ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Кешегі Кеңес Одағы кезеңіндегі журналистика мәселелері мен бүгінгі журналистиканың өзекті, ауқымды салалары.ХХ ғасырдың басында арнайы салалық басылымдар, оның ішінде білім, ғылым саласына арналған басылымдар көптеп шығып тұрды. Мәселен, «Қазақстан мектебі» -ҚазССР оқу министрлігінің ғылыми-педагогикалық журналы 1925 жылдың тамыз айынан бастап, ай сайын шығып тұрған. 1925-1933 жылдары «Жаңа мектеп», 1933-1938 жылдары «Ауыл мұғалімі», 1939-1941 жылдары. және 1946-1956 жылдары «Халық мұғалімі» деп аталған. 1960 жылдан бастап «Қазақстан мектебі» болып шыға бастайды. Мұғалімдерге, балабақша тәрбиешілеріне, халық ағарту қызметкерлеріне, педагогикалық училище мен институт студенттеріне, ұстаздар мен ғалымдарға және оқырман ата-аналарға арналған журнал республикадағы халық ағарту ісінің сан алуан мәселелерін кеңінен талқылап, мұғалімдерге күнделікті жұмысқа көмекші боларлық әдістемелік нұсқаулар берілетін бірден бір басылым. Бұл басылым туралы: «Халық ағарту жүйесіне кіретін оқу орындары мен мектептің, кәсіптік техникалық училище, пионер сарайларының, жас техниктер мен натуралистер, халық ағарту мекемелері мен мұғалімдер үйлерінің жұмыстары мен педагогикалық іс-тәжірибелерін жинақтап, жасөспірім шәкірттерге сапалы білім, сапалы тәрбие беру жолында күреседі. Журналда педагогика тарихы мен теориясына байланысты зерттеу еңбектері мен практикалық мәндегі материалдар, оқулықтарға, әдістемелік құралдарға рецензиялар жарияланып отырған». ХХ ғасырдың 20-30 жылдары халық ағарту саласында сауатсыздықпен күресу мәселесі қолға алынып, барлық облыстар мен уездерде, болыстарда жергілікті Кеңестердің жанынан халық ағарту бөлімдері құрылып, бұл бөлімдер сауатыздықты жою және бұқараны мәдени жағынан көтеруге бар күшін салады. 1919 жылғы 26 қаңтарында В.И. Лениннің сауатсыздықты жою туралы декретіне орай 1920 жылы маусымда сауатсыздықты жою жөнінде Бүкілресейлік төтенше комиссия құрылып, Халық ағарту саласына қазақ зиялылары тартылғандығы тарихтан белгілі. «Қазақ мерзімді баспасөзі сауатсыздықпен күресу науқанын насихаттаушы бірден-бір ақпарат құралы болып табылды. Қазақ мерзімді баспасөзі оқудың маңыздылығын түсіндіретін мақалаларды жариялауды бірінші кезекке қойды. Осы ретте «Мұғалім», «Бастауыш мектеп», «Жаңа мектеп» т.б. басылымдардың қызметі орасан болды. Осы салалық басылымдарда мектептер ашу, оқулықтар жазу барысы, мектептерде жаңа оқу бағдарламасымен оқыту, бастауыш мектептерде оқытылатын оқулықтардың сапасы, «Жойылсын сауатсыздық» ұйымдарының жұмыс барысы, мектептерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, білімді ұстаздар даярлау ісі жайында мақалалар үзбей жарияланып тұрды»[6,148-б]. ХХ ғасырдың басында әдеби-көркем, тек әйелдерге арналған салалық басылымдар да қанаттарын жая бастады. Өлкелік комитеттің әйелдер бөлімінің органы ретінде 1925 жылдың 5 мамырынан С. Есованың редакторлығымен шыққан «Теңдік» газеті, 1 шілдеден кеңейтілген журнал ретінде «Әйел теңдігі» атымен шығарыла бастады. 1934 жылдың аяғына дейін «Әйел теңдігі» 1935-1941жылдары, 1950-1954 жылдары «Сталин жолы» деп аталды. 1955 жылдың қаңтарында «Қазақстан әйелдері» болып шығарылды. Журнал қазақ әйелдеріне саяси және мәдени-рухани тәрбие берді, оларды партия мен кеңес үкіметі алға қойған міндеттерді орындауға жұмылдырды. Қазір журнал бәрімізге белгілі форматта шығады. ХХ ғасырдың басында әдеби-мәдени салаларға арналған салалық басылымдардың үлкен бір шоғыры қалыптасты десек артық емес. Мәселен, білім, әдебиет, шаруашылық, саяси журнал ретінде Ташкентте «Шолпан» (1922), «Сана» (1922), Мәскеуде Н. Төреқұловтың бастамасымен «Темірқазық», Семейде М. Әуезовтің басшылығымен «Таң» (1925) журналдары шықты, С.Сейфуллиннің жетекшілігімен «Жаңа әдебиет» (1928), Ж. Аймауытовтың жетекшілігімен «Абай» (1918) журналдары шығып тұрды. Қазақ журналистикасының зерттелуіне өзіндік үлес қосқан ғалым Т.Амандосов: «... «Қазақстан мұғалімі», «Қазақ әдебиеті» газеттері де жалпы ұлттық салалық газеттер болып саналады...» [10,14-б] - деген. «Қазіргі таңда дүниежүзінде және елімізде де тек қана сөзжұмбақтардан, киім-кешек сәндерінен, әйелдердің сән сұлулықтарын насихаттайтын материалдардан немесе әзіл әңгімелерден тұратын салалық басылымдар көп» [11, 110-б],- дейді ғалым Қ.Шамақай. Халықтың ұлттық мүддесін көздейтін басылым қоғамдық санаға өзінің ықпалын тигізеді. Салалық басылымдардың едәуір бөлігін мәдени тақырыптағы басылымдар қамтиды. Мәселен, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарыққа шығып келе жатқан «Мәдени мұра» ғылыми-танымдық журналы, тек әншілер мен олардың отбасына қатысты материалдарды жариялайтын «Жұлдыздар отбасы» журналы, мәдениеттің негізгі қордаланған проблемаларына арналған «Мәдениет» журналын айтсақ да жетіп артылады. Қазақ баспасөзі тарихында салалық басылымдардың үлес салмағы жоғары және бүгінгі уақытта да сұранысқа ие. Салалық басылымдар қоғамдық іс-әрекеттерге тікелей болмаса да, жанама түрде араласа отырып, қоғамдық пікір қалыптастыруда, қазақ халқының ұлттық мәдениетін дамытуда өзінің зор үлесін қосып келеді.
Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|