ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Экономикалық теория» бойынша дәрістік курс1, 2 -тақырыпТАР Экономикалық теорияның пәні және әдісі. Экономикалық теория ғылым ретінде.
ü Экономикалық теорияның пәні және даму кезеңдері ü Экономикалық теорияның қызметтері ü Негізгі экономикалық мақсаттар және экономикалық үрдістерді танып-білу әдіснамасы Мақсаты: Экономикалық теорияның даму кезеңдерін, әдіснамасын және мақсатын ашып көрсету және негіздеу. Негізгі ұғымдар: Экономикалық білімнің қалыптасуы мен негізгі даму кезеңдері. Экономикалық үрдістерді танып-білудің әдіснамасы. Негізгі экономикалық мақсаттар, заңдылықтар, абстракция, экономикалық құралдар, экономикалық талдаудың лабораториясы, логика, жүйе, бүтіндік, методология, әдіс. Экономикалық теория пәні - бұл адамдардың шексіз қажеттілігін қанағаттандыру үшін қоғамдағы шектеулі немесе сирек кездесетін және шексіз болатын ресурстарды пайдалану арқылы игіліктерді өндіруді зерттейтін ғылым. Экономикалық білімнің дамуында төрт басты кезеңді атап көрсетуге болады: I кезең – ғылыми дамуға дейінгі: экономикалық ойлардың пайда болуынан бастап бірінші ғылыми мектептердің қалыптасуына дейінгі кезең (хрематистика, конфуцизм, схоластика). II кезең – экономикалық ғылымның қалыптасуы, яғни экономикалық жүйенің мәні, мақсаты мен міндеттері туралы жүйелі білімнің пайда болуы (меркантилизм, физиократтар мектебі, классикалық саяси мектеп). ІІІ кезең – (ХІХ ғасырдың 2-ші ширегі, ХХ ғасырдың 1-ші жартысы) экономикалық ғылымның негізгі принциптерінің ашылуы және қалыптасуы, 2 мықты теориялық жүйенің: марксизм және маржинализмнің қалыптасуы жүзеге асқан кезең. Марксизм теориясындағы орталық мәнді капитал және қосылған құн туралы ілім алады. Маржинализм теориясы (маржиналь – шекті), экономикалық талдауды шаруашылық айналымға қатысушы жеке субъект тұрғысынан алып жүзеге асырады. Бұл бағыт ағылшын экономисті А.Маршаллдың еңбектерінде айтарлықтай толық сипатталған («Экономикалық ғылымның принциптері»). ІV кезең – экономикалық талдаудың жаңа бағыттарымен сипатталады: а) Макроэкономикалық бағыттың пайда болуы. Бұл талдаудың дамуы Дж.Кейнстің есімімен тығыз байланысты. 1936 жылы Дж.Кейнс «Жұмысбастылық, пайыз және ақшаның жалпы теориясы» атты еңбегін жариялап, сол арқылы экономикалық теорияда тағы бір бағыттың қалыптасуына ықпал етеді. Кейнс тиімді сұранысты (тұтыну және инвестициялық) қалыптастырып, реттеу мақсатында мемлекеттің экономикаға араласуы қажет деп санады. Оның басты идеясы осы. б) Уақыт факторының рөлін есепке алатын теорияның пайда болуы. Осыған орай экономикадағы динамикалық үрдістерді зерттеу белең ала бастайды. Динамикалық талдаудың дамуы экономикалық тербелістер феноменін, экономикалық өсумен тығыз байланысты мәселелерді терең түсіндіруге ықпал етті (шведтік экономистер Г.Мордаль, Виксель). в) Жетілмеген бәсеке феноменін талдауға арналған жаңа экономикалық бағыттың қалыптасуы. Аталған кезең экономистері жетілген бәсеке феноменін зерттеуді негізге алды. Джоан Робенсон 1933 жылы заманға сай нарықтағы тұлғаны монополия анықтайды деген идеяны дамытқан «Жетілмеген бәсеке экономикасы» атты еңбегін жарыққа шығарады. г) Экономикалық оптимум (ең жақсы жағдайлар) теориясының пайда болуы – бұл ресурстарды бөлу мен тұтынушылар арасында игіліктерді бөлу мәселелері зерттелетін әл-ауқат теориясы (У.Хикс). д) Әр түрлі түрленімді қамтыған институционализм теориясының пайда болуы. Бұл бағыт экономикалық қатынастар жүйесінде әлеуметтік-психологиялық факторларды қолдануға негізделген. е) ХХ ғасырдың ортасы мен ХХІ ғасырдан бастап постиндустриалдық экономика теориялары пайда болып, қарқынды дами түсті. Экономикалық ғылым әрқашан нақты шынайылықты зерттеумен, заңдар және заңдылықтарды анықтаумен, даму тенденциясын ұзартумен, қоғамдық мақсаттарға жетудің әдістері мен тәсілдерін болжаумен тығыз байланыста болады. Басқаша айтқанда экономикалық ғылым әрдайым серпінді, сонымен қатар экономикалық теория оқу пәні ретінде уақыт мезетінің әр кезеңі үшін статистикалық мәнге ие. Экономикалық теория, саяси экономия, экономика пәнінің зерттеу аясын нақтылауға келетін болсақ, бұл жағдайда келесідей аспектілерді атап өтуге болады: Бірінші, экономика адамдар арасындағы қатынасты және олардың тауарлар мен қызметтерді өндіру, бөлу, айырбастау кезіндегі іс-әрекеттерін, материалды және материалды емес игіліктерді өндіру және оларды қоғам мүшелері арасында бөлу мен тұтыну үшін шектеулі ресурстарды пайдаланудың әдістерін зерттейді. Екінші - саяси экономия ресурстардың шектеулілігі жағдайында материалдық игіліктерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтынуға байланысты адамдар арасындағы қатынастарды зерттейді. Саяси экономия мемлекеттік тәртіп аясындағы шаруашылық заңдарын, яғни ол экономикалық үрдістер мен құбылыстардың объективті негіздерін зерттейді. Экономикалық теорияның пәні мен саяси экономияның пәні бір мағыналас. Алайда, экономикалық теория адамдар арасындағы қатынастардың, адам, топ, тап іс-әрекеттерінің субъективті жағын, сондай-ақ материалдық және материалдық емес игіліктерге қатысты қатынастарды зерттесе, саяси экономия материалдық игіліктерге байланысты тек объективті қатынастарды талдаумен шектеледі. «Функция» сөзі латынның «functio» - орындау, жүзеге асыру деген сөзінен шығады. Экономикалық теорияға қатысты алғандағы функция (қызмет) деп отырғанымыз – объективті дүниені танып-білу жүйесіндегі осы теорияның шешетін міндеттері, сонымен бірге басқа да ғылыми пәндерге қатысты оның міндеттері. Бұлардың негізінде экономикалық теорияның шынайы әлем объектілері және субъектілерімен диалектикалық тұрғыда өзара әсерлесуі қалыптасады. Сол қызметтерінің бірнешеуін төменде көрсетейік: Экономикалық теорияның танымдық қызметі – қоғамдық ұдайы өндіріс айналымында (өндіріс, бөлу, айырбас, тұтыну) көрініс табатын заңдар, заңдылықтар және экономикалық өмір категорияларын ғылыми тұрғыда танып-білу (зерделеу). Ол нақты үрдістердің мәнін, ішкі, анықтаушы байланыстарын зерттейді. Экономикалық теория қоғам дамуының заңдары мен тенденцияларын танып біледі, әсіресе оның заманға сай жағдайы үшін. Методологиялық қызметі салалық, салааралық, функционалдық, тарихи-экономикалық ғылымдар кешені үшін, сонымен бірге білімнің сан алуан саласында тоғысқан экономикалық ғылымдар үшін теориялық түпнегіз (фундемент) ретінде сипатталады. Экономикалық теориямен анықталған заңдар (еңбек өнімділігі, құн), категориялар («ақша», «қаржы», «несие» және т.б.) барлық экономикалық ғылымдарға тән. Осыған сәйкес, бұл заңдардың мәнін ғылыми тұрғыдан анықтау экономикалық теорияның жалпы айырықша құзыретіне жатады. Бұл ретте «Құрылыс экономикасы» курсы осы салаға тән жалпы және ерекше заңдар іс-әрекетін зерттейді, яғни олардың көрініс табу ерекшеліктерін, құрылыс саласындағы экономикалық категориялардың жүзеге асуын да бірге ала отырып зерттейді. Бұл жағдайда экономикалық тетіктер мен категорияларды пайдалана отырып саланы жалпы алып, сонымен қатар оның жеке бөліктерін: жобалық-сметалық іс құрылысын, құрылыс өндірісінің несиелі-қаржылық механизмін, материалды-техникалық маркетингті, менеджментті, басқаша айтқанша ең соңында жаңа құрылысқа салынған, сондай-ақ түрлендіру және бұрынғы негізгі өндірістік қорларды жаңғырту барысында құйылған күрделі қаржыны пайдаланудың тиімділігін анықтайтын барлық қызметтерді тиімді дамыту жолдарын анықтауға басты назар аударылады. 1.2 суреті экономикалық теорияның әр қайсысының, сәйкесінше, жеке пәні және міндеттері бар басқа ғылымдармен байланысын көрнекті түрде бейнелейді. Экономикалық теорияның методологиялық байланысы тек басқа экономикалық ғылымдар кешенімен ғана шектелмей, сонымен қатар ол гуманитарлық, жаратылыстану және де техникалық ғылымдармен, оларды шаруашылық қызмет барысында адамдардың падалануының нәтижелілігіне негізделе отырып өзара ықпалдасады. Бұған, мысал ретінде экономикалық әлеуметтану, мәдениет экономикасы, химиялық ғылым экономикасы, металлтану экономикасын және т.б. жатқызуға болады. Экономика ғылымының жеке салалары қолданбалы ғылымның әр түрлі бағыттарымен тікелей байланысты болады, яғни бұл ғылымның (соның ішінде экономикалық) техника және технологияға бірігуімен сипатталады. Осыған орай соңғысы іс-әрекет барысында ғылымның қолданбалы функциясы ретінде көрініс табады, ал бұл өз кезегінде инженер кадрларды тәжірибелік түрде дайындау, олардың техникалық шешімдерді тиімді қабылдауы үшін өте маңызды. Келесі қызметі прагматикалық немесе тәжірибелі-болжамдық. Көп жағдайда экономикалық әдебиеттерде күнделікті тәжірибе және болжам деген екі ұғым бір-бірінен бөлек қарастырылады, алайда оларды бірге талдау қажет. Тәжiрибенi ғылыми болжамды алдын ала негіздеуден үзіп алу қоғамның экономикалық өмiрiнде сөзсiз жағымсыз салдарға әкеледі. Жеткілікті түрде негізделген және жасалып біткен ғылыми болжамдарсыз, олардың міндетті көп нұсқалылығынсыз (тіпті экономикалық теория элементтерін пайдала отырып) қабылданған шешімдер экономикалық тәжірибеде волюнтаризммен және осындай нұсқадағы қоғамның сөзсіз шығындарымен бірге жүреді. Ғылыми болжамдарды жасау мен негіздеу мәселесіне орай шынайы экономикалық қызметтегі шаруашылықтың не бір формаларын тексеру, белгілі бір теориялық қорытындылардың, гипотезалардың, үлгілердің апробациясы болып табылатын экспериментті қою мүмкіндігін де көрсете кету керек. Қазіргі заман жағдайында экономика және саясаттың өзара әрекеттесуінің екі қыры нақты көрініп отыр: генетикалық және функционалдық. Генетикалық саясат экономикаға сүйенеді, бірақ функционалды түрде оны дайындауға және одан әрі дамуына бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда саясат экономиканы өз мақсаттарына көндіреді. Экономикалық теорияның көмегімен жиналып қалған мәселелерге шынайы түрде талдау жасауға болады. Және талдау қаншалықты нақты болса, әлеуметтік-экономикалық үдеріске деген ғылыми ықпал ету соншалықты дәлме-дәл болады. Басқа да ғылымдар сияқты экономикалық теория білім беру қызметін атқарады. Ол экономикалық ойлау мен сәйкесінше сана-сезім қалыптастырады, яғни білім беру қызметі соңында шаруашылықтың іс-әрекетін анықтайды, қоғамдық психологияға әсер етеді. Экономикалық теория негіздерін білу тек гуманитарлық білімнің элементі ғана болып табылмайды, сондай-ақ ол өмірде өз таңдауыңды жасау үшін де қажет. Айтарлықтай кең ой-өрісі бар, экономикалық сауатты және қазіргі заманғы әлеуметтік күштерді терең түсінетін адам, практикалық тәжірибеге бірден ие болғысы келетін шыдамсыз жасөспірімге қарағанда соңында үлкен материалдық табысқа қол жеткізеді. Дж.М.Кейнс, экономикалық теорияның рөлін айта отырып, идея ойлағанымыздан да айтарлықтай зор маңызға ие екендігін көрсеткен. «Шындығында тек солар ғана әлемді басқарады. Өздерін интеллектуалды әсерлерге мүлде бағынысты сезінбейтін тәжірибе адамдары, әдетте өткен замандағы қандай да бір экономисттің құлы болып отырады». Экономикалық ғылым тек ерекше пәнді ғана қамтып қоймайды, сонымен қатар оның өзіне тән әдіснамалары бар. Экономикалық ғылымның әдіснамасы – бұл экономикалық теория пәнін қалыптастыру мен ғылыми танып-білу әдістерінің қағидалары туралы ілім. Зерттеудің басты бағыттары: 1. Субъективтік. Зерттеудің бастапқы нүктесі – өзіне-өзі сенімді шаруашылық жүргізуші субъект. Зерттеу объектісі – пайдашыл мүдделі «экономикалық адам», яғни бұл адам іс-әрекетінің негізіне өзімшілдік (қоғамдық мүддеден өз басының мүддесін ілгері ұстаушылық) жатады, ал «көрінбейтін қол» болса нарықтық күштерді бағыттап отырады; қоғам – әр-түрлі субъектілер жиынтығы; 2. Неопозитивтік-эмпирикалық. Бірінші орында зерттеудің техникалық аппараты тұрады. Нәтижесі – эмпирикалық үлгілер. Қоғам микро және макро деңгейде зерттеледі; 3. Рационалистік. Адамның іс-әрекеті пайда табуға ұмтылумен түсіндіріледі, ал экономиканың мақсаты – шаруашылық қатынастарды реттейтін заңдарды анықтау, олар қалай іске асатынын түсіндіру. (Д.Рикардо). Қоғам таптарға жіктеледі; 4. Ақпараттық диалектикалық және диалектикалық-материалистік. Экономикалық үрдістер мен құбылыстардың шынайылығы мен дамуы шеңберіндегі ішкі байланыстарды объектілі талдау негізінде жүзеге асырылады; экономикалық үрдістер мен құбылыстар пайда болады, дамиды және басқа метаформаларға айналады. Қоғамдық өмірде детерминизм орын алады. Әдіснама әдіске тепе-тең емес, бірақ дәл соның өзі зерттеу әдістерінің жиынтығын анықтайды. Әдіс – экономикалық теория пәнін теориялық және практикалық тұрғыда танып-білудің тәсілдері мен операцияларының жиынтығы. Әдістер экономикалық үрдістер мен құбылыстардың ғылыми ақиқатына жету және мәнін анықтау жолдары болып табылады. Танылған заңдар мен заңдылықтарды көрсете отырып, экономикалық зерттеу әдістері экономикалық шынайылықты одан әрі танудың құралы ретінде көрініс табады. Әдістер – деректер, мәліметтердің бейберекет тізбегін бір жүйеге келтіруге, олардың арасындағы байланысты қалыптастыруға және соның негізінде тенденциялар мен қозғалыстарды анықтауға мүмкіндік береді. Экономикалық ғылымның негізгі әдістерінің біріне жалпылау және абстракциялау әдісі жатады. Оның мәні мұнда: қазіргі уақытта талданып жатқан құбылсытардан басқа құбылыстар өзгеріссіз қалады. Ғылыми абстаркция әдісі – зерттеліп отырған құбылыстың айтарлықтай маңызды жақтарын ашып көрсету және одан барлық қосымша, кездейсоқ, өткінші жағдайларды алып тастай отырып зерттеуді білдіреді. Сондықтан жалпылау дегеніміздің өзі экономикалық шынайылық үлгісін анықтау барысында абстрактілеу және жасанды түрде қарапайым ету болып табылады. Мұндай үлгі экономиканы жақсы түсінуге мүмкіндік береді, өйткені ол ақиқаттың керексіз бөліктерінен абстарктіленеді (дерексізденеді). Сонымен, экономикалық теория фактілерден құралады, сондықтан ол шындыққа негізделген. Экономикалық теорияда талдау және жинақтау, индукция, дедукция, тарихи және логикалық, экономикалық-математикалық моделдеу, экономикалық эксперимент және т.б. әдістер қолданылады. Талдау – бұл зерттеліп отырған құбылысты құрамдас бөліктерге ойша ажыратып, сол бөліктердің әр қайсысын жеке-жеке қарастыру. Жинақтау әдісі арқылы жеке-жеке бөліктерден жалпы бірыңғай бейне қалыптастырылады. Индукция – жеке факторларды зерделеу арқылы жалпы ережелер мен қорытындылар шығаруға негізделген. Дедукция – жалпы қорытындылар арқылы салыстырмалы түрде жеке көзқарастарға өтуді қарастырады. Экономикалық құбылыстар мен үрдістерді зерттеуде тарихи және логикалық әдістердің бірігуі маңызды орынға ие. Тарихи және логикалық зерттеу бір-біріне қайшы келмейді, олардың бастапқы нүктесі логикалық зерттеуден шыға отырып жалпы бір бүтін ретінде қолданылады. Алайда, экономикалық құбылыстар мен үрдістерді логикалық (теориялық) зерттеу тарихи үрдістің айнақатесіз көрінісі болып табылмайды. Қандай да бір елдің нақты жағдайлары кезінде үстемдік етуші шаруашылық жүйесінде міндетті емес болып табылатын экономикалық құбылыстар пайда болуы мүмкін. Егер шындығында (тарихи) олардың белгілі бір орны бар болса, онда теориялық талдауда мұндай құбылыстарды елемеуге болады. Тарихи әдісті қолдана отырып, экономикалық теория шаруашылық үрдістер мен құбылыстарды олардың пайда болу, даму және бір-бірімен ауысу бір ізділігі арқылы зерттейді. Мұндай бағыт әр түрлі экономикалық жүйелердің барлық ерекшеліктерін анық және көрнекті түрде сипаттауға мүмкіндік береді. Бірақ оның кемшілігі бейнеленетін материал мен жеке тарихи егжей-тегжейліліктің мол болуы шаруашылықты маңызды түрде теориялық жағынан меңгеруді қиындатып жіберуі мүмкін. Тарихи әдіс табиғаттағы және қоғамдағы даму қарапайымдылықтан күрделіге қарай өтетінін көрсетеді. Экономикалық теорияның (саяси экономияның) пәніне қатысты мұның мағынасы келесіде: экономикалық құбылыстар мен үрдістердің барлық жиынтығы ішінен, бірінші кезекте, ең алғаш пайда болып және тым күрделілерінің негізі болып табылатындарын ашып көрсету қажет. Мысалы, нарықтық талдауда мұндай экономикалық құбылысқа тауар айналысын жатқызуға болады. Экономикалық үрдістерді зерттеудің әдіснамасы сонымен бірге, басқа да қоғамдық ғылымдармен қолданылатын әдістерді де пайдалануды ұйғарады, атап айтқанда: а) тексеру: өзін-өзі тексеру, сұхбат жүргізу, жұмыс күнінің суреті, сауалнама жүргізу, құжаттарды үйрену, бақылау, функционалды-құндық талдау; б) жетілдіру: жүйелік көзқарас, ұйқастық, параметрлік, блоктік, моделдеу; в) талдау: жүйелік, декомпозиция, салыстыру, серпінді, мақсаттарды құрылымдау, сараптама-аналитикалық, нормативтік, басты компоненттерді анықтау, баланстық, өзара байланыстылық және регрессивтік, матрицалық, аналитикалық-есеп айыру (экономикалық-математикалық моделдеу); г) негіздеу: ұйқастық, салыстыру, сараптама-аналитикалық, моделдеу (фактіге негізделген және күтілетін), сандық көрсеткіштерді есептеу, нормативтік; д) енгізу: үйрету, дайындау және біліктілікті жоғарылату, жаңа енгізілмелерді материалдық және моральдық тұрғыда ынталандыру, көлемге сүйену және оны басқаруға қосу. Экономикалық мақсаттарды келесі түрде тұжырымдауға болады: 1. Экономикалық өсу: жоғары көлемдегі өндіріс және ең жақсы сападағы тауарлар мен қызмет көрсету, яғни неғұрлым жоғарғы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету; 2. Толық жұмысбастылық: жұмыс істеуге ықыласы бар және жұмысқа қабілеті бар барлық адамдардың жұмыс істеу мүмкіндігі; 3. Экономикалық тиімділік: қолда бар шектеулі өндірістік ресурстар жағдайында аз шығын шығара отырып ең жоғарғы табысқа қол жеткізу; 4. Бағалардың тұрақты деңгейі: инфляция және дефляцияға жол бермеу шараларын қарастыру; 5. Экономикалық еркіндік: іс-әрекет еркіндігі жағдайындағы экономикалық қызметті қарастыру; 6. Табыстың әділ бөлінуі: азаматтардың ешқандай тобының қайыршылыққа тап болмауын қамтамасыз ететін шаралар; 7. Созылмалы дертке шалдыққандарды, еңбекке қабілетсіздерді, әрекетке қабілетсіздерді, қарттарды немесе басқа да қараудағы жандарды экономикалық қамсыздандыру.
1.1. Сурет Экономикалық теорияның даму кезеңдері
1.2. Сурет Экономикалық теорияның басқа ғылымдармен байланысы.
Орытынды 1. Экономикалық теорияның қалыптасуы уақыт параметрлері, шаруашылық өмірдің объективті және субъективті негіздерімен және шарттарымен тызыз байланысты және экономикалық білім қалыптасуының 4 кезеңінен өтеді. 2. Экономикалық ғылымның пәні және қызметтері күрделі және үздіксіз қиындап отыратын өндірістік-экономикалық үрдістер мен қатынастарды шынайы және релевантты түрде бейнелеп көрсетеді. 3. Экономикалық үрдістерді танудың әдіснамасы өндірістік-коммерциялық қатынастардың заманға сай әдістері мен тәсілдеріне, соның ішінде сандық және сапалық талдау және жинақтау, экономикалық-математикалық әдістер мен моделдер, баланстық, нормативтік, абстракция, статистикалық, синергетикалық әдіске, өзін-өзі ұйымдастыру теориясы, ақпараттық дилектикаға негізделген. 4. Негізгі экономикалық мақсаттар адамдардың ең төменгі шығындар жағдайында ең жоғарғы нәтижеге ұмтылулары мен қол жеткізулерін және әрдайым өсіп отыратын материалдық және рухани қажеттіліктерді қамтамасыз етуді сипаттайды. Дебиеттер 1. Ө.Қ.Шеденов, Б.А.Жүнісов, Ү.С.Байжомартов, Ғ.М.Мүсіров «Экономикалық ілімдер тарихы», Алматы-Ақтөбе 2006 ж. 2. М.Ы.Жүкібай «Экономикалық теория». Оқу құралы, Астана 2009 ж. 3. Войтов А.Г. «Экономикалық ілімдер тарихы», М, 2000 ж. 4. Экономикаға кірісіпе. Юнита I, Москва, 2000 ж. 5. Журавлева JI. «Жалпы экономикалық теория (политэкономия)», М, 1999 ж 6. В.Крымова «Экономикалық теория» Кестелі оқу құралы, Алматы, 2003 ж. Тақырып бойынша талқылау сұрақтары: 1. Экономикалық теория пәні ғылым болып қай ғасырда қалыптасты. 2. Экономикалық теорияның даму кезеңдері. 3. Экономикалық теорияның қызметтері 4. Микроэкономика; Макроэкономика; Позитивтік және нормативтік экономикалық теория. 5. Экономикалық теория пәнінің әдіснамасы. 6. Экономикалық теорияның зерттеу әдістері. 7. Экономикалық заңдар мен категориялар ОСӨЖ және СӨЖ тапсырмалары: 1. Экономикалық теоиядағы негізгі теориялар және мектеп өкілдері, олардың айырмашылығы. 2. Экономикалық теория және экономикалық саясат. Тест тапсырмалары: 1. Маркстік пікір бойынша, тауардың айырбас құны қай еңбектің көмегімен пайда болады: A) Абстрактылы еңбек. B) Нақты еңбек. C) Қосымша еңбек. D) Уақытша еңбек. E) Жоспарлы еңбек.
2. Макроэкономиканың негізін салушы экономистті көрсетіңіз: A) К.Маркс. B) Дж.Кейнс. C) М.Фридмен. D) Макконел. E) А.Смит.
3. Қоғамдық байлықтың көзі “ауыл шаруашылығында” деп айтқан мектеп: A) Физиократизм. B) Меркантилизм. C) Маркстік мектеп. D) Классикалық саяси экономия. E) Монетаризм.
4. Микроэкономика нені оқытады: A) Ұлттық экономиканы. B) Кәсіпорын қызметі. C) Жеке адам қызметі. D) Шаруашылық жүйені. E) Табыстардың бөлінуін.
5. Экономикаға мемлекеттің араласуы шектеулі болу керектігін қандай мектеп жақтаған: A) Классиктер. B) Маржиналистер. C) Меркантилистер. D) Кейнсиандықтар. E) Институционалистер.
6. Егер экономикалық құбылыстар жеке шаруашылық бірлік деңгейінде зерттелсе, бұл: A) Макроэкономикалық талдау. B) Микроэкономикалық талдау. C) Дүниежүзілік экономиканы талдау. D) Нормативтік талдау. E) Позитивтік талдау.
7. Экономикалық ойлардағы ең бірінші ғылыми бағыт: A) Меркантилистер. B) Классикалық-буржуазиялық саяси экономика. C) Физиократтар. D) Ұсақ буржуазиялық саяси экономика. E) Маркстік саяси экономия.
8. Экономикалық теорияның зерттеу әдісіне не жатпайды: A) Ғылыми абстракция. B) Индукция және дедукция. C) Талдау және синтез. D) Тәжірибе жүргізу. E) Бақылау жасау.
9. Егер экономикалық теория экономикалық құбылыстарды бағалау негізінде оқыса, онда бұл: A) Нормативтік талдау. B) Позитивтік талдау. C) Функционалдық талдау. D) Индукция әдісі. E) Ғылыми абстракция әдісі.
10. Маржиналистік теорияда тауардың бағалылығы немен анықталады: A) Тауардың белгілі пропорцияда басқа бір тауарға айырбасқа түсетін қабілеті. B) Сатып алушының қандай да бір қажеттігін қанағаттандыратын тауардың қасиеті. C) Берілген тауарды өндіруге кеткен қоғамдық қажетті еңбек шығыны. D) Берілген тауарды өндіруге кеткен жеке еңбек шығынымен. E) Тауардың шекті пайдалылығымен.
11. Экономикалық теория: A) Барлық экономикалық жүйелерді оқыту үшін қажет. B) Социализмнің экономикалық жүйесін оқу кезінде жарамайды. C) Тек қана капиталистік шаруашылық жүйесін оқу үшін ғана қажет. D) Жоспарлы экономиканы оқу үшін ғана қажет. E) Нарықтық экономиканы оқуға ғана қажет.
12. Экономикалық теория экономикалық құбылыстар мен процестердің өзара байланысын сол күйінде оқыса, онда ол: A) Нормативтік талдау. B) Позитивтік талдау. C) Функционалдық талдау. D) Дедуктивтік талдау. E) Абстракті әдіс.
13. Физиократизм мектебінің зерттеу пәніне не жатады: A) Ұлттық байлықтың көзі сыртқы сауда. B) Ұлттық байлықтың көзі ауылшаруашылығы. C) Ұлттық байлықтың көзі жалпы өндіріс. D) Ұлттық байлықтың көзі өнеркәсіптік өндіріс. E) Ұлттық байлықтың көзі материалдық емес өндіріс саласы
14. Ұлттық байлықтың көзі - сыртқы сауда, ал оның пәні - ақша деп экономикалық теорияның қай кезеңін қарастырамыз: A) Меркантилизм. B) Физиократизм. C) Классикалық саяси экономия. D) Пролетарлық саяси экономия. E) Тұрпайы саяси экономия. Тақырып Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|