Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






АЛТЫНСАРИННЫҢ АҒАРТУШЫЛЫҚ ИДЕЯЛАРЫ




П. Сүйінкина

 

Қазақ көгіндегі жарық жұлдызымыздың бірінен саналатын Ыбырай Алтынсарин есімі уақыт озған сайын даралана, айқындала түсіп, кім-кімге де ерекше жақын, ыстық естіледі.

Әлеуметтік-саяси, мәдени тұрғыдан мешеу қалған қазақ даласына жаңа леп, тың серпін әкелген, сол жолда бар білімін, күш-жігерін сарп еткен ұлы ағартушының өмірі мен қызметі – кейінгі ұрпақтарға асыл мұра, өшпес өнеге.

Аяулы азамат, халқымыздың біртуар перзенті Ы.Алтынсаринның аузынан шыққан «Туған елге пайдалы іске қолдан келгенінше үлес қосу, - әрқайсымыздың міндетіміз», - деген ұлағатты сөздері бүгінде әркім үшін де өмірлік қағидаға айналды.

Өзі өмір сүрген кезеңде туған халқы үшін аса қажетті де пайдалы іс – халық ағарту ісі деп танып, бар саналы ғұмырын соған арнаған ұлағатты ұстаз еңбегінің құндылығы, мәнділігі де оның қазіргі оқу-тәрбие ісімен үндестігінде, қазіргі талаптар үрдісімен сәйкестігінде, өміршеңдігінде.

Сөзіміз дәлелді болу үшін Ы.Алтынсаринның ағартушылық мұрасы мен бүгінгі оқу-тәрбие жүйесіндегі сабақтастықтың негізгі түрлеріне тоқталып өтейік.

Мектептегі басты тұлға – мұғалім. Өзіміз жиі қайталайтын, басылым беттерінде көбірек ұшырасатын осы бір сөздер ұлы ағартушының: «Халық мектептері үшін ең керектісі - оқытушы» деп, мектеп мұғаліміне берген әділ бағасынан бастау алған секілді. Шын мәнісінде де, жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындатып, адамгершілік қасиеттерге баулуда мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктелетіні аян. Оқу-тәрбие ісінің оңға басуы, нәтижелі болуы, тәлімгердің біліктілігіне, кәсіби шеберлігіне, жеке басының өнегесіне байланысты.

«Өмірі – өшпес өнеге» деуге әбден тұрарлық. Ыбырай Алтынсаринның өзі таңдаган ісіне шын берілгендігін, оны құлай сүйетіндігін: «Мені оқу-ағарту ісі тартады да тұрады, оны бар жағыммен сүйемін» немесе «Мен халық ағарту ісіне қойға шапқан қасқырдай кірістім» деген сөздерінен-ақ аңғаруға болады.

Қоғамымыздың келешегі – жас жеткіншектердің тағдыры сеніп тапсырылатын мектептегі басты тұлға – мұғалім қандай болуы керек? Оны ғұлама ұстаз өзінің жеке басының үлгісімен дәлелдеп берді. Ы.Алтынсарин – шығармашылықпен қызмет еткен ізденімпаз, жаңашыл педагог. Қараңғылық құрсауындағы қазақ жеріне білім нұрын шашу жолында небір қиындықтан тайсалмай, аянбастан еңбек еткен, тіпті денсаулығын құрбан еткен ұлы тәлімгер.

Қазіргі мектеп мұғаліміне қойылатын негізгі талап – ұстаздардың ұстазы Ыбырай атамыздың педагогтік мұрасының жалғасы, іспеттес. Ол қатардағы мұғалім болып қана қоймай, тұңғыш мектептер ашқан, оқулықтар жазған, тамаша әдіскер. Торғай халық училищесінің инспекторы қызметін атқарған, сөйтіп, білім беру саласындағы іргелі істердің ұйытқысы болған.

Ұлы ағартушы, жаңашыл педагог, қазақ жеріндегі ғылыми педагогикалық білімді таратушы болды. Қазақ даласына К.Ушинскийдің «балалар әлемін», Я.Коменскийдің «Ұлы дидактикасын» тұңғыш әкеліп, олардың білімдік-тәрбиелік идеяларын насихаттай отырды.

Бүгінгі таңда да халық ағарту саласындағы жетістіктер мұғалімнің іскерлігіне тікелей байланысты екені даусыз. Шығармашылық ізденіске ден қойған, кәсіби қиялға қанат бітірген, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін жете меңгерген озық тәжірибелі мұғалім ғана өз тәрбиеленушілері мен әріптестерінің құрметіне бөленбек.

Озық тәжірибелі, ұлағатты ұстаз Ы.Алтынсарин оқытудың тиімді әдіс-тәсілдеріне ерекше көңіл бөлген. Оқушыға сапалы білім берудің жолдарын унемі қарастырып отырған.

Мысалы, қазақ балаларын орыс тіліне үйретуде алдымен олардың сөздік қорын байыту қажет деп атаған. Ол үшін әуелі заттардың өзін көрсетіп, қалай аталатынын оқушылардың жадында сақтатып, сонан соң сол заттардың сынын, іс-қимылын білдіретін ұғымдарды қосу арқылы сөз тіркестерін, сөйлемдер құратып, тіл дамыту жұмыстарын басты назарда ұстаған.

Ы.Алтынсаринның бұл әдісін қазіргі мектептерде тілге үйретуші мамандар кеңінен пайдаланып жүр. Оқу-тәрбие ісінің ұғымды тәсілдерін қолдану – сапалы білім кепілі екендігін уақыздаған ұлы ағартушы ілімінің маңызы практика жүзінде дәлелденуде.

Осы арада екінші тілді үйренуге ынта білдіруші азаматтарға үлгі боларлық мына бір жайтты айтып өткен артық болмас деймін. Орыс тілін үйренуге ынта-көңіл қойған жас Ыбырай жақын досы Н.Ильминскийдің үйінде талай түндер бойы көркем шығармаларды дауыстап оқып, қателерін түзеттіріп отырды. Н.Ильминскийдің отбасымен етене араласуы, жеке басының талаптануы арқасында біршама уақыт ішінде орыс тілін жетік меңгеріп кетті.

Ыбырайдың білімін толықтыруына, ұстаздық қызметіндегі кейбір мәселелерді шешуіне Н.Ильминский, В.Катаринский сияқты достары әрдайым көмектесіп отырды. Қазақ тілін жақсы білетін, аталмыш шығыстанушы ғалымдар кезінде қазақ мектептеріне арнап: «Қазақтарға арналған орыс тілі құралы», «Қазақша-орысша сөздік», «Қазақ мақалдарының жинағы» тәрізді құнды еңбектер бастырып шығарды.

Қазіргідей еліміз дербестік алып, әлем таныған күнге жеткен, тіліміздің мәребесі өскен кезеңде мемлекеттік тілді үйренеміз деушілерге Ы.Атынсаринның өнегесін алға тартар едік.

Ынта-ықылас қойылған жерде істің алға басатынын түсінген ұлағатты ұстаз оқушының пәнге деген ынтасын, сабақтағы белсенділігін арттырудың маңызды бір жолы – көрнекіліктер, техникалық құралдар деп санайды. Мысалы, оқу жылының қорытындысы туралы Орынбор оқу округіне жазған есебінде: «...оқулықтар, көрнекі құралдар, карталар, глобустар, атластар, тарихи суреттер, т.б. жеткілікті» деп хабарлады. Мектептерге арналған барометр, микроскоп, электромагнитті әр түрлі колекциялар жаздырып алып отырды. Оқушылардың ой-өрісін, танымдық білімін кеңейту мақсатында мектептер жанынан тұңғыш кітапханалар, физика, химия кабинеттерін ашқан.

Иә, білікті тәлімгер, тамаша әдіскер ұсынған оқыту тәсілдері, кабинеттік жүйемен оқыту өз мәнін жойған жоқ. Оның қазіргі ізбасарларының әдістемелік қоржынын алуан түрлі көрнекіліктермен, дидактикалық материалдармен толықтыруға пән кабинеттерін уақыт талаптарына сай жабдықтауға ұмтылу – ұлы ағартушы ілімі өміршендігінің айқын бір дәлелі.

Осылайша, Ы.Алтынсарин оқу-шаралардың теориялық білімін арттыру жолдарын қажымай-талмай іздестіріп отырған. Ол сонымен қатар, теориялық материалды практикалық жұмыстарымен ұштастыра жүргізуге улкен мән берді. Қолөнер мектебін ашып, тері илейтін, сабын қайнататын зауыттар ұйымдастыруға жоғары орындардан рұқсат алды. Ер балалар қолөнерге, қыздар кесте тігу, киім пішуге үйренді.

«Тәрбие көзі - еңбекте» деп, халық бекер айтпаған. Ы. Алтынсаринның пайымдауынша, халықтық педагогика ең алдымен еңбек тәрбиесін уағыздайды. Еңбекпен бірге баланың сана-сезімі де жетіліп, адамгершілік қасиеттерді бойына дарытады. «Қазақ хрестоматиясына» енген «Әке мен бала», «Өрмекші», «Құмырсқа мен қарлығаш» сияқты әңгімелері халқымыз өсиет еткен еңбек сүйгіштікке, төзімділікке баулиды.

Аңшылық, егіншілік, қол өнері – біздің ата мұрамыз. Ы. Алтынсарин «Қыпшақ Сейітқұл», «Талаптың пайдасы», «Дүние қалай етсең табылады» әнгімелері арқылы халқымыздың кәсіпкерлік, өнерпаздық қасиетін ерекше насихаттаған.

Оқулыққа енген басқа да шығармаларынан тәлімгер-ағартушының қазақ халқына тән сабырлық, әдептілік, имандылық сияқты ата-бабамыз мұра тұтқан ізгі қасиеттерді шәкірттеріне дәріптеуден жалықпағанын көреміз. Тәлім-тәрбиелік мәні бар халық мақал-мәтелдері мен жұмбақтарын жинап, жастарды шешендік өнерді қадірлеуге баулыған.

Н.И.Ильминскийге жазған кезекті бір хатында «...көңілдің хошы бақыт дегеннің бәрі де ата-бабаның өмір сүрген және жерленген жерінде, туған ошағының басында жақсырақ, ал қайғы дегеннің қандайы да, тіпті ажалдың өзі де сол жерде жеңіл болатын сияқты» дегендей өз елін, халқын жан-жәнімен сүйген аяулы азамат оның салт-дәстүрін, әдеп-ғұрыптарын ерекше бағалады.

Қазіргі мектептердегі оқу-тәрбие үрдісін халықтық педагогика негізінде жүргізу дегенге Ы. Алтынсарин кезінде үлкен зейін қойып, ұлттық тәлім-тәрбие тағылымдарын мектеп өміріне түбегейлі енгізу қажет деп санаған.

Яғни, ұлы ағартушы қоғамдық өмірдегі өзекті талаптарды дер кезінде көре білген, өзінің педагогтік идеяларын сол уақыт тілегімен тығыз байланыстыра алған. Ол мектеп бітірген кейбір жастардың арнаулы оқу орындарына түсуіне де жағдай жасап отырған. Туған елінің қамын жеген асыл ер-азамат қана осындай істерге жанашыр ұйытқы болары хақ.

Өкініштісі сол, бүгінде мектеп бітірген түлектердің келешегіне, білім жалғастыруына қамқорлықтың жоқтығын жасыра алмаймыз.

Осынау қиын-қыстау кезеңде қаражаттың тапшылығынан, көлік қатынауының нашарлығынан ұнатқан оқу орындарына жете алмай жүрген жастарымызға дер кезінде қол ұшын беруді ұйымдастырсақ, қоғамға келтірген пайдамыз болар еді.

Ал, Ыбырай атамыз қай жағынан алсақ та, көпшіл, қамқоршыл, жақсы жанашыр бола білген. Бауырластарының, қандастарының қамын жеп, өнер-білімге үндеген. Халық ағарту ісіндегі тарихи бастамалардың ұйытқысы болған Ы. Алтынсаринның өмірі мен еңбегі – өшпес өнеге, қайталанбас ерлік.

Жас ұрпақтарға ғылым негіздерінен дәріс берудің, оларды абзал қасиеттерге баулудың өміршең, мәңгілік құнды әдіс-тәсілдеріне үйрететін ұлы ағартушының педагогтік мұрасы, аса бай тәжірибесі ғасырлар бойы өз маңызын жоймақ емес.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных