ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Ижреттің бесінші жылыДумату-л-Жандал жорығы. Һижреттің бесінші жылы Пайғамбар Думату-л-Жандалға қарай беттеді. Ол жер Хижаз бен Шамның ортасында орнатасқан. Осы жерде бір топ қарақшылықпен айналысып, мұсылмандардың Сирияға бара жатқан керуенін тонайтын. Осы топты талқандау үшін мұсылмандар 1000 әскермен келгенімен, мұсылман әскерінің келгендігін естіп олар тым-тырақай қашып кетті. Қарсыласпен кездесе алмаған мұсылман әскері кері шегінді. Бани Мусталық шайқасы. Хузааға қарасты Мусталық әулеті ел ішінде абыройлы әулет болатын. Олар Мединеден тоғыз қонақтық жерде өмір сүрді. Осы тайпаның көсемі – Харис бин Әбу Хирар Мединені шаппақ болып шешім қабылдаған болатын. Бұл қауесеттің ақиқаттығын білу үшін Пайғамбар Зейдті жіберді. Зейд те қауесеттің шын екендігін растады. Оны дер кесінде басу үшін Пайғамбар жорыққа аттанды. Мұсылман әскерінен олардың бір бөлігі қашты да, келесі бір бөлігі шайқасқа кірісті. Шайқас нәтижесінде Мусталық әскері жеңілді, он адамынан айрылды, 600-і тұтқынға түсті, 2000 түйе, 5000 қой олжаланды. Осы сапарда мұнафықтардың мухажирлер мен ансарлар арасына іріткі салу әрекеті орын алады. Яғни, бірінші су алуға таласқан бір мухажир мен ансардың жанжалын пайдаланып кетіп, Абдуллаһ бин Убай ансарларға мухажирлерді қуу қажеттігі жайлы ұсыныс тастайды. Абдуллаһ ибн Убайды Омар Хаттаб пен Абдуллаһ бин Убайдың баласы Абдуллаһ өлтірмекші болғанда оларды Пайғамбар тоқтатады. Сонымен қатар пайғамбардың осы сапар кезінде тайпа көсемінің қызы «Жуайраға» үйленді, одан соң сахабалар Пайғамбардың қайын жұрты болып табылатын 600 тұтқынды босатты. Осы жорықтан қайтар жолда Пайғамбар әйелі Айша жолда қалып қояды да мұны мұнафықтар өсекке айналдырады (ифқ оқиғасы). Хандек шайқасы. Көршілес араб тайпаларын арандатқанымен еш нәтиже шығара алмаған Әбу Суфиян өзі мұсылмандарды бір жола жоюға бел шешеді. Ухуд шайқасынан соң Әбу Суфиян мұсылмандарға келесі жылы Бәдірде кездесетіндігін айтқан болатын. Бірақ оның Бәдірде соғысуға батылы жетпеді. Әбу Суфиян әскерімен һижреттің төртінші жылы Бәдірге бет алғанымен екі қонақтық жерден кері қайтқан. Ал мұсылмандар оларды Бәдірде сегіз күн күтті. Бұл ислам тарихында «соңғы Бәдір шайқасы» деген атпен қалды. Осы бір тыныштық заманда Мединеден Хайбарға жер аударылған Бани Надир еврейлері араб әлемін үнемі мұсылмандарға қарсы арандатумен айналысты. Бани Надир көсемі – Хуйай бин Ахтаб, Саллам Әбу-л-Хуқайқ, Кинана және басқа да еврейлер Меккеге барып Құрайштарды одан ары арандатуға көшті. Сондай-ақ мұсылмандардың дінінен қарағанда Құрайштардың діні, яғни, пұтқа табынушылық анағұрлым жақсы екендігін алға тартты. Яһудилердің арандатуымен Құрайштар мұсылмандарға қарсы күш біріктірді, оған көршілес араб тайпалары да қосылды. Әлгі яһудилер Хайбардағы табыстарының жартысын беруге уәде беріп Ғатафан арабтарын да осы одаққа қосылуға көндірді. Фараза, Сулайм, Сад, Асад әулеті және басқа да рулар әскерінің тізе қосуымен үлкен армия жасақталды. Әбу Суфиянның қол астына Құрайштың өзінен 4000 сарбаз, 300 атты әскер және 1500 түйелі әскер жасақталды. Құрайштардың туын Осман бин Тальха ұстады. Ал Фараза әулеті көптеген жаяу әскерімен, мың түйелі әскерімен қосылды. Ашжа мен Мурра төрт жүзден әскер қосты. Мауна оқиғасына себепкер – Сулайм 700 сарбазымен келіп қосылды. Сад бен Асад әулетінің де осы сияқты әскері Құрайш армиясына келіп қосылды. Мұсылмандарға қарсы жинақталған одақтастардың әскер саны 10 000-нан асты. Осы уақытқа дейін мұсылмандарға қарсы осындай әскери күш жинақталмаған болатын. Одақтастардан құралған алып қосынның Мединеге беттегені туралы Пайғамбар хабардар болды. Яһудилер де олардың қатарына қосылып, мұсылмандардан кек алуға бекінген. Пайғамбар сахабалармен кеңесе келе, жауды бетпе-бет қарсы алу ұсынылды. Бірақ сан жағынан жаудың әскері бірнеше есе басым, сонда не істеу керек, қаланы іштен қорғаған жөн бе? Мұсылмандардың абдыраған осы сәтте тегі парсылық, бастапқыда зороастризм, кейіннен христиан дінін қабылдап, олардан рухани нәр таба алмай ислам дінін қабылдаған Салман Фариси парсы елдеріндегі сияқты қаланың сыртынан ор қазу арқылы қорғану ұсынысын тастады. Арабтарда бұлай қорғану бұрын соңды қолға алынбаған болатын. Салман Фарисидің ойы қабылданып, барлығы жұмыла ор қазуға кірісті. Пайғамбардың өзі бастаған сахабалар алты күнде орды қазып бітірді. Ордың қалаға қараған жағына тастар қаланды да дұшпанға қарсы ыңғайлы қорған жасалды. Ор қазарда шыққан тасты жарарда Пайғамбар Сирия, Кисра сарайларының, Костантинопольді, Сана қақпаларын көргендігін айтып, болашақта әлгі қалалар мұсылмандардың қол астына өтетіндігі туралы хабар берген. Медине қаласын қиратуға келе жатқан одақтастар қазылған орды көргенде біраз аңырап қалды. Бастапқыда ордан өтуге олардың батылдары жетпеді. Пайғамбар 10 000 мыңдық мүшірік одақтастарына 3000-дық әскермен қорғанды. Ордан өте алмайтынын білген соң бір-біріне оқ, тас атысты. Жаудың қаланы қоршауы ұзай түсті. Қоршау ұзаған сайын қала ішіндегі халық күйзеліске ұшырай бастады. Ал қаланы қоршаған одақтастар қоршау ұзаған сайын еш нәтиже шығара алмай жалыға бастады. Оның үстіне күн де суып, суық жаңбырдан әскер дірдек қақты. Әсіресе, белгілі мақсаты жоқ Ғатафан арабтары сабырсыздана бастады. Яһудилердің табыстың жартысын береміз деген үмітпен келгендіктен, олардың сабырсыздығына яһудилер қатты алаңдады. Одақтастар арасындағы сабырсыздықтан қатты алаңдаған яһудилер Мединедегі Бани Құрайзаны өз жағына тартуды көздеді. Бұл одақтастарға жаңа серпін жасады. Хайбардағы Бани Надир яһудилерінің басшысы - Хуйай бин Ахтаб Бани Қурайза яһудилеріне барды. Бани Қурайза көсемі – Қааб бин Асад Хуйайды көргенде одан сезіктеніп, қорғанын жауып оны кіргізбеді. Себебі, ол мұсылмандармен келісім жасасқан болатын. Бірақ, Хуйай айтқанынан тайынбай, ақыры оны кездесуге көндірді де, ол Қаабты өз жағына шығара білді. Осылай Бани Құрайза Пайғамбармен жасалған келісімді бұзып, уәделерінде тұрмай, Құрайштарға қарай бет бұрды. Мұсылмандар оларға келісімде тұру қажет екендігін қанша ескертсе де, олар беттерінен қайтпады. Тіпті, Пайғамбарға тіл тигізді. Хуйай Бани Қурайзаны дегеніне көндіргені хабары жан-жаққа таралып кетті. Олар да әскерімен келіп, Құрайш қатарына қосылды да, қаланы жан-жағынан қыспаққа алды. Бани Қурайзаның жау жаққа өтіп кетуі мединеліктердің жағдайын одан ары қиындата түсті. Қоршау ұзаған сайын сабырсыздана бастаған одақтастар, соңында жалпы шабуылға шешім қабылдады. Олардың бастапқы, таңдалы батырлары ордан өтті де мұсылман әскерімен қақтығысты, шайқас жүрді. Али өзінің қарсыласы, атақты батыр Амр бин Абдиуад ты жекпе-жекте жер құштырып, басқа да ордан өткен жау әскерін кері шегіндірді. Бірақ Құрайштар оқ пен тасты жаңбырша боратты. Мұсылмандар ордың әлсіз жерлерінен қорғаныс жасады. Ертеңгі күнгі шабуыл да нәтижесіз аяқталды. Ғатафан басшысы Нуайм бин Масут Сақафи Құрайштар мен яһудилер арасында құрметті адам болатын. Ол іштей исламды қабылдағанмен, әлі жариялай қоймаған. Ол Пайғамбармен кездесіп: «қазір саған қызмет жасай аламын», - деді де, іске кірісті. Нуайм алдымен Бани Қурайза еврейлеріне барып: «Құрайш пен Ғатафан соғыстан жалықты, ертең олар кері шегінсе, сендер жалғыз қаласыңдар, сонда не істей аласыңдар? Жағдайларың қиын. Қазір Құрайш пен Ғатафан басшыларына барып, олардың басшыларын соғысты тастап кетпес үшін кепілдікке алыңдар», - деді. Нуайм Әбу Суфиянға да барып: «яһудилер Мұхаммедпен жасасқан келісімді бұзғанына өкініп жатыр. Осыған орай, олар Мұхаммедпен қайта келісім жасасып, Құрайш пен Ғатафан басыларын кепілдікке алдап алып Мұхаммедке тапсырмақшы, осылай кінәларын жумақшы, егер еврейлер келіп, сенен басшыларды кепілдікке сұраса берме», - деп ақыл берді. Еврейлер соғысқа енжарлық танытқанына байланысты Әбу Суфиян ертең шайқасқа бірге шығуды бұйырды. Ал еврейлер Әбу Суфияннан кепілге адам сұрады. Одан соң араларындағы одақтастық ыдырады. Ғатафан, Құрайш басшылары әуре-сарсаңға түсіп, бастары әбден қатты. Оның үстіне күн өткен сайын ауа-райы да суи түсті. Одан соң оның арты боранға айналып, дауыл ағаштарды тамырымен қопарды. Құм мен топырақ құйындатып, әскер заттарын аспанға шашты. Күн күркіреп, найзағай жарқырап жатты. Жаңбыр құйды. Алланың жіберген табиғат апатынан қатты үрейленген Ғатафан, Құрайш әскері кері шегінді. Ертесіне жауын мен боран тоқтап, күн шайдай ашылды. Ал жау қоршауы да, әскері де бірі қалмай түгел қашып кетіпті. Бани Құрайза әулетін жазалау. Хандек шайқасында одақтастар кері шегінгенмен олар қайта оралуы мүмкін, себебі, осы одақтың бір бөлігі, яғни, Бани Құрайза еврейлері Мединеде қауіпті болып қала берді. Оның үстіне Хандектегі араб-еврей рулары одағының ұйытқысы – Хуйай бин Ахтаб Мединедегі Бани Құрайза арасында қалған болатын. Сонымен қатар, келісімді бұзып жау жағына өтіп кеткен Бани Құрайзаның сатқындық әрекеті де жазасын өтеуі тиіс қылмыс болып табылады. Осы себепті Пайғамбар: «Аллаға және пайғамбарға бой ұсынғандар намаздігерді Бани Құрайза ауылына барып оқысын», - деп бұйрық берді. Алидің ту ұстауымен мұсылмандар қаруларын сайлап Бани Құрайза жаққа беттеді. Пайғамбар Мединеге келген кезде, мединелік еврейлермен келісім жасасқан болатын және олардың бас амандығы, мал-мүлкі қауіпсіздікке алынған. Бірақ еврецлер Пайғамбармен жасалған келесімді бұзып отырғаны белгілі. Солардың бірі Бани Надир әулеті еді. Пайғамбар оларға келісімді жаңалауға ұсыныс жасағанда Бани Надир ұсынысты қабылдамады, осыған орай, Бани Надир Мединеден қуылып, Пайғамбар Бани Құрайзамен келісімге қайта отырды. Алайда Хандек шайқасында Хуйайдың арбауына ілініп қалған Бани Құрайза келісімді бұзып, жау жағына шығып кетті, ең керек кезде мұсылмандарды тастап кетті. Бұл аз болғандай Пайғамбар мен мұсылмандарға қарсы араб-еврей одағын құруға ұйытқы болған Хуйайды да қанатының астына алып отырғаны тағы бар. Сондықтан, Пайғамбардың бұл істі шешпеске лажы жоқ. Сондықтан, Пайғамбар Бани Құрайзаға қарай беттеді. Бани Құрайза өз қателіктерін мойындап, Пайғамбарға бағынудың орнына қарсылық көрсетті: Пайғамбар мен мұсылмандарды қорлады, тіл тигізді. Осы себепті Пайғамбар Бани Құрайза қамалын қоршауға бұйрық берді. 25 күнге созылған қоршауда еврелер қарсы шайқасқа шығуға батылдары жетпеді. Соңында өарсы шабуылға шығарылды. Бани Надирді жаһилия дәуіріндегі одақтығына байланысты қоршауда болғанда Хазражды көмекке шақырған болатын. Ал жаһилия кезеңінде Бани Құрайза Әуспен одақ құрған болатын. Сондықтан, олар Әустің келісімен жүгінуге өтініш білдірді. Сонда Пайғамбар: олай болса, сендердің осы істеріңе жайлы билік айтатын адамды ұсыныңдар, сол адамның шешімі қабылданады», - деп жауап берді. Бани Құрайза төреші ретінде бастапқы кезеңдегі одақтастары – Сад бин Муазды ұсынды. Бани Құрайза келісімді бұзған кезде, олардың бұл қате шешімдерінен қайтару мақсатында барған елшінің арасында Сад та болған еді. Садтың қазылық шешімі былай болды: «Еврейлер арасында Хандек қоршауына қатысқандар өлім жазасына кесілсін, ал әйелдері мен балалары тұтқындалсын және мал-мүліктері тәркіленсін». Шешім олардың қасиет тұтатын Тәуреттің үкімімен сәйкес келгендіктен олар да бұл шешімге келісті. Бани Құрайза әулетінен осы жаза бойынша төрт жүз еврей өлтірілді, төрт яһуди ислам дінін қабылдап, өлімнен құтылды. Бани Құрайза қарасты жерлер мухажирлерге үлестіріліп берілді. Һижреттің бесінші жылыПайғамбар Зейнеп бинт Жахшпен үйленді; Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|