынша ғана шығатын, қоңыр салқын мінезді еді ғой, міне енді қызып, енді қайнап келе жатқандай, «қара қазандағы су таусыларда быжылдап қайнамай ма. Қара Әлменнің сабыры таусылып келеді-ау». «Қалғаны» мен «сарқынын» бір құртып тыным тапқысы келгендей, осындай бірер ай өткенде бір ау тосын құрылды.

Мен бірінші рет көрген сол жеті машина содан бері пулеметін мүйізіндей шошайтып үш рет өткенін көріп едім. Ұзын жолға ұшқан кесек алтындай күн шары да биіктеп жарқырай түскендей, 1943 жылдың көктемі бізді үкімет сарайы алдындағы алаңға шақырды. Білікті мұғалімдеріміз бір-бірден ұрланып біткен кез болатын. Бұл жолы мектеп бойынша бар оқушыны бір-ақ шақырыпты, жиын барын бұрынғыдай алдын-ала хабарламай таңертеңгі сағат 9-да тосыннан тізіп ала жөнелді. Мен тосын шақырудан үрейлендім. Сабақтастар сапқа тізіліп жатқанда «дәретке» жөнелдім де, дәретхананың артындағы бір кетіктен аттай зыттым. Жүгіре басып жоңышқалықтан өтіп, мектеп сыртындағы сайда өскен бір топ қара ағашқа сүңгіп едім. Әлмен сонда отыр екен. Жайбарақат қана күлімсірей қарап сұрады:

– Сен неге қаштың?

– Сіз неге қаштыңыз?

– Жете бергенде желкеден қиятын әдетінен қорқып қаштым мен. Мектеп бітіруіме бір ай қалып еді, кезегім бүгін келген-ақ шығар, ал сен бірінші жылдағы жаңа оқушысың ғой, әлден қашсаң кейін не оңар екенсің!

– Қашып жүріп ағасы оңса, сол ізбен інісі де бірдеме болар... Ал, Әлеке, бүгінгі жиыннан қалған-ақ шығармыз, бірақ ертең мектептен тауып әкетпей ме?

– Менікі далбаса, сенікі қыз алып қашқанмен бірге қашу шығар деймін! – деп күлімсіреді Әлмен қоңырқай ернінің ар жағынан көрінген аппақ тісі жарқырап, менің көкейіме біраз сәуле түсіргендей болды. – Ал мұндай жиында жиып алу көбінесе балық сүзген аудай ғана өте шығушы еді. Аудан қалған шабақ асыр салып, сол өз суында – өз мекенінде қала беретін. Ауды екінші рет салғанша тағы бір жөнім табылар ма екен деген дүмбілез бар.

– Қолға алынатындардың тізімі бойынша қузап-қуалап ұстамай ма?

– Ондайы ғой болатын. Болса ірірек шабақ деп мені іздер, бірақ, бұл қаңқұйлының кететін уақыты болды ғой. Өйткені Шынжаңның алатын алтынын тасып болып, кетуге қопақтап отыр, оның үстіне қолға алынатындардың тізімі өте жасырын, мектептегі көп адам ұқпайды оны... Жүр енді, жатақтан киімді ауыстырып барып, жиынның сыртынан көрейік, не болар екен. Аудың сыртында қалған балыққа қазірше қатер жоқ. Жиыннан неге қалғаныңды сұраушыға, «дәрігерге кеткенмін» дей сал.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных