ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Еуропаның шаруашылығы.Еуропа – дүниежүзілік шаруашылықтың басты орталықтарының бірі. Аймақта шаруашылықтың барлық салаларының (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, алтын және валюта қоры т.б. жөнінен) жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Батыс Еуропа дүниежүзілік сауда, сыртқы тауар айналымы, халықаралық туризм және маңызды қаржы орталығы. Аймақтың қуаты «Үлкен жетілік» елдерінің – Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия өндірістердің ауқымды кешендері орналасқан. Одан кейінгі деңгейдегі елдерге – Нидерланд, Бельгия, Швеция, Швейцария және Батыс Еуропаның шағын елдері (Монако, Люксембург т.б.) жатады. Өнеркәсібі. Еуропаның халықаралық географиялық еңбек бөлінісіндегі бейнесі өнеркәсіптің дамуымен анықталады. Еуропа өнеркәсібінің жетекші саласы – машина жасау. Жоғары маманданған еңбек реурстары, ғылыми базаға негізделген машина жасау саласы бүкіл өнеркәсіп салалары өнімінің ⅓-ін және экспортының ⅔-ін береді. Әсіресе автомобиль, авиағарыштық техника, станок, прибор, электротехника мен электроника шығарумен ерекшеленеді. Бұл өнеркәсіп салаларының барлық түрі «Үлкен жетілік» елдерінде, соның ішінде Германияда жоғары деңгейде дамыған. Еуропаның шағын жоғары дамыған елдері машина жасау өнеркәсібінің белгілі бір түрін ғана шығаруға маманданған. Мысалы, Нидерланд – электротехника, электроника, Швейцария – сағат, робот, электротехника, Финляндия – электроника, құрал-жабдықтар шығарады. Маңызы жағынан екінші орынды – химия өнеркәсібі алады. Аймақта химия өнеркәсібінің барлық салалары дамыған. Әсіресе дүниежүзінің ең «химияландырылған» елі – Германияның үлесі зор. Ұлыбритания, Франция, Италия, Швейцария, Нидерланд, Венгрия, Польшаның да химия өнеркәсіптері біршама дамыған. Отын-энергетика кешені жергілікті және сырттан әкелінетін мұнай, газ, көмір, атом шикізаты мен суэнергетикалық ресурстарға негізделген. Мұнай өндіруден – Норвегия мен Ұлыбритания, газ өндіруден – Ұлыбритания, Норвегия, Нидерланд ерекшелінеді. Көмір өндіруден – Германия, Польша алдыңғы орындарда. Соңғы жылдары көмір өндіру көлемі азайғанымен Еуропаның ең ірі көмір өндірушісі – Рур алабы. Батыс Еуропада атом электр станцияларының үлесі жоғары. Аймақта 80-нен астам АЭС жұмыс істейді. АЭС-тер саны жөнінен Франция, Ұлыбритания, Германия, Бельгия көзге түседі. Кейінгі жылдары Шығыс Еуропада (Болгария, Венгрия, Чехия, Словакия) атом электр станциялары жаппай салынуда. Су электр станцияларының басым бөлігі Скандинавия (Норвегия, Швеция), Альпі (Швейцария), Пиреней (Испания) таулы аудандарының өзендерінде және Рейн, Рона, Дунай өзендері бойында орналасқан. Жылу электр станцияларының көпшілігі көмір алаптары мен теңіз айлақтарында салынған. Кейінгі жылдары Еуропада энергия өндірудің баламалы көздерін пайдалану жақсы жолға қойылды. Мысалы, Исландияда геотермальды энергияны пайдаланса, Бельгия, Нидерланд, Франция, Ұлыбритания т.б. елдер жел, күн энергияларын пайдалана бастады. Металлургия өнеркәсібі. Еуропаның қара металлургия негізі таскөмір мен темір кені алаптары бар аймақтарда – байырғы Германияның Рур, Францияның Лотарингия металлургия аудандарынан басқа, Ұлыбритания, Бельгия, Италия, Польша елдерінде дамыды. Соғыстан кейінгі жылдары металлургия комбинаттары теңіз айлақтарына жақын салына бастады. Мысалы: Дюнкерк (Франция), Таранто (Италия), Бремен (Германия) т.б. Өйткені арзан және сапалы темір кенін сырттан әкелуге бағдарлана бастады.Қара металлургия өнімі болатты қорытып шығару көлемі жағынан Еуропа әлемде алдыңғы орын алады. Түсті металлургияның негізгі салалары – алюминий және мыс өнеркәсіптері. Алюминий өндірісі − шикізат (боксит) қоры біршама Франция, Испания, Венгрия, Румыния елдерінде мен электр энегиясын мол өндіретін – Норвегия, Швейцария, Аустрия, Германия елдерінде шоғырланған. Бұл елдердегі өндірістер негізінен теңіз жолдары арқылы дамушы елдерден келетін шикізатқа негізделген. Тазартылған мысшығаратын жетекші елдерге – Германия, Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Италия, Ресей, Польша жатады. Орман шаруашылығы – шикізат көздеріне бағдарланған. Әсіресе қылқан жапырақты ағаштар көп өсетін Скандинавия (Финляндия, Швеция, Норвегия) елдері ағаш өнімдерін шығаруда жан басына шаққанда дүниежүзінде бірінші орында. Бұл елдердің халықаралық маманданған саласына айналды. Жалпақ жапырақты ормандар өсетін Италия, Германия, Польша, Беларусь елдері де ағаш өнімдерін жасап шығаруда көзге түседі. Жеңіл және тамақ өнеркәсіптері – аймақтың ең ежелден дамыған салаларының бірі. Көне тоқыма аудандарының – Ұлыбританиядағы Ланкашир, Йоркшир, Бельгиядағы Фландрия, Франциядағы Лион, Италиядағы Милан орталықтарының әлі де маңызы зор. Бірақ кейінгі кездері арзан жұмыс күші бар Португалия – жеңіл өнеркәсіптің орталығы болып, аймақтың «тігін фабрикасына» айналды. Аяқ киім шығарудан – Италия, бағалы аң терісінен сыртқы киімдер тігуден – Грекия алдыңғы орындарда. Жеңіл өнеркәсіптің сапалы өнімдерін пайдаланып, әлемдік сән (мода) үлгілерін шығаруда Франция, Италия елдері көш бастап келеді. Скандинавия және Орта Еуропа елдері сүт және ет өнімдерін шығаруға, Франция, Швейцария, Нидерланд – ірімшік (сыр) шығаруға маманданған. Исландия, Норвегия, Дания, Испанияда балық өнеркәсібі дамыған. Франция, Италия, Испания шарап шығаруда әлемде бірінші орын алады. Ауыл шаруашылығы. Еуропаның ауыл шаруашылығы жоғары деңгейде механикаландырылған, химияландырған және қарқынды өндірісімен, егін, астық шығымдылығымен, мал шаруашылығының өнімділігімен сипатталады. Әмбебап ұсақ шаруа қожалықтары жоғары мамандандырылған тауарлы ірі шаруашылықтарға біріктірілді. Агробизнес жүйесі қалыптасты. Аймақтағы табиғи және тарихи жағдалардың ықпалымен ауыл шаруашылық өндірісінің басты үш түрі қалыптасты: солтүстік еуропалық, орта еуропалық және оңтүстік еуропалық. Солтүстік еуропалық ауыл шаруашылығында – сүт өнімдерін беретін мал шаруашылығы қарқындап дамыған. Сондай-ақ жем-шөп дақылдары (арпа, сұлы), қара бидай өсіруге маманданған. Қиыр солтүстікте марал шаруашылығы дамыған. Орта еуропалық ауыл шаруашылығында – сүтті, етті бағыттағы ірі қара мал шаруашылығы басым, сонымен қатар шошқа және құс шаруашылығымен ерекшелінеді. Өсімдік шаруашылығында азық-түліктік дақылдар (бидай, картоп, қант қызылшасы т.б.), малазықтық дақылдар өсіріледі. Дания ірі қара малын өсіруде жоғарғы көрсеткіштерге жетіп, Еуропаның «сүт фермасына» айналды. Оңтүстік еуропалық ауыл шаруашылығында – өсімдік шаруашылығы басым. Жерортатеңіздік субтропиктік климатқа тән өсімдіктер − жеміс-жидектер, жүзім, зәйтүн, цитрустар, темекі, бадам, эфир майлы дақылдырын өсіру халықаралық маманданған саласы. Одан басқа бидай, жүгері, күріш, күнбағыс т.б. көкөністер басым өседі. Жерорта теңіз жағалауы – Еуропаның «басты бағы». Апельсин өсіріп, сыртқа шығаруда – Испания, жүзім және бау-бақша өсіруде − Франция, Италия, Испания, Португалия ерекшелінеді. Мал шаруашылығы бұл аймақта қосалқы шаруашылық саналып, етті, сүтті ірі қара мен қой өсіріледі. Көлік жүйесі. Аймақтың көлік желісімен қамтамасыз етілуі жөнінен әлемде бірінші орында. Көлік жүйесінің негізін ендік және бойлық бағыттағы магистральдар құрайды. Автомобиль және теміржол қозғалыстарының жиілігі жоғары. Көліктердің халықаралық және транзиттік маңызы зор. Аймақтың ықшамды ауданы автомобиль көлігі мен автострадаларды (кең тас жолдар) дамытуға қолайлы. Оның жолаушы тасымалымен қатар, жүк тасымалында да маңызы зор. Еуропаның батысында автомобиль көлігі басым болса, аймақтың шығысында көліктің негізгі түрі – теміржол көлігі. Теміржол магистральдары электрлендірілген. Әсіресе Франция мен Ұлыбританияда аса жүрдек пойыздар жасап, жабдықтауда әлемде алдыңғы орында. Па-де-Кале бұғазы арқылы 1993 жылы пайдалануға берілгін «ғасыр жобасы» − Еуротуннель арқылы Ұлыбритания мен Франция астаналарын жалғастыратын жүрдек пойыздар өтеді. Халықаралық жүк тасымалында теңіз көлігінің маңызы зор. Аймақта әлемдегі ең ірі порттар – Роттердам (Нидерланд), Марсель, Гавр (Франция), Гамбург (Германия) орналасқан. Теңіз көлігінің дамуы Солтүстік теңіз, Балтық және Жерорта теңіздері жағалаулары, Киль каналы, Па-де-Кале, Ла-Манш, Гибралтар бұғаздарының рөлі зор. Теңіз көлігінде халықаралық, каботаждық қатынастар жетілдірілген. Роттердам − ең ірі порты, айлақта жылына 320 млн. т жүк айналымы өтеді және Еуропа үшін басты теңіз қақпасы. Сырттан әкелінетін шикізат, минералды ресурстар теңіз көлігімен өзен көлігіне тасымалданып, ішкі аудандарға жеткізіледі. Теңіз жағалауын ішкі аудандармен жалғастыратын порттар Дунай, Рейн т.б. өзен сағаларында орналасып, өзен көлігін дамытты. Авиация тасымалының ең ірі орталықтары – Лондон, Париж, Майндағы-Франкфурт. Жолаушы және жүк (көбіне тез бұзылатын тауарлар) тасымалында жылдам әуе көлігінің маңызы зор. Ресейдің табиғи газы мен Солтүстік Африкадан мұнай тасымалдап әкелуде және Солтүстік теңіз қайраңынан мұнай мен газ өндіріп тасымалдағанда құбыр көлігінің үлесі зор. Өндірістік емес салалар. Еуропа – әлемнің аса ірі қаржы орталығы. Лондон, Париж, Цюрих, Берлин, Майндағы-Франкурт, Милан, Люксембург Еуропаның ғана емес, бүкіл дүниежүзінің ірі қаржы орталықтары. Швейцария – «банктер елі» болса, Цюрих – экономикалық және қаржы орталығы. Аймақ ҒТР заманында білім мен техниканың күрделі кешеніне айналып, ғылыми-зерттеу орталықтары мен технополистер қалыптасты. Ең ірілері: Кембридж (Ұлыбритания) бен Мюнхен (Германия). Ниццада (Франция) «жоғары технология аңғары» құрылды. Еуропа аймағы халықаралық туризмнің басты ауданы. Туризм индустриясы жоғары дәрежеде дамыды. Әлемдегі туристердің ең көп баратын және туризмнен мол табыс түсіретін алғашқы үштікке: Франция (жылына 75 млн. турист келеді), Италия және Испания жатады. Сонымен қатар, Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Грекия, Чехия және шағын, микромемлекеттер: Монако, Ватикан, Сан-Марино, Андорра шетел туристеріне қызмет көрсетуді табыс көзіне айналдырған. Еуропадағы шетел туристерін қызықтыратын аймақтарға теңіз жағалаулары, таулы аймақтары және тарихи ежелгі қалалары. Жерорта теңізінің солтүстігіндегі Лигурия теңізі жағалауындағы Францияның Ницца қаласы маңындағы көгілдір жағалау, Италияның солтүстік-батыс жағалауындағы Ривьерасы, Хорватияның Адриат теңізі жағалауы, Қара теңіз жағалауындағы Болгарияның «Алтын құм» жағажайлары, Ресейдің Қырым түбегі ерекше танымал. Тау туризмінің басты орталығы – Альпі тауы. Таудың етегінде әсем табиғаты, ғажап көлдері мен ормандары емделуге және жаяу серуендеу туризміне арналса, тау шыңдарында тау шаңғысы спорты мен альпинизм дамыған. Ежелгі және ортағасырлық көне қалалар мен қамалдар да туристерді көптеп тартады. Париж, Рим, Венеция, Лондон, Афина, Вена қалаларында Бүкіләлемдік мәдени мұра нысандары көптеп саналады. Экономикалық ынтымақтастығы. XX-ғасырдың ортасынан бастап дүниежүзілік экономикада АҚШ көшбасшы ретінде алға шықты. Аймақта екінші дүниежүзілік соғыстан әлсіреген еуропалық нарықты күшейту және экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Франция мен ГФР ұйытқы болып, кейіннен Италия мен Бенилюкс (Бельгия, Нидерланд, Люксембург) елдері қолдап, 1951 жылы 18 сәуірде Еуропалық көмір және болат бірлестігі құрылды.1957 жылы оның негізінде Рим келісімі бойынша «Ортақ нарық» немесе Еуропалық экономикалық қоғамдастық және «Еуроатом» атом энергиясы жөніндегі қоғамдастық қалыптасты. 1967 жылдан осы үш ұйымның бірігуінен Еуропалық қоғамдастық құрылды. Батыс Еуропаның алты мемлекетінің қатысуымен құрылған бұл интеграциялық топтың ауқымы кеңейіп, жылдан жылға құрамы көбейе берді. 1991 жылы бірыңғай экономикалық және саяси кеңістік – Еуропалық одақ құру туралы Маастрихт келісіміне қол қойылды. 1993 жылы 1 қарашада Еуропалық Одақ (ЕО) ресми түрде жарияланды. 1985 жылы Люксембургтың Шенген елді мекенінде Франция, ГФР, Бельгия, Нидерланд, Люксембург елдері ұсынған шекаралық бақылаулар мен кедендік шектеулерді жою туралы ұсынысты Италия, Испания, Португалия қолдап Шенген келісіміне қол қойды. 1999 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕО кеңістігінде ортақ валюта – еуро айналымға енгізілді. Еуро Одаққа қазіргі таңда 27 ел мүше болып, дүниежүзіндегі ірі қаржы және экономикалық орталыққа айналды. Еуропа елдерін екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс Еуропа (капиталистік) және Шығыс Еуропа (социалистік) деп қоғамдық-экономикалық құрылысына байланысты топтастырып келген. Еуропа дүние бөлігін ТМД-ның еуропалық бөлігін қоспағанда −Шетелдік Еуропа деп те атайды. Қазіргі уақытта Еуропа тарихи-географиялық жағынан төрт аймаққа аудандастырылады: Солтүстік, Орта, Оңтүстік және Шығыс. Солтүстік Еуропаға – Исландия, Норвегия, Швеция, Финляндия, Дания елдері кіреді. Бұл аймақ аралдар және түбектерде орналасуымен ерекшеленеді. Халық саны аз және бірұлтты; машина жасау, энергияны көп қажет ететін өндіріс, орман, балық және сүт өнімдерін өндіруге маманданған Орта Еуропа елдеріне −Ұлыбритания, Ирландия, Нидерланд, Бельгия, Люксембург, Германия, Швейцария, Лихтенштейн, Аустрия, Франция жатады. Еуропаның ең дамыған аймағы. Өндірістік емес сала, ауыр және жеңіл өнеркәсіп, жоғары дамыған ауыл шаруашылығы мен көлігі бар. Оңтүстік Еуропа елдеріне – Италия, Испания, Португалия, Грекия және «ергежейлі» елдер: Ватикан, Андорра, Монако, Сан-Марино, Мальта жатады. Жерортатеңіздік климатты, табиғат жағдайлары мен географиялық орны қолайлы аймақ. Машина жасау, жеңіл, тамақ өнеркәсіптері дамыған, субтропиктік егіншілік, курорттық, демалыс орындарымен ерекшеленеді. Солтүстік, Орта және Оңтүстік Еуропа бірігіп Батыс Еуропаны құрайды. Шығыс Еуропаға бұрынғы социалистік елдер – Эстония, Латвия, Литва, Польша, Чехия, Словакия, Венгрия, Румыния, Болгария, Албания мен бұрынғы Югославия құрамындағы: Словения, Хорватия, Босния мен Герцоговина, Сербия, Черногория, Македония және ТМД құрамындағы Ресей, Беларусь, Украина, Молдова кіреді. Шығыс Еуропа елдеріне «өтпелі экономика» тән. Саясат пен экономика шығыстан батысқа бағытталған. Қазіргі таңда әлеуметтік жағдайы, экономикасы мен саясаты тұрақсыз аймақ. Орытынды Еуропа - Азиямен бірге Еуразия материгін құрайтын Жер шарындағы ең кіші дүние бөлігі. Жалпы ауданы (маңындағы аралдарымен бірге) − 10 млн км² шамасында. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|