ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Халифа Әбу Бәкірдің заманындағы көрші елдерге жасалған жорықтарХалифа Әбу Бәкір ридда әрекетін толықтай басқаннан соң Араб түбегінен тысқары аймаққа жорықтар жасауға көшті. Оның заманындағы жорықтарды Ирак және Сирия бағыттары деп екіге бөліп қарастыруға болады. Бұл – сол заманның екі алпауыт империясы Византия мен Сасанидтік иран шахтығымен мұсылмандардың бетпе-бет келуі деген сөз. Себебі, мұсылмандардың көз тіккен Сирия аймағы Византияның, ал Ирак Сасанидтердің бақылауында еді. Византия мен Сасанид империяларына қарсы соғыс ашу, олардың шекараларына әскер жіберу ең маңызды әрі қауіпті қадам болатын. Өйткені аталған екі империя да соғыс тәжірибесіне жетік болатын. Сонымен қатар олар мұсылман арабтардың шығара алатын әскерінен саны жағынан әлдеқайда артық болатын. Оның есесіне мұсылман арабтар даланың өмір-тіршілігіне, ыстық-суығына әбден бейімделген, егер жеңіле қалса шөл далаға жасырына алатын, кең құмды алқапқа сіңіп кете алатын шағын қолдардан тұрды. Мұсылман арабтардың алға қойған ең басты мақсаты - әлем халықтарына таралуы тиіс ислам дінін насихаттау сенімі жоғары болды. Осы рухани қуат арқылы мұсылман арабтар халифа Әбу Бәкірдің уақытынан бастап, әлемдегі кең аймаққа ең шапшаң түрдегі жорықтарын бастады. Мұсылман арабтардың жорық жасауынан бұрын Византия мен Сасани империялары көп уақыттан бері жүргізіп келген шайқастардан бір-бірін әлсіретуі – мұсылмандардың жүргізетін соғысына тиімді әсерін тиізді. Аталған империялардың әртүрлі халықтардан және әртүрлі діндер мен ағымдарға сенетін халықтар құралған азаматтарын үнемі таптау және қанау саясаты билеуші тап пен бұқара халық арасындағы байланыстың тамырына балта шапты, олардың бір-біріне деген наразылығын тудырды. Бұл Византия мен Сасани билігіндегі халықтардың мұсылман арабтарды құтқарушы ретінде бағалауына жол ашты, сондықтан, олар мұсылман арабтардың жорықтары кезінде жаулаушыларға көмек берді. Сонымен қатар мұсылман араб әскерлерінің исламға сенім қуатымен және әділ әрекетімен аталған империялар аз уақыттың ішінде тізе бүкті. Иракқа жорықтар. Халифа Әбу Бәкір Араб түбегінен тысқары аймаққа жасалатын жорықтың басында алдымен Арабстан мен Сасани және Шығыс Рим империя арасында орналасқан Ирак аймағына көз тікті. Ислам дінін тарату жолында ардақты Пайғамбар бастаған стратегияны жалғастыру үшін Сасанидтердің қол астына қарайтын Ефрат өзенінің оңтүстік жағалауындағы аймақтарға әскер жіберу қажет болатын. Ондағы алғашқы нысана Хира территориясы болды. Әбу Бәкір халифа ретінде сайналған кезде Хира аймағында парсылар мен арабтар арасында қақтығыстар орын алып жатты. Осы укезде араб текті Мусанна бин Хариса аш-Шайбани парсылармен жасаған шайқастарында қосымша қуат алу үшін Мединеге келіп, Әбу Бәкірмен кездесті және өзін Сасанидтермен соғысуға міндеттеуді өтінді. Халифа оның тілегін қабылдап, оның мұсылмандар атынан соғысуына мүмкіндік берді. Мусанна мұсылман әскерімен парсыларға қарсы елеулі жорықтарға кірісті. Одан соң Халид бин Уалидтің Ирак аймағына жіберілуімен аталған аймақта жоспарлы жорықтар басталды. Халид бин Уалид Ирак шекарасынан өткеннен соң оның әскеріне қосылған Мусанна бин Хариса және басқа да қолбасылармен бірге Парсы шығанағының порты қаласы Убулланы басып алды. Оның артынан парсылардың әскери бекінісі сипатындағы Хубайра қаласы алынды. Мұсылман араб әскерлері одан соң бірін соғысу, енді бірін келісім жасасу арқылы ірілі-ұсақты бірнеше қоныс орталықтарын бағындырып, Хираға жетті. Мұсыл араб әскерлері Хираны қорғауға алып халқының берілуіне шақырды. Қоршау бірақ уақытқа созылғаннан соң, Халид бин Уалид қамалдағыларға хабар жіберіп, қала басшыларымен кездескісі келетінін мәлімдеді. Осыған байланысты бір дін басы мен қала әкімі мұсылман әскерінің ордасына келді. Кездесуде қамалдан келгендер ислам дінін қабылдамайтынын, оның есесіне жизия салығын төтейтінін және бейбіт келісімге келетінін мәлімдеді. Осылай Хира халқымен келісім жасалды. Осы келесімде халифа Әбу Бәкір хиралықтардың құқықтарын қорғайтынын, сол аймақта өмір сүретін тайпалармен де бейбіт келісім болатынын және осы аймақ мұсылман арабтардың бақылауында болатынын ескертті. Ирак аймағының ішіне ене отырып, мұсылман арабтар Хираның солтүстігінде орналасқан Барусма (Баникия) қаласына жетті. Қала басшылары соғыспастан Халид бин Уалидпен бейбіт келісімшартына қол қойды. Мұсылмандардың ендігі нысанасы Анбар қаласы болатын. Аталған қала Сасани империясының басты астық және қару-жарақ қоймасы орналасқан стратегиялық маңызға ие болатын. Қала халқы бастапқыда қарсылық көрсеткенімен жеңілетіндігіне көзі жеткеннен соң келісімге келуге мәжбүр болды. Халид бин Уалид Анбар қаласынан соң Айнуттамр деген аймаққа аттанды. Мұнда парсы әскерлерінен құралған көп санды армиямен және Бани Намир, Тағлиб, Ияд және басқа да тайпалардан құралған араб әскері орналасқан еді. Аз уақытқа созылған қоршаудан соң мұсылман арабтар қаланы басып алды. Осылай Парсы шығанағынан Айпуттамрге дейінгі Ефрат өзенінің жағалауындағы аймақтар мұсылман арабтардың бақылауына өтті. Осы жорықтардан соң халифа Әбу Бәкір Халид бин Уалидті Сирияны жаулауға жіберді. Ал аталған қолбасының көмекшісі Мусанна бин Харисаға бағындырылған осы аймақтарды Сасанидтерден қорғау және жаңа жорықтарды жасау міндеттелді. Сирияға жорықтар. Ридда әрекеттері бастырылғаннан соң Әбу Бәкір Иракқа жасалған жорықтармен қатар, яғни бір уақытта Сирияға да жорықтар жасады. Осылай христиан арабтардан өтіп өзге халықтармен бетпе-бет келуді жоспарлады. Жорыққа қажетті дайындықтар жасалғаннан соң мұсылман араб әскерлері 633 жылдан бастап, Сирия территроиясына кіріп, әр түрлі жерлерге ордаларын тікті. Әбу Убайда бин Жаррах Жабиядағы лагерге, Язид бин Әбу Суфиян Белкадағы әскери ордаға, Шурахбил бин Хасана Иордания лагеріне, Амр бин әл-Ас Араба лагеріне жіберілді. Мұсылман арабтардың Сирия территориясына басып кірген хабар аз уақытта Византия императорының құлағына жетті. Осыған орай император Геракл бауыры Феодорды қолбасшы етіп үлкен армияны жорыққа аттандырды. Араба өлкесіне орналасқан және қарсыласымен текетіресуі мүмкін емес екенін білген, қол астында аз ғана әскері бар Амр бин әл-Ас жағдайды халифаға жеткізді. Осыған орайц халифа Иракты жаулап жүрген Халид бин Уалидті Сирияға жіберді. Халид бин Уалидтің Сирияға қарай келе жатқанын естісімен Византия қолбасшысы тұрған жерінен Ажнадайнға қарай беттеді. Осы кезде Сирияның әралуан аймағында әскери лагер тіккее мұсылман қолбасылары да Халид бин Уалидтің әскеріне қосылу үшін шұғыл Ажнадайнға аттанды. Соңында екі жақтың әскері де бір-бірімен кездесті. Сирия аймағында мұсылман арабтар мен византиялықтардың бетпе-бет келген алғашқы үлкен шайқасы – Ажнадайн шайқасында мұсылман әскерлері жеңіске жетті (634 ж.). Бұл жеңіс мұсылман арабтарға Сирияға даңғыл жол ашып берді. Халифа Әбу Бәкірдің дүние салуы. Ажнадайн шайқасы болып жатқан кезде Әбу Бәкір науқастанды. Тіпті науқасы күн өткен сайын асқына түсті. Дүниеден өтуінен бұрын ол орнына Омар бин Хаттабты халифа ретінде ұсынып кетті, ол осы ұсынысын өсиет жазбасында жазып қалдырды. Әділдігімен мұсылмандарды басқаратынына сеніп ол Омарды өзінің ізбасары ретінде қалдырды және мұсылмандардың оған бағынуын ескертті. Ол өзін жерлегеннен жорықтарды соң одан ары жалғастыруын Омардан өтінді. Байтулмалдағы аманаттардың орындалуын және өзін ардақты Пайғамбардың қасына жерленуін қызы Айшаға өсиет етті. Ол мұсылмандармен қоштасып, Ажнадайн жеңісін естігеннен аз уақыт ішінде 63 жасында көз жұмды (634 ж.). Жаназасын Омар шығарғаннан соң ардақты Пайғамбардың жанына жерленді. Лекция Халифа Омар бин Хаттаб дәуірі (634-644 жж.) Хазіреті Омар – Хулафа Рашидин дәуірінің екінші халифасы. Он жыл бойы халифалық тақта отырған Омар бин Хаттаб ислам тарихында маңызды да елеулі қызметтер қалдыруымен ерекшеленеді. Оның билігі заманында сасани империясы тарих сахнасынан біржола қош айтысты, ал Византия империясы Сириядан, Мысырдан және Анатолияның шығыс аймағынан айрылды. Омар өзінің мемлекет басқару шеберлігінде, дінді түсінуде және түсініктеме жасауда мұсылмандарға үлгі боларлық мол мұралар қалдырды. Құрайш руының Ади тармағына жататын Омар пайғамбарлықтың алтыншы жылы 26 жасында мұылмандықты қабылдағандығы баяндалады. Осыған қарағанда оның туылған жылы 590 деп жорамалданады. Келесі бір мәліметке қарағанда Омар Меккеде пайғамбарлықтан отыз жыл бұрын дүниеге келген. Ата-тегі Қааб бин Луайда Пайғамбар ата-басына барып қосылатын Омардың әкесі Хаттаб бин Нуфайл болса, анасы Махзум әулетіне жататын Хантама бинт Хашим болып табылады. Бала кезінде үйінің малдарын баққандығы, кейіннен саудамен айнасқандығы баяндалады. Оның сауда жасау мақсатымен Меккеден тыс аймақтарға сапар шеккендігі анық. Жахилия дәуірінде Мекке қала мемлекетінің «сифала» (елшілік) қызметі Ади әулетінің қолында болатын. Бір соғыс немесе түсініспестік шыға қалған жағдайда қарсы жаққа елші ретінде осы рудың бір өкілі жіберіледі және ол елшіліктен қайтқанда оның пікірі мен мәліметі негізге алынады. Сондай-ақ әулеттер арасында туындай қалған дау-дамайға Ади әулеті шешім жасауға құқықты болды. Сауатты болып өскен Омар жахилия дәуірінде де, ислам діні келгеннен кейін де елшілік қызметтерді атқарған. Омар бин Хаттаб мәнерлі сөйлейтін шешен болатын. Оның нақыл сөздері халық арасына танылып жататын. Ол тапқыр да тиімді шешім қабылдай білу қабілетіне де ие болатын. Тіпті, Пайғамбар, Әбу Бәкір және өз заманында айтқан шешімді ойлары осыған дәлел бола алады. Омардың мінезі қатал болатын. Ол бастапқыда исламға қарсы ең қатал ұстанымда болатын. Тіпті, Мұхаммед пайғамбарды өлтіруге дейін де барған. Бірақ, Құранның ерекше қасиеті жүрегіне терең ұялағаны соншалық Пайғамбардың ең сенімді серіктерінің біріне айналды, мұсылмандықты қабылдады. Омардың ислам дінін қабыладуымен Меккедегі мұсылмандар жаңа күшке ие болды. Бірақ, одан кейінгі замандардағы қиыншылықтарды Омар ардақты Пайғамбармен бірге көрді. Мединеге хижрет кезінде жиырма адамдық керуінмен бірге Ясрибке ашықтан ашық жол тартқан Омарға Құрайш мүшіріктерінің ешбюірі қарсы тұра алмады. Ол мединеде де Мекке қаласы алынғаннан кейін Меккеде де Пайғамбар атынан әйелдерден биат алған адам. Омар ислам дінін қабылдағаннан соң жаңа дінге белсенді қызмет жасаған адам. Бір мәселе жайынша шешім шығарарда Пайғамбардың басты кеңесшілерінің бірі де осы Омар болатын. Омар бин Хаттаб Бәдір, Ухуд, Хандек, Хайбар т.б. шайқастарға және жорықтарға қатысып, осы жорықтардың бірнешесіне басшылық жасаған. Омар барлық мәселелерде қатаң шаралар қоюмен ерекшеленеді. Ол Худайбия келісіміндегі Құрайш мүшіріктерінің пайдасына жасалған баптарына қатты қарсылық көрсетті, бірақ, Пайғамбар мен Әбу Бәкірдің көндіруімен ол райынан зорға қайтты. Пайғамбар ауыр науқастанып жатқан кезде хашимилердің Алиді халифа етуге талпыныстарына қарсы шығып, олардың Пайғамбарға өсиет жаздыртуға тырысуына кедергі болған деп айтуға болады. Пайғамбардың өлімінен соң туындаған проблемаларды халифалыққа Әбу Бәкірді ұсыну арқылы алдын алуда үлкен рөл атқарғандығы белгілі. Әбу Бәкірдің қысқа уақыттық халифалығындағы оның ең жақын көмекшісі, кеңесшісі де осы Омар болатын. Сондай-ақ ол қазылық қызмет те атқарды. Муғира бин Шубаның құлы Әбу Лулу Фируз ан-Нихавенди иесінің артық төлем ақы алатынына шағымданып, оның азайтуын сұрап Омарға келеді. Халифа оның темір, ағаш ұстасы, мүсінші екендігін естігенде Муғираның әлі де болса аз алып жатқандығын айтты. Осыған байланысты Әбу Лулу ертесіне таң намазында қанжармен Омарды жаралады да мұсылмандардың қолынан құтыла алмайтынын білген соң өзін де өлтірді. Ауыр жаланған Омар ұлы Абдуллаһты Айшаға жіберіп, одан Пайғамбар аяғының астына жерленуге рұқсат етуін өтінді. Айша да ризалығын берді. Екінші халифа жараланғаннан үш күннен соң дүние салды. Оның жаназасын Сухайб бин Синан шығарды. Омардың халифа сайлануы. Әбу Бәкір өлетінін сезгеннен соң өзінен кейін мемлекет басшысы ретінде сайлап кетуге бекінді және осы ойын мұсылмандар кеңесіне салды. Омардың осы іске қабілетті және жоғары ерекшелікке ие екендігін айтқандар болғанмен, оның тым қатал екендігін алға тартқандар да болды. Бірақ, Әбу Бәкір осы іске ең лайықты Омар екендігін атап айтты. Одан соң Омарды шақырып, оны Әбу Бәкір өзінен соң халифа ретінде белгілегендігін білдіретін өсиет жаздыртты және өсиетті халыққа оқытты. Халық осы өсиетті қабылдағаннан соң Омар екінші халифа ретінде сайланды (364 ж.). Али де Әбу Бәкірдің Омарды халифа ретінде сайлауына қарсы шықпады. Тіпті, ол Омарға алғаш биат еткендердің қатарында болды. Омар халифа сайланғанда адамдар оны «халифату халифати Расулуллаһ» (Алла елшісінің ізбасарының ізбасары) деп атайтын болды. Сонда Омар оны қабылдамай, «сендер мүмінсіңдер, мен сендеріңнің әмірлеріңмін», - деп, өзін мүміндердің әміршісі мағынасындағы «Амиру-л-муминин» деп атауын өтінді. Демек, ислам тарихында «амиру-л-муминин» атауы алған Омарға берілген. Омар дәуіріндегі жорықтар. Әбу Бәкір ардақты Пайғамбардың дүние салуынан шамамен алты ай ішінде Ридда әрекеттерін басып тастады. Одан соң Византия мен сасанилерге қарсы жорықтарды бастап жіберді. Пайғамбар елшісінің Византия территориясында өлтірілуімен басталған соғыс Палестинада жалғасын тапты. Келесі жағынан Пайғамбар дәуірінде Иран кисрасының Пайғамбар елшісіне жаман қатынаста болуы және Сасани территориясындағы арабтарға, ислам дініне кіргісі келгендерге қысым көрсетуі мұсылмандар мен Сасани арасындағы соғыстың туындауына себеп болды. Осы екі бағытқа жасалған жорықтарда Әбу Бәкір дәуірінде үстін үстіне жеңістермен сәтті жүзеге асып жатты. Омар халифа болысымен осы жорықтарды одан ары жалғастырды. Омар бір жағынан Сирия аймағын толықтай жаулап алуға талпыныс жасаса, келесі жағынан Иранға үстін үстіне әскер жіберіп отырды. Ирак бағытындағы жорықтар. Омар халықтың биатын қабылдап жатқан кезде, оларды Ирақ аймағына аттанғалы жатқан әскерге көмек беруге шақырды. Әбу Убайд ас-Сақафи осы үндеуге қосылып, жорыққа аттануға шешім қабылдады да мың әскерден құралған қол жолға шықты. Әбу Убайд жорықтары бастапқыда сәтті болғанымен «Көпір шайқасында» Ефрат өзенінің шығыс жақ бетіне өтіп пілдермен жарақтанған Иран әскерінен жеңіліс тапты. Осы жеңілістің орнын тек екі жылдан соң Саад бин Әбу Уаққас басшылығындағы мұсылман араб әскерінің Рустам басшылығындағы парсы әскерін жеңген «Қадисия» шайқасында ғана толтыра алды. Куфадан отыз шақырым оңтүстікте орналасқан Қадисияда болған бұл шайқаста зерттеушілердің мәлімдеуі бойынша мұсылман араб қолы 9000-10000 шамасында болса, Сасани әскерінің саны шамамен 70 000-80 000 адамды құрады. Сондай-ақ оларда отыз шақты піл де болды. Саад бин Әбу Уаққас шайқастан бұрын Сасани кисрасы ІІІ Яздижердке де, сасани армиясының қолбасшысы Рустамға да жеке елшілер жіберіп, исламды қабылдауға немесе жизия төлеуге шақырғанмен, олардың қатаң жәгне мазақ түріндегі жауаптарымен бұл талпыныс нәтижесіз аяқталды. Соңында екі жақ арасында шайқас басталып, ол үш немесе төрт күнге созылды. Мұсылман араб әскерлері соғыстың алғашқы күнінде пілдердің шабуылынан көп шығынға ұшырады. Кейінгі күндері де көп әскерінен айрылды. Бірақ, ақырында Сасани әскерінің қолбасшысы мұсылман араб әскерлері тарапынан өлім құшты да Сасани әскерінің қатары бұзылып, олар қаша бастады (636 ж.). екі жақтан да көп шығын болғанымен мұсылман араб әскерлері мол олжаға кенелді. Осы олжаның ішіндегі ең бағалысы – «дирефши қауиани» атындағы Иран туы болатын. Қадисия шайқасы – ислам тарихындағы ең маңызды жеңістердің бірі. Осы шайқастан соң Солтүстік Ирак пен Иранға бастайтын жолдар мұсылмандарға айқара ашылды. Иран әскері ауыр жеңілдіске ұшырады және Кисра ІІІ Яздижерд сарайларын мұсылман араб әсмкеріне тастап шығысқа қарай қашуға мәжбүр болды. Өйткені Саад бин Әбу Уаққас Қадисия шайқасынан соң империя астанасы Мадаинді (Ктесифон) нысанаға алған және аталған қаланы да басып алды (637 ж.). Қадисиядан қашқан Сасани әскерінің бір бөлігі мен кисраның жіберген әскерлер Жалулада жиналды. Осы аймаққа аттанған 12 000-дық мұсылман араб әскері ондағы Сасанид армиясын талқандап, аталған аймақты да бағындырды (637 ж.). оның артынан Хилванды, Ахвазды алды (638 ж.). Мұсылман араб қолбасшысы Нуман бин Муқаррин еш кедергісіз Рамахурмузға кірді, одан соң Тустарға келіп, кескілескен шайқастан соң Тустарды да басып алды (641 ж.) Одан соң Хузистанды, Мусулды және Эрдебилді бағындырған мұсылман арабтар Нихавенд жеңісінен соң Иракты жаулау әрекетін толықтай аяқтады. Иранның батысында Хамадан қаласының 60 шақырым оңтүстігінде орналасқан Нихавендете болған кескілескен шайқаста 30 000 әскерлік мұсылман араб қолының басшылығына Нуман бин Муқаррин тағайындалған болатын. Әскербасылықты Фирузан атқарған Сасани әскерінің саны жайында 60 000-нан 150 000 арасында әртүрлі мәліметтер беріледі. Олар көп санды пілмен де жарақтанған болатын. Үш күнге жалғасқан шайқастың соңғы күнінде Нуман бин Муқаррин қаза тапты, әскербасылық Омардың алдын ала тағайындаған сарбазы Хузайфа бин Яманға жүктелді. Шайқас нәтижесінде Сасани әскері жан жаққа бытырай қашты. Шайқастан соң Нихавендті қоршауға алған мұсылмандар соңында қаланы да басып алды (642 ж.). Нихавенд шайқасы ислам тарихында жаңа кезеңге аяқ басуды жүзеге асырды. өйткені сасанилер осы ауыр жеңілістен соң қайта әскер жинай алмайтын дәрежеге жетті. Нихавенд шайқасы Динавер, Хамадан және Исфахан сияқты Сасанилерге қарасты қалалар мен аймақтардың мұсылман арабтар қолына өтуін және сасанид империясының құлауын қамтамасыз етті. Осыған орай Нихавенд жеңісі «фатху-л-футух» (жеңістер жеңісі) деп аталды. Ардақты Пайғамбардың замандасы болып табылатын Хусрав Первизден соң Иранда қабілетті билеуші билік басына келмегендіктен мемлекет қатты әлдсіреген. Сарайдағылдар бір-бірімен қырғи қабақ болып, үкімет жиі ауысып отырды және белгілі бір шешімге билік басындағылар келе алмады. Халықтың көпшілігі сенетін маздак ағымы қатты қысымға ұшырады және билік басындағыларда көп жәбір-жапа көрді. Келесі жағынан несториан христиандары да еркін өмір сүре алмайтын. Ал мұсылмандардың ешбір сенім иесіне қысымдық көрсетпегеніне және дін тұрғысынан ешкімді қыспаққа алмағанына байланысты олар мұсылман араб әскерлеріне ақтысты. Мұсылман араб әскерлерінің жорықтарда әділ болуы, жергілікті халықтарға еркіндік беруі Ирандағы жорықтардың сәтті аяқталуына септігін тигізді. Сирия бағытындағы жорықтар. Омар билікке келгеннен соң Византияға қарсы жорықтарды одан ары жалғастыруды мақсат етті. Әбу Бәкір заманында болған Ажнадайн жеңісінен (634 ж.) соң халифа Омар заманында болған Фихл шайқасында да мұсылмандар Византия әскерін үлкен шығынға ұшыратты (635 ж.). Мұсылман арабтар Маржуссуффарда жеңілім Дамаскті паналаған Византия әскерінің артынан қуып қаланы қоршайға алды, одан соң басып алды (635 ж.). Осы Маржуррум шайқасында мұсылмандар жеңіске жетті. Осы кезде Балабек, Хумус және Хама қалалары да басып алынды. Мұсылман араб әскерінің осындай жетістіктеріне байланысты Византия императоры Геракл христиан арабтар мен армиян әскерлері қатысқан шамамен 50 000 мен 100 000 арасында әскер жасақтап, үстін үстіне болған осы жеңілістерге нүкте қоюды жоспарлады. Византияның соғыс дайындығын естіген Халид бин Уалид Хумус пен Дамасктағы әскерлерін шақырып, саны 25 000-ке жететін әскерімен Ярмук алқабында шеп құрды. Соғыссыз күтілген үш айдан соң 363 жылы болған шайқаста Византия әскері ауыр жеңіліске ұшырады және осы аймақтағы қалалардың барлығы мұсылмандардың қол астына өтті. Византия әскерінің басшысы Феодор өлім құшөқаннан соң оның аман қалған әскерлері Палестинаға, Антакияға, әл-Жазира мен Ирминияға (Армения) қашты. Осылардың бір бөлігін қуу міндеті жүктелген Ияз бин Ғанм Малатияға дейін жетті және қала халқын жизия төлеуге көндіріп, кері қайтты. Мұны естіген Геракл Малатияға әскер жіберіп, қаланы өртетті және өзі де Антакиядан Константинопольге қайтты. Ярмук шайқасынан соң Сирия Византияның қолына шықты. 637 жылы Шайзар, Киннассеррин, Халеб, оның артынан Антакия, Урфа, Ракка және Нусайбин біртіндеп мұсылман арабтарға берілді. Сирия мен әл-Жазираның алынуынан соң мұсылман арабтардың территориясы Торосқа дейін созылды. Византия императоры Геракл шекара аймақтардағы халықтарды мұсылдмандардың қауіп-қатері мен шабуылынан сақтау үшін ішкі аймақтарға көшіріп, көптеген елдімекендер қаңырап бос қалды. Келесі жағынан Палестинаны жаулау одан ары жалғасын тапты да Иерусалим (Құдыс) қоршауға алынды. Патриарх Софроний қала кілттерін сол кезде аймақты бақылау, зерттеу және кездесу мақсатында Сирияға келген және Жабияға тоқтаған халифа Омарға бергісі келетінін мәлімдеді. Халифа Құдысқа барып, халықтың амандығына кепілдік беріп, олармен келісімге отырды (638 ж.). Одан соң Палестинаның теңіз жағалауларындағы қалалармен қоса бірнеше елдімекендер бағындырылды. Халифа Омар жағалауға қауіп төндірген Кипрды жаулау үшін теңіз флотын құруға рұқсат бермеді. Құдысты бағындырған халифа Омар барлық қолбасылар мен уалилерді жинап кеңес өткізді. Византиядан келетін шабуылдардың алдын алу үшін Жабиядағы әскери лагерді таратып, екі бағыттан қорғаныс шептерін құруға шешім қабылданды және әскерлер шекарадағы қалаларға орналастыруға қарар шығарылды. 638 немесе 639 жылы Сирия аймағында оба індеті кең таралды. Осы індеттен Әбу Убайда бин Жаррахтан бастап 25 000-ға жуық адам өлді. Мысыр мен Солтүстік Африка бағытындағы жорықтар. Халифа Омар Сирия мен Палестинада жеңіліс тапқан кейбір византиялық қолбасылар мен әскерлердің Мысырға қашқандығын айтып, Мысырды да жаулап алу қажет екендігіне кеңес берген Амр бин әл-Астың пікірін қабылдап, Мысырды жаулап алуға рұқсат берді. Амр бин әл-Ас 640 жылдың басында 4 000 атты әскермен Мысыр шекарасында орналасқан Ферама қаласын басып алды. Оның артынан Мединеден келген 5 000 әскерлі қосымша күшпен Айнушамста қуатты Византия армиясын талқандады. Билбисті алғаннан соң Бабилонды жеті айлық қоршаудан соң алды (641 ж.). одан соң Византияның ең басты портты қаласы Александрияны 642 жылы басып алды. Осындай жетістіктеріне байланысты Амр бин әл-Асқа «Мысырдың жеңімпазы» деген атақ берілді және халифа Омар тарапынан Мырдың уалиі ретінде тағайындалды. Омар оған да теңіз флотын жасақтауға және теңіз арқылы жорықтар жасауға рұқсат етпеді. Демек, мұсылман араб әскерлері Сасани империясының құрамындаңы Ирак, Иран, Азербайжан мен Византия империясына қарасты Сирия, әл-Жазира, Палестина және Мысыр сияқты аймақтарды жаулап алды. Византияның Мысыр мен Сириядағы әділетсіздігі, салған ауыр салықтары және Иранмен болған соғыстары халықты әбден күйзеліске ұшыратты. Ал мұсылман арабтар жаулап алған жерлерінде әділдікті, қысымды көрсетпей жергілікті халыққа діни еркіндік беріп, өз жерінде бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етті. Сонымен қатар Сирияның едәуір жерінде арабтар өмір сүретін. Бұлар мұсылман арабтардың аталған аймақтарды оңай жаулап алуына өз септігін тигізді. Сонымен қатар мұсылман араб әскерлерінің өжеттілігі мен қайсарлығы, дініне деген беріктігі, өлімнен кейінгі о дүниеге деген берік сенімі және шайқаста шахид болуға деген ынталық аталған өлкелердің аз уақыттың ішінде жаулап алуына негізгі себеп ретінде атап өтуге болады. Жорықтардан кейінгі реформалар. Жаулап алынған жерлердегіи адамдари егер соғыссыз келісімге келуді қабылдаса, осы келісімге берік болғанға дейін тұтқын, құл ретінде қатынас жасалмады. Исламды қабылдағандары мұсылмандармен тең құқықты иеленетіндігі, ал бұрынғы діндерінде қалғысы келгендер жизия салығын төлеу шартымен зымми статусын иеленіп, жаны мен дүние-мүлкі қорғалатындығы, олардың діні мен ар-ождан бостандығы мойындалып, ғибадатханаларына тиіспейтіндігі және жасайтын құлшылықтарына араласпайтындығы туралы келісім жасалды. Омар соғысып бағындырылған жерлерде өмір сүретін халықтың да бейбіт жолмен бағындырылған жерлердің халқы тәрізді зымми статусында қалуы қажет және олардың егінге қолайлы жерлерінен хараж салығын алу керек деп шешкен. Тіпті, олжалық статусқа қарай соғыс ардагерлеріне үлестірілген немесе Мединеге жіберілген бестен бір бөлік мөлшеріндегі байтулмалға қарасты тұтқындарды босатқандығы және жерлері соғысқа қатысқан кейбір мұсылмандардың олжасы ретінде берілуі ұсынылғанымен жерлер бұрынғы иелеріне қайтарылғандығы байқалады. Халифа Омар жаулау әрекеті аяқталғаннан соң туындаған әртүрлі тақырыптағы проблемалар мен қажеттіліктерді байқай отырып, олардың тиімді жолмен шешілуі үшін біраз жұмыстар атқарды. Түскен олжалар мен мұсылмандардың қолына түскен басқа діндегі соғыс тұтқындары және олардың жерлері қайта қаралды. Олжа мен жер мәселесімен қатар мұсылмандардың Сирияға орналасуы мәселесін талқылау үшін 637 жылы бірнеше сахабалармен бірге халифа Жабияға сапар шекті. Сириядағы барлық уалилер бас қосқан мәжілісте табыстардың бөлінісіне қатысты негіздер қаралып, мұсылмандардың мұсылман еместермен қатынасына қатысты мәселелер көтерілді. Осы кезде Құдысты (Иерусалим) бағындырған халифа Омар барлық қолбасылармен, уалилермен кеңес жүргізді. Бейбіт және соғыс арқылы алынған жерлер ардақты Пайғамбардың бөліс тәсіліне қарай бұрынғы иелеріне қайтарылу қажеттігін ұсынды. Жерлерден байтулмал үлесі ретінде ардақты Пайғамбардың әйелдеріне тиесілі үлестер ортаға тасталды, оның кейбірі жерді, енді бірі одан түсетін табысты алуға шешім шығарды. Фадак жерінің жартысы ардақты Пайғамбарға тиесілі болып, бейбіт жолмен бағындырылған болатын. Омар оның бағасын анықтап берді: жартысын фадактықтарға төлеткеннен соң, оларды өзгелермен ьірге Сирияға көшірді. Осы жылы нежрандық христиандарды да Куфа жақтағы Нежранияға көшірді. Олардың дүние-мүліктерін сатып алып, зиянға ұшырамауын қадағалады. Сондай-ақ барған жерлерінде көп жер берілуін, осы жерлерден біршама уақыт салық алынбауын, одан соң Пайғамбармен жасалған келісімге сай жизия алуын уалилерге тапсырды. Омар заманындағы уилаяттар (провинциялар) басқармасы. Омар заманында жорықтар арқылы мұсылман араб халифатының территориясы кеңейген және бұл аймақтарды орталықтан басқару қиындай түсті. Осыған орай халифатты бірнеше провинцияға (уилаят) бөлді. Жаулап алынған жерлердің кеңеюі мен жаңа қалалардың салынуына байланысты сандары көбейе түскен уалилерді (губернатор) тағайындауға ерекше мән берген Омар осы қызметке тағайындайтын адамның жағдайын сахабалардан сұрайтын, кеңесетін, тіпті өзара сайлауға салатын. Тағайындалған уали мен басқа да қызметкерлерге куәлік берілді, олар қызметіне кірісерде осы куәлікті халыққа оқып беретін. Онда халықтың тыңдауы тиіс негіздер мен ескертпелер жазылады. Хулафа рашидин заманында Пайғамбар дәуіріндегі тәрізді әскер басылары «амиру-л-жайш» немесе «амиру-л-жунд», ал уилаяттардың басшысы болып табылатын уалилер «амир» немесе кейде «амил» деп аталды. Өйткені уалилердің көпшілігі сол жерді жаулап алған қолбасылар болатын. Мысалы, Әбу Убайда бин Жаррах, Амр бин әл-Ас, Әбу Муса әл-Ашари, Саад бин Әбу Уаққас, Утба бин Ғазуан, Ияз бин ғанм сияқты сахабалар әрі қолбасы, әрі уали қызметін атқарды. Омар қажылық мезгілінде уалилер мен сол қаладағы басқат да билеушілер жайында қажылардан сұрастыратындығы, арыз-шағымдарын тыңдайтындығы және оны зерттегеннени соң тиісті шара мен жаза қолданатындығы баяндалады. Уали және басқа да қызметкерлер. Уалилер қызметке кіріскен уилаяттарда халифаның өкілі болып есептелетін. Уали намаздарда имамдық жасайды, мешіттерде халыққа исламның негіздерін үйретеді, қаладағы тыныштық пен тәптіпті қамтамасыз етеді, қазылық (сот) жұмыстарын жүргізеді және қылмыскерлерді жазалайды. Соғыс кезінде әскерді жасақтау және соғысты басқару, жорықтардан соң басып алынған жерлердің халқымен келісімге келу, салықтарды жинау, мемлекет қызметкерлерінің жалақыларын тарату, олжаларды бөлу және байтулмал үлесін Мединеге жіберу, тұтқындардың жағдайын анықтау, мұсылмандарды жаңа қоныстарға немесе ескі қалаларға орналастыру сияқты қызметтерді уали атқарады. Соғысқа қатысатын ерікті әскер жинауда және аттандыруда уалилер маңызды жұмыс атқарғандығы баяндалады. Омар бірнеше уилаятқа қазылық және қаржылық істерді уалилік қызметтен бөліп, өзіне тікелей бағынатын қазылар мен салық жинайтын қызметкерлер жібере бастады. Уилаятта уалидің жанында хатшы, дуан (диуан) хатшысы, салық қызметкері, мемлекеттік қазына қызметкері және әскербасы сияқты мемлекеттік қызметкерлер болды. Мемлекет қызметкері, оның ішінде салық қызметкері ретінде кебәр қызмет түрлері Пайғамбар кезінде ақ белгіленген болатын. Омар заманындағы үлкен уилаяттар Хижаз, Иемен, Бахрейн, Шам (Сирия), Ирак, Фарс (Персия) және Мысыр болатын. Қазылық және қаржылық істерді негізгі басқармалықтан бөліп, халифа Омар диуан (дуан) мекемесін құрды. Осы кезеңде уалилер жоғары жалақы ала бастады. Бірақ, Омар олардың барлығын қысып тастады. Егер арыз-шағым шыға қалған жағдайда, оны тексеруге халифа ансардан шыққан Мухаммад бин Масламаға жүктейтін, соңында шыққан қылмыскер тиісті жазасын алатын. Әр жылы қажылық мезгілінде уалилер Мединеге шақырылатын және жанына кейбір адамдардың бірге келуін бұйыратын. Олардан уилаяттың жағдайына және арыз-шағымға қатысты мәліметтер алатын. Қызметке кірісерде уалилер мен қызметкерлердің бұрынғы дүние-мүлкі есепке алынатын. Қызметке кіріскеннен кейін дүние-мүлкі артса, олар сұраққа тартылып, қатаң түрде тексерілетін, тіпті байлығы тәркіленетін. Бір қалада уали, хатшы, дуан хатшысы, салық қызметкері, сақшы, қазынашы, қазы бөлек қызметкерлер тарапынан жүргізілсе, кейде осы қызметтерді бір-ақ адам ғана істей беретін жағдайлар да болған. Қазылық және сот ісі. Хулафа Рашидин дәуірінде қазылық істерде халифа Омар айрықша орынды иеленеді. Әбу Бәкірдің халифалығы кезінде Мединедегі қазылық істерді монына алған Омар өзінің халифалығы кезінде бұл істі Әбу-д-Дардаға жүктеді. Сот жүйесін қазылар, қаржылық істерді қарсы қызметкерлері орындады. Олар халифа тарапынан тағайындалды және босатылды. Уилаяттарға алғашқы қазыларды тағайындаған да осы Омар болатын. Кейде уалидердің өзі қазыларды тағайындайтын. Осы жүйе төрт халифа дәуірінің соңына дейін осылай жалғасын тапты. Халифа Омар Әбу-д-Дарданы Менинеге, Шурайх бин Харис әл-Киндиді Куфаға, Әбу Муса әл-Ашариді Басраға және Осман бин Қайсты Мысырға қазы етіп тағайындаған. Халифа Омар бірнеше уалилікте қазылық және қаржылық істерді уалиліктегі жалпы биліктен бөліп алып, өзіне тікелей бағынатын қазылар мен салық жинаушылар жібере бастады. Қаржылық істер. Халифа Омар мұсылмандар мен мұсылман еместерге қатысты жаңадан туындаған проблемалар мен қажеттіліктерді бағдарлай отырып, осы проблемаларды шешу үшін жаңа тәсілдерді іске асырды. Халифа осы реформасында түскен олжалар мен мұсылмандардың қарамағына өткен өзге дін адамдары мен олардың жерлерді қайтарып алды. Себебі, Омар дәуіріндегі жорықтардан түскен олжалар шектен тыс артқан. Мемлекет кірістері. Мұсылман еместердің ер кісілерінен жаны мен дүние-мүлкі амандығын, сенім еркіндігін қамтамасыз ету үшін «жизия» деп аталатын жан басы салығы алынды. Бұл салық түрі ардақты Пайғамбардың заманында алына бастаған болатын және кейінгі кезеңдерде де күшін жоймады. Омар дәуірінде Ирак аймағындағы кедейлерден (шаруалар және басқалар) 12, орта тұрмыстағылардан (саудагер) 24, байлардан 48 дирхам жизия алынды. Ал Шам халқына адам басына алтын ақша түрінде 4 динар, күмістен 40 динар алынды. Мысыр халқынан да 4 динардан алынды. Жизия ақшалай алынумен қатар, егін өнімінен де, сауда заттарынан да алынған. Мұсылман еместердің егістік жерлерінен алынатын салық «хараж» деп аталды. Бұл салық Омар дәуірінде күшіне енді. Жаулап алынған егістік жерлердегі шаруа адамдар тұтқын ретінде алынбады және сол жерді игеру үшін қалдырылды: олардан хараж салығы алынды. Мұсылман еместерден соғыс арқылы алынған барлық дүние-мүлік түрлері мен тұтқындар «ғанимат» (олжа) деп аталды. Осы олжаның бестен бірі «хумус» атымен мемлекет қазынасына алынды. Осы тақырыптағы аяттар Бәдір шайқасынан соң түскен. Бір жерге сауда жасау үшін келген саудагерлерден халифа Омар салық алды. Мұны көрші мемлекеттер де алатын. Мұсылманнан қырыңтың бірі, зыммиден (соғыссыз келісімге келген мұсылман емес ел азаматы) жиырмадан бір, харбиден (келісімсіз жаулап алынған мұсылман емес ел азаматы) оннан бір салық алынды. Бұл салық халифат территориясына кіретін және шығатын заттар мен мемлекеттің әр алуан аймақтарындағы мүліктерден алынды. Мұсылман байларынан алынатын мүліктің қырықтың бірі – зекет те мемлекеттің басты кірістеріне жататын. Мұсылман шаруалар жерінен түскен өнімінің онан бірін немесе жиырмадан бірін мемлекетке берді. Мемлекет шығындары. Омардың мемлекет қазынасына түсетін кіріс – зекетті Тәубе сүресінің алпысыншы аятында баяндалғаны тәрізді таратқандығы, бірақ жүректерін исламға икемделетін адамдар енді қалмады деп есептеліп, исламға жаңадан кіргендерге кедей болмаса зекеттен бермегендігі белгілі. Хумусты да Анфал сүресінің 41 аятына сәйкес мұсылмандарға таратты. Халифа Омар мемлекет кірістерін таратуда әділдікті орнату үшін арнайы әдісті жүзеге асыру үшін «диуан» мекемесін құрды. Адамдарың исламға кірудегі ерекшеліктері мен ислам дініне жасаған қызметтерін негізге ала отырып, Пайғамбармен бірге соғысқа қатысқандардан басталатын тізім бойынша мемлекет кірістері сахабаларға үлестірілді. Диуан мекемесі. Халифа Омар Ирак, Иран, Сирия, әл-Жазира, Палестина және Мысыр бағындырылғанда халифаттың территориясына кіретін жерлерде өмір сүретін мұсылман еместердің берген жизия, хараж және сауда заттары салықтарынан түскен кірістерді мұсылмандарға үлестіру үшін бір мекемені құруды ойластырды. Омар әлгі салық түрлерін байтулмалда жинап, жылына бір мәрте үлестіруді дұрыс деп шешті. Үлестіру исламға кірген ерекшелегіне, исламға қызметіне және Пайғамбарға жақындығы мен Пайғамбармен бірге қатысқан соғыстарына қарай әртүрлі мөлшерде таратылды. Ал айлық үлес бір мөлшермен таратылды. Адам аты «лаух» деп аталатын парақтарға жазылды. Оған Хашим әулетінен Бәдір шайқасына қатысқандардан басталып жазылды. өзге рулар Хашим әулетіне жақындығына қарай түзілді. Ал ансар хижреттен бұрын мұсылман болған Саад бин Муаз бен оның тайпасынан бастап жазылды. Халифа осы дәптерлердің дайындалуын арабтардың шежіресін жақсы білетін Алидің бауыры Ақыл бин Әбу Талибке Махрама бин Науфал мен Жубайр бин Мутимге жүктеді. Бұл мемлекеттің жүргізген басқа істерінде де іске жарады. Жорықтарға қатысатын адамдар белгілеуде осы дәптерлерге үңілетін дереккөз болумен қатар қазынаны ретке келтіру үшін маңызды болды. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|