ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Мұсылмандардың шет жаққа қоныс аударуларыЭфиопияға алғашқы һижрет. Күн өткен сайын мұсылмандардың саны артып, діндерін барша жұртқа паш ету кезінде оларға қарсы меккелік мүшіріктер мен кәпірлердің өштесу және зұлымдық жасау талпыныстары да арта түсті және мұсылмандарды жаңа діннен бездіру үшін барынша тырысып бақты. Осыған байланысты Пайғамбар сахабаларының өзге аймаққа қоныс тебуіне рұқсат берді. Ал сахабалары Пайғамбардан қайда кету қажеттігін сұрағанда Пайғамбар Эфиопияны нұсқады. Сонымен алғашқы қоныс аударушылар кейбірі жанұясымен, ал енді бірі жалғыз болып қоныс аудару дайындығын жасағаннан соң, он бір ер, төрт әйел болып, пайғамбарлықтың бесінші жылы Режеп айында (615 ж.) Меккеден жасырын түрде жолға шықты және Қызыл теңіз жағалауындағы бір саудагердің кемесімен Эфиопияға қоныс аударды. Эфиопияға алғаш қоныс аударғандардың қатарында Осман бин Аффан мен жұбайы Руқия, Джафар бин Әбу Талиб пен жұбайы Асма бинт Умайс, Осман бин Мазум, Зубейр бин Аууам, Халид бин Саид пен жұбайы Умайма бинт Халид, Абдуллаһ бин Жахш, Абдуллаһ бин Масуд, Абдуррахман бин Ауф, Әбу Убайда бин Жаррах, Мусаб бин Умайр болды. Эфиопияға екінші һижрет. Мүшіріктердің көрсеткен жәбір-жапасы артқан сайын және Эфиопияға бастапқыда қоныс аударғандардың жағдайы жақсарғанына байланысты Эфиопияға қоныс аудару одан ары жалғасты. Эфиопияға көшудің екінші дүркінінде қоныс аударушылар саны 82 ер мен 10 әйелді құрады. Құрайш мүшіріктері мұсылмандардың Эфиопияда тыныштық пен рахатта өмір сүріп жатқанын көре алмай, оларды сол аймақтанн шығаруды мақсат тұтты. Абдуллаһ бин Әбу Рабия мен Амр бин Ас басшылығындағы елшілер тобы бағалы сыйлықтарымен Эфиопияға жіберілді. Елшілер алдымен діни қызметкерлермен, үкімет шенеуліктерімен және қолбасылармен кездесіп, тарту-таралғыларын ұсынды және олардың патша алдында талаптарын орындауға көндіруге көмек беру сұралды. Құрайш елшілері Эфиопия патшасы – Наджашидің алдына шығып мұсылман қашқындар жайлы қаралап, олардың Эфиопиядан шығарылуын талап етті. Бірақ өз адамдарының да қарсылығына қарамастан Нажжаши мұсылмандармен кездесіп, Құрайш елшілерінің талаптарынан бас тартты. Мұсылмандар атынан Жафар бин Әбу Талибтің Нажжашимен кездескенде былай дегендігі баяндалады: «Ей патша! Біз надандық қараңғылығында адасқан бір ел едік. Біз пұттарға табынатынбыз, өлген малдың етін жейтін және күнә істейтін едік. Туыстармен байланысты үзуді және көршілермен жаман қатынаста болуды әдетке айналдырған болатынбыз. Арамыздағы күштілер әлсілерді қанайтын. Алла бізге арамыздан тегін, әділдігін, сенімділігін, адалдығын білетін елші жібергенге дейін осы өмір сүріп жаттық. Алланың елшісі бізді Алланы бір деп тануға, тек оған құлшылық жасауға, біз бен аталарымыздың Алладан басқа пұттар мен тастарға табынудан бас тартуға шақырды. Ол бізге тура сөйлеуді, аманатқа қиянат жасамауды, туыстармен араласып тұруды, көршілермен жақсы қатынаста болуды, харамнан аулақ болуды және адамдарды өлтірмеуді бұйырды. Пайғамбар күнә істеуге, жаман сөздер айтуға, жетімнің ақысын жеуге, намысты әуелді мазақ етуге тиым салды. Ол Аллаға табынуды, оған серік қоспауды, намаз оқуды, зекет беруді және ораза ұстауды ұсынды. Оған шын жүрегімізбен сендік және Алладан әкелген уахилерге бой ұсындық. Осылай біз тек Аллаға ғана құлдық ұрдық және оған серік қоспадық. Бізге харам дегенін арам, халал дегенін адал деп мойындадық. Ұлы Аллаға жасалынатын ғибадаттан айырып, бұрынғы пұтқа табындыруға және бұрын дұрыс деп табылған жаман әдеттерге қайта бой алдырту үшін қауымымыз бізге дұшпандық жасады. Бізге азаптар көрсетті, дінімізден бас тарту үшін қысымдар жасап бақты. Меккеліктер бізге зұлымдық жасағандықтан және қысымшылықтарын арттырып, өмір сүруге мұрша бермегендіктен сенің еліңе келдік. Айналадағы билеушілер арасынан сені таңдадық және сенімен көрші болуды артық санады. Сенің жаныңда зұлымдыққа тап болмайтынымызға үміттендік ей патша!» Тіпті кейбір мәліметтерге қарағанда ол ислам дінін қабылдады. Хазіреті Омардың исламды қабылдауы. Ислам дінін қабылдауы өз алдына бөлек оқиға болған Омар жаһилия дәуірінде исламның нағыз дұшпаны болды. Меккеде шыққан проблеманың басты ұйытқысы деп есептелген Пайғамбардың басын шабуға тағайындалған Омар осы істі шешуді мойнына алған болатын. Бір күні Омар осы міндеттемені жүзеге асыру мақсатында қылышын әзірлеп, Пайғамбар отырған үйді іздеуге шықты. Омардың өзінің қарындасы Фатиманың және күйеу баласы Саидтың жаңа дінді қабылдағандығы туралы хабары жоқ болатын. Жолда Омарға Нуайм бин Абдуллаһ ұшырасып қалады да оның жақсы ниетпен жүрмегендігін сезіп, қайда бара жатқандығын сұрайды. Омар: «Мұхаммедті өлтіруге кетіп бара жатырмын», - деп жауап береді. Сонда Нуайм оған: «Уаллаһи ей Омар! Нәпсің сені адастырмасын. Мұхаммедті өлтірсең, Абду Манаф әулеті сені жер бетінде аман-есен қоя салады ма? Сен өз әулетіңе барып әулетіңді жөнге салсаң болмас па еді?» – деген кезде Омар Нуаймға нені нұсқап отырғанын сұрады. Сонда Нуайм: «қарындасың мен күйеу балаң да солардың арасында», - деп жауап береді. Тіке қарындасының үйіне тартқан Омар жақындағанда үйден Құран дауыстарын естиды. Себебі, Хаббаб бин Арат жаңа түскен Таһа сүресін үйретіп жатқан болатын. Омардың үйге енуімен қарындасы мен күйеу баласы Хаббабты жасырды және аяттарды да тығып қойды. Ішке енген Омар күйеу баласына ұмтылып, оны алып ұрды. Күйеуін арашалауға келген қарындасы да таяқ жеді. Сонда Фатима: «ия біз мұсылман болдық, Аллаға және елшісіне сендік, не істесең соны істе, - деп бет-аузы қан күйінде айқайлап жауап берген кезде, Омардың жан дүниесіне мейрімділік сезімі оянды және істегеніне өкінді. Оқып жатқан Құран парақтарын сұрады. Омарға дәрет алдырды және Құран парағын оқытты. Сонда оның жүрегі исламға айқара ашылды. Одан соң ол пайғамбар қонақ болып отырған Аркамның үйіне барып ислам дінін қабылдады. Ғараник оқиғасы. Бір күні Пайғамбар «Масжиду Харамда» біршама мүшіріктер жиналған кезде Нажм сүресін оқып жатқан болатын: «айтыңдаршы сендер, әл-Латты, әл-Уззаны және үшіншісі болған Манатты көрдіңдер ме?» (Нажм-19-20) – деген аяттарға келген кезде, мүшіріктердің арасындағы Надр бин Харис: “бұл пұттар – ұлы пұттар, олардың шапағаттары ескеріледі», - деп айтып қалады. Пайғамбар сүрені оқуды жалғастырып, соңғы аятын оқыған соң, сәжде аяты ішінде орын алғандықтан сәждеге бас қойды. Осы сәтте мұсылмандармен қатар мүшіріктер де сәждеге бас қойды. Осы оқиға мүшіріктер тарапынан қате жорамалданды және дұрыс емес түсінік пайда болды. Хашим әулетіне қарсы Құрайштардың қысымы және оған наразылық. Пайғамбардың жалпы халықты исламға шақыруынан және исламның тез арада халықтар арасына таралуынан қауіптенген, бірақ, тікелей, ашық түрде Пайғамбарға шабуыл жасауға жүректері дауламаған меккелік пұтқа табынушылар оның жолын кесудің жаңа жолдарын қарастырды. Мұсылмандарды Эфиопияның жақсы қабылдауы және меккелік әулеттердегі абыройлы бірнеше адамның исламды қабылдап кетуі, тіпті Меккеден тыс тайпалар арасында исламды мойындағандардың көрініс табуы Құрайш пұтқа табынушыларын шектен тыс шешім қабылдауына итермеледі. Осы кезде Абдушамс әулетінің ақсақалы Утба бин Рабияның идеясы бойынша Әбу Талибке талаптар қойды. Бірақ, Әбу Талибке қойған талап өз жемісін бермеді. Осыған орай, Құрайш мүшіріктерінің дұшпандығы одан ары артып, Мұхаммед пайғамбарды өз әулетінің мүшесі ретінде қорғаған Хашим әулетіне шабуылдың жаңаша әдісін ойлап тапты. Ондағы мақсаты – Мұхаммедті Хашим әулетінің қамқорлығынан махрұм қылу. Нәтижесінде, пайғамбарлықтың жетінші жылы Хашим әулетін көпшіліктен бөліп тастады: ешкім аталған әулетпен байланыс жасамайды, қыз бермейді және қыз алмайды, сауда-саттық жасамайды, тіпті Хашим әулетімен сөйлеспейді. Пайғамбарды қорғауда Хашим әулетінің сабына қосылған олармен немерелес Мутталиб әулеті де осы қысымға алынды. Алайда, Пайғамбарға қарсы мүшіріктермен тізе қосқан Пайғамбардың Әбу Лахаб атты немере ағасы мен оның балалары осы қысымнан тысқары қалды. Хашим әулетіне қарсы әлеуметтік және экономикалық қысымды қамтитын Құрайш қарарлары бір нәрсеге жазылып, Қағбаның кіре берісіне асылды. Екі тау арасындағы бір аймақта Хашим әулеті мен Мутталиб әулеті және қаланың әр жерінде тұратын мұсылмандар жаппай қысымға ұшырады. Олар айлар бойы олар ауыр азаптар мен таршылықты бастарынан өткерді. Құрайштар арасында кейбір жанашырлар қолынан келгенше кейбір көмектерін жасырын көрсетті. Үш жылға созылған аталған қысым соңында біртіндеп өз күшін жоғалта бастады. Қысым сәтінде балалар мен қарттар дүние салды. Соңында Құрайштардың ішіндегі кейбірі өздерінің осы шешімдеріне наразылықтарын білдірді және Хашим әулетімен байланыстарын күшейтіп, оларды осы қиыншылықтан құтқарғандай болды. Хишам бин Амр, Мутим бин Ади, Әбу-л-Бухтари бин Хишам, Зама бин Асуад Құрайш мүшіріктері қабылдаған осы шешімнің күшін жоюға атсалысқандардың басында келеді. Келесі жағынан Алла тарапынан жіберілген көбелектер (немесе құрттар) мұғжизалық түрде Қағбаға ілінген әлгі нәрседе жазылған шешімді жеп қойыпты, тек, онда Алланың есімі ғана сақталыпты. Алла бұл оқиға Пайғамбарға уахи етілді. Ал пайғамбар болған оқиғаны немере ағасы Әбу Талибке айтты. Әбу Талиб оны Құрайш басшыларына әңгімелегенде олар сенбеді және әлгі жазуды алдыртып көрді және ақиқатқа куә болды. Осы арада Мекке халқының барлығы ислам дінін қабылдады деген қауесет Хабашстанға да жетті және отыз шақты мухажир Меккеге оралды. Бірақ, Абссиниядан оралған мұсылмандар Меккеге жеткенде әлгі әңгіменің жай қауесет екендігін ұғынды және Құрайштардың шабуылына тап болды. Осы сәтте Хабашстанға қайтуға мұрсаты болғандар кері қайтты, ал қалғаны сыртқы бейнесін өзгеріп немесе кейбір мүшіріктердің қорғауына еніп, Меккеге кіруге мұрсат алды. Қайғы жылдары: Әбу Талиб пен Хадишаның өлімі. Меккелік мүшіріктердің мұсылмандар мен Хашим әулетіне жасаған қыспағы тоқтатылғаннан шамамен сегіз айдан соң Әбу Талиб дүние салды. Әкесі сияқты Пайғамбарды кішкене кезінен бастап асырап өсірген және қамқорлығына алған, пайғамбар болғаннан кейін де оны жалғыз қалдырмай, бар күш-жігерімен оны қолдап қорғаған Мекке көсемдерінің бірі - Әбу Талиб әбден қартайған болатын. Ол пайғамбарлықтың оныншы жылы науқастанды. Сырқатының күн өткен сайын артуына байланысты Құрайш басшыларын өзіне шақырды және Мұхаммедпен жақсы қатынаста болуын өсиет етті. Құрайш басшылары Әбу Талиб өлмей тұрып: «бізді інің Мұхаммедке алып бар, онымен достасайық» дескен. Мұхаммед пайғамбар Құрайш басшыларының өзімен келісімге отырғысы келетінін көкесінен білгеннен кезде: «ей көке егер «ла илаһа иллаллаһ» десе арамызда келіспеушілік болмайды», - деген болатын. Бірақ Құрайштар бұл талаптан бас тартты және Пайғамбарға «Қағбадағы осыншама пұтты тастап, бір Аллаға сенуімізді қалап тұрсың ба?» - десіп тарасқан. Әбу Талиб сексен жеті жас шамасында бұл өмірден көз жұмды. Әбу Талиб дүние салғанда Пайғамбар елуге енді келген болатын. Демек, Әбу Талиб милади 620 жылы өлген болып шығады. Кейбір мұсылман авторлар Әбу Талибтің өлім аузында жатқанда ислам дінін қабылдағанын қуаттағанымен көпшілік авторлар оның исламды мойындамай дүние салғандығын айтады. Пайғамбарлықтың оныншы жылы Пайғамбарды қайғыға батырған келесі бір оқиға – алғаш ислам дінін мойындаған, Пайғамбардың сүйікті жары Хадишаның қайтыс болуы. Хадиша Әбу Талиб өлімінің соңғы күндерінде науқастықпен төсек тартып жатып қалады. Науқасы ауырлауына байланысты Пайғамбар былай деген екен: «Ей Хадиша! Алла сені Имран қызы Мариямнан, Перғауын қызы Асиядан жоғары қылды». Осыдан соң Хадиша Әбу Талибтің өлімінен үш күннен соң алпыс бес жасында дүние салды. Хазіреті Мұхаммед алғашқы жары және алғашқы мұсылман хазіреті Хадишаны жақсы көретін және құрметтейтін, ол сау кезінде басқа әйелмен үйленбеген еді. Пайғамбардың ұрпақтары да Хадишадан туған балалары арқылы жалғасты. Әбу Талибтің өлімінен соң Құрайш мүшіріктері Пайғамбарға деген дұшпандығын одан ары үдете түсті. Әбу Талибтің өлімінен соң Хашим әулеті ішінде ақсақалдық орынды Әбу Лаһаб, Хакам бин Ас, Уқба бин Әбу Муайт мүшіріктердің айдауымен Пайғамбар мен сахабаларына жәпір-жапаны үдете түсті. Таиф сапары. Құрайштардың жасаған зорлық-зомбылықтары күн өткен сайын арта түсті. Мекке халқын исламға шақыру нәтиже бермегендіктен, Пайғамбар көрші қалалардың біріне барып, исламды сонда жаюды мақсат етіп қойды. Осы мақсатпен бір түні жасырын түрде Меккеден шығып, асыранды ұлы Зейд бин Харисамен бірге Таиф қаласына кетті. Пайғамбарлықтың оныншы жылы Шаууал айында болған Таиф сапары Мұхаммед пайғамбардың өміріндегі ең ауыр және қиын күндердің бірі болатын. Таифтың және Сақиф тайпасы басшыларының бірнеше адамына исламны насихаттаған Пайғамбар олардың қатты қарсылығына тап болды. Таифтықтар Құрайшпен арадағы достығын да ұмытып, Пайғамбарға тас, таяқ жаудырды. Таифтықтардың қуғындауынан әзер құтылған Пайғамбар шаржаңқы және шарасыз жағдайда Рабия әулеті – Утба мен Шайбаның бағын паналады. Осы баудың бақташысы – Аддас атты құл Пайғамбарды жақсы қарсы алды. Олар діндер жайлы сұхбаттасты, Пайғамбар оны исламға шақырды, Мәліметтерде Аддас исламды қабылдады деп баяндалады. Мүшіріктер арасындағы Мутим бин Адидың қамқорлығымен Меккеге кіруге рұқсат алған Пайғамбардың одан кейінгі кездері халық арасында исламды шақыруы күн өткен сайын қиындай түсті. Ибн Исхақ, ибн Хишам сияқты сияр авторлары Таиф сапарын былай аяқтайды. «Одан соң Алланың елшісі Таифтан Меккеге қайтуға жолға шықты. Ол түнде бір құрма ағашының саясында намаз оқып жатқан кезде, жанына Алланың Құранда баян еткен жындардың бір тобы өтіп бара жатты. Олар Пайғамбарды тыңдады. Пайғамбар намазын аяқтаған сәтте олар да иман келтірді және осы дінді қабылдаған күйі елдеріне қайтты». Миғраж. Хазiретi Мұхаммед Хижреттен бір жарым жылдай бұрын 27 Режеп айында денесімен және рухымен «Мешіт Харамнан» «Мешіт Ақсаға» сапар шегуі «Исра» деп аталады. Ал Мешіт Ақсада көкке жоғарылауы «Миғраж» деп аталады. Пайғамбар Меккеде болғанда Алланың бұйрығымен Меккеден Құдысқа көтерілдi. Одан Жабiраил періштенің бастауымен Ақса мешiтiнен Миғражға көтерілген. Мәліметтерге қарағанда Пайғамбар бір түні Қағбаның Хатим бөлімінде жатқан кезде, Жабраил келіп, Пайғамбардың кеудесін жарып, жүрегін және басқа да жерлерін замзаммен тазалағаннан соң, иман мен хикмет толтырып, бастапқы халіне алып келді, одан соң «Бурақ» деген бір нәрсеге отырғызылып, Пайғамбар Жабраилмен бірге «Байт Мақдиске» сапар шекті. Одан жоғарылап қат көктерде пайғамбарларға жолықты. Хазiретi Мұхаммед (ғ.с.) бірінші қат көкте Хазіреті Адаммен, екінші қат көкте Хазіреті Яхиямен және Хазіреті Исамен, үшінші қат көкте Хазіреті Жүсіппен, төртінші қат көкте Хазіреті Ыдырыспен, бесінші қат көкте Хазіреті Харунмен, алтыншы қат көкте Хазіреті Мұсамен, жетінші қат көкте Хазіреті Ибраһиммен кездесті. Сол арадан «Сыдырату-л-Мунтахаға» жетті. Одан ары айтуға сөз жетпейтін, көруге көз жетпейтін бейнесі жоқ бір әлем болатын. Жабраил осы жерде қалған, себебі, Мунтахадан ары өтуге оған рұқсат етілмеген. Миғражда ұлы Алла Хазiретi Мұхаммедке үш нәрсе сыйлаған: 1. Бақара сүресінің соңғы екі аяты; 2. Үммбеттеріне Алла Тағаланың жаннатқа кіруін сүйіншілеу; 3. Күніне бес уақыт намаз оқу. Миғражда Хазіреті Мұхаммедке он екі бұйрық берілді. Құран Кәрімде бұл бұйрықтар Исра сүресінің 22-38-ші аяттары аралығында қамтылған. Олар: 1. Алладан басқаға құлшылық жасамау; 2. Ата-ананы құрметтеу және оларға бағыну; 3.Туыс-туғанға, жоқ-жітікке, жолаушыларға және қорғансыздарға көмектесу; 4.Ысырап жасап мал-мүлкті орынсыз жерге жұмсамау; 5. Балаларды өлтірмеу; 6. Зинақорлық жасамау; 7. Жазықсыз адам өлтірмеу; 8. Жетімдерге, қорғансыздарға қорған болу; 9. Уәдеде тұру; 10.Таразыны тура тарту, таразыдан жемеу; 11. Өзің білмеген нәрсенің соңына түспеу; 12. Жер бетінде тым асқақ кетпеу. Пайғамбардың алып келген ақиқаттар мен Құранға сенбеген Құрайш мүшіріктері Исра мен Миғражды да жоққа шығарды. Әбу Бәкір бастаған мұсылмандар оған күмәнбанбастан сенгендіктен Әбу Бәкір «Сыддық» деп аталып кетті. Ардақты Мұхаммед пайғамбардың Сауда мен Айшаға үйленуі. Хазіреті Хадиша дүние салғаннан соң Пайғамбарға алғашқы мұсылмандар қатарындағы және Эфиопияға қоныс аударғандар арасындағы Мазунның ұлы Османның әйелі Хаула Саудамен және Айшамен үйленуді ұсынды. Пайғамбар Хауланың ұсынысын лайықты деп тауып, Саудамен үйленді. Сонымен қатар, Хазіреті Әбу Бәкірдің қызы кішкентай жастағы қызы Айшамен некелескен Пайғамбар Мединеге хижрет еткеннен соң онымен шаңырақ көтерді. Тайпаларды исламға шақыру. Пайғамбар Таифтан қайғылы күйде оралған шақтарда мүшіріктердің шабуылдары мен тосқауылдары одан ары арта түсті. Осындай тосқауылдарға қарамастан Пайғамбар қажылық мезгілін пайдаланып, жан-жақтан қажылыққа келгендерге исламды уағыздап бақты. Әр жылы осы мезгілде Укказ, Мажанна және Зу-л-Мазажда жәрмеңкелер ашылып, Араб түбегінің түктіп-түкпірінен арабтар шаууал айында Укказ жәрмеңкесіне келетін, одан, Мажаннаға келіп, жиырма күн бойы сонда болатын. Одан соң Зу-л-Мазажға аяқ басатын және қажылық күндеріне дейін осында болатын. Пайғамбар қажылық жасауға Меккеге келген арабтарға исламның мәнін түсіндіріп, осы дінді қабылдауға шақырды, үгіт-насихат жүргізіп, оларға Құран оқып беретін. Бұған жауап ретінде Құрайш мүшіріктері де қарап қалмай, Пайғамбарды қаралап, халықтың есін шығаратын. Осындай мүшіріктердің басында Әбу Лаһаб келетіні белгілі. Пайғамбар «ей адамдар! Ла илаһа иллаллаһ десеңдер азаптан құтыласыңдар» - деген кезде, оның артынан аңдып жүрген Әбу Лаһаб та: «ей халайық! Сақтаныңдар, оның айтқандарына құлақ аспаңдар! Ол өтірікші!» - деп бақырып жүретін. Аталған әрекеттердің барлығы надан арабтарға өз әсерін тигізетін де Пайғамбардан аулақ жүретіндер де, оған қарсы шығып, оның пікірлерін теріске шығаратындар да кездесіп жататын. Барлық қиындыққа төзіп баққан Пайғамбар жәрмеңкелерде тайпалардың тұрақтаған қостарына барып, жекелеп кіріп шығатын, оларды исламға шақыратын, олармен сөйлесіп, өз қамқорлықтарына алуын өтінетін, бірақ, бір нәтиже шығара алмады. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|