Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Ардақты Мұхаммедтің пайғамбарлыққа дейінгі өмірі




Пайғамбардың әке-шешесі. Ардақты Мұхаммедтің әкесі Құрайштың Бани Хашим әулетінің мүшесі – Абдуллаһ бин Абдулмутталиб, ал анасы – Құрайш тайпасының ішіндегі Бани Зухра әулетінің өкілі – Уахб бин Абдулманафтың қызы Амина болатын. Пайғамбар – олардың дүниеге алып келген жалғыз перзенттері. Ардақты Пайғамбардың әкесі жағынан атасы – Абдулмутталиб бин Хашим, ал әжесі – Фатима бинт Амр, ал нағашы жағынан атасы – Уахб бин Абдуманаф болса, нағашы әжесі – Барра бинт Абдулузза.

Ардақты Пайғамбардың әкесі Абдуллаһ замандастары арасында ұнамды, келісті жігіт болатын. Оның бет-жүзінде өзге жігіттерде кездеспейтін сұлулық пен нұрлылық болды. Мұның ардақты Пайғамбарға тән «пайғамбарлық нұры» (Нуру Мухаммад) екендігі қуатталады. Мәліметтерге қарағанда Абдуллаһ Аминамен үйленгеннен соң маңдайындағы нұр Аминаға да өткен. Себебі, ол осы нұрдың шынайы иесін құрсағында көтерген болатын. Құрайш жігіттері арасында Абдуллаһтың сымбаттылығы мен маңдайындағы нұрына байланысты ол ерекше көзге түсетін, әйелдер арасында үлкен әңгімеге айналатын, осыған байланысты бірнеше үйлену ұсыныстары да жасалған.

Абдуллаһтың әкесі Абдулмутталиб Зәмзәм құдығын қайта қазуға кіріскен кезде Құрайштың кебір көсемдері оған кедергі болуға тырысты, олар Абдулмутталибті келеке етіп, абыройын түсіруге тырысты. Осы кезде Харистен басқа ұлы болмаған Абдулмутталиб оларға қарсы уәж айта алмағандықтан, он ұлы болса, бірін құрбандыққа шалуға ант береді. Біраз уақыттан соң оның құдайға жасаған дұғасы қабылданып, он ұлы дүниеге келгеннен соң, бір күні түсінде берген уәдесі еске түсіріледі. Он ұлының қайсысын құрбандыққа шалу мәселесінде шек тастауға жүгінеді. Абдулмутталиб «Хубал» пұтының алдында тастаған шегі ең кішкентай баласы Абдуллаһқа түскен кезде ол «Исаф» пен «Наила» пұттарының алдында ұлын құрбандыққа шалуға шешім қабылдайды. Бірақ оның бұл әрекетіне қыздарынан бастап, көптеген адам қарсы шықты. Берген антын орындауға бір шешім іздеген Абдулмутталиб өзіне жеткен мәлімет бойынша Хижаз аймағының атақты балгерінен кеңес алу мақсатында алдымен Мединеге, одан соң көрікпел орналасқан Хайбарға сапар шегеді. Балгер әйел Абдулмутталибке дәстүрге қарай бір адамның құны болып табылатын он түйе мен Абдуллаһ арасында шек тастауына, шек түйеге түскенге дейін түйе санын қоса беруіне, шек түйеге түскен кезде олардың барлығын құрбандыққа шалуына кеңес береді. Меккеге оралған Абдулмутталиб Абдуллаһ пен он түйе арасына шек тастайды, бірақ, бірінші шек Абдуллаһқа шығады. Олардан кейінгі шектер Абдуллаһқа шыққан сайын Абдулмутталиб әр шек тастаған сайын түйе санын он-оннан артыра беріп, түйенің саны жүзге жеткен кезде шек түйелерге түседі. Сонда барып Абдулмутталиб жүз түйені құрбандыққа шалып, Абдуллаһты аман алып қалған екен. Осыған байланысты Пайғамбар әкесі Абдуллаһ пен арғы атасы Исмаилдің құрбандықтан құтылғанын былай түсіндіреді: «мен – екі құрбандықтың ұлымын». Жастық шағында Абдуллаһ өзіне ұсынылған бірнеше үйлену ұсыныстарынан бас тартқан екен. Соңында әкесінің белсенділігімен Уахбтың қызы Аминамен шаңырақ көтереді. Осы кезде Абдуллаһ он сегіз (немесе жиырма төрт) жаста екендігі баяндалады.

Пайғамбардың анасы Амина Құрайш қыздары арасында таңдаулы орынды иеленді. Оның әкесі Уахб та Зухра әулетінің мықтыларының бірі болды. Абдулмутталиб ұлы Абдуллаһты жанына ертіп алып, Аминаның әкесі Уахбтан, келесі бір дереккөзге қарағанда Уахбтың дүние салып кетуіне байланысты Аминаның немере ағасы Ухайбтан Аминаны айттыра келеді. Ол келісімін бергеннен соң екі жас бас қосады. Сол замандағы дәстүр бойынша үйленгеннен кейінгі алғашқы үш күні Аминаның үйінде өткен.

Пайғамбардың әкесі Абдуллаһтың дүние салуы. Абдуллаһ Аминамен үйленгеннен біршама уақыттан соң сауда жасау үшін Сирияға сапар шеккен керуенге қосылып, Ғаззаға жолға шығады. Қайтар жолда Ясрибке жеткенде науқастанады. Науқас Абдуллаһ онда әкесінің нағашылары – Ади бин Нашшар әулетіне түседі. Түп нағашыларында бір айға жуық сырқаттанып, соңында мәңгілікке көз жұмады және сонда жерленеді. Осыған байланысты Пайғамбар жетім болып дүниеге келеді. Осы жылы Меккені Абраханың жауламақ әрекеті, яғни «Піл оқиғасы» болды.

Піл оқиғасы: Абраханың Қағбаға шабуылы. Абассиния (Хабаш) корольдігінің иемендік губернаторы Абраха арабтардың Қағбаға зиярат жасауына тосқауыл қою мақсатында Санада үлкен шіркеу салдырады. Араб тайпаларына елші жіберіп, бұдан былай қажылықты осы ғибадатқа жасауды ұсынады. Ал арабтар әлгі шіркеуге ешбір маңыз бермейді. Керісінше, оған құрметке сай емес көзбен қарайды. Тіпті, Абраханың халықты Қағбаның орнына Сананы қасиетті қылу талпынысына ашуланған Кинана тайпасының бір адамы шіркеуге кіріп дәрет сындырған. Салдырған шіркеуге ерекше мән берген Абраха өзінің күткен үмітінің ақталмағанына ашуланып, Қағбаны біржола құртуға шешім қабылдайды, осылай оны діни орталық болу күшін жоюды және Меккенің сауда орталығы болудан қалдыруды ойлайды. Губернатор көп әскер алып, Қағбаға қарай бет алады. Абраха әскері Мекке маңайындағы «Муғаннас» деген жерге дейін келіп, тұрақтайды. Осы кезде Абраханың Мекке маңайына жіберген атты шолғыншылары меккеліктердің малдарын барымталайды. Олардың арасында Абдулмутталибтың 200 түйесі де болады.

Абраха Меккеге елші жіберіп, мақсатының тек Қағбаны қирату екендігін, өздеріне қарсы келмесе халыққа тиіспейтінін және Мекке көсемдерімен кездескісі келетінін білдіреді.

Осы сәтте Құрайштың Хашим әулеті тармағының көсемі – Пайғамбардың атасы Абдулмутталиб Абраханың елшісімен бірге губернатормен кездесуге бірге барады. Абрахамен кездескен Абдулмутталиб пен Абраха арасында мынандай әңгіме болған:

Абраха: не қалайсың?

Абдулмутталиб: әскерің айдап әкеткен 200 түйені қайтарып беруіңді сұраймын.

Абраха өзінің таң қалысы мен таңырқауын жасырмай: «мен сені алғаш көргенімде сұсыңнан сескеніп, саған құрмет көрсеткен едім. Бірақ, сенің мына сөзіңе қарап, қателескенімді ұғындым. Мен сендердің ата-бабаларыңнан бері құрмет көрсетіп, маңыз беріп келе жатқан Қағбаны қиратуға келе жатырмын. Ал сен болсаң мұны біле тұрып, өздеріңнің маңызды деп есептейтін Қағба туралы еш нәрсе айтпадың. Тек түйелерді ғана ойлап тұрсың», - деді. Абдулмутталиб Абраханың кекеткен сөзіне былай жауап берді: «Мен – түйенің иесімін. Сондықтан оны сұрап келдім. Ал Қағбаның иесі – Алла. Ол оны өзі қорғайды». Осы әңгімеден соң Абраха Абдулмутталибтің түйелерін қайтарып береді. Меккеге қайтқан Абдулмутталиб қала халқына жағдайды түсіндіріп, Абраханың шабуылынан зардап шекпеу үшін халықтың қаладан шығып, тау басына баруын сұрады. Одан соң Мешіт Харамға барып, Қағба есігінің жанында былай дұға жасады: «Ей Алла әрбір құл өз үйін қауіп-қатерден қорғайды. Сен де Қағбаны және осында өмірі қыл үстінде тұрған бізді Абраха мен әскерінен қорға. Олардың күші сенің күшіңнен үстем емес деп сенемін». Кейбір Құрайштар Абдулмутталибпен бірге Қағбаға кіріп құдайға жалбарынды да барлығы көрінетін жердегі тау басына шығып паналады.

Қағбаны қиратуға ниеттенген Абраха ертеңгілік таң ата шабуылға бұйрық берді. Бірақ, әскердің алдында тұрған «Махмуд» атты үлкен піл тұрған жерінен қозғалмады және Қағбаға қарай бір қадам да аттамады. Осы сәтте теңіз жақтаған құжынап келген құстар тұмсықтары мен аяқтарына тістеген, ұстаған тастарды Абраха мен әскерінің үстіне жаңбырша боратты. Абраха әскерінің көпшілігі сол мезетте жойылды. Өзіне тиген тасқа қатты жараланған Абраха аман құтылған аз әскерімен Санаға оралды. Бірақ, ол денесі бөлшектене ауырып, қиналып өлді. Меккеде Абраха әскерінің көзі жойылып, өлген адам денелері сол жерде қалды. Осы сәтте шелектеп жауған жаңбырдың әкелген тасқыны өлген адам денелерін ағысып кетіп, ол жер тазаланды.

Абраха әскерінің Қағбаға шабуылы және әскердің көзі жойылуы Құрандағы Піл сүресінде анық баяндалады:

«Піл иелерін Тәңіріңнің қалай еткенін көрген шығарсың? Олардың қулық-сұмдықтарын күл-талқан етпеді ме? Оларға Раббың топ-топ құстарды жіберді. Құстар оларға балшықтан жасалған тастарды атты. Сөйтіп, оларды дәні желінген сабандай етіп тастады».

Осы оқиғаны «піл оқиғасы», осы оқиға болған жыл «піл жылы» деп аталып кетті. Белгілі күнтізбе болмағандықтан, болған маңызды оқиғаларға осы оқиға негізі өлшем ретінде алынып, «піл жылы», «піл жылынан бұрын», «піл жылынан кейін» деп аталатын болды. Абраханың сәтсіздігінен соң арабтар Қағбаға бұрын соңды болмаған құрметті одан ары арттырды және бұл Мекке қаласы мен Құрайш тайпасының абыройын да асқақтатты.

Ардақты Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келуі. Пайғамбарымыз Араб түбегінің батысындағы Хижаз аймағында орналасқан Мекке қаласында дүниеге келген. Оның туған күні нақты белгілі емес. Мұның себебі – сол замандағы арабтар арасында қолданылған белгілі күнтізбенің болмауы. Жалпы қабылданған мәліметтерге қарағанда ардақты Пайғамбар Піл оқиғасынан 50-55 күннен соң Рабуи-л-Әууал айында дүйсенбі күні таңға жақын дүние есігін ашқан. Әртүрлі есептеулерге қарағанда Пайғамбардың туған күні 20 сәуір (9-ші рабиу-л-әууал) 571 жылы немесе 17 маусым (12-ші рабиу-л-әууал) 569 жылы дүйесенбі күні болып табылады. Анасы Амина Пайғамбарды немере ағасы Ухайбтың үйінде туған. Босандыру қызметтерінде Абдуррахман бин Ауфтың анасы Шифа бинт Ауф пен Осман бин Әбу-л-Астың анасы Фатима бинт Аблуллаһ атқарған, үйіндегі әкесінен қалған күң – Умму Айман да оларға көмектескен. Амина қайын атасы – Абдулмутталибке немересінің дүниеге келгенін сүйіншілеу үшін бір адамды жұмсаған. Осы сәтте Абдулмутталиб Қағбаның жанындағы «Хижр» бөлімінде Құрайш көсемдерімен сұхбаттасып жатқан болатын. Сүйінші хабарды алысымен Абдулмутталиб орнынан атып тұрып, қасындағылармен бірге келініне тартты де, немересін көрді. Осы кезде Амина жүкті кезінде көрген түсін айтып берді. Ол түсінде «бір адам оның жүктілігін нұсқап, дүниеге әкелетін балаға «Мухаммад» немесе «Ахмад» деп ат беруін, өткір көздерден, қызғаныштардан сақтану үшін Аллаға сиыну керек» екендігі ескертілген. Осы түсті естігеннен кейін Абдулмутталиб немересін алып, Қағбаның ішіне кірді. Онда ол осындай немере бергеніне құдайға шүкіршілік жасады. Қайтарда атасы баласын өз үйіне алып барып, ондағы жанұя мүшелеріне көрсетті. Одан соң нәрестені алып анасына қайтып әкелді. Пайғамбар дүниеге келгеннен бір аптадан соң Абдулмутталиб түйе мен қой құрбандыққа шалып, немересінің құрметіне барлығын қонаққа шақырды. Аталарының атын емес неге нәрестенің атын «Мухаммад» қойдың деп сұралғанда Абдулмутталиб былай деп жауап берді: «оған «Мухаммад» деп ат қойдым. Көкте Алла жерде адамдар оны жақсылықпен еске алсын, оны дәріптеп әңгімелесін», - дедім деп жауап берген.

Ислам әдебиеттерінде Пайғамбардың ана құрсағында пайда болғаннан дүниеге келгенге дейінгі кезеңде кейбір таңғажайып оқиғалардың болғандығын атап өтеді. Оларға қарағанда Амина жүктілікке байланысты қандай да бір ауруға, қиындыққа тап болмағандығы, толғақ ауыртпалығын көрмегендігі баяндалады. Сондай-ақ ардақты Пайғамбар сүндеттелген күйде дүниеге келген. Сонымен қатар, ол періштелер тарапынан шомылдырылып, арқасына, екі жауырының ортасына «пайғамбарлық мөрі» басылған. Әдебиеттерде орын алатын және тарихшылардың ыждахатпен баяндайтын келесі бір риуаятқа қарағанда ардақты Пайғамбар дүниеге келген күні Мадаиндегі (Ктесифон) сасанид сарайының 14 мұнарасы құлаған, Мажуси (зороастрист) парсылардың мың жылдан бері жанып келе жатқан оттары сөніп қалды, Сауа көлінің суы тартылды, Самауа алқабын сел басты. Кейбір яһуди ғалымдарының «сол түні бір жұлдыздың туғандығын көре сала ақыр заман пайғамбарының дүниеге келгендігін» айтқаны, ал енді бірінің «енді Исраилұлдарынан пайғамбарлық кетті, қолдарынан кітап та шықты» деп қайғырғандығы баяндалады. Пайғамбар туған түні Қағбадағы пұттардың да құлағандығы турасында мәліметтер де кездеседі.

Пайғамбардың балалық шағы. Пайғамбар дүниеге келгеннен соң бірнеше күн анасы, одан соң біршама уақыт Әбу Лаһабтың күңі Суайба емізді. Суайба ардақты Пайғамбардың немере ағасы Хамзаны да емізгеніне байланысты Пайғамбар әлгі немере ағасымен сүт бауыр атанды.

Пайғамбардың сүт анасы Халимаға берілуі. Қалаларда жаңа туған ұл балаларды емізу және белгілі жасқа дейін өсіру мақсатында ауасы мен суы таза, өмір-тіршілігі де пәк шөлге жіберу Құрайш пен басқа да арабтар арасында кең таралған дәстүр болатын. Сүт анаға берілудегі негізгі себеп – балалардың анағұрлым дені сау болып өсуге қолайлы, сөйлейтін тілі де әдеби болуына мүмкіндік жасау болды. Осы дәстүр бойынша Пайғамбар Хауазин тайпасының Сад бин Бакир тармағына мүше Халима бин Әбу Зуайбқа берілді. Араб тілін ең көркем сөлеу жағынан аты шыққан Бани Сад бин Бакир арабтар арасындағы жомарттығымен, абыройымен аты шыққан.

Мәліметтерге қарағанда Халима өзі сияқты сүт аналықты кәсіп еткен, осылай күн көрген оншақты әйелмен және күйеуі Харис бин Абдулуззамен бірге Меккеге қарай жолға шыққан. Емшектегі ұлы Абдуллаһты да бірге ала шықты. Халима мен күйеуі мініс көліктерінің әлсіз болуына байланысты жолдастарынан артта қалғандықтан, Меккеге олардан кейін жетті. Меккеге бұрын барып қойған басқа әйелдер көңіліне қонатындай бай жанұяның балаларын табу және осылай жанұя арасында құрылатын достықты пайдаланып, көп табыс табу мақсатымен Мекке көшелерін аралап кетті. Осы кездерде Амина мен Абдулмутталиб өздеріне лайықты сүт ана іздестіру үстінде болатын. Абдулмутталиб Бани Сад бин Бакир тайпасының әйелдеріне Пайғамбарды бергісі келсе де, әйелдер нәрестенің жетім екендігін білісімен «бұл жетім баланың анасы мен атасы бізге қаншалықты жақсы төлейді дерсің», - десіп, нәрестені қабылдамады және басқа жанұяның балаларын алды. Ал Халима мен Харис Меккені күні бойы аралағанмен бір бала таба алмады, осыдан соң құр қол үйлеріне қайтудан басқа амалдары қалмады. Соңында олар Абдулмутталибке жолықты. Пайғамбардың жетім екендігін білгенімен құр қол үйлеріне қайтқылары келмеді. Амина Халиманы ертіп баласы жатқан бөлмеге алып барды. Сонда Халима одан ары былай әңгімелейді:

«Бөлмеге кірген кезімде бала сүттен де ақ бір жүн матаға оралған, оның астына жасыл жібектен төсеніш төселген. Үстіне жабылған күйде терең ұйқыда жатыр, миск иісі үстінен аңқып тұр. Сүйкімділігіне және жүзінің көркемдігіне таң қалдым. Ұйқыдан оятуға қимадым, қолдарымды кеудесіне қойғанда күлімсіреді және маған қарау үшін көздерін ашты. Сол сәтте екі көзінің ортасын сүйіп құшағыма алдым.

Халима мен Харис баланы алғаннан соң қоштасып жолға шықты. Жолда баланы емізу үшін кеудесіне жақындатқанда Халима сүтінің бірден артқандығын сезді. Ал Харис аз болса да сүт алу мақсатында кәрі түйесінің жанына барған кезде түйенің желініне еш күтпеген сүт толып тұрғанын көрді. Түйені сауып тойғанынша ішкеннен соң олар ұйқыға кетті және тамаша түнді өткерді. Таң ата Харис әйеліне былай деді: «Халима сен берекелі және қайырлы бала алғаныңды білім қой». Халима да: «солай деп ойлаймын», - деп күйеуінің сөзіне келісті.

Жолға шыққан кезде Халиманың әлсіз көлігі осы сәтте тез жүре бастады, тіпті Меккеде өздерінен озып кеткен жолдастарынан басып озды. Одан кейін Халима былай деп түсіндіреді: «Бани Сад жеріндегі шатырларымызға жеттік. Жер етінде осы жердей қуаң тартқан, жүдеген жер жоқ шығар. Бірақ біз баланы қасымызға алғаннан бастап, малымыз барлық уақытта тоқ, сүтті болып үйге қайтады. Бала екі жасқа келіп, оны емшектен шығарғанға дейін Алла өзінің берекесінен, нығметінен махрұм қалдырмады».

Екі жасқа толғаннан соң Халима елден ерекше бөліп, гүл жайнаған баланы емшектен шығарды және күйеуімен бірге баланы анасына тапсыру мақсатында Меккеге қарай тартты. Бірақ, одан көрген бақыт, берекеге байланысты оны жанынан ажыратуға қимады. Сондықтан олар біршама уақыт баланы жанында қалдыруды анасынан өтінді. Осы сәтте Меккеде оба індеті бар болатын. Баланың денсаулығына шөлдің жаққандығын көрген Амина әрі Халиманың өтінішін қимай, әрі баланы обаның қаупінен сақтау мақсатында рұқсатын берді.

Ардақты пайғамбар төрт немесе бес жасына дейін сүт анасының жанында қалды. Жоғарыда баяндалғаны тәрізді сүт әкесі Харис бин Абдулузза, сүт бауырлары – Абдуллаһ, Унайса және Шайма болатын. Пайғамбар сүт анасының қолында болған кезде «шаққ садр» (кеудесін жару) оқиғасының болғандығы әдебиеттерде баяндалады. Оған қарағанда Пайғамбар төрт жасында болған кезде сүт ұл бауырымен бірге шатырдың артқы жағында қозылар арасында жүрген еді. Осы сәтте оның сүт бауыры қорқынышпен әке-шешесінің жанына жүгіріп келді де, «жүгіріңдер ақ киген екі адам келіп бауырымды ұстап алды, жерге жатқызды және кеудесін жарды, қолдарын кеудесіне салып жатыр» - деді. Халима мен Харис жүгірісіп, баланың жанына келді. Жан-жақтарына қарады, бірақ ешкімді көрмеді. Баланың кеудесін жақсылап қарады: қандай да бір жара ізін көрмеді.

Пайғамбарлық кезінде кейбір сахабалар ей Расулуллаһ! Бізге өзің жайлы әңгімелеп бересің бе? – деген кезде ол осы оқиғаны айтып берген: «мен - әкем Ибраһимнің дұғасы және бауырым Исаның сүйіншісімін. Анам мені жүкті болып көтерген кезде, өзінен шыққан нұрдың Сирия сарайларын жарыққа бөлегенін көрген. Мен Сад бин Бакирге тән бір сүт анаға берілдім. Сүт ұл бауырыммен бірге үйіміздің жанында малдарымызды бағып жүрген кезде, ақ киген екі адам жанымызға келді. Қолдарында қар толы алтын ыдыс болды. Одан соң мені жатқызып, кеудемді ашты да жүрегімді сыртқа шығарды. Жүрегімді екіге бөліп, ішінен қара ұйыған қанды алып тастады және жүрегім мен кеудемді қармен жуды».

Осы ғажайып оқиғаға таң қалған және қорыққан Халима мен Харис баланы өз үйіне апарудан басқа шара таба алмады.

Амина баланы жанында қалуына ынтық болған Халиманың неге әкелгеніне таң қалды. Халима оқиғаны жасырғысы келгенімен Аминаның қоймауынан соң ғажайып оқиғаға куә болғандығын, кеудені жару оқиғасын айтып берді. Осыдан қауіптенгеннен соң баланы алып келгенін де айтты. Одан соң Амина баласын өзі қарауға көшті.

Анасы Аминаның дүние салуы. Пайғамбар алты жасқа келген кезде анасы Амина баласын ертіпғ күңі Умму Айманмен бірге Ясрибке жолға шықты. Бұл жерде әкесі Абдуллаһтың мазары орналасқан және атасы Абдулмутталибтің анасы, яғни түпкі нағашысы саналатын Бани Нажжарларға қонақ болды. Ясрибте Набиғаның үйінде шамамен бір айға дейін қонақ болды. Кейінірек Пайғамбардың әңгімелеуіне қарағанда «ол бала кезінде жүзуді осы кезде үйінің жанындағы кішкентай су шалшығынан үйренген». Одан басқа естеліктеріне қарағанда Набиғаның «балаларымен, әсіресе, Унайса атты қызымен дос болған және бірге жанұяның тұрағында ойнаған». Олардың ойындарының бірі – тұрақ төбелерінің бірінде қонған құстарды ұшыру болған. Амина Меккеге қайтар жолда Мединеге шамамен 190 км. қашықтықтағы «Абуада» науқастанды және жастай қайтыс болды. Амина өлер алдында кішкентай баласына былай айтқаны баяндалады: «барлық тіршілік өледі. Барлық жаңа ескіреді. Барлық көп азаяды. Барлық үлкен де жоқ болады. Мен де өлемін, бірақ, үнемі еске алынып тұрамын, себебі, бұл өмірге ұлымды қайырлы болашақ етіп қалдырып барамын». Анасының өлімінен соң Пайғамбарды Умму Айман ертіп, Абдулмутталибке тапсырған.

Атасы Абдулмутталибтің өлімі. Өте жақсы көретін және жас кезінде айрылып – қалған ұлы Абдуллаһтың тұяғы болып табылатын ардақты Мұхаммедке деген Абдулмутталибтің махабббаты шексіз болатын. Балаларына көрсетпеген сүйіспеншілікті Пайғамбарға көрсетті, онсыз дастархан басына отырмайтын. Кейде Хамзадан бастап, басқа балаларына рұқсат етілмеген Қағба қабырғасының көлеңкесіндегі отырыс жайына отырғызатын. Мүшесі ең кем дегенде қырық жас болғандар қатысатын «Дарунадуадағы» жиналыстарда көсемдік атқарған кезде ол Пайғамбарды жанына отырғызатын, барлық әрекеттерінде оған әкелік махаббат пен сүйіспеншіліктен оны махрұм етпеді. Балалары мен қызметшісі Умму Айманға оған жақсы қарауын ескертетін. Тасаттық жасалатын кезде оны жанына алатын, кейде жоғалғанын тауып беруін одан өтінетін. Бірде Мұхаммед жоғалып кетеді, оны көп іздеу салып зорға табады. Абдулмутталиб көз жасын төге немересін құшақтап тұрып, «ұлым сені таба алмаймын ба деп қатты қорықтым және алаңдадым, өмірімде былай ешқашан алаңдаған емеспін, енді мен сені қандай жағдай болмасын жалғыз жібермеймін, сені жанымнан тастамаймын».

Жасы сексеннен асып кеткен Абдулмутталиб немересі Мұхаммед сегіз жасқа толғанда оның күтімі мен қамқорлығын алуды немере ағасы Әбу Талибке тапсырғаннан соң көп ұзамай дүние салады. Кейінірек Пайғамбардан «атаңыз Абдулмутталибтің өлімін еске түсіресіз бе? – деп сұралғанда «ия мен ол кезде сегізде болатынмын», - деп жауап берген. Күтушысы Умму Айман да «Абдулмутталиб дүние салғанда Расулулллаһ атасының төсеніші жанында жылап тұрғанын көргені.

Пайғамбар немере ағасы Әбу Талибтің қамқорлығында. Әбу Талиб Пайғамбардың әкесімен бауыр болатын. Ол жұпыны тұрғанмен, мейрімді және көңілі бай болатын. Әбу Талиб бауырының баласын өз балаларынан да артық көрді. Оның ерекше адам болатынына сенді және ол жақсы өсу үшін барын салды. Әбу Талиб оны жанынан тастамайтын. Ол да әкесі тәрізді дастархан басына отырған кезде Пайғамбарды сұрайтын және ол келгенге дейін тағамға қол салмайтын. Шыққан кейбір саяхаттарында Пайғамбарды бірге ертіп жүретін.

Пайғамбардың немере ағасымен бірге Сирияға сапары және Бахира оқиғасы. Пайғамбар тоғыз (немесе он екі) жасында болған кезде, немере ағасы Әбу Талиб бір сауда керуенімен Сирияға сапарға шығуға шешім қабылдаған. Жанұя ішінде Мұхаммедті алып кету немесе кетпеу мәселесі қаралады да, жолдың ұзақтығына және балаға ауыр тиетініне байланысты оның үйде қалуы дұрыс деп табылады. Бірақ, Пайғамбар көкесімен бірге кетуге өтінеді. Інісінің қиылып тұрғанын көрген Әбу Талиб әсерленіп, оны да жанына бірге алады. Керуен Сирия территориясындағы Бусрада тұрақтайды. Осы кезде осындағы монастырьде тіршілік ететін Бахира атты монах керуенді бақылап отырады. Алдыңғы келген керуендер аталған жерде тұрақтағанда олардың ешбіріне көңіл аудармаған монах осы керуенге ерекше көңіл аударды. Себебі, бұл керуеннен бұрын соңды көрмеген кереметті байқайды. Ол аласа және кішкентай бұлттың керуен үстінде бірге еріп, оларға көреңкесін түсіріп жүргендігін байқайды. Ол аса ынталықпен керуеннің жақындауын күтті. Бахира манастырьдағы қасиетті кітаптарда баяндалғаны бойынша бір пайғамбардың келетініне және оның келуі жақындағанына сенетін. Ол шын пейілмен керуенге хабаршы жіберіп, олардың барлығын асқа шақырды. Барлық назарын Пайғамбарға бағыттаған Бахира ойындағы сұрақтардың жауабын тапты. Оны жақсылап зерделеген монах астан соң барлығы тарқасқаннан соң оған біраз сұрақтар қойды.

Бахира: «саған біршама сұрақтар қоймақпын. Лат пен Узза үшін маған жауап бересің бе?»

Осы сәтте Пайғамбар монахтың сөзін бөліп, «Лат пен Узза атына ант беріп, маған сұрақ қойма. Мен пұттар сияқты ешнәрсені жек көрген емеспін».

Бахира Құрайштардың Лат пен Узза атымен ант ететінін білгендіктен осылай істеген, бірақ баладан басқаша жауап алды.

Пайғамбар ұйықтағанға дейін монахтың қойған бірнеше сұрақтарына баланың берген жауаптарына ерекше мән берген Бахира өзінің күткен үміттеріне дәл келгендігін ұқты. Соңында рұқсатын ала отырып, баланың арқасына қарады. Екі жауырыны арасындағы мөрді көрген кезде келуі жақын пайғамбармен бетпе бет келгендігіне ешбір күмән турдырмады. Сонда ол Әбу Талибке қарап, оған біршама сұрақтар қойғаннан кейін былай деді: «ініңді бұл жерден қашық ұста, кері қайт және оны яһудилерден сақта. Өйткені, менің білетінімді олар да біледі және оның болашақ пайғамбар болатынын білсе, оған қастық істейді. Ініңнің келешегі мол. Оның жүзі пайғамбар жүзіне, көзі пайғамбар көзіне ұқсайды. Біз қасиетті кітаптарымызға және бабаларымыздан келе жатқан мәліметке қарап жақында пайғамбар келетінін білеміз. Мұны яһудилер де біледі, бірақ, олар келетін пайғамбардың Исраил әулетінен шығуын күткендіктен, қызғанышпен балаға қастық жасауы мүмкін. Менің осы өсиетімді орындауыңды қалаймын».

Осыған байланысты Әбу Талиб әкелген заттарын Бусраға сатып, сапарын аяқтады да Меккеге кері қайтты. Сосын кейінгі сапарларында бір бәлеге жолығып қалар деген қауіппен Пайғамбарды ертпейтін болды.

Пайғамбардың мал бағуы. Пайғамбар он жасында болған кезде бала-шағасы көп Әбу Талибке көмектесу мақсатымен біршама уақыт мал бақты. Кейінгі Пайғамбарлық кезеңінде жас күнінде мал баққанын еске түсіріп, «мал бақпаған ешбір пайғамбар болмаған», - деген. Жанында отырған сахабалар: «сіз де қой бақтыңыз ба ей Расулуллаһ?» - деп сұрақ қойған кезде, «ия, мен де меккеліктердің қойларын бақтым» - деп жауап берген. Келесі бір риуаятқа қарағанда бір күні Пайғамбар біршама сахабалармен қырға шығады. Бір жерден мисуак ағашының жемістерін олар жинай бастайды. Осы кезде Расулуллаһ «сендерге осы жемістің қарайғанын жинауды ұсынамын. Себебі, қарайғандары тәтті болып келеді. мен мұны қой бағып жүрген кезде білгенмін» - деген. Сонда сахабалар: ей Расулуллаһ сіз де қой бақтыңыз ба?» - деп сұраған кезде Пайғамбар: «ия, қой бақпаған ешбір пайғамбар болған емес» - деп жауап берген.

Әбу Талибтің әл-ауқаты жақсы болмағанмен, мейрімді көке ретінде әзіреті Мұхаммедті қамқорлығына алды. Осы жерде Әбу Талибтің әйелі Фатима бинт Асадтың аялы алақаны да маңызды болды. Фатима бинт Асад ардақты Пайғамбарға өз балаларынан да жақсы қараған, оны өз балаларынан бұрын тойдырып, киіндірді. Фатима бинт Асад кейінірек исламды қабылдап, Мединеге һижрет еткен алғашқы әйел сахаба болды. Һижреттің төртінші жылында қайтыс болды деп шамаланады. Жеңгесінің көрсеткен жақсылықтарын ешқашан есінен шығармаған Пайғамбар оған Мединедегі үйіне барып, хал-жағдайларын сұрап тұратын, кейде түс мезгілінде сонда ұйықтап келетін. Жеңгесі қайтыс болған кезде ардақты Пайғамбар қатты қайғырған, жейдесін оған кебін қылып, қабірін қазысып, жаназасын өзі оқыған. Қайғырған кезде қасындағыларға былай деген: «мен оның қамқорлығындағы бейшара жетім бала едім. Ол өз балалары аш болғанда да мені тойдыратын. Өз балаларын тастай сала менің шашымды тарайтын. Ол менің анам сияқты еді».

Пайғамбардың жастық шағы. Пайғамбар балалық кезінен бастап, Жаһилия дәуірінде кең таралған жаман әдеттердің ешбіріне қатыспады, пұттарға табынбады, пұттарға шалынған құрбандық малының етін жемеді. Ол ішімдік, құмар сияқты жаман әдеттерден аулақ жүрді. Осы мәселеде ол құдайдың бақылауында болғандығы анық. Осы тақырыпта Пайғамбар жайлы баяндалатын мәліметтер кездеседі: «балалық кезінде достарымен ойын ойнаған кезде, тастарды бер жерден келесі бір жерге тасығанда балалар киімдерін пайдаланды. Осы кезде жалаңаштанғанда Пайғамбарға ғайыптан бір дауыс «киіміңді ки!» - деп үн қатады, одан соң ол киімін киіп, тастарды иығына салып арқалап тасыған екен». «Мал бағып жүрген кездердің бірінде малдарын бір жолдасына қалдырып, ол Меккедегі бір тойды тамашалауға барады. Бірақ, Меккеге жақындаған кезде сол сәтте қысқан ұйқымен ол терең ұйқыға кеткен». Осылай Жаһилия дәстүрімен болатын аталған тойды көре алмады. «Бірде немере ағасы мен нағашы әпкелерінің күштеп жетектеуімен «Буана» деп аталатын жерде орналасқан пұттарға зиярат және құлшылық жасауға баруға Пайғамбарды мәжбүрлейді. Сол жерге барған кезде Пайғамбар көзден таса қалды. Арада біршама уақыт өткеннен соң ол бет-аузы сарғайып, дірілдеп келді. Нағашы әпкелері таң қалысып не болғанын сұраған кезде ол: «мен пұттың қасына жақындаған кезде ақ киімділер арасындағы ұзын бойлы бір адам жаныма келді, «ей Мұхаммед абайла, пұтқа жақындаушы болма, одан аулақ кет», - деп маған ескерту жасады»». Пайғамбарлық келгенге дейін ардақты Пайғамбар одан соң Құрайштың той-томалағына қатыспады және немере ағасы мен нағашы әпкелері оны ондай жерге ертіп апармайтын болды.

Пайғамбардың Фижар шайқасына қатысуы. Жаһилия дәуірінде араб тайпалары арасында әртүрлі себептерге байланысты шайқастар болып тұратын. Тіпті дұшпандыққа, соғысуға және басқа да жаман әдеттерге тиым салынатын «харам айларда» (зилқағда, зилхижжа, мухаррам және режеб) да шайқастар бола беретін. Харам айларында болғандықтан бұл шайқастар «Фижар» деп аталатын. Жас күнінде ардақты Пайғамбар осындай фижар шайқастардың біріне қатысқан. Бұл шайқас фижар шайқастарының ең ірісі еді. Себебі, осы соғысқа Құрайш пен Кинана тайпалары бір жақ, Қайс пен Айлан тайпалары келесі жақ болып одақ құрып бір-бірімен шайқасқан. Шайқастың өрбу себебі – Бани Кинанадан Баррад бин Қайстың Хауазин тайпасының құрметті адамдарының бірі – Уруа бин Утбаны өлтіруі. Осы шайқаста Құрайштар тайпалық туыстығына байланысты Бани Кинананың жанынан табылды. Харб бин Умаййа Құрайш пен Кинана әскерлерінің бас қолбасшысы ретінде тағайындалды. Құрайш тармақтарының ішіндегі Хашим әулетінің көсемі және ардақты Пайғамбардың немере ағасы Әбу Талиб харам айларында Хашим әулетінің соғысқа қатысуына қарсы болды. Сондықтан, Хашим әулеті Зубейр бин Абдулмутталиб қолбасшылығымен осы шайқасқа қатысуға мәжбүр болды. Шайқас Құрайш пен оның одақтасы Кинананың жеңісімен аяқталды. Пайғамбардың осы шайқасқа немере ағаларымен бірге қатысқандығы, бірақ іс жүзіне соғысқа кіріспей, немере ағаларының заттарын күзетіп, ұшып келген жебелерге қалқан тосып, шашылған жебелерді жинап немере ағаларына беріп тұрғандығы осы тақырыпта орын алатын алуан түрлі мәліметтердің бірі. Осы кездерде оның жасы он төртте, он бесте, он алтыда немесе жиырмада болғандығы баяндалады.

Пайғамбардың Хилфу-л-Фудул қауымдастығына қатысуы. Меккеде тайпалар арасында орын алатын, кейде қан төгілуі тиым салынған айларда да болатын қақтығыстар мен шайқастар қаланың сенімді қала болуына нұқсан келтіріп тұрды. Келесі жағынан қажылық пен сауда мақсатында сырттан Меккеге келетін әлсіз адамдар зұлымдық пен жәбір-жапа ұшырап тұратын. Қалада дүние-мүлікке, жанға және намысқа деген сенім қалмады. Харам айларының бірі – зилқағда айында абыройсыз бір оқиға орын алады да, ары бар адамдардың іс жүзінде әрекетке көшуіне жол ашады. Иемендік Зубайд тайпасының бір саудагері Меккеге тауар алып келеді және белгілі бір баға бойынша саудаласып, Мекке мықтыларының бірі – Ас бин Уаил ас-Сахмиге тауарын қарызға береді. Бірақ, Ас бин Уаил ас-Сахми алған қарызына берік болмай, болмашы ғана ақша ұсынып, сатушыны мазақ етеді. Соңында қарыз беруден де тауарды қайтарып беруден де бас тартты. Қиын жағдайға тап болған иемендік саудагер арасында Меккенің көсемдері бар бір топ адамға шағымданды. Бірақ олардың бірі Ас бин Уаилмен дұшпан болудан, енді бірі онымен достығын үзгісі келмегендіктен әлгі саудагерге қол ұшын бермеді. Шарасыз қалған әлгі саудагер таң ата Құрайш ақсақалдары Қағба маңайында отырған кезде «Әбу Қубайс» тауына шықты, барлық даусымен олар еститін деңгейде көрген жәбір-жапасын айтты және көпшіліктен көмек сұрады. Осы тұста оған жаны ашыған кейбір әулеттер іске кірісті. Бұлардың басында соңғы Фижар шайқасында Хашим әулетіне қолбасшы болған және шайқасқа қатысқанына өкініп жүрген Зубайр бин Абдулмутталиб тұрды. Пайғамбардың немере ағасы – Зубайр бин Абдулмутталиб қаланың ең бай, жасы да үлкен, әулеті де көп тайпа көсемі – Абдуллаһ бин Жудан ат-Таймиге жүгініп, осы проблеманы бір жақты қылу үшін мәжіліс жасауға көндірді. Құрайш тармақтары арасында Бани Хашим, Бани Мутталиб, Бани Зухра, Бани Тайм және Бани Асад көсемдері Абдуллаһ бин Жуданның үйінде берілген аста бас қосты. Осы жиналысқа осы кезде жиырма жастағы Пайғамбар да немере ағасы Зубайрмен бірге қатысты. Осы мәжілісте болғандар ұзақ тартыстан соң зұлымдықтың алдын алуға ант ішісті және осы мәселені бір жақты қылатын шын пейілді адамдардан құралатын бір топ құруға шешім қабылдады.

Бұл әрекетке «өнегелі адамдардың анты» мағынасын беретін «Хилфу-л-Фудул» деп ат берілді. Дереккөздерге қарағанда ант пен келісімнің мазмұны былай: «Мекке қаласында зұлымдық пен жәбір-жапа орын алған кезде, ол адам жақсы немесе жаман, бізден немесе шет жақтан болсын әділ әрекет еткенге дейін бір қолдай әрекетке көшеміз. Теңіз толқыны шайғанға, Хира мен Сабир таулары орындарынан жылжығанға дейін осы антқа қайшы әрекет жасамаймыз және бір-бірімізге материалдық тұрғыда көмек береміз. Хилфу-л-Фудул мүшелері жиналыстан соң Қағбаға барып, Хажар-л-Асуадты жуды және қасиетті судан ішісті. Хилфу-л-Фудулдың бірінші жұмысы Ас бин Уаилге барып, зубайдтық саудагердің ақысын алып беру болды. Мекке басшыларын көрген Ас бин Уаил әлгі саудагердің тауарынан бұлтара алмады және Хилфу-л-Фудул тобына қатыспаған адамның ешбірі оған араша бола алмады. Кейінгі жылдары Пайғамбар бастаған Хилфу-л-Фудул мүшелері Меккедегі кейбір зұлымдықтарды шешті. Бұл анттасу ислам діні келгеннен кейін де жалғасын тауып, Омайядтар халифатына дейін жалғасын тапты.

Пайғамбардың саудамен айналысуы және сапарлары. Ардақты пайғамбар да Меккедегі кейбір саудагерлер тәрізді саудамен айналысты. Ол мата мен астық дақылдары саудасымен айналысатын Әбу Талибке көмектесу мақсатында саудаға кіріскен және немере ағасы қартайған шақтарда оның саудасын одан ары жандандырды. Осы кездерде ол әртүрлі жерлерге сауда жасау мақсатында сапар шеккендігі баяндалады. Ол Меккенің оңтүстігіндегі Иемен жолы бойында он күндік қашықтықтағы «Хубаша жәрмеңкесіне», бір немесе екі мәрте Иеменге, сондай-ақ, Шығыс Арабстандағы «Мушаққар мен Даба жәрмеңкелеріне» барғандығы қуатталады, тіпті, Абиссинияға (Хабашстан) барғандығы туралы болжамдар бар. Осы сапарлары арқылы ол бір жағынан сауда жасаудың қыр-сырын үйренсе, келесі жағынан Арабстанның әртүрлі жерлерінде өмір сүрген адамдарды жақыннан тану, олардың тілі мен диалекттерін, діни, саяси және әлеуметтік жағдайларын үйрену мүмкіндігіне қол жеткізді. Жаһилия дәуірінің жаман әдеттерінен аулақ болып, пәк жолмен өмір сүрген ардақты Мұхаммед ортасында адалдығымен, мәрттігімен, қайрымдылығымен және әділдігімен, сондай-ақ адал саудасымен және сенімділігімен ерекшеленді, сондықтан, оны жұрт «Мухаммаду-л-Амин» немесе тек «Амин» деп атады. Мекке саудагерлерінің бірі – Қайс бин Саиб Пайғамбармен бірге жұмыс жасағанда одан да жақсы серіктес көрмегендігін былай жеткізеді: «ол сауда сапарына шығатын кезде оған кейбір тапсырмалар беретінмін. Сапардан қайтқанда мен ырза болатындай менімен есептеспестен үйіне қайтпайтын. Ал мен сапарға шыққан кезде маған тапсырма берер болса, сапарда қайтқанымда өзге адамдар маған берген жұмыстары туралы сұрар болса, ол тек менің денсаулығымды ғана сұрайтын».

Абдуллаһ бин Әбу-л-Хамса исламнан бұрын Пайғамбармен бір алыс-беріс жасаған да оның ақшасының бір бөлігін төлеп, бір бөлімін төлеуді кейінге қалдырған. Қарызын өтеуге үшін бір жерде кездесуге уәделескенімен Абдуллаһ берген уәдесін ұмытып кеткен. Одан соң үш күн өткеннен соң әлгі берген уәдесі есіне түседі. Есіне түсе салысымен уәделескен жеріне жүгіреді де сол жерден Пайғамбардың күтіп тұрғанын көреді. Абдуллаһ Пайғамбардың былай дегенін кейінгі замандарда есіне алады: «сен мені алаңдаттың жігіт! Мен үш күн бойы осы жерде сені күтіп тұрмын».

Пайғамбар Указ жәрмеңкесінде. Пайғамбарлықтан бұрын ардақты Пайғамбардың баратын жәрмеңкелердің бірі – Указ жәрмеңкесі. Мұнда сауда-саттық істерімен қатар әдеби сұхбаттар орын алатын, ақындар барын салып бәйіттерін оқитын. Атақты шешендер шыққан Ияз тайпасының өкілі – Қус бин Саида Араб түбегінде пұттарға табынбайтын және Ибраһим пайғамбардан келе жатқан тәухид сеніміне негізделген Ханифтер арасынан орын алатын. Сонымен қатар, ол тәуіптігімен (емшілік), көрікпелдікдігімен аты шығып, шешендігімен, өлеңдерімен де танымал болды. Сөйлеу кезінде жоғары бір жерге шығу, қылыш пен асаға сүйеніп тұру сияқты әдеттерді осы адам бастаған деп қуатталады. Ұзақ өмір сүрген адамдар қатарына жататын және сексен үш жасында 600-ші жылдар шамасында дүние салғандығы баяндалады. Ол Указдағы атақты үндеуінде (құтпасында) Тәухид сеніміне екпін берген және ардақты Пайғамбар да көпшілікпен бірге оның үндеуін тыңдаған. Ислам діні пайда болған шақты Жаруд бин Абдуллаһ басшылығында Мединеге келген Ияд тайпасы елшілерінен ардақты Пайғамбар Қус бин Саиданы сұраған кезде олар оның дүниеден өткендігін айтқан. Осы кезде сол жердегі жәрмеңкеде болған және өзі де Қус бин Саиданың құтпасын тыңдаған Әбу Бәкір әлгі үндеуді жатқа айтып береді:

«Ей адамдар! Келіңдер, тыңдаңдар, тыңдағандарыңды естеріңе ұстаңдар және одан пайдаланыңдар, сабақ алыңдар. Тірілер өледі, өлген жоқ болытыны ақиқат. Болатын нәрсе болады, жаңбыр жауады, шөптер өседі, балалар туылады да, ата-аналарының орнын басады. Одан соң барлығы жоқ болып кетеді, осындай өмірлік оқиғалар бірінің артынан бірі жалғап кете береді.

Құлақ қойыңдар, назар аударыңдар, көктен хабар бар, жерден ғибрат алатын нәрселер бар. Жер беті сарайдың едені, ал көк оның төбесі тәрізді. Жұлдыздар жылжиды, теңіздер тұрады. Келгендер қалмайды, кеткендер қайта келмейді. Алайда барған жерлеріне көңілдері толып қала ма екен әлде сол жерде ұйқыға кете ме екен?

Қазіргі дінімізден де ұнамды Алланың діні бар екендігіне ант етемін, Алланың келетін бір пайғамбары бар, оның келуі өте жақын. Көлеңкесі үстімізге түсіп тұр. Оған сеніп, дұрыс жолды тапқан адам қандай бақытты. Ал оған қарсы шығып, бас көтерген бишараға қандай аянышты. Өмірлері надандықпен өткендерге масқара!

Ей адамдар! Ата-бабаларың қайда? Әсем сарайлар мен тастан үй дұрғызған Ад пен Самуд қауымы қайда? Дүниеге алданып, қауымына «мен сендердің ең үлкен құдайларыңмын» деген перғауындар мен намруттар қайда? Олар сендерден де бай және күшті емес пе еді? Бұл топырақ оларды жұтты, тозаңға айналдырды, жоқ қылды. Олардың сүйектері де шіріп жоқ болды. Үйлері құлап, иесіз қаңырады. Жерлері мен мекендерінде қазір ит ойнақтап жүр. Абайлаңдар, олар сияқты болмаңдар, олардың жолымен жүрмеңдер, барлық нәрсе уақытша. Ал мәңгілік қалатын тек Алла ғана, ол біреу, теңі мен ұқсасы жоқ. Табынуға лайықты тек ол ғана. Ол тумаған және туылмаған. Бізге дейін келіп кеткендерден ғибрат алатын көп нәрселер бар.

Өлім ағысының кіретін жері бар да шығатын жері жоқ. Үлкен де, кіші де, жас та, кәрі де барлығы көшіп кетеді. Кеткен қайтып келмейді, барлығына болған маған да болатынын жақсы ұқтым».

Пайғамбар қайта оқылған осы құтпаға қуаттанып, Қус жайлы: Алла Қусты жарылқасын. Қиямет күні оның бөлек үммет ретінде тірілетініне үміттенемін» - деген.

Пайғамбардың Хадишамен үйленуі және бақытты отбасы. Хадиша Құрайш мықтыларының бірі – Хуайлид бин Асадтың қызы болып, тегі Құсайда Пайғамбардың бабаларымен бірігеді. Хадишаның әкесі Хуайлид Фижар шайқасынан бұрын дүние салған, ал анасы Фатима бинт Заида (Зейд) те бабасы Луай бин Ғалибта пайғамбар тегімен бірігеді. Пайғамбарға дейін екі мәрте тұрмыс құрған Хадиша текті, көркем және бай әйел болатын. Ол алғашқы тұрмысында Әбу Хала Хинд бин (Наббаш бин) Зурара ат-Тамимимен шаңырақ көтерген де осы күйеуінен Хинд атты ұл дүниеге келген. Әбу Халаның өлімінен соң Хадиша Атиқ (Утайқ) бин Абид (Аиз) әл-Махзумиге тұрмысқа шығады. Әзіреті Хадиша екінші күйеуінен Хинд атты қызды дүниеге әкеледі. Хадиша екінші күйеуінің өлімінен соң Құрайш мықтыларының жасаған үйлену ұсынысын қабылдамай, сенген адамдарымен сауда жасап, тіршілігін жалғастырған. Адалдығы мен көркем мінезіне байланысты «Тахира», саудамен айналысуына байланысты «Тажира» деп аталған.

Меккеге аты шыққан байлардың бірі болып табылатын Хадиша сапарға жіберетін сауда керуендерінің басында бола алмайтын, керуенді жалдаған адамдарына басқартатын. Бір күні Хадиша біреудің ұсынысымен ортасында өнегелі мінез-құлыққа ие және сенімді жас жігіт – Мұхаммедпен серіктестік келісімге тұрып, өзгелерге беретін ақыдан да артық беретініне уәде беріп, күңі Майсараны қосып, сауда керуенін Сирияға жіберді. Осы кезде жиырма бес жастағы Пайғамбар Хадишаның күңі Майсарамен бірге керуенді Сирияға алып барды және осы сапарда табыс мол болды. Осы сапарда Хадишаның тапқан пайдасы екі есе болған. Бұған риза болған Хадиша Пайғамбардың ақысын да екі есе арттырды және оның әділ, бір сөзді екендігіне тәнті болды.

Келесі жағынан саяхат кезінде Пайғамбарды жақыннан тани білген Майсара оның бойынан байқаған әділдікті, сенімділікті, пәктікті, берекені өзінің таң қалысын жасыра алмай, айтып берді.

Майсараның Пайғамбардың мінезі мен ерекшеліктері жайлы таң қалысы мен мақтауларын тыңдаған Хадишаның Пайғамбарға деген сенімі мен сезімі күн өткен сайын арта түсті. Пайғамбардың мінезі мен адамдығынан басқа дене-бітімі де көз тартарлық болды.

Біршама уақыт өткеннен соң Хадиша Мұхаммед жайлы сезімдерін Нафиса бинт Умаййаға (Муния) сыр қылып айтты және ешкімге сездірмей, бір сәті түскен кезде Мұхаммедпен кездесіп, осы мәселедегі оның ойын білуді өтінді. Хадишаның Пайғамбарға үйлену ұсынысын өзі жасағандығы туралы деректер болғанмен, оның Нафиса арқылы Пайғамбардың келісімін алғаннан соң, оған тікелей ұсыныс жасауы мүмкін. Біраз уақыт өткеннен соң Нафиса Мұхаммед пайғамбармен кездесу мүмкіндігін тауып, оған: «енді ер жеттің, бір жанұя құруың керек және ерекше адамдық қасиеттеріңмен барлына танылдың. Олай болса неге үйленбей жүрсің? Егер сен бел шешіп кіріссең өзіңе әйел тауып алуың ақиқат» - деді. Бұған Пайғамбар жеке жанұя құруға қолы қысқа екендігін айтады. Сонда Нафиса: «егер өзі бай, өзі сұлу және тәрбиелі жанұядан шыққан бір қыз тапсам не деп жауап берер едің!» - деп сұрады. Осы сәтте ардақты Пайғамбар таң қалыспен «бұл кім екен?» деген кезде, Нафиса енді оның атын айтудың сәті түскендігін түсініп, «ондай адам бар...Хадиша» - деп жауап берді. Сонда ардақты Мұхаммед: «оның мұны қабылдауы мүмкін емес. Меккенің бүкіл байлары оған сөз салды, бірақ ол бас тартты» - деген кезде, Нафиса: «егер сен менің ұсынысымды қабылдасаң, қалғанын маған қалдыр! Мен мұны досыма айтамын» - деді. Күтпеген жағдайға тап болған ардақты Пайғамбар біраз ойланып тұрып, ұсынысты қабылдады. Нафиса болған оқиғаны Хадишаға айтып берді. Пайғамбардың ұсынысты қабылдағанын естігенде Хадиша онымен кездескендігі және былай дегендігі баяндалады: «сен менің туысым болғандықтан, сондай-ақ, адамдар арасындағы құрметіңе, мінезіңе, сенімділігіңе және әділдігіңе байланысты сенімен үйленуді шештім». Пайғамбар үйлену мәселесінде немере ағаларымен де кеңесті. Пайғамбардың Әбу Талиб пен басқа да немере ағалары әкесі дүние салып кеткендіктен Хадишаны немере ағасы Амр бин Асадтан сұрады. Сол замандағы дәстүр бойынша Әбу Талиб орнынан тұрып, өз тілегін білдірді, немере інісінің ерекше қасиеттерін атай келе, оған жар ретінде Хадишаны таңдағандығына тоқталды. Қалыңдық жақтан Амр бин Асад пен Уарақа бин Науфал да сөз алып, Хадишаның артықшылықтарына тоқталды және оның үйлі-баранды болуына қолдау көрсеткендігін атап өтті. Пайғамбар Хадишаға қалың мал ретінде жиырма түйе берді. Қалың малдың 480 немесе 500 дирхам болғандығы да баяндалады. Екі жақтың келісімі бойынша той жасалды, түйелер сойылды, қонақасы берілді. Ардақты Мұхаммед Әбу Талибтің үйінен Хадишаның үйіне көшті, осылай бақытты жанұя дүниеге келді. Осы кезде Пайғамбардың жасы жиырма бесте, Хадишаның жасы қырықта немесе жиырма сегізде болғандығы баяндалады.

Пайғамбардың Хадишамен шаңырақ көтергенде екі ұлы мен төрт қызы дүниеге келді. Оның ұл балалары – Қасым мен Абдуллаһ, ал қыз балалары – Зейнеп, Руқия, Умму Кулсум және Фатима. Пайғамбардың Таййб және Таһир атты ұлдары болғандығы да баяндалады. Дегенменде кейбір деректерде олар екі ұл бала ретінде баяндалса, енді бір деректерде Абдуллаһ атты Пайғамбар ұлының қосымша есімдері екендігі қуатталады. Ардақты Пайғамбардың Хадишадан туған балалары пайғамбарлықтан бұрын дүниеге келген. Абдуллаһтың ислам дүниеге келген шақта туылғандығы туралы мәліметтер де бар. Хадишадан туған Пайғамбардың перзенттерінің барлығына оның немере әпкесі Сафия бинт Абдулмутталибтің азат еткен күңі Умму Рафи Салма кіндік шешесі болып босандырған. Пайғамбар ұл балалары дүние келгенде екіден, қыз балалары дүниеге келгенде бірден қой құрбандық шалған.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных