Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






ЛТТАР ЛИГАСЫНЫҢ 1919-1939 ЖЖ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ РЕТТЕУДЕГІ РӨЛІ




Лиганың басты мақсаты бейбіт өмірді сақтау және адамзат өмірінің ахуалын жақсарту болып табылады. Бейбіт өмірді сақтау бағытындағы шараларға қарулануды шектеу және қысқарту; Лигаға мүше-елдердің кез-келген агрессияға қарсы тұруға міндеттеме алуы; арбитраж бойынша, заңдық реттеу немесе Кеңестің арнайы зерттеуін жүзеге асыру; экономикалық және әскери санкциялар қолдануда бірлесе әрекет ету туралы лига мүшелерінің келісімі жатады. Осы негізгі талаптарға қосымша мысалға, келісім-шарттарды тіркеу және азшылықты қорғау жөніндегі ереже сияқты бірқатар түрлі ережелер қабылданды.

Лигаға белгілі-бір дәрежеде қырықтан астам саяси жанжалдарды сәтті реттеу мүмкін болғанмен, оның Лига Жарғысының ұжымдық қауіпсіздік жөіндегі 16-параграфін қолдану арқылы негізгі қайшылықтарды шешуге күш салуы оның әлсіреп, кейін өмір сүруін тоқтатуға әкелді. Лиганың Маньчжурияға басып кірген Жапонияға қарсы 1931 жылы тиімді санкциялар қолданудағы сәтсіз әрекеті, Эфиопияға қарсы итальяндық агрессия барысында процеске ықпал етудегі одан да бетер қауқарсыздығы агрессор елдерге ұйымның бейбіт реттеуде күштеу шешімдерін қолдану механизмінің әлсіздігін айқын көрсетіп берді [20].

Лиганың саяси мәселелерді шешудегі сәтсіздігі оның әлеуметтік және гуманитарлық саладағы жетістіктеріне көлеңке түсіреді, оның халықаралық экономикалық саясат және қаржылық реттеу, халықаралық байланыс және транзит жүйесі саласындағы, әлемнің көптеген елдеріндегі денсаулық сақтау жүйесін, ғылыми ынтымақтастықты жақсарту, халықаралық құқықты кодификациялау, қарусыздандыру бойынша және басқа әлеуметтік, гуманитарлық салада конференциялар дайындау бағытындағы қызметінің маңызын төмендетеді. Ұйымның жетістігі ретінде наша таратуға және құл саудасымен (негізінен әйелдермен) айналысуға бақылау орнатуды атап өтуге болады. Одан басқа жастардың құқықтары мен мүдделерін сақтау бағытында да үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Лига өзінің заңдық органы – Халықаралық әділет сотының тұрақты палатасымен тығыз байланыста болды. Ол органның өзіндік құрылымы болды және жеке шешімдер қабылдады. Сондай-ақ, Лига өзімен ресми немесе тарихи байланысы жоқ көптеген халықаралық ұйымдармен тығыз қызметте болды.

Лига мүшелігінен 1939 жылы КСРО-ның шығарылуы ұйым құрамында тек бір ұлы держава – Ұлыбританияның қалуына әкелді. 1939 жылғы қыркүйектегі ауыр күндері бірде-бір ел Лигаға көмек қолын созбады; 1940 жылдың қаңтарына қарай Лига саяси мәселелерді реттеу бойынша өз қызметін тоқтатты. 1946 жылы 18-сәуірде өткен Ассамблеяның соңғы сессиясында Лиганың мүлкі мен материалдық құндылықтарын Біріккен Ұлттар Ұйымына беру туралы шешім қабылданды, ал оның әлеуметтік және экономикалық функциялары Экономикалық және Әлеуметтік Кеңес қызметімен біріктірілді [21].

Ұлттар лигасының мақсаттарының бірі халықаралық жанжалдардың алдын алу болғандықтан, оның қызметінде аз ұлттардың мәселесі (яғни, өзінің мемлекетінің бар немесе жоқтығына қарамастан көпшілік ұлттармен бірге өмір сүрген ұлттық және этникалық топтар) маңызды орын алды. Бұл мәселенің еврейлерге қатысты қыры бірден алдыңғы қатарға шықты, себебі, сондай жағдайдағы ұлттар өзіндік мемлекеттіліктеріне қол жеткізуге тырысып жатты және азшылық ұлт статусымен келісе қоймады (украиндықтар, армяндар, күрділер, т.б.), немесе, өздерінің ұл өкілдері көпшілікке ие болған мемлекеттерден қолдау көрді. Ұлттар лигасы бірінші болып азшылық ұлттардың құқықтарын қорғау мәселесін халықаралық саяси және құқықтық негізге қоюға, осыған қажетті механизмді жасақтап, іске қосуға тырысты. Осылардың ішіндегі бастылары Ұлттар лигасының Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропаның бірқатар елдерімен жасаған келісім-шарттары. Ол мемлекеттер қажетті заңнамаларды жасақтау арқылы өз мемлекеттеріндегі азшылық ұлттардың толық теңқұқылығын қамтамасыз етуге міндеттемелер алды. Бұл келісім-шарттар барлық азшылық ұлттарға арналғанмен, олардың еврейлер үшін ерекше маңыздылығы айқын көрінді. Мысалы, Румыния мұндай келісім-шарттарға қатысты оның міндеттемелерінің тек еврейлерге арналатынын ресми мәлімдеді (1919 ж., 9-желтоқсаны). Ал Германияны да азшылық ұлттар туралы осындай келісім-шарттармен таңып қою Париж бітім конференциясымен кейін қайтарылды. Ондағы басты негіз бұл елдегі еврейлердің азаматтық құқықтары бұзылмады дегенге сайды. Тіпті, британдық премьер-министр Д.Ллойд-Джордж сол кезеңде Германияны еврейлердің ахуалы тұрғысынан үлгілі мемлекет ретінде сипаттап, оның ішінде, Париж бітім конференциясындағы ресми неміс делегациясының жарты мүшелерінің еврей тегінен екендігін көрсетті [22].

Ұлттар лигасының азшылық ұлттарды қорғау бағытындағы қызметі әуел бастан бірқатар қиыншылықтарға кезекті. Тіпті, «азшылық ұлттардың құқықтары» деген ұғымның өзі толық түсінікті емес болатын (Ұлттар лигасының құжаттарында «ұлттық азшылықтар» терминінің орнына этникалық, діни және тілдік азшылықтар туралы айтылады). Бұл мәселеге қатысты келіспеушіліктер Париж бітім конференциясына қатысушы Батыс (Англия және Франция) және Шығыс Еуропа елдерінен келген еврей делегацияларының арасында да орын алды. Біріншілерінің талаптары барлық елдердің еврейлеріне толық жеке, азаматтық және саяси құқықтар берумен шектелсе, соңғылары сонымен қатар, жеке ұлттық өмір және мәдени даму құқықтарын талап етті. Осыған байланысты Ұлттар лигасының ұстанған бағыты қайшылықты болып қалды, яғни, шығысеуропалық елдердің талаптары кері қайтарылғанмен, келісім-шарттардың мәтініне ұлттық азшылықтар туралы түсініксіз айқындалған мәдени құқықтар жөніндегі пункт қосылады. Ұлттар лигасының ұлттық азшылықтар, әсіресе, еврейлердің құқықтарын қорғау ісіне одан да үлкен кедергі болған Англия және Францияның Версаль бітім келісім-шартының мәтініне тиісті баптар қосу арқылы оған жеке сипат беруден бас тартуы еді. Бұл жағдай оларға өз отарларындағы халықтарға қатысты міндеттемелер жүктейтін болатын. Осылайша Ұлттар лигасы ұлттық азшылықтардың құқықтарын сақтауды тиісті келісім-шарттарға қол қойған елдерден және де сол келісім-шарттар күшінде болған уақытқа дейін талап етуге мәжбүр болды.

Соған қарамастан Ұлттар лигасы өз қызметінің бірінші кезеңінде мемлекеттердің екі тобының соғыста жеңіліс тапқан және одан кейін қайта пайда болғандардың ұлттық саясатына ықпал етуге тырысты. Мысалы, 1921 жылы Австрия соғыс уақытында өз территориясына босқын ретінде келген ондаған мың галициялық еврейлерді қуып шығаратындығын жариялағанда (олардың елдің онсызда ауыр экономикалық жағдайын күрделендіруіне байланысты), Ұлттар лигасының Кеңесі Австриямен келісімге келіп, босқындардың көпшілігінің сол елде қалдырылуына қол жеткізді. 1922 жылы Ұлттар лигасы уақытша болса да Венгрияда қабылданған жоғарғы оқу орындарына еврейлерді қабылдаудағы 6 %-дық шектеу туралы заңның орындалуын уақытша тоқтата тұруға қол жеткізді, ал 1923 жылы – Польшада осындай заңның қабылдануына жол берілмеді. Осы кезеңдерде Ұлттар лигасы Польша, Украина және Прибалтика елдерінен қудалаудан Батыс және Орталық Еуропаға қашқан босқындардың жағдайын жеңілдетуге тырысты. Осындай және басқа аталмыш оқиғалардың орын алуында Ұлттар лигасында осы мәселелерді талқылауды негізінен – Еврей агенттігі, Альянсі, Борд оф депьютиз, Ағылшын-еврей ассоциациялары, Еврей делегацияларының комитеті сынды еврей ұйымдары ұсынып отырды [23].

Еуропадағы және басқа аймақтардағы жалпы ахуалдың өзгеруіне байланысты (американдық оқшауланудың күшеюі, герман-кеңестік жақындасуы, жаңа құрылған ұлттық мемлекеттердегі национализмнің ушығуы, т.б.) шамамен 1923 жылдан бастап Ұлттар лигасының қызметінде саяси прагматизм және ұйымның бастапқы принциптері мен идеалына қайшы саяси мүдделер үлкен рөл атқара бастайды. Осындай өзгерген ахуалдың алғашқы зардап шегушілері ұлттық азшылықтар, әсіресе еврейлер болды. Ұлттар лигасының олардың құқықтарын қорғауы үнемі егеменді мемлекеттердің ішкі істеріне араласу ретінде қабылдана бастады, ал Ұлттар лигасының өзі даулы мәселелерді шешу барысында шегіністерге және келісімге бару жолын таңдап, беделі мен ықпалын жоғалта бастады. Осының нәтижесінде бірқатар еуропалық елдерде мәдениет, білім беру, экономика және азаматтық құқық саласында еврейлерді нәсілдік кемсіту басталған кезеңде Ұлттар лигасының бұған тиімді қарсы тұру мүмкіндіктері қысқарды. Ұлттар лигасының қызметінде оның мүше-мемлекеттерінің (ең алдымен Ұлттар лигасы Кеңесінің тұрақты мүшелерінің) талаптары мен амбицияларына баса көңіл бөлу тенденциясы барынша күшейді. Бұған сәйкес келмеген қалған мәселелер маңыздылығы жағынан екінші кезектегілер ретінде қаралды немесе тіптен қаралмады. Осыған орай 1923 жылдан бастап ұлттық азшылықтардың, оның ішінде, еврейлердің Ұлттар лигасының мүшесінің әрекетіне қарсы шағым түсіру құқықтары орындалуы күрделі бірқатар шарттармен шектелді. Осы шарттардың бірінің орындалмауы арызды қарауды кері қайтаруға негіз болды. Оның үстіне әрбір шағым негізінде құрылатын комиссияның отырысы жабық есік жағдайында өтіп, оған мүдделі ұлттық азшылықтардың өкілдері қатыстырылмады. Ал сессиялары ашық болатын ұйымның Кеңесіне мұндай шағымдар өте сирек жіберілді. Өгеріс үстіндегі ахуалдың қауіпті симптомы 1926 жылғы Мело-Франконың (Бразилия) азшылық ұлттардың олардың уақыт өте ірі ұлттармен жұтылып қойылатындығын ескере отырып уақытша ретінде статусын анықтау туралы ұсыныс болды. Бұл ұсыныс қабылданбағанмен, оның О.Чемберлен сияқты жақтаушылары табылды. Бірқатар елдердегі еврей қауымдастықтарының ахуалының нашарлауы олардың Ұлттар лигасына шағымдарының қысқаруымен қатар жүрді, ал халықаралық еврей ұйымдары болса Ұлттар лигасына тиімсіз шағым жасағанша тікелей сол елдермен дипломатиялық келіссөздер жүргізуді жөн көрді [24].

Ұлттар лигасы бұл кезеңде (1923-1929 жж.) ұлттық азшылықтардың құқықтарын қорғау қызметінен бас тартпады, дегенмен, оларға нақты көмек көрсетуге қауқарсыз болды. Мысалы, 1925 жылы бұл уақытқа дейін антиеврейлік заңдар (заңнамалар аралас тектілерге, тіпті, христиан дінін қабылдаған еврейлерге де қолданылған) толық күшінде жұмыс істеп тұрған Венгриядағы еврейлердің жағдайын талқылай отырып, Ұлттар лигасының Кеңесі Венгрия үкіметінің қолайлы жағдай туғанда қалыптасқан ахуалды түзейміз деген уәдесін ескерумен ғана шектелді. Осы уақытта Ұлттар лигасы Польша үкіметінің еврейлерге қатысты жоғарыдағыға ұқсас әрекетіне тіпті араласуға тырыспады, ал Ұлттар лигасының 1924-1925 жылдары Грекиядағы Салоник аталған еврей қауымдастығын қамқорлығына алу әрекеті нәтижесіз аяқталды. Еврей диаспораларына бұл кезеңде екі рет бірқатар көмектер берілді: оның біріншісі, 1923 жылы қабылданған реакциялық заңмен бетпе-бет қалған Латвиядағы еврей қауымдастығына (мұнда Ұлттар лигасының қысымымен аталмыш заң біршама уақыт еврейлерге қарсы қолданылмады), екіншісі 1924 жылы Бавариядан күштеп қоныс аударылу қаупі төнген Польшадан босқан еврейлерге (бұл апаттың алды Ұлттар лигасымен емес, керісінше, халықаралық еврейлік ұйымдардың күш салуымен алынған болатын) көрсетілді [25].

1920-жылдардың аяғынан негізінен саяси тепе-теңдікті орнатуға қол жеткізуді ойлап, бас қатырған Ұлттар лигасы уақыт өте ұлттық азшылықтарға қатысты ең ауыр заң бұзушылықтардың да алдын алуға қауқарсыз болды. Бұл жағдай жалпы әлемдегі ахуалдың күрделенуімен байланысты еді. Осы кезеңдегі бірқатар мемлекеттердің өз халықтарының құрамындағы ұлттық азшылықтардың тағдырына көз жұма қарауы мұндай ұлттар мен этникалық топтарға ешқандай тараптардан нақты қамқорлықты күтуге мүмкіндіктің жоқтығын көрсетті. Мұндай тұжырымдаманың қалыптасуы Ұлттар лигасына келіп түсетін шағымдардың күрт тоқтауына әкелді. Бұл уақытта ұйымға тек түрлі елдердегі орын алып отырған антисемитизмнің етек алуы жөніндегі меморандумдар бағытталып отырды. Германияда билік басына фашистердің келуі Ұлттар лигасының бастапқы идеалдарынан айырылғандығын білдірді. Тек Жоғарғы Силезияда ғана Ұлттар лигасы 1933 жылы мамырда еврейлер құқықтарының қайта қалпына келтірілуіне қысқа мерзімге болса да қол жеткізе алды. Алайда сол уақытта ұйымға Американдық еврейлік конгресімен және басқа еврей ұйымдарымен Германиядағы нацистік билік тұсындағы еврейлердің ауыр жағдайы туралы түсірілген петиция Ұлттар лигасымен мүлдем қарастырылмайды. Неміс еврейлерін қуғындаудың күшейгендігі жөніндегі шағымдар 1933 жылдан қайта көбейеді, бұл жәйттер туралы дипломатиялық және консулдық есептер де дәлелдер келтірді. Бұл мәселе Ұлттар лигасының Кеңесінде 1933 жылы қазан және 1934 жылдың қаңтар айларында екі мәрте талқыланғанмен, ешқандай нақты шаралар қабылданбады. Ұйым ұлттық азшылықтар туралы келісім-шартқа қол қоймаған мемлекеттер дегенмен де дұрыс жолға түсер деп, үміттенумен болды.

1933 жылы Германияның Ұлттар лигасынан шығуы, одан кейінгі Польша, Румыния және Венгрияның ұлттық азшылықтар туралы келісім-шарт бойынша міндеттемелерді орындаудан бас тартуы (бұл елдерде антиеврейлік заңдар қабылданған болатын, жалпы, Чехословакия, Эстония және Финляндиядан басқа Шығыс және Орталық Еуропаның барлық елдері осындай жолға түсті), Абиссинаға (Эфиопия) қарсы агрессия жүргізген Италияға қарсы қабылданған санкциялардың тиімсіздігі, - осылардың барлығы Версаль бітім келісім-шартымен құрылған халықаралық қатынас жүйесінің толық күйреуін, және оның кепілі – Ұлттар Лигасының банкроттығын білдірді. Ұлттар Лигасы өзінің беделін сақтап қалуға бағытталған соңғы сәтсіз әрекетінен (Данциг еврейлерінің қудалану оқиғасымен байланысты) кейін тіпті Германиядағы 1935 жылы қыркүйектегі Нюрнберг заңдарының қабылдануына ешқандай пікір білдірмеді. Бұл заңдар Германия еврейлерінің физикалық түрде өмір сүруіне нақты қауіп төндіретін еді. Ұлттар Лигасының Германиядан кеткен еврей эмигранттарының ағымын жеңілдету әрекеті де нәтижесіз аяқталды. Ұйым бұл бағытта босқындарға ұсақ-түйекке баланатын көмектер (азаматтық әперу, босқындардың құжаттарын жөнге келтіру, т.б.) көрсетті [26].

Ұлттар Лигасының қызметі белгілі-бір дәрежеде еврей мәселесінің Ұлыбританияға Палестинаға мандат берумен байланысты бөлігінде сәтті жүзеге асты деп айтуға болады. Ұйымның мандаттық комиссиясы мандатты иеленуші-елдің мандат шарттарын толық орындауын қадағалау бағытында үлкен жұмыстар атқарды (Палестина жоғарғы А категориялы мандаттық территорияға жатты, сондықтан да, Ұлыбританияға ол елді тәуелсіздік алуға дайындау міндеті жүктелді). Дегенмен, Ұлттар Лигасы аталмыш қызметті орындау барысында жаңа туындаған қиыншылықтарға кезікті. Себебі, империялық мақсаттарды көздеген Ұлыбританияның саясаты еврей-араб қайшылықтарын қанағаттанарлық түрде шеше алмауына байланысты бұл аймақта антиеврейлік бағыт күшейді. Соған қарамастан ұйымның мандаттық комиссиясы мандатор-елдердің жыл сайынғы есептерін талқылап отырғанмен, олардың мандатын созуға мәжбүр болды. Осының нәтижесінде 1930-жылдардың ортасына қарай нацистік Германия тарапынан жүргізілген геноцидтен еуропалық еврейлерді қорғаудан қауқарсыз қалған Ұлттар Лигасы еврейлер бас сауғалай алатын жалғыз жер – Эрец-Исраэльде осы ұлттың құқықтарын шектеу жасап отырған британдық саясатқа да қарсы төтеп бере алмады [27].

 






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных