Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Тақырып. Криминология түсінігі, пәні мен міндеттері




Криминология қылмыстылықтың мәнін және қалпын, оның өзгеру заңдылығы мен себептерін, қылмыскердің жеке тұлғасын, қоғамға қарсы көзқарастар мен бағыттарды қалыптастыратын факторларды және қылмыстылықтың алдын алу жолдары мен тәсілдерін зерттейтін ғылым болып табылады.

Криминология пәні қылмыстылық, қылмыстылықтың себептері мен шарттары, қылмыстылықтың алдын алу секілді үлкен элементтер кешенінен тұрады. Тәлімгерлер ғылымдар жүйесіндегі криминологияның орны жайында мәселе әлі күнге дейін даулы екенін ескеруі қажет. Оны қылмыстылық социологиясы, социологиялық құқықтық ғылым, пәнаралық ғылым саласы, кешенді ғылым деп атайды. Біздің елімізде криминология құқықтану шеңберінде пайда болып, қылмыстық құқықтық саладағы жалпы теориялық ғылым ретінде дамыған. Криминологияның орны қылмыстық құқық емес саладағы құқықтық ғылымдар жүйесінде, сол сияқты криминология социология, психология, статистика, демография және басқа да қоғамдық, нақты жаратылыстану ғылымдарымен арақатынаста игерілуі керек.

Криминология жүйесін оның пәнін құрайтын өзара байланысқан белгілі бір тәртіптегі элементтер жиынтығы ретінде қарастыру керек.

Қолданыстағы заңнамада қылмыстылықтың шектері көрсетілген, бірақ криминологиялық зерттеу шектері одан ауқымды болып келеді. Қоғам мен заңнама өзгергенде қылмыс және қылмыс емес әрекеттер мазмұны мен шектері де өзгереді. Криминологтар да басқа ғалымдар секілді қоғамдық қауіпті әрекетті қылмыстандыру (криминализациялау) және бұрын қылмысты әрекет саналған іс-әрекеттерді ондайлардың қатарынан алып тастауға (декриминализациялауға) себін тигізеді.

Криминологияның Жалпы бөліміне ғылым және тәжірибе үшін қажетті алғашқы ережелер енгізілген, Ерекше бөлімін қылмыстылықтың нақты көріністеріне қатысты қолданылатын криминология пәнінің негізгі элементтерін зерттеуші жеке криминологиялық теориялар құрайды.

Қылмыстылықтың алдын алуға бағытталған тиімді шараларды жасақтау – криминология ғылымын сараптау, болжау, саралау міндеттерін жүзеге асырады.

«Криминология» термині латынның «crimen» - қылмыс және гректің «logos» - ілім сөздерінен құралып, тура аудармасында қылмыс туралы ілімді білдіреді. Дегенмен, мұндағы қылмыс деп отырғаны нақты жасалған қылмыс емес, ол осы секілді құбылыстарды жинақтайтын ұғым. Сондықтан оны «қылмыстылық» сөзінің мағынасында түсіну керек.

Криминология – бұл әлеуметтанымдық құқықтық, пән аралық ғылым, сонымен бірге заңнаманың кешенді саласы.

Криминологияның шығу тегі мен түсінігінің не қоғамдық, не құқықтық, не жаратылыстанымдық екендігі жайлы даулар әлі күнге дейін жалғасып келеді. Криминологияның англосаксондық жүйесінде оны социологияның бір бөлігі деп қарастырады, сондықтан ол әлеуметтанымдық колледждерде оқытылады. Континентальдық доктринада криминология қоғамдық және жаратылыстанымдық ғылымдар арасындағы пәнаралық ғылым ретінде қарастырылады. Итальяндық ғылымда басты акцент криминологияның биологиялық қырына аударылса, француздарда адамдағы психологиялық және психиатриялық аномалияларға байланысты клиникалық қырына аударылады. Германияда екі бағыт қабаттаса жүрген – биологиялық және әлеуметтанымдық, дегенмен соңғысының үстемдігі айқын көрінеді.

Отандық криминологияның кеңестік кезеңінде криминологияның жаңа ғана аяқ басып келе жатқан 1963-жылы кеңестік криминологияның негізін қалаушылардың бірі профессор А.А.Герцензон криминология қылмыстық құқықтың құрамдас бөлігі деген болатын. Әйтсе де, криминология қазіргі кезде басым көпшілігінде заңгерлер тарапынан игеріліп отыр, әрі ол тек заңгерлік білім жүйесінде ғана оқытылып келеді. Формальды түрде ол қылмыстық құқық пен қылмыстық атқару құқығымен рәсімделген. Дегенмен, оған қарамастан криминологияның өзіндік дербес зерттеу заты, әдістері мен категориялары тиянақталған. Криминология қылмыстылықты әлеуметтік аспектте түсінуге бел байлаған; ол қылмыстылықты адамзат тарихымен ұштаса жүретін әлдебір қоғамдық үрдіс ретінде қарастырады.

Осы негізде біз криминологияны қылмыстылықтың мәні мен көрініс формаларын, оның себептері мен заңдылықтарын, өзгеруін, қылмыс жасаушы субъекттердің тұлғасын, осындай келеңсіз құбылыстың алдын алу мақсатында оның себептері мен шарттарына әлеуметтік ықпал ету заңдылықтары мен формаларын зерттеумен айналысатын әлеуметтанымдық құқықтық ғылым ретінде анықтай аламыз.

Әдебиеттерде криминологияның зерттеу заты әралуан анықталады. Атап айтсақ, А.А.Герцензон «Введение в советскую криминологию» атты еңбегінде оған «қылмыстылықты, оның себептерін зерттеу мен қылмыстылықтың алдын алу шараларын әзірлеуді» жатқызады. 1966-жылы криминология бойынша жарияланған алғашқы оқулықта ол қылмыстылық көрсеткіштерімен, оның көрініс беру формаларымен, жай-күйімен және динамикасымен толықтырылған. Арада он жыл өткен соң криминология затына қылмыскер тұлғасы қосылды. Бірқатар ғалымдар криминология затына қылмыстылықты зерттеу әдістерін дайындауды да жатқызады – криминологиялық әдістемені, қылмыстылықты болжауды, оған қарсы күресті жоспарлауды, ауытқушы мінездің қылмыстық емес формаларын, әрі оларға байланысты «фондық» құбылыстарды.

Мұндай жағдайдың басты себебі кез келген ғылымның категориялық апппаратының қатып қалған догма еместігінде жатыр. Ғылым мен техниканың дамуы оның мазмұндық аппаратына да өз әсерін тигізбей қоймайды.

Осы аталған жағдайлар криминология сияқты жас ғылымдарға тән қасиет. Мысалы, аталған эволяция барысында криминологияда «қылмыскер тұлғасы», «виктимология» сияқты институттары жеке ажыратылған болатын.

Криминология затын дұрыс түсініп, оны мазмұны мен шектерін дұрыс анықтау үшін, сол сияқты криминологияның басқа ғылымдармен арақатынасын дұрыс анықтап алу үшін криминология затын оның объектісімен салыстырып, аражігін айқындап алған жөн.

Социологияда объект деп танылып жатқан және әлі де болса танылып бітпеген нәрсені айтады. Зат деп әлдеқашан айқындалған, белгілі бір қырынан бекітілген, алайда әрі қарай зерттеуге жататын нәрселерді, құбылыстарды, үрдістерді айтады.

Осы айтылған тұрғыдан келер болсақ, криминология объектісін қылмыстылық және оны туғызатын себептерді бейтараптандырып, олардың шарттарын реттеуге бағытталған әлеуметтік шараларды қолдануға байланысты адамзат қызметі құрайды. Криминология заты болса аталған объекттердің нақты қырлары мен көріністері болады. Қазіргі кезде криминология затына қылмыстылықты, оның себептері мен шарттарын, сонымен қатар нақты қылмыстың себептері мен шарттарын, қылмыскер тұлғасын зерттеу, қылмыстылықтың және нақты қылмыстардың алдын алу шараларын әзірлеу жатады. Олар криминология затының негізгі элементтері. Дегенмен олар ғылым затын біржолата айқындай алмайды. Сонымен бірге, олар қылмыстылықты талдау әдістемесі, қылмыстық емес, қоғамға жат мінез, криминологияның даму тарихы, жеке криминологиялық теориялар сияқты институттарды қамтиды.

Жеке криминологиялық теориялар деп қылмыстылықтың жеке түрлерінің заңдылықтары мен оларға қарсы күресті баяндайтын қылмыстылықтың айтарлықтай дербес проблемаларын айтады. Осындай жеке криминологиялық теориялар қатарына қылмыстардың жеке түрлері мен қылмыстық мүнез үлгілерінің (күш қолданумен жасалатын қылмыстылық, пайдакүнемдік қылмыстылық, абайсыздағы қылмыстылық және т.с.с.) криминологиясынан басқа мыналар жатады: кәмелетке толмағандар мен жастардың, әйелдер мен рецидивтік қылмыстылықтың криминологиялық аспекттері; қала және ауыл, тұрмыстағы және бос уақыттағы қылмыстылық. Криминологиялық проблемалар қылмыстан жәбір шеккен адамдардың мінездерін, отбасындағы қатынастарды зерттегенде де пайда болады (виктимология).

Негізгі әдебиеттер: 5 бөлімде көрсетілген: 1,2,8 әдебиеттерді қараңыз.

Қосымша әдебиеттер 5 бөлімде көрсетілген: 17,18,22,26,35,37,40,42,46,48 әдебиеттерді қараңыз.

2-тақырып. Криминологиялық зерттеу әдістері мен әдістемесі

Бұл тақырыпты игеруде «әдіс», «әдіснама», «әдістеме» секілді түсініктерді анықтап алған жөн. Жалпы алғанда, әдіснама – зерттеу әдістерінің жиынтығы, әдістеме – белгілі бір объектіні ғылыми зерттеу әдістері мен жолдары туралы ілім.

Криминологиялық зерттеуде танымның жалпы ғылыми әдістері қолданылады: абстрактіден нақтыға өту, гипотеза, жүйелі құрылымды саралау, тарихи әдіс, салыстыру, динамикалық және статистикалық әдістер. Сонымен қатар, криминологиялық зерттеуде танымның нақты әлеуметтік әдістері кең қолданылады. Олар: құжаттарды зерттеу немесе қылмыстық іс материалдарын саралау, сұрастыру (анкета, интервью), бақылау, эксперимент.

Криминологияның пәнаралығы қылмыстылық жөнінде хабарларды жинау, қарастыру және саралау әдістерінің кешендігін көрсетеді. Қылмыстылық жөніндегі хабар толық, нақты, уақтылы, біркелкі және кешенді болуы керек.

Криминологиялық зерттеу бағдарламасында қандай сұрақтар қарастырылатынын студенттер жақсы білуі керек. Олар: 1) алдыңғы зерттеу нәтижесі мен әдебиеттері берілген саралау жағдайын ескере отырып, зерттеуге шалдығатын мәселелер; 2) зерттеу мақсаты мен міндеттері; 3) гипотеза; 4) зерттеу әдіснамасы және алынған хабарды жалпылау.

Статистикалық әдістер. Криминологиялық ізденістерде статистикалық әдістер неғұрлым көп қолданылады. Ол қызықтыратын жағдайлардың көп санын зерттеуге мүмкіндік береді және алынған статистикалық мәліметтер негізінде заңдылықтар мен өзара тәуелділіктерді анықтауға, дәйекті жалпылауға, кездесоқтық пен бір реттіліктен тұрақтылыққа, көптілікке және заңдылыққа ауысуға негіз жасайды.

Негізінен, криминологиялық ізденістерде статистикалық іріктеуді пайдаланады. Іріктеу әдісінде немесе іріктемеде (ішінара бақылау) тұтасты толық зерттеу орнына зерттелетін айғақтар мен құбылыстардың барлық жиынтығы бойынша қорытынды жасауға болатындай айтарлықтай өкілді (репрезентативті) бөлігі алынады. Алайда іріктемелі зерттеу жүргізгенде іріктелген бөліктің толық массаның ойдағыдай өкілі болмай қалу қатері, сол сияқты жаппай және іріктеп бақылау нәтижелері арасында айтарлықтай сәйкессіздіктер орын алу, репрезентативтілік қателігі болу қаупі де бар. Дегенмен, статистика теориясында анықталған формулаларға негізделе отырып, осы қателіктің ықтимал шамасын анықтап, іріктеп алынған бірліктің қажет санын жағдайды бағалауда рұқсат етілетін шектерінен аспайтын дәрежеде атқаруға болады.

Іріктеу барысында мына шарттардың орындалуы маңызды: а) іріктелген бөлік барынша көп болуы керек, сонда ғана онда зерттелетін құбылыстардың материалдық тегімен шартталған объективтік заңдылықтары көрініс бере алады; б) осы бөлікті құрайтын бірліктер кездейсоқ алынуы керек, яғни ол бақылаушының еркіне немесе қызығушылығына байланысты болмауы керек. Сондықтан зерттелуші жиынтықтың әрбір бөлігінде іріктеуге алынатындай тең мүмкіндік болуы керек.

Осы шарттар орындалғанда ғана іріктемелі зерттеу ғылыми негізделген, яғни іріктеу теориясына сай деп таныла алады. Іріктемелі бақылау әралуан әдістермен ұйымдастырылуы мүмкін. Математикалық статистикада іріктеудің келесі әдістерін ажыратады: қарапайым, кездейсоқ, жүйелі, үлгілі, сериялық, екі сатылы, аудандырылған, квота қағидасы бойынша іріктеу және т.с.с.

Қазіргі кезде статистикада кездейсоқ әдісіне көп сенім білдіреді.

Сауалнама әдісі. Сауалнама қоғам өмірінің саналуан қырларын зерттеудің неғұрлым кең тараған әдісі. Оның мақсаты – сауалнама алынушы адамдардың сөздері негізінде объективтік және субъективтік айғақтар алу. Көптеген криминологиялық міндеттерді сауалнама жүргізбей орындау тіпті мүмкін емес: қылмыстық құқық нормалары туралы, құқық қорғау органдарының беделі туралы халық пікірі, құқықтық сана, құқықтық насихаттың тиімділігі және т.с.с.

Социологияда, қылмыстық құқықта, криминологияда және әлеуметтік психологияда қолданылатын сауалнаманың барлық әдістерін екі топқа ажыратады: анкета және интервью. Анкетада ақпарат алдын ала дайындалған сұрақтарға респонденттердің жазбаша жауаптарын ал арқылы жүргізіледі. Интервью – бұл сұхбатшы қойылған сұрақтарға ауызекі жауап беретін үрдіс.

Анкета және интервью алу әдістерінде бастысы – сұрақтарды дұрыс құрау және сауалнама техникасын дұрыс таңдау. Субъективті бағалау мен пікірлерді сәйкес объективтік мәліметтермен салыстыруға келгенінде ғана сауалнама табысты нәтижелер бере алады.

Сонымен қатар, криминологияда келесі әдістер де жиі қолданыста болады: бақылаушы топ әдісі; эксперимент; сарапшы бағамы; социометрия; құжаттық әдіс.

Жеке криминологиялық проблемаларды зерттегенде ізденушілер бақылаушы топ әдісіне жүгінеді. Мұндайда екі немесе одан да көп топ алынады, олардың бірі негізгі болса, қалғандары бақылаушы топ болады. Зерттелуші топтан басқа топтардың барлығы бүкіл белгілері жағынан теңестірілуі керек. Негізгі және бақылаушы топты зерттеу нәтижелерін салыстыру арқылы негізгі топқа қатысты заңдылықтарды анықтауға болады.

Эксперимент, яғни ғылыми ұйымдастырылған тәжірибе – жаңа немесе бұрыннан белгілі болған айғақтарды дәлелдеуге, оларды қортынды шығаруға, гипотеза қалыптастыруға, артынша заңдылықтарын айқындауға дайындауға мүмкіндік беретін әлеуметтік болмысты танып-білудің маңызды әдістемелік тәсілдерінің бірі.

Криминология проблемаларын зерделегенде эксперимент әртүрлі сипатта қолданылады. Ол экономикалық, әлеуметтік-психологиялық сипатта бола алады, алайда қайтсе де оның мақсаты бір ғана – қылмыстылыққа қарсы күрес деңгейін көтеретін әлдебір шараларды негіздеу.

Қылмыстылыққа қарсы күрестің көптеген институттары мен шаралары тек тәжірибеден өту арқасында ғана енгізілгені белгілі. Мысалы, қазіргі кезде көп қолданыста болып жүрген түзеу колониясының колония-қоныс сияқты түрі алдымен эксперименталдық тексерістен өткені мәлім.

Негізгі әдебиеттер: 5 бөлімде көрсетілген: 1,2,3,4,5,6,7,8 әдебиеттерді қараңыз.

Қосымша әдебиеттер 5 бөлімде көрсетілген: 10,11,14,27,28, 40-44, 47-48, 54-55 әдебиеттерді қараңыз.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных