ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Төменгі сатыдағы өсімдіктер систематикасы – Thallobionta 3 страницаАнатомиялық құрылысы жағынан қыналар талломдарындағы балдырлардың орналасуына қарай екіге бөлінеді: 1. Гетеромерлі (68 сурет Б) – қыналардың жоғарғы қабық қабатының астында жасыл балдырлардың жасушаларының бір қабат болып орналасуы, бұны гонидийлер қабаты деп те атайды. 2. Гомеомерлі (68 сурет Б) – балдырлар жасушалары саңырауқұлақтардың жіпшумағының арасында шашыранды орналасады, бұған қаспақ қыналар жатады.
68– сурет. Жапырақ тәрізді қыналар: А – пармелия–апотециясы бар талломның жалпы көрінісі және гетеромерлі талломының көлденең кесіндісі; Б – лептогония–гомеомерлі талломының көлденең кесіндісі: 1 –жоғарғы қабық қабаты, 2 – гонидий қабаты, 3- өзек қабаты, 4-төменгі қабық қабаты, 5 – ризина, 6 – соридия.
Қыналар көбінесе вегатативтік жолмен көбейеді, бұл кезде қынаның кез келген жерінен сынып, үгіліп түскен бөліктерінен жас қына өсіп шығады. Сонымен қатар денесінде пайда болатын ерекше жасушалармен де көбейеді, ол жасушалар соридиялар және изидиялар деп аталады. Соридиялар саңырауқұлақтардың жіпшелерімен оратылған балдырлардың жасушалар тобы. Бұндай жасушалар қына денесінің ішкі жағында пайда болады, осы кезде қынаның салмағы артады да қабығы қсымнан жарылып, ондағы соридиялар үзіліп, жел, жауын суының ағынымен таралып, жаңа жерде жаңа қына өсіп шығады. Изидиялар – қына қабаттамасының жоғарғы жағында төмпешіктер пайда болып, оның құрамында да саңырауқұлақтардың жіпшелеріне оратылған балдырлар болады, бұлар сыртынан қабықпен қапталады. Изидиялардың соридиялардан айырмашылығ осы қабығының болуында. Төмпешік ұзарып өсіп, үзіледі де жел арқылы таралып кетеді. Қаспақ қыналар кесектері арқылы көбейеді, кейде субстратпен бірге кесектелген бөліктерімен көбейеді. Қыналар – ыстық күндері қурап, оп–оңай үзіледі, ал аздап жауын жауса болғаны, олар қайтадан жанданады. Қыналар өте баяу өседі, мысалы, бұғы мүгі–ягель бір жылда не бары 1-3 мм өседі.
Тапсырма
1. Қыналар коллекциясынан қыналардың түрлерін анықтап, түрлерінің суреттерін салу. 2. Суға салынып қойған қындан препарат дайындап, саңырауқұлақтардың жіпшумағын және балдырларды анықтау. 3. Қыналар денесінің гомеомерлі немесе гетеромерлі екендігін анықтап, суреттерін салу. 4. Ылғалданған мақтаға қынаның бір үзімін салып, үстіне ыдыс (банка, стакан) төңкеріп, қынаның неше күннен соң тіршілік ете бастайтынын бақылау. 5. Қайталау сұрақтарына жауап бере отырып, салған суреттеріне талдау жасау.
Қауталау сұрақтары
1. Қыналар қандай жерлерде өседі? 2. Қыналарды не себептен комплексті ағза деп атайды? 3. Қыналар денесіндегі саңырауқұлақтар, балдырлар және бактериялар бірін–бірі қандай заттармен қамтамасыз етеді? 4. Қыналар денесінде саңырауқұлақтардың, балдырлардың және бактериялардың қандай түрлері кездеседі? 5. Қандай белгілеріне байланысты қыналарды классификациялайды? 6. Қандай талломдарын гетеромерлі, қайсысы гомеомерлі деп атайды? 7. Гонидийлі қабат дегеніміз не? 8. Қыналар субстратқа қалай бекінеді? 9. Қыналар қалай көбейеді? 10. Соридия, изидиялар қалай пайда болады. 11. Қыналарды паразитті ағзалар қатарына жатқызуға бола ма?
30-жұмыс
Төменгі сатыдағы гетеротрофтылар – Thallobionta aplastidae Тақырыбы: Саңырауқұлақтар. Сабақтың мақсаты: Оомицеттер класының өкілі – картоп фитофторасының, зигомицеттер класының өкілі – мукор саңырауқұлағының ерекшеліктерін ажырату. Қажетті материалдар: зақымданған картоп түйнегі, картоптың зақымданған жапырақтарының кеппешөптері, нанда өсірілген мукор саңырауқұлағы.
Жалпы түсінік
Саңырауқұлақтар тірі табиғаттың ерекше тобы, олардың 100 мыңнан астам түрі белгілі, олар Жер жүзінің барлық белдеулеріне кеңінен таралған: топырақта, суда, ағаш діңдерінде, тірі және өлі ағзалардың денесінде т.б. тіршілік етеді. Саңырауқұлақтың өсімдікке, жануарларға тән белгілері бар. Саңырауқұлақтар өсімдік сияқты бір орыннан қозғалмайды; қанша тіршілік етсе, сонша өсе береді, тарамдалады; жасушасында қалың қабықшасы болады; қоректік заттарды жануарлар сияқты пайдаланбай, өсімдіктер сияқты бүкіл денесімен сорады. Олардың жануарларға тән белгілері; жасушасының қабықшасы қатты хитиннен тұрады; жануарлар сияқты дайын органикалық заттармен қоректенеді, фотосинтез жүрмейді себебі саңырауқұлақтарда пластидтер болмайды. Бұлар дайын органикалық заттармен қоректенуге бейімделген гетеротрофты өсімдіктер. Көпшілік саңырауқұлақтардың вегатативті денесі жіпшелерден (гифалардан) тұрады. Бұлар бір-бірімен матасып жіпшумақ (мицелий) деп аталатын саңырауқұлақ денесін құрайды. Төменгі сатыдағы саңырауқұлақтардың жіпшумақтары көлденең перделерге бөлінбеген, яғни жасушалы құрылысы жоқ, көп ядролы, ал жоғары сатыдағы саңырауқұлақтардың жіпшумақтары көлденең перделерге бөлінген, көп жасушалы, бір, екі кейде одан да көп ядролы болады. Саңырауқұлақтардың жеке жасушасының құрылысы – қабықшадан, цитоплазмадан ядродан, ал ересек жасушаның ортаңғы бөлігін ірі вакуоль алып жатады. Вакуоль жасуша шырынына толы болады. Саңырауқұлақтардың жасушаларында қор заты ретінде ешуақытта крахмал жиналмайды, май тамшылары мен гликоген жиналады. Кейбір саңырауқұлақтарда әр түрлі улы заттардың жиналуы да жиі кездеседі. Саңырауқұлақтардың түсі – жасуша қабығыда, цитоплазмада, вакуольде болатын пигменттерге байланысты. Пигменттер әр түрлі химиялық процестер нәтижесінде түзіледі. Саңырауқұлақтардың жіпшумақтары сыртқы – экзогенді және ішкі – эндогенді болып екіге бөлінеді. Экзогенді жіпшумақтар субстраттың үстінде, эндогенді жіпшумақтар ішінде, өсімдік қалдықтарының арасында, тірі өсімдіктер денесінің ішінде жатады. Саңырауқұлақтар бүршіктері, вегатативтік, жыныссыз және жынысты жолдармен көбейеді. Бүршіктену – жасушаның бүршіктеніп көбеюі, мысалы, ашытқы саңырауқұлағы. Вегатативтік көбею – саңырауқұлақтар жіпшумақтарының жеке бөліктерге және жасушаларға бөлінуі арқылы көбейеді. Жыныссыз жолмен көбейгенде саңырауқұлақтарда әр түрлі спора тасушы мүшелерінің құрылуы арқылы көбейеді. Споралар жіпшумақтың ұшынан өсетін спорангияларда түзіледі. Кейбір төменгі сатыдағы саңырауқұлақтардың споралары балдырлардың зооспораларына ұқсас, қозғалғыш келеді, оны да зооспора деп атайды, олар зооспорангияларда көп мөлшерде түзіледі. Бұндай пайда болған спораларды эндогендік жолмен пайда болған споралар деп атайды. Экзогендік спораларды көпшілік уақытта конидия деп атайды. Бұлар моншақ тәрізді тізбектеліп келіп, ерекше тарамдалған не тарамдалмаған конидия сағағы деп аталатын жіпшуамақтардың ұштарынан дамиды. Саңырауқұлақтардың жынысты көбеюі кезінде қарапайым түрлерінде хологамия, изогамия және гетерогамия жолдарымен көбейсе, құрылысы күрделілері оогамия және тіркеспелі балдырлардың коньюгациясы сияқты, зигогамиялы жолмен де көбейеді. Барлық төменгі сатыдағы саңырауқұлақтарда зигота біраз уақыт тыныштық күйінде болады. Ол өсер алдында редукциялы бөлінеді. Бұл саңырауқұлақтардың барлық тіршілік жағдайы гаплоидты, ал диплоидты болып тек зигота есептеледі. Жоғары сатыдағы саңырауқұлақтардың көпшілігі жеке гаметаларға бөлінбеген, сыртқы құрылысы жағынан әр түрлі жыныс мүшелерінің бір-біріне құйылуы арқылы көбейеді, бұндай көбею гаметангиогамия деп аталады. Біраз саңырауқұлақтардың жыныс мұшелерінің ұрықтануы спермациялар арқылы болады. Олар бунақденелермен немесе ауаның ағыныменкеліп аналық жыныс жасушасын ұрықтандырады. Жоғары сатыдағы саңырауқұлақтардың біраз түрлерінде нағыз жыныс процесінің жойылғаны байқалады. Ұрықтану көпшілік жағдайда бір вегатативтік жасушаның протопласты екінші бір жасушаға жылып барып құйылуы, бұндай көбеюді соматогамия деп атайды. Мұнда ядролар бір-бірімен бірден қосылмайды, олар тек жұп-жұбымен жақындасып, дикарион түзіледі. Содан кейін әртүрлі жынысты ядролар бір–бірімен қосылып, диплоидты ядро кариогамияға ауысады. Ядролар жынысты жолмен қосылғанна кейін, тыныштық кезеңінен өтпей-ақ, редукциялы жолмен бөлініп, гаплоидты жынысты көбею спорасына айналады. Сонымен көпшілік жоғары сатыдағы саңырауқұлақтардың даму кезеңінде гаплоидты, дикарионды және диплоидты үш фаза алмасып отырады. Диплоидты фаза азақ уақыт, ал гаплоидты және дикарионды фазалардың ұзақтығы саңырауқұлақ топтарына байланысты. Біз оомицеттер – Oomycetes класының өкілі – картоп фитофторасымен - Phytophthora infestans танысамыз. Ол өсімдікте «картоп зілі» деп аталатын ауру туғызады. Бұл аурумен зақымданған картоп гүлденгеннен кейін жапырақтары солып қарая бастайды. Саңырауқұлақтың жіпшумағы жапырақтың ұлпасына ұялайды, ал жапырақ тақтасының төменгі жағындағы лептесіктері арқылы конидий сағақтары шығып тұрады, онда конидиялар дамиды. Конидиялар шашылып, зақымданбаған жапырақтарды зақымдайды. Ауа райы өте ылғалды болғанда конидийлер зооспорангия сияқты өседі де, одан екі талшығы бар 6-12 зооспоралар сыртқа шығады. Олар су тамшылары арқылы басқа жапырақтарға тсіп, қабықпен қапталып жаңа жіпшелер түзейді. Сөйтіп жапырақтың бетінде жаңа дақтар пайда болады. Жаңбыр қатты жауса зооспоралар мен конидиялар сумен жуылып топырақтағы түйнектерге жұғады. Картопты қоймада сақтағанда ауру түйнектерден зақымдалмаған түйнектерге жұғады, сөйтіп қоймадағы картоп түйнектердің бәрін шірітіп жіберуі мүмкін. Картоп шірігенде жыныс процесінің нәтижесінде ооспора түзіледі. Ооспора қыс бойы сақталып, келесі жылы жаңадан сол ауруды таратады. (69 сурет). Бұлармен күрестің басты шарты – картоп егісіне улы бордосс сұйығын бүркеді. Картопты қоймаға сақтау алдында қойманы дизенфекциялап, картопты мұқият сұрыптап, 4-50 -тан артпайтын температурада сақтау керек.
69-сурет. Фитофтора: А – фитофторамен зақымданған картоп өркені; Б- зақымданған жапырақ кесіндісі; В – зооспорангий, зооспораның шығуы және зооспораның өсуі; Г – зооспораның түйнекке енуі; Д - фитофторамен зақымданған картоп түйнегі; Е – зооспорангийден жіпшенің өсуі.
Зигомицеттер - Zygomycetes класының өкілі – мукор Mucor mycedo саңырауқұлағы – бұл көп ядролы, перделерге бөлінбеген, жан-жаққа тарамдалып бұтақтанған жіпшелерден тұрады. Жіпшелерден жоғары қарай шар пішінді спорангийлер көтеріледі. Спорангий ішіндегі протопластар бірнеше ядросы бар көптеген майда бөлшектерге бөлінеді де, кейіннен қабыққа оралып спораға айналады. Спорангий қабығы жыртылып, одан споарлар шығады да, ауаның ағынымен таралады. Бұл жыныссыз көбеюі. (70 сурет А). Жынысты жолмен көбеюі сирек кездеседі. Мұнда сыртқы құрылысы жағынан бір–бірінен ешқандай айырмашылығ жоқ, тек физиологиялық жағынан ғана айырмашылығы бар көрші жатқан жіпшумақтардан бұтақшалар өседі. Бұл бұтақшалар әр түрлі жіпшумақтарда жататындықтан мукорлар–гетеротальды болып есептеледі. Бір–біріне қарай бағытталған осы бұтақшалардың, ұштары түйіседі де, осы кезде негізгі жіпшеден олар перделермен бөлінеді. Түйіскен жіпшелердің қабықшасы еріп, жасуша іштеріндегі көп ядролы заттар араласып зигота түзіледі. Зигота ядросы редукциялы жолмен бөлініп, ұзақ уақыт тыныштықтан кейін қысқа жіпше өсіп шығады. Жіпше ұрықтық спорангийлермен аяқталады, онда аталық және аналық споралар түзіледі, бұлардан жіпшенің аналық және аталық түрлері дамиды. (70 сурет).
70-сурет. Мукор: А – спорангийі бар мицелий; Б – спорангийдің пайда болуы; В – зиготаның өсуі; Г – гаметангиогамия.
Тапсырма
1. Кеппешөптегі зақымданған картоп жапырағынан фитофтораны лупа арқылы қарай отырып, кітаптағы немесе кестедегі суреттермен салыстырып, талдау. 2. Зақымданған картоп түйнегінен препарат дайындап, көргендеріне анализ жасау. 3. Картоп фитофторасының сыртқы құрылысының, көбею кезеңдерінің суреттерін салу. 4. Күн бұрын өсірілген мукор саңырауқұлағы бар ортадан препарат дайындап, жіпшелерін бақылау, перделерге бөлінген, бөлінбегенін анықтау. 5. Препарттан мукор саңырауқұлағының спорангийлерінің жетілу барысын және спораларын бақылап, суреттерін салу. 6. Қайталау сұрақтарына жауап бере отырып, салған суреттеріне талдау жасау.
Қайталау сұрақтары
1. Саңырауқұлақтардың өсімдіктерге және жануарларға тән қандай белгілері бар? 2. Саңырауқұлақтардың талломдары қалай деп аталады. Олар неден тұрады? 3. Қандай белгілеріне байланысты саңырауқұлақтар төменгі және жоғарғы сатыдағы саңырауқұлақтар деп бөлінеді? 4. Саңырауқұлақтың жеке жасушасы қандай құрылымдардан тұрады? 5. Саңырауқұлақтар қалай көбейеді? 6. Гаметангиогамия, спермация, соматогамия жынысты көбеюлері қалай өтеді? 7. Гаплоидты, диплоидты және дикарионды фазалар қандай ұрпақтарында болады? 8. Фитофтора қандай өсімдікті зақымдайды және қандай ауру тудырады? 9. Фитофтора қалай көбейеді? 10. Фитофтора саңырауқұлағымен күресудің қандай жолдары бар? 11. Мукор саңырауқұлағы қай жерлерде кездеседі? 12. Мукор саңырауқұлағының жыныссыз, жынысты көбеюлері қалай өтеді?
31-жұмыс
Жоғарғы сатыдағы cаңырауқұлақтар. Тақырыбы: Аскомицеттер немесе қалталы саңырауқұлақтар класы – Ascomycetes. Сабақтың мақсаты: Ашытқы, пеницилл, аспергилл, қастауыш саңырауқұлақтарының құрылыстарымен, көбеюлерімен танысу. Қажетті материалдар: ашытқы, пеницилл, аспергилл саңырауқұлақтары өсірілген орта, қастауыш саңырауқұлағы зақымданған өсімдіктердің кеппешөптері.
Жалпы түсінік
Аскомицеттер класының басты ерекшелігі – көп жасушалы жіпшелерінің және жыныс процесінің нәтижесінде түзілетін қалталарының (аскаларының) болуында. Олардың ішінде қалыпты жағдайда 8 эндогенді спора түзіледі, оларды аскоспоралар деп атайды. Жыныссыз көбеюі конидиялар пайда болу арқылы өтеді. Мұнда конидия споралары экзогенді жағдайда конидия сағағының үстінде түзіледі. Жынысты көбеюде саңырауқұлақ жіпшесінің екі жасушасы қосылады, сөйтіп ядролары бірігіп зигота түзіледі. Зигота тыныштық дәуіріне көшпей–ақ қосылған ядро үш рет бөлініп, гаплоидты 8 ядро түзіледі. Ядроның айналасындағы цитоплазманың бір бөлімі қатайып спора қабығына (71 сурет А), ал зигота қабығы қалтаға айналады. Сөйтіп, гаплоидты ядродан қалталы 8 аскоспора түзіледі. Бұл жағдайда зиготадан бір ғана қалта дамиды. Көпшілік күрделі құрылысты аскомицеттердің гаметаларға бөлінбеген екі жыныс мүшелерінің жасуша ішіндегі заттары бір–біріне құйылады. Аналық жыныс мүшесі – архикарп екі жасушадан тұрады, оның төменгі кеңейген шар тәрізді бөлімін аскоген, жоғарғы цилиндр сияқтысын – трихогина дейді. (71 сурет Д). Аталық жыныс мүшесі – антеридий цилиндр тәрізді жасушадан тұрады. Ол аналық жыныс мүшесіне жақын өседі. Барлығының жасушалары көп ядролы, бірақ гаметаларға бөлінбеген. Антеридий трихогинаның ұшы арқылы өзінің жасуша ішіндегі затын аскгенге құяды. Аталық және аналық жыныс мүшелерінің ядролары жұп-жұбымен бір-біріне жақындасады, бірақ қосылмай дикариондар түзіледі. (71 сурет Е).Осыдан кейін аскогеннен жан-жаққа тарамдалған аскогендік жіпшелер өседі. Дикарионды ядролар аскогендік жіпшелерге өтеді де, бір-бірімен қосылып дикарионды ядро түзеді. Ол редукциялы жолмен бөлініп 8 аскоспораға айналады, ал аскогендік жіпшелерден қалталар түзіледі, нәтижесінде ұрықтанған бір аскогеннен көптеген қалталар құрылады. Көпшілік аскомицеттерде ұзақ уақыт болатын гаплоидты кезеңмен диплоидты зиготаның (ұрықтанған жыныс жасушасының) арасында уақытша дикарионды кезең болады. Жыныс мүшелері дамыған жіпшумақтың бір бөлімі оның айналасына тоқылып жеміс денесінің ұлпасын түзеді, одан пішіні әр түрлі жеміс денесі өсіп жетіледі. Аскомицеттердің жеміс денесі құрылысына қарай үшке бөледі:
71-сурет. Аскомицеттердің жынысты процесі: А – аскоспора; Б,В – гаплоидты мицелий; Г – жынысты көбею мүшесі; Д – трихогиннің антеридиймен қосылуы, протопластың аскогенге өтуі, дикариондардың пайда болуы, Е –аскоген жіпшелерінің пайда болуы; Ж –аскоген жіпшелерінің ұшында аскалардың (қалталардың) түзілуі; З – аскоспоралардың пайда болуы; М – мейоз: 1-аскоген, 2- трихогина (1-2-архикарп), 3-антеридий, 4 – аскоген жіпшесі, 5- зигота, 6- аскоспоралары бар аска (қалта).
1. Клейстотеций – тұйықталған жемісті дене, оның ішінде қалта көбінесе ретсіз орналасады. Қалта жемісті дененің жыртылуы арқылы сыртқа босап шығады. (72 сурет А). 72-сурет. Эуаскомицеттердің жемісті денелері: А – клейстотеций; Б – перитеций; В – апотеций.
2. Перитеций – құмыра тәрізді, жоғарғы жағнда тар тесігі бар жартылай тұйықталған жемісті дене. Қалта шоқтанып жеміс денесінің түбіне орналасады. Спора піскен кезде қалта көтеріліп, құмыраның мойнына келіп ашылып, аскоспораларын шашады. Бос қалта жеміс денесінің түбіне түседі де, оның орнына екінші қалта басады. (72 сурет Б). 3. Апотеций – ашық жемісті дене, көбінесе табақша тәрізді. Қалта оның үстінде, гимений деп аталатын қабатта жеміссіз жіпше-парфиздермен кезектесіп орналасады. (72 сурет В). Аскомицеттердің көбі өсімдік қалдықтарында, тағамдарда сапрофитті тіршілік етеді. Аскомицеттердің көпшілігі вегатативтік сатысында өсімдікте паразитті тіршілік етіп конидиялар арқылы көбейсе, иесі тіршілігін жойғаннан кейін оның шіріндісінде сапрофитті тіршілік етуге көшеді, ал одан кктемде қалталы спора тасушы мүшесі түзіледі. Аскомицеттер класының жалаңаш қалталылар – Hemiascomycetidae класс тармағының алғашқы қалталылар немесе эндомицеттер – Endomycetales қатарының өкілі – ашытқы саңырауқұлағы – Saccharomyces cerevisiae. Ашытқы саңырауқұлағы бір жасушалы қозғалмайтын ағзалар. Жасуша пішіні әр түрлі: дөңгелек, сопақша және таяқша тәрізді болады. Оларда қозғалу органеллалары болмайды. Жасуша сыртында қабығы бар, цитоплазмада, ядро, вакуоль және май, гликоген, волютин қоректік заттары кездеседі. Ашытқы саңырауқұлақтарын адам баласы қолдан өсіріп, өз шаруашылығында пайдаланады. Ал, табиғатта жабайы ашытқы саңырауқұлақтар да болады. Олар ауыл шаруашылық өнімдерін зақымдап едәуір зиянын тигізеді. Ашытқы саңырауқұлағының адам баласына пайда келтіретін түрлерін біз мәдени ашытқы саңырауқұлақтар деп атаймыз. Ашытқы саңырауқұлақтарды өнеркәсіпте кең қолданылады. Олардың бұл қасиеті нан өндірісінде және спирт өндіруде, түрлі шараптарды, сыраларды, сүт тағамдарын даярлауда қолданылады. Ашытқы саңырауқұлақтары көбінесе бүршіктеу арқылы көбейеді. Бұлар спора түзу және бөліну арқылы сирек көбейеді. Бүршіктеніп көбейгенде, алдымен аналық жасушадан төмпешік пайда болады да, кейіннен ол үлкейіп бүршікке айналады. Бұдан кейін жас жасуша аналық ағзадан мүлдем бөлініп кетеді. (73 сурет В). 73– сурет. Нан ашытқысы: А – біржасушалы таллом; Б – аскоспорасы бар жасуша; В – бүршіктену.
Спорамен көбею оларда жынысты және жыныссыз көбею кезінде жүзеге асады. Ашытқы саңырауқұлағының жасушасындағы споарлардың саны екіден он екіге дейін барады. Жыныссыз жолмен спора пайда болғанда вегатативтік жасушалар ұсақ бөлшектерге бөлінеді де төрт спорасы бар қалта пайда болады. Кейбір ашытқы саңырауқұлақтарда бір қалтада екі жұп гетеротальды аскоспора пайда болады да, олар қалта ішінде коньюгацияланады, кейде бұлар өсер алдында жұптасып дикарион түзеді де кейін қосылады, бұл ашытқы саңырауқұлағының жынысты көбеюі болып табылады. Эвроциилер (Eurotiales) қатарының өкілдері – аспергилл (Aspergillus) және пеницилл (Penicillum) саңырауқұлақары – сыртқы құрылыстары жағынан ұқсас. (74 сурет А, Б). Бұл екі туысты жіпшелерінен жоғары қарай көтерілетін конидия сағағының болуынан және конидиялар мен ұнтақ тәрізді көкшіл, жасыл, сары, қара және басқа да түсті зеңдері арқылы бір–бірінен ажыратылады. Аспергилдің конидия сағағы бір жасушалы цилиндр пішінді, жоғарғы жағы шоқпарланып бітеді, бұның жоғарғы жағында цилиндр пішінді жасушалар – стеригмалар – бір жасушалы конидияларға үзіліп моншақ тәрізді тізбектеліп тұрады.
74- сурет. Эвроциилер: А – пеницилл; Б – аспергилл: 1- конидиялары бар көпжасушалы таллом; 2-конидиялары бар біржасушалы таллом; 3-фиалид; 4- клейстотеций кесіндісі.
Пеницилл саңырауқұлағының конидия сағағы көпжасушалы, жоғарғы жағы саусақ салалы 2-3 бұтақталған, онда орналасқан стеригмалар, жасушалы конидияларға үзіліп, моншақ тәрізді тізбектеліп тұрады. Бұларда қалта және спора түзілу процестері болады. Қалталы споралар тұйықталған клейстотецийдің ішінде орналасады. (74 сурет Б). Зең саңырауқұлақтары тағамдарды және басқа да кейбір заттарды бүлдіріп зиян келтіреді. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|