ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Төменгі сатыдағы өсімдіктер систематикасы – Thallobionta 2 страницаДискоидалықтар – Discoidales қатары. Циклотелла (62 сурет 1) туысының жасушалары жеке, сирек тез ажырасып кететін, бос тізбекті қауым құрайтын, диска пішінді, машинаның дөңгелегіне ұқсаған жасушадан тұрады. Көптеген уақ пластинка не дән пішінді хромотофоры жасушаның қабырғалық қабатына қарай орналасқан. Ядро жасушаның ортаңғы бөлімінде цитоплазма көпіршесінде орналасады, одан жасушаның қабырғалық қабатына қарай цитоплазмалық жіпшелер кетеді. Жасушаның орталық бос орнын шырынға толы вакуоль алып жатады. Косцинодискус – Coscinodiscus (62 сурет 4) бір жасушалы, диска тәрізді сауыты бар, жақтауы дөңгелек, көп хромотофорлы ағза. Планктонды, көбінесе теңіздерде, сирек тұщы суларда таралған ағза. Мелозира – Melosira (62 сурет 6) жасушалары жақтау арқылы байланысып, ұзын жіпше сияқты қауым құрайды. Қауым жасушалары цилиндрлі, диска не күбі пішінді жасушадан тұрады. Хромотофоры көп, қалақты, ядросы қабырғалық қабатқа қарай орналасқан. Көбінесе тұщы суларда планктон түрінде көп тараған. Биддульфиялықтар – Biddulphiales қатары, цилиндрлі жасушалары бұйір жағынан қысылған, көпшілік уақытта эллипс пішіндес жақтаулары бар және жасушаның әр шетінде екіден қылтанақты өскінділері арқылы байланысып, ұзын не иректелген тізбек құрайтын ағза. Биддульфия – Biddulphia (62 сурет 2) бір жасушалы, кейде иректелген не ұзын жіп сияқты тізбектелген жасушалар жиынтығын құрайды. Көбінесе теңіз суларында планктонды түрде кездеседі. 62-сурет. Центрикалық диатомалылар: 1 – циклотелла, 2 – биддульфия: а-жақтау, б – белдеу жағы; 3 – хетецерос, 4 – косцинодискус, 5 – трицерациум, 6 – мелозира: а – белдеу, б – жақтау жағы.
Хетцерос – Chaetoceres (62 сурет 3) қысқа цилиндр тәрізді, жасушалары, қылтанақтары арқылы байланысып тізбек құрайтын ағза. Жақтаулы элипс пішіндес хромотофорлары көп, ұсақ немесе ірі пластинка пішінді келеді. Планктон түрінде теңіз суында және тұщы суларда да кездеседі.
Тапсырма
1. Стакандағы тұнбадан препарат дайындап, пиннулярияны тауып алып, құрылысына, пішініне, қозғалысына көңіл аудару. 2. Пиннулярияның құрылысының және көбеюінің суреттерін салып, органиодтарын белгілеу. 3. Тұнбадан препарат дайындап, тігістілер қатарының пиннуляриядан басқа түрлерін кітаптағы суреттермен салыстыра отырып анықтап, суреттерін салу. 4. Препараттан тігіссіздер қатарының түрлерін жоғарыдай анықтап, суреттерін салу. 5. Препараттан центрикалықтар класының өкілдерін тауып, суреттерін салу. 6. Қайталау сұрақтарына жауап бере отырып, салған суреттеріне талдау жасау.
Қайталау сұрақтары
1. Диатомды балдырлардың басқа балдырлардан қандай айырмашылығы бар? 2. Диатомды балдырлардың классификациясы және әрбір кластың, қатардың қандай сипаттамасы бар? 3. Диатомды балдырлардың жасуша құрылысы қандай, фотосинтездің нәтижесінде қандай қор заттары жиналады? 4. Диатомды балдырлардың қозғалысын қалай түсіндіруге болады? 5. Көбеюі. Жынысты көбеюі, ауксоспораның түзілуі. 6. Ядро фазасының ауысуы, диплоидты, гаплоидты фазалар. Басқа балдырлардан ерекшелігі. 7. Диатомды балдырлардың қандай практикалық маңызы бар?
27-жұмыс
Тақырыбы: Жасыл балдырлар – Chlorophyta. Сабақтың мақсаты: Жасыл балдырлардың түрлерімен, жасуша құрамдарымен және көбею түрлерімен танысу. Қажетті материалдар: Балдырлары бар стакан, хламиномонада балдырының коллекциясы, вольвоктің тұрақты препараты.
Жалпы түсінік
Жасыл балдырлар – табиғатта көп тараған, жиі кездеседі, 1300 ден астам түрлері бар. Оларға бір жасушалы, қауымды, көп жасушалы тарамдалмаған (трихальды) және тарамдалған (гетеротрихальды) жіп тәрізді, пластинкалы, сифонды құрылысты балдырлар жатады. Қозғалғыш түрлерінде қозғалу мүшесінің ұзындығы және пішіні бірдей талшықтар атқарады, көпшілік жасыл балдырлар вегатативтік күйінде қозғалмайды. Жасушаларының хромотофорларында хлорофилл а және б пигменттерінен басқа каротин, ксантофилл пигменттері де болады. Жасушаның көбіне тығыз целлюлозалы, кейде пектинді заттардан тұратын қабықшасы болады, жасушаның қабықшасына пектин сіңгенде ол кілегейленіп тұрады. Кейбір қарапайым өкілдерінің (дуналиеллада) жасуша қабықшасы болмайды. Ол цитоплазманың қалыңдаған бөлімі плазмолеммамен қапталған не болмаса перипласттан құралады. Мұндай ағзалар кей жағдайда метаболизмге яғни тіршілік кезінде зат алмасу нәтижесінде сыртқы ортадағы заттар ағза заттарына айналады, ал ағза құрамындағы заттар ыдырап бөлініп шығуына ұшырайды. Жасушасы цитоплазма, ядро, хромотофор, пиреноид және вакуольдерден тұрады. Цитоплазмасы әдетте жасушалық қабықшасына жақын орналасады да, жасушаның орталық бөлімін жасуша шырынына толы ірі вакуоль алып жатады. Ол өсімдік түріне қарай пластинка, лента, жұлдықғ дән тәрізді және тағы басқа пішінді болып келеді. Хромотофордың құрылысы жоғары сатыдағы өсімдіктердің хлорофилінің құрылысындай. Оларға хлорофилл сіңген, түссіз белокты стромадан құралған. Хромотофорда белокқа бай дөңгелек тығыз денелер пиреноидтар болады. Бұлардың айналасында көбінесе қоректік заттардың қоры ретінде крахмал және май тамшылары жиналады. Жасыл балдырлардың көпшілігінде жасуша бір ядролығ кейде көп ядролы. Ядро хромотофордан әрірек жасушаның сыртын ала жатқан цитоплазманың қабатында немесе жасушаның ортаңғы бөлімінде вакуоль қуысына жақын орналасады. Мұндай ядроны цитоплазманың сыртқы қабатына қарай созылған цитоплазма жіпшелері ұстап тұрады. Монада құрылысты түрлерінде жиырылғыш вакуолі, қызыл көзшесі, екі тең талшығы болады. Жасыл балдырлар вегатативтік, жыныссыз, жынысты жолмен көбейеді. Бір жасушалы түрінде жасушаның жай екіге бөлінуі, қауымды және жіп тәрізді түрлерінде қауымның ыдырауы мен жіптің бөлшектерге үзілуі арқылы вегатативтік көбейеді. Жыныссыз көбеюлері зооспоралар мен қозғалмайтын апланспоралар арқылы болады. Жасыл балдырларда, изогамия, гетерогамия және оогамиялық жыныс процестерінің болуымен сипатталады. Жасыл балдырлардың басым көпшілігі тұщы суларда, біраз түрлері теңіз суларында кездеседі, кейбір түрлері ылғалды топырақта, ағаштың қабығында мекендейді. Бір жасушалы және қауымды жасыл балдырлар. Вольвоксті – Volvocales балдырлар қатары. Бұл қатарға вегатативтік күйінде қозғалғыш келетін бір жасушалы, ценобиальды–монада құрылысты ағзалар жатады. Тең талшықтылар класының вольвокстер қатарының өкілі ретінде хламиномонада және вольвокс балдырларын қарастырамыз. Хламиномонада – Chlamydomonas бір жасушалы дөңгелек, сопақ, жұмыртқа тәрізді т.б. пішінді, монада құрылысты ағза. (63 сурет А). Хламиномонаданың жасуша қабықшасы пектинді – целлюлозалы болып келеді. Жасушаның алдыңғы жағында екі цитоплазмалық талшығы болады, осы талшығының көмегімен қозғалады. Жасуша орталығында тостағанша тәрізді хромотофоры болады, оның базальды жағында пиреноидты болады, оның айналасында крахмал дәндері кездеседі. Цитопламаның ядросы, алдыңғы бөлігінде вакуолі және қызыл көзшесі болады.
63-сурет. Хламиномонада: А – біржасушалы таллом; Б – зооспораның пайда болуы; В – пальмеллидті күйі; Г – изогаметалардың пайда болуы; Д – изогамия; Е – гетерогамия; Ж – оогамия; З – зигота.
Хламиномонада қолайлы жағдайда жыныссыз көбейеді, оның ядросы мен протопласты митотикалық жолмен бөліне бастайды, нәтижесінде аналық жасуша ішінде 2, 4, 8 зооспоралар дамиды. (67 сурет Б). Зооспоралар құрылысы, құрамды бөлігі жағынан ересек хламиномонадаға ұқсас келеді. Аналық жасушаның шырыштануынан кейін зооспоралар босанып шығады. Су және ауа жеткіліксіз болса хламиномонада пальмеллидтік күйге көшеді, онда талшықтарын тастайды да көп шырыш бөліп шығарады, бірақ протопласт өзінің бөліну қасиетін жоғалтпайды. Қолайлы жағдай туғанда жасушада талшықтар пайда болып, шырыштан босанып, ересек түріне айналады. Жынысты көбеюі көпшілік жағдайда изогамды, кейбір түрлері гетерогамды, сирек оогамды жолмен көбейеді. Жасушаларда жынысты көбею кезінде гаметалар пайда болып, олар сулы орада қосылып, зигота пайда болады. Зигота бірнеше целлюлозды қабатпен қапталып, іші қоректік заттарға толы болады да, түсі қызыл түске айналып, тыныштық күйге өтеді. Қолайлы жағдай туғанда зигота редукциялық бөліне бастайды да төрт гаплоидты зооспора пайда болады (63 сурет Д, Е, Ж).
64- сурет. Вольвокс: 1- тума шарлары бар қауым, 2- қауымның бір бөлігі, 3-қауымның жоғарғы жағынан қарағандағы көрінісі (а), оның кесіндісі (б), с- сперматозоидтар, я – жұмыртқа жасушасы.
Вольвокс (64 сурет А) туысы шар пішінді бір жасушалы балдыр. Вольвокс балдырының жасушасындағы цитоплазмасы сыртына шырыш бөліп шығарады да бірнеше жасушалар арқылы байланысып, қауымды тіршілік ете бастайды, бұларың да пішіні шар тәрізді болып келеді. Мұндағы жасушалардың саны 500-ден 60000- ға дейін барады. Вольвоксты құрайтын жасушалар құрылысы жағынан хламиномонадаға ұқсас, олардың әрқайсысының хромотофоры, цитопламасы, ядросы, көзшесі және екі талшығы болады. Осы талшықтардың бір бағытқа қарай қозғалуына байланысты бір орнынан екінші орынға қозғалып отырады. Вольвокс жасушалары біркелкі болмай ірілі – ұсақты болып келеді. Ұсақ жасушалар бөлінуге қабілетсіз. Олар көмір қышқыл газынан жарықта көміртегін ассимиляциялайды, сөйтіп фотосинтез процесі жүреді, ал ірі жасушалары көбеюге қабілетті. Ондай ірі жасушалардың саны оншақты, оларды партеногониялы жасушалар деп атайды. Вегатативтік жолмен көбейгенде партеногониялы жасушалардың оңай бөлінуі арқылы жаңа жасушалар түзеледі, бұлардан дамыған пластинка табақ сияқты сыртқа қарай дөңгеленіп иіледі. Бұл кезде денесінің алдыңғы жағы иілген пластинканың ішіне қарап жатады, кейіннен алдыңғы жағы арқылы сыртқа қарап айналып түседі де пластинка шеттері арқылы түйісіп, іші қуыс шарға айналады. Кейінгілердің жасушалары аналық шардың жасушаларына ұқсас және әрбір жасуша екіден өзіне талшық түзетін болады. Мұндай жас шарлар бірнешеу болып, аналық шардың орта қуысына түсіп қозғалады. Олардың ұлғаюынан аналық шардың қабырғасы жарылады да жас шарлар сыртқа шығып, өз беттерімен тіршілік ете бастайды. Аналық қауым осындай оншақты жас қауым беріп, өз тіршілігін жояды. Жынысты көбею оогамиялы. Мұнда да зигота редукциялық жолмен бөлініп, жоғарыдағыдай пластинкалы, иілген пластинкалы, жарты шар, оның айналып түсу, дұрыс бағытталғантума шарлар, олардың аналық шардың қуысына түсуі және аналық шардан босап шығуы стадияларына өтеді. (64 сурет). Хлорококкты – Chlorococcales немесе протококты – Protococcales балдырлар қатарына бір жасушалы қауымды ағзалар жатады, олар вегатативтік күйінде қозғалмайды. Жасуша қабықшалары целлюлозды, кейде пектинді, сондықтан кілегейленеді. Вегатативтік жасушаларында көзшесі мен жиырылғыш вакуольдері, талшықтары болмайды. Жыныссыз көбеюлері зооспоралар мен апланоспоралар арқылы болады, автоспоралар арқылы көбейетіндерінде көпшілік уақытта жыныс процесі болмайды. Жынысты көбеюлері көпшілігінде изогамды. Хлорокок – Chlorococcum (65 сурет А) бір жасушалы, кішкене табақша пішіндес балдыр. Жасушасында жиырылғыш вакуолі және талшықтары болмайды. Жыныссыз көбеюі талшықты зооспоралар пайда болуы арқылы жүреді. Жынысты көбеюі изогамды. Хлорококк балдыры тұщы суларда, гүл еккен құмыраларда, дымқыл қабырғаларда кездеседі. Хлорелла – Chlorella (65 сурет 5) хлорококке өте ұқсас, одан мөлшерінің кіші болуы мен қатар зооспора арқылы көбеймеюі, қозғалмайтын апланоспора арқылы көбеюінде. Апоаноспоралары аналық жасушада пайда болады, олардың саны 8 болады, споралары әбден қалыптасқан соң, жасушаның қабықшасын жарып, ссыртқа шығады.
Хлорелла балдыры тез көбейе алатын қасиетімен сипатталады. Жынысты көбею процесі жоқ. Хлорелла пайдалы балдырлар болып табылады, өйткені жасуша құрамында қоректік заттар, витаминдер көп болады. Құрғақ күйіндегі хлореллада 50-ге жуық белок, майлар, витамин В,С және К болады. Хлорелла бөгеттерде, су қоймаларында, дымқыл жерлерде, ағаш қабықтарында кезедеседі.
Тапсырма
1. Балдырлары бар судан препарат дайындап, хламиномонада, вольвокс балдырларын тауып, қозғалыстарын бақылау. 2. Хламиномонада коллекциясынан хламиномонаданың хромотофорын, пиреноидын, ядросын, талшығын, көзшесін, жиырылғыш вакуолін,цитоплазмасын анықтап, суретін салу. 3. Модель аппликациядан хламиномонаданың жыныссыз және жынысты көбеюлерін құрастырып, суретін салу. 4. Балдырлары бар судан немесе гүл құмырасының қабырғаларындағы қабыршақтардан препарат дайындап хлорококк балдырын тауып, суретін салу. 5. Балдырлары бар судан препарат дайындап, хлорелла балдырын тауып,жасуша құрылысына, мөлшеріне, формасына көңіл аударып, суретін салу. 6. Уақытша препараттан вольвокстің қозғалысын байқау, тұрақты препараттан вольвокстің қауымдылығын және жыныс жасушаларын бақылап суретін салу. 7. Қайталау сұрақтарына жауап бере отырып, салған суреттеріне талдау жасау.
Қайталау сұрақтары
1. Жасыл балдырлар жасуша құрылысының негізгі ерекшеліктері неде? 2. Жасыл балдырлар қалай көбейеді? 3. Вольокстілер мен хлорококты балдырлардың құрылыстарында қандай айырмашылықтар бар? 4. Вольвокс пен хламиномнаданың даму кезеңінің ұқсастығы мен айырмашылығы қандай? 5. Вольвоксті не себепті қатарың жоғарғы өкілі деп есептейді? 6. Хлорелла мен хлорококтың құрылысы, олардың жынысты және жыныссыз көбеюлері қалай анықталады? 7. Вольокстілер мен хлорококтылардың қандай практикалық маңызы бар?
28-жұмыс
Тақырыбы: Тіркеспелі немесе коньюгациялы класы мен хара бөлімінің балдырлары – Coniugatophyceae және Chara. Сабақтың мақсаты: спирогира және хара балдырларының сыртқы құрылыстарымен, және көбею түрлерімен танысу. Қажетті материалдар: Балдырлары бар стакан, спирогира және хара балдырының тұрақты препараты.
Жалпы түсінік
Тіркеспелі немесе коньюгациялы – Coniugatophyceae класына екі жақты симметриялы, бір жасушалы, қауымды және көп жасушалы тармақталмаған жіп тәрізді, ташықты стадиясы жоқ балдырлар жатады. Басым көпшілігі тұщы суларда, аздаған түрі топырақта кездеседі. Бір ядролы, әртүрлі пішінді, бір не бірнеше хромотофорлары бар ағзалар. Жасуша екі қабатты қабықшадан тұрады, сыртқысы целлюлозды, ішкісі пектинді. Бір жасушалы түрлері жасушаның екіге, жіп тәрізділердің жіптің үзілуі арқылы вегатативтік көбейеді. Жынысы көбеюі коньюгация. Спирогира – Spirogyra (66 сурет А) – жасушалары көлемді біркелкі, цилиндр пішінді, онда бір не бірнеше лента тәрізді спиральша орналасқан хромотофорлары болады. Бір ірі ядросы, көптеген пиреноидтары бар. Сыртқы жасуша қабықшасы пектин затынан ішкісі целлюлозадан құралған. Сондықтан қолмен ұстағанда жұмсақ, сусымалы болып тұрады.
66- сурет. Спирогира: А – жасушасында екі хлропласты бар таллом бөлігі; Б – жасушасында бір хлропласты бар таллом бөлігі; В – жасушаның көлденең кесіндісі; Г – коньюгация; Д – зиготаның өсуі.
Спирогираның көбеюі таллом жіпшелерінің үзілуі арқылы вегатативтік көбейеді. Жынысты көбеюі – коньюгация кезінде спирогираның гетеротальды жіпшелері бір-бірімен паралелльді жақындасады да, екі жасуша арасында төмпешік пайда болып, коопуляциялық канал қалыптасады, бұл каналдың түйіскен жерінде жасуша қабықшасы еріп бір жасушаның протопластары екінші жасушаға құйылады. Бірінші жасуша аталықтың қызметін, екінші жасуша аналықтың қызметін атқарады, нәтижесінде зигота түзіледі. Зиготада қоректік зат майлар жиналып, үш қабатпен қапталады. Зигота тыныштық күйін өткізгенсін екі рет бөлініп, 4 моноплоидты жасуша түзіледі, бұның біреуінен ғана жас дарақ жетіледі. Спирогира барлық тіршілігін гаплоидты фазада өткізеді, ал диплоидты фазасы тек зигота. Хара - Chara (67 сурет) – ірі, көп жасушалы балдыр, жасушасы жас кезінже бір ядролы болса, есейгенде көп ядролы болады. Хромотофорлары көптеген дән тәрізді. Талломның ішкі және сыртқы құрылыстары күрделі болып келеді. Таллом жасыл өркенінен және субстратқа бекінетін түссіз тарамдалған ризоидынан тұрады. Денесі жоғары сатыдағы өсімдіктер сияқты «сабаққа» және шоғырланып орналасқан «жапырақ» тәрізді бөлшектерге бөлінген. Олар қырықбуын сияқты буындардан және буын аралықтарынан тұрады. Буындарындағы жасушалары қысқа, ал буын аралықтарындағы жасушалары ұзын келеді. Төменгі буындарындағы жасушалардың бөлінуінен ризоидтары дамып жетіледі. Хара балдырының жыныссыз көбеюі нәтижесінде пайда блатын зооспора немесе спорамен көбеюі болмайды.
Хара балдырының жынысты көбеюі оогамды, талломның буындарында оогоний – аналық жасушасы, антеридийде - аталық-талшықты сперматозоидтар дамып жетіледі. Сперматозоидтар аналық жасушаны ұрыұтанырып, зигота пайда болады. Зигота тыныштық кезеңін өткеннен кейін, редукциялық бөлініп, жас хара балдыры дамып жетіледі. Хара балдырының тіршілігі гаплоидты фазада өтеді, диплоидты фазасы тек зигота ғана болады.
Тапсырма
1. Балдырлары бар судан препарат дайындап, спирогираның қандай құрылымдарының көрініп тұрғандығын анықтау. 2. Препарттағы спирогира құрылысын тұрақты препараттағы спирогира құрылысымен салыстыра отырып, спирогира құрылысының суретін салу. 3. Тұрақты прерпараттан спирогираның коньюгация процесімен танысып, суретін салу. 4. Тұрақты прерпаратынан хараның жынысты мүшелері – оогоний мен антиридийімен танысып, суреттерін салу. 5. Қайталау сұрақтарына жауап бере отырып, салған суреттеріне талдау жасау. Қайталау сұрақтары
1. Спирогира балдырының жасушасында қандай құрылымдар бар? 2. Спирогираның жынысты көбеюі–коньюгация қалай өтеді? 3. Спирогира балдырында қандай фаза басым болып келеді? 4. Қандай белгілеріне қарап, хара балдырларын жеке бөлім ретінде қарайды? 5. Харалардың жынысты көбеюі және жыныс мүшесінің құрылысы қандай? 6. Хараларда ядро фазаларының ауысуы қалай жүреді? 7. Хара балдырының анатомиялық құрылысы қандай? 8. Харалардың басқа балдырлармен филогентикалық байланыстары неде? 9. Хара балдырларының қандай практикалық маңызы бар?
29-жұмыс
Тақырыбы: Қыналар бөлімі – Lichenophyta. Сабақтың мақсаты: Қыналардың түрлерін, сыртқы құрылысының ерекшеліктерін және көбею жолдарын білу. Қажетті материалдар: әртүрлі қыналар коллекциясы, ылғалданған мақта.
Жалпы түсінік
Қыналардың 18-20 мың түрі бар төменгі сатыдағы өсімдіктер қатарына жатады. Қыналар күй талғамайтын өсімдіктер, сондықтан табиғатта қыналар басқа өсімдіктерге құнарсыз келетін құнарсыз жерлерде мысалы, тастардың үстінде, шөлді–шөлейтті жерлерде, тундрада және ормандарда тіршілік етеді. Қыналарға ең қажетті жағдай оттегіне бай таза ауа. Қалада қыналар өспейді, себебі түтін және ысты жерлерде тіршілік ете алмайды. Қыналар – комплексті ағза, яғни денесі саңырауқұлақтардың жіпшелерінен (гифтерінен) және балдырлар жасушаларынан тұрады, кейінгі кезде үшінші ағза азот бактериялары болатындығы дәлелденген. Саңырауқұлақтардың жіпшелері арқылы субстарттағы немесе атмосферадағы су мен онда еріген минералды заттарды сіңіріп отырса, балдырлар жасушаларында фотосинтез процесінің нәтижесінде пайда болған органикалық заттармен, ал азотты бактериялар қынаны азотпен қамтамасыз етеді. Жарық жоқта фотосинтез жүрмейді де, қына тіршілігінен айырылады. Қыналар құрамына көбіне қалталы саңырауқұлақтар, кейбір түрлерінде базидиалды саңырауқұлақтар кездеседі, ал балдырлардан – жасыл және көк–жасыл балдырлардың өкілдері кездеседі, яғни бұлар бір–бірімен селбесіп (симбиоз) тіршілік етеді. Қыналар талломы әр түрлі түсті: сұр, қара, көгілдір, сары, қызғылт–сары, қоңыр түсті болады, мұндай түс бері құрамындағы қыналар қышқылдарының болуына байланысты, бұлар жіп шумақтың жоғарғы жағында түйіршікті, таяқшалы, кристалды түрде қалыптасады. Сыртқы пішіндеріне қарай қыналар үшке бөлінеді: 1. Қаспақ немесе қабыршақты қыналар – бұлар ағаштардың қабықтарына, тасқа, жартастарға жабысып өседі, бекінген тастардан бөліп алу қиын және түстері әртүрлі болады. 2. Жапырақ тәрізді қына (жалпақ жапырақ пішініне ұқсас) – бұлар ормандағы ағаштардың діңіне, түбіріне жабысып өседі, бұларды оңай бөліп алуға болады, түстері сұр, сары, қызғылт–сары болып келеді. 3. Бұта тәрізді қаналар – бұлар қарағайлы құрғақ ормандарда тіршілік етеді, түсі сұр, ақшыл болып келеді, оңай бөліп алуға болады. Бұл қыналар тундрада көп кездеседі, мысалы, бұғы–мүгі ягель. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|