Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Мединеге һижрет қарсаңында




Ақабада кездесу және биаттар. Ясриб қаласы Араб түбегінің Солтүстік-Батыс беткейінде сулы, егіншілікке қолайлы болғандықтан арабтың екі ірі тайпасы (Аус және Хазраж) мен үш яһуди тайпасы (Бани Құрайза, Бани Қайнуқа және бани Надир) мекендейтін. Еврейлер дүниедегі бүлікшіл және екі жүзді әдеттерімен Ясрибтегі екі араб тайпасын бір-біріне өшіктіріп, бір-бірімен соғыстырып тұрған. Осылайша олардың әлсірегенін пайдаланып, еврейлер қаладағы экономикалық, нарықтық билікке иелік ететін. Кітап иелері саналатын иудейлер пұтқа табынатын арабтарды өздерінен төмен санайтын және арабтарға: «бір пайғамбар келгелі жатыр. Пайғамбар келгенде біз оған сеніп, Ирем мен Ад қауымы тәрізді сендердің тамырларыңа балта шабамыз және көздеріңді жоямыз», - дейтін. Сондықтан пұтқа табынғанмен ясрибтік арабтар илаһи діннен, пайғамбардың келетінінен еврейлер арқылы хабардар болатын.

Ясрибтің екі текті араб тайпасы – Аус пен Хазраж да Қағбаға зиярат жасау, жұмыс бабымен және сауда-саттық арқылы Ислам Пайғамбарының жасаған уағыздарын естіп жататын. Бір-бірімен бірде бауыр, бірде жау болып өмір кешкен Ясрибтегі әлгі екі тайпа сол уақыттарда бір-бірімен жанжалдасқан және араларында «Буас» деген үлкен шайқас орын алған. Хазраж тайпасының басшылары Аусқа қарсы Құрайштан көмек алу мақсатында Меккеге елші жіберді. Меккеге келген хазраждық елшілер Құрайштың жауабын күтіп жатқан кезде, Мұхаммед пайғамбармен кездесті. Пайғамбар «Ақаба» деген жерде алты адамдық ясрибтік елшілермен сөйлесті, олардың қалағанынан да артық құндылықтың бар екендігін айтты. Пайғамбар өзінің Алланың елшісі екендігін, барша жұртты исламға шақыру жұмысымен міндеттелгендігін түсіндірді. Оларға кейбір Құран аяттарын оқып берді. Хазраждықтар Құрайштан көмек ала алмағанымен мұсылман ретінде Ясрибке қайтты. Олардың мұсылман болуында тыңдаған Құран аяттарына қатты әсерленген Асад бин Зурараның рөлі орасан зор болды. Сонымен қатар Ақаба деген жерде исламды қабылдаған өзге ясрибтік елшілер арасында Ауф бин әл-Харис, Рафи бин Малик, Қутба бин Амир, Уқба бин Амир, Жабир бин Абдуллаһ болды.

Ясрибке оралған аталған ясрибтік мұсылмандар бірден халықты исламға тартуға тырысты, олар жақындары мен хазраждықтарды исламды қабылдауға, мәңгілік марапатқа шақырды. Хазіреті Пайғамбармен жасаған уағдаластықты да ұмытпай, бір жылдан соң, Пайғамбарлықтың он екінші жылы қажылық мерзімінде тағы да Пайғамбармен Ақаба деген әлгі жерде кездесті. Ақабада Пайғамбарға биат жасалды. Бірінші Ақаба биатына он екі ясрибтік қатысты, оның алтауы – бір жыл бұрын Пайғамбармен кездескендер, ал қалған алтауы – жаңадан мұсылман болғандар.

Пайғамбармен екінші мәрте Ақабада кездескен және биат жасағандардың оны Хазраж, екеуі Аус тайпасының өкілі болатын. Олар Аллаға ортақ қоспау, ұрлық жасамау, зина істемеу, балаларды өлтірмеу, жалған жала жаппау, тура істе Пайғамбарға қарсы келмеу тәрізді Пайғамбарға биат берді. Екінші Ақаба биатынан соң Мусаб бин Умайр ясрибтіктерге мұғалім ретінде жіберілді.

Ясрибтіктер Пайғамбардан исламның негіздерін тыңдағаннан соң: «біз – арамызда кек пен дұшпандыққа батқан бір елміз. Сен арқылы Алла осы екі тайпа арасындағы дұшпандыққа нүкте қойдырады деп сенеміз. Тайпамызға сенің айтқандарыңды жеткіземіз және оларды Алла сенің маңайыңа топтандырады деп сенеміз», - десті.

Мединеліктер пайғамбарлықтың он үшінші жылы Мусаб бин Умайрдың сәтті уағыз-насихатының арқасында ислам кең таралып, ясрибтіктерден жетпіс бес адамдық бір топ Меккеге келіп, Пайғамбармен кездесті. Олар қажылық мезгілінде Ақабада исламның негіздерін орындайтыны жайлы Пайғамбарға биат етті. Аталған биат жасырын жасалды және меккеліктердің хабарсыз болуы қадағаланды.

Екінші Ақаба биатында Пайғамбардың немере ағасы Аббас тұрып сөз алды: «Ей Хазраж қауымы! Мұхаммед біздің адам екені белгілі. Біз оны еліміздің шабуылдарынан қорғадық. Ол елі арасында құрметпен, сенімді өмір сүріп жатқан болатын. Енді ол бұлардың барлығынан бас тартып, сендердің араларыңда өмір сүруге бел байлады. Оған берген сөзде тұрсаңдар және оны дұшпандарынан қорғасаңдар қандай тамаша! Ал оны қорғамай, дұшпандарына тастап кетсеңдер және көмектеспесеңдер қазірден бастап бұл істен бас тартыңдар» - деді.

Одан соң Пайғамбар сөз алып, Құраннан кейбір аяттарды оқып берді де мединеліктерге: «әйелдерің мен балаларыңды қорғайтын нәрседен мені де қорғау шартымен сендермен биаттасамын» - деді. Олар да белгіленген шарттарды қабылдап, Пайғамбармен уағдаласты.

Одан соң Пайғамбар оларға араларынан он екі адамды Ясрибтегі мұсылмандардың өкілі ретінде сайлануды ұсынды. Асад бин Зурара өкілдің басшысы ретінде сайланды. Екінші Ақаба келісімі жүзеге асқаннан соң ясрибтік мұсылмандар елдеріне қайтты.

Екінші Ақаба биаты Пайғамбардың Медине кезеңіне жасалған алғашқы қадам болып саналады, сонымен қатар, ол Ислам діні мен мұсылмандарға жаңа мекен болып табылмақ. Сондай-ақ неше жылдар бойы бір-бірімен қырқысып келе жатқан Аус пен Хазраж тайпалары ислам діні аясында бір-бірімен бауыр, дос болды.

Мединеліктер Пайғамбар мен сахабаларын Ясрибке шақырған кезде, Аус пен Хазраж арасындағы шайқастарға, арабтар мен еврейлер арасындағы дұшпандыққа нүкте қойылатынына, араларындағы түсініспестікке Пайғамбардың төрелік айтатынына, істерін әділдікпен жүргізетініне және Мединені бейбітшілік мекеніне айналдыратынына сенді.

Меккеден Мединеге қоныс аудару (һижрет). Екінші Ақаба биатынан соң Ясриб мұсылмандардың панасына айналды. Себебі, екінші Ақаба келісіміне қатысқан ярибтік елшілер Пайғамбарды және оның Меккедегі сахабаларын Мединеге шақырды. Осылай, ислам діні Меккеден тысқары өлкеге таралып, Мединеде өркен жайды. Ислам дінінің аз уақыттың ішінде меккеліктер үшін Сирия бағытындағы сауда керуен жолы үстінде орналасқан Мединеде өркен жаюы мүшіріктердің сауда жолындағы өрісін тарылтты деген сөз. Екінші Ақаба келісімінен соң бірнеше жылдар бойы Меккедегі мүшіріктердің жәбір-жапасын басынан кешірген мұсылмандар Мединеде өз мемлекеттерін құра білді.

Екінші Ақаба келісімінен соң Пайғамбардың қолдауымен мұсылмандар біртіндеп Мединеге қоныс аудара бастады. Құрайштар мүшіріктері қоныс аударушыларға кедергі жасап баққанымен олардың бұл амалдары еш нәтиже бермеді.

Меккелік қоныс аударушылардың саны жайлы нақты мәлімет жоқ. Алайда, соңында Пайғамбар, Али сияқты қоныс аудармаған мұсылмандардан басқа Меккелік мұсылмандардың барлығы дерлік көшіп бітті. Сонда Әбу Бәкір де Пайғамбардан көшуге рұқсат сұраған кезде, оған Пайғамбар: «асықпа, ей Әбу Бәкір! Мүмкін Алла саған жол серік қосып берер», - деп өзінің күтуін нұсқады. Олар жолға қажетті көлік ретінде түйелерін дайындады. Мұсылмандардың қоныс аударымен Мекке қаласының халқы біршама азайды деуге болады, бірнеше үйлер қаңырап бос қалды.

Осы сәтте Меккеде мұсылмандардың жоқтығын пайдаланып, мүшіріктер Пайғамбарды өлтіруге шешім қабылдады. Дару-н-Надуада бас қосып мүшіріктер қабылдаған ортақ шешім бойынша Мұхаммедті өлтіру қылмыс есептелмейді, Мұхаммедтің қанын төккен адам жазаға тартылмайды деп шешім шығарылды. Осы шешім бойынша әулеттер арасында ортақ баскесерлер ұйымдастырылып, олар Пайғамбар тұратын үйді қоршады. Болып жатқан жайытты Жабраил періште арқылы хабардар болып отырған хазіреті Мұхаммед бей-жай түс мезгілінде Әбу Бәкірдің үйіне барып, оның қоныс аударуға дайын болу қажет екендігін пысықтады. Үйіне оралғаннан соң Пайғамбар Алиді үйіне шақырып, бірнеше өсиеттері мен аманаттарын табыстады және Алидің өз төсегіне жатуын және қалдырған аманаттарды иелеріне тапсырғаннан соң, Мединеге қоныс аударуын ескертті.

Пайғамбар да, Али де үйі мүшіріктер тарапынан бақылауға және қоршауға алынғанын білетін. Пайғамбар ақшам намазы уақытында үйінің артқы есігінен шығып және Ясин сүресін оқып, өзін күтіп отырған дұшпандарының арасынан кете барды. Әбу Бәкір мен Пайғамбардың жүрген ізін Әбу Бәкірдің азат еткен қызметшісі – Амир бин Фухайра жайып жүрген қора малды айдап жіберіп жасырды. Саур тауындағы үңгірге жеткен кезде Әбу Бәкірдің ұлы Абдуллаһ түйелерімен бірге Меккеге кері қайтарылды. Оған Меккедегі жаңалықты біліп, ертесіне келу тапсырылды.

Пайғамбарды тапқанға жүз түйе берілетін сыйлыққа қол жеткізу мақсатында із кескен меккелік із кесушілердің бір тобы үңгірдің аузына дейін келгенімен қуғыншылар құдайдың құдіретімен үңгір аузындағы өрмекші өрнегі мен жұмыртқа басқан құсты көргеннен соң, бұл үңгірге ешкім кірмеген деген оймен кері қайтты. Алла өзінің елшісін дұшпандардан осылай қорғады. Пайғамбар мен Әбу Бәкір үш күннен соң үңгірден шығып, Абдуллаһ бин Урайкит атты жолбасшының бастауымен Қызыл теңіз жағалауы бойымен Мединеге қарай бет түзеді.

Осы кезде Құрайштардың Мұхаммед пен Әбу Бәкірді ұстаған немесе жасырынып жатқан жерін хабарлаған адамға жүз түйе беретіні жан жаққа таралған еді. Бұл хабарды Кинана тайпасының бір тармағы – осы аймақта шатырларда отырған Бану Мудлиж әулеті де естіген болатын. Осы әулеттің бір өкілі – Сурақа бин Малик екі түйелі жолаушылардың жағалаумен өтіп бара жатқанын білгеннен соң, жүз түйе марапат аламын деген үмітпен атына міне салып Пайғамбардың ізіне түсті. Оның келе жатқанын байқап қалған Әбу Бәкір «ұсталдық ей Расулуллаһ!» - дейді. Сондай Пайғамбар: «қорықпа Әбу Бәкір, Алла бізбен бірге» - дейді де «Я Рабб бізді қалай қаласаң дұшпандардың зұлымдығынан сақта» - деп дұға жасайды. Сурақа жақындаған кезде атының аяқтары тізесіне дейін құмға батып кетеді және «Ей Мұхаммед бұл сенің қарғысыңмен болды. Сен құдайға дұға жасап мені құтқар, мен артымда келе жатқан қуғыншылдарды кері қайтарамын» - деді. Пайғамбар да: «Я рабб сөзімде шындық болса, оны құтқар», - деп дұға жасады. Сонда Сурақа әлгі бәлекеттен құтылды және арттан келе жатқан қуғыншыларға «мен бұл жерден ешкімді көрмедім», - деп кері қайтарды.

Пайғамбар мен серіктері сапарларын ары қарай жалғастырып жатқан кезде, жүз түйелік марапат Сахм әлетінің өкілі – Бурайданың құлағына да жеткен болатын. Ол да жанына жетпіс атты нөкер ертіп, жолға шықты да Ясрибке бет түзеген жолаушыларға кездесті. Пайғамбар мен әлгі аттылар арасында мынандай әңгіме орын алды:

Пайғамбар: - сен кімсің?

Бурайда: Бурайдамын.

Пайғамбар: қай тайпадансың?

Бурайда: Бани Асламнан.

Пайғамбар: Оның қай тармағынансың?

Бурайда: Бани Сахмнанмын. Ал сен кімсің?

Пайғамбар: мен Мухаммад бин Абдуллаһпын.

Бурайда осы әңгімеден әсер алғаны соншалық Хазіреті Мұхаммедтің пайғамбарлығын мойындап «калима шаһада» айтты. Ол Ухуд шайқасынан соң Мединеге келіп, мұсылмандардың қатарына қосылды, одан кейінгі жорықтардың барлығына қатысты.

Одан кейінгі сапарда Пайғамбар алда, ал Әбу Бәкірде артта келе жатты. Әбу Бәкірді жолдағы тайпалар танитын болғандықтан, алдыңда келе жатқан кім деп сұрағандарға ол жол басшым деп жауап беретін. Осы аймақта Шамнан бір керуенмен елге қайтып келе жатқан Зубейр бин Аууаммен кездесті. Зубейр оларға ақ киімдер тарту етіп, Пайғамбармен бірге Ясрибке кеткісі келгенімен, мухажирлік сауапқа ие болу және Меккедегі біршама істерін тындыру үшін хижрет жасауына рұқсат етілмеді.

Меккелік мүшіріктер таухид діні – исламға және мұсылмандарға Меккеде күн көрсетпеуі, бай-кедей, текті-құл деместен алғашқы мұсылмандарға азаптар мен озбырлықтар көрсетуі Пайғамбар мен оның сахабаларының Мединеге көшуіне итермеледі. Осының нәтижесінде мұсылмандар Пайғамбардың рұқсатымен мал-мүлкін, бала-шағаларын Меккеге тастап, Мединеге қоныс аударды. Дін жолында, Алла жолында өз отандарын тастаған меккелік мұсылмандар Құранда «мухажирлер» (мухажирун) деп аталды. Құранда мухажирлердің жоғары мәртебелерін және ерекшеліктерін атап, оларды дәріптейді.

Меккеден ең соңғы болып қоныс аударған Пайғамбар, үңгірдегі жолдасы Әбу Бәкір және Али болды. Пайғамбар 622 жылдың 27-ші қыркүйегінде, аптаның дүйсенбісінде Медине жеріне аяқ басты. Ол Құбада біршама уақыт болып (мәлімет бойынша екі апта), Құбадағы мешіттің негізін қалады. Пайғамбардың Меккеден кеткеннен соң үш күннен соң Али де қаладан шығып Құбада Пайғамбарға қосылған болатын. Пайғамбармен, қасындағы серіктерімен және бұларды күтіп отырған Хазраж тайпасының Салим әулеті адамдарымен бірге намаз оқу мақсатында «Рануна» алқабына тоқтады. Бұл намаз ислам тарихындағы оқылған алғашқы жұма намазы болатын.

Жұма намазынан соң Пайғамбар «Қусуа» атындағы түйесіне мініп, жолдастарымен бірге Мединеге қарай бет түзеді. Медине халқы Пайғамбарды үлкен қуанышпен қарсы алды. Пайғамбар мінген түйе жібін мединеліктердің әр қайсысы өз үйіне тартып, өз үйіне түсуін ұсынып жатты. Бірақ, Пайғамбар түйені еркіне қоя беруін сұрап, құдайдың әмірімен түйе қай жерге тоқтаса, сонда тұрақтайтынын ескертті. Соңында Қусуа бірінші Ақаба келісімінде болған Асадтың бақшасы алдындағы алаңға келіп шөкті. Осы жер Сахл, Сухайл атты екі жетімнен сатып алынып, кейінірек Пайғамбар мешітінің іргесі қаланды. Осы сәтте бақшаға қарсы үйдің иесі, екінші Ақаба келісімінде исламды қабылдаған Әбу Айюб атты мединелік мұсылман Пайғамбарды үйінен түсіріп, үйіне ертіп апарды. Пайғамбар мешітінің жанынан тұратын үйі салынғанға дейін Пайғамбар Әбу Айюб әл-Ансаридің үйінде қонақ болды.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных