ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Аббаси халифатының құлдырауыХалифа Мамун, Мутасым, Уасық (842-847 жж.) кезеңінде мемлекеттің діни сенімі ретінде мутазила мазхабы ортаға шықты. Мемлекет басшылары мутазиланы мемлекеттік дін ретінде халыққа зорлап қабылдатуға тырысты. Халифа Уасықтың дәуірінде Сирияда, Хижазда, Ямамада, Жибал мен Фарс аймақтарында халық көтерілістері, қарақшылық топтар бой көтергенмен, халифа әскері тарапынан бастырылып отырды. Өзге халифалар дәуіріндегі сияқты Уасық кезінде де Византияға жорықтар жасалып тұрді. Бұл дәуірде жекелеген билеушілері ішінен Ағлабиттер сұлтандығы 842-843 жж. Сицилияға жорық жасап, ондағы бірнеше қалаларды жаулап алды. Олар мұнымен шектелмей, Италиядағы ішкі тартысты пайдаланып, Аппенин түбегіндегі бірнеше қалаларды да бағындырды. 946 ж. Рим қаласын қоршауға алып, кейіннен артқа шегінді. Халифа Уасықтың дәуіріннен бастап, мемлекеттік билік түркі қолбасыларының қолына өте бастады. Тіпті халифа Мутауаккил ден (847-861 жж.) бастап, халифалар түркі қолбасыларының келісімімен сайланатын болды. Ал түркі қолбасыларына ұнамаған халифалар сол мезетте орнынан алынып, түркі қолбасыларының қалаған адамы халифат тағына отырды. Сонымен қатар халифа Мутауаккил дәуірінен бастап, мутазила мазхабы өзінің күшін жоғалтып, сунниттік сенім қайта үстемдікке ие болды. Мутауаккил кезінде де ішкі тартыстар толастамады. Тіпті халифа өз баласы тарапынан және түркі қолбасыларының қолдауымен жоспарлы түрде өлтірілді. Мунтасир (861-862 жж), Мустаин (862-866 жж), Мутаз (866-869 жж.), Мухтади (869-870 жж.), Мутамид (870-892 жж.), Мутазид (892-902 жж) атты халифалар өздерінің билік кезеңдерінде түркі тектес қолбасылармен ғана күресіп өтті. Түркі қолбасылары жоғарыда баяндалғаны сияқты халифаларды ойыншық сияқты ауыстыруы және артынан өлтіруі ел билігіндегі халифалардың әлсіздігін көрсетеді. Бұл Аббасилер халифатының әлсіреген тұсы болатын. Мұнымен қоса ел ішіндегі үлкенді-кішілі болып жатқан көтерілістер орталық биліктің әлсіреуіне, әлсіреудің нәтижесінде тәуелсіз сұлтандықтардың көбеюіне мүмкіндік жасады. Сондай тәуелсіз мемлекеттердің қатарына Тулунниттерді, Саффарилерді, Саманилердіжәне шииттік бағыттағы фатимилердіжатқызуға болады. Аббасилер халифалығы әлсіреген тұстағы ірі көтерілістер ретінде 867 жылы Мусауир бин Абдуррахман аш-Шари деген адам Мусул аймағында көтеріліс жасады. Аз уақыттың ішінде ол қарамағына харижиттерді жинай білді. Мусауир Мусул аймағындағы негізінен күрттер мен бадауилерді қарамағына тартқан болатын. Тағы да қосымша күштер жинай білу арқасында 868 жылы Мусул мен аймағына билігін жүргізіп, халифаның армиясын талқандап отырды. Осы жетістіктер харижиттердің күшеюіне мүмкіндік тудырды. Кезінде халифа Мухтади Салих бин Уасифтың айтуымен Муса бин Боға мен Байық Бекті Мусауирді бастыру үшін аттандырған болатын. Аталған екі қолбасшы харижиттермен шайқасып, оларды түп тамырымен жоя алмай, 870 жылғы сарайда болған саяси әрекет нәтижесінде Байық Бек өлтіріліп, халифа ауысты. Артынан Муса бин Боға да орталыққа кетіп, харижиттердің қайта күшеюіне мүмкіндік берді. Мусауир 877 жылға дейін осы көтерілісті басқарып, ақырында ажалы жетіп өлген соң, бүліктер тынышталды. Мутамид халифа болған кезде Палестина уалиі Иса бин Шайх салықты орталыққа бермей, өз иелігіне жұмсамақ болды. Мұнымен шектелмей Мысырдан келген салыққа қол сұғып, халифаның қаһарына ұшырайды. Халифа Амажур ат-Туркиді осы мәселемен айныласу үшін Палестинаға жібереді. Нәтижесінде Иса мәселесі шешіледі де, Амажур Шамға уали болып сайланады. Аббасилер халифатының шығыс өңірінде көтерілістер бірінен соң бірі жалғасып тұрды. Солардың бірі – 870 жылы шыққан Мухаммад бин Уасылдың көтерілісі. Ол Иран аймағында көретіліс жасап, Иран уалиін өлтіріп, Иран аймағына билік құрды. Уалиді өлтіргеннең соң халифа Муса бин Боға мен Абдуррахман бин Муфлих ат-Туркиді қалың қолмен көтерілісшілерге аттандырды. Халифаның бұл әрекетінен хабардар болған Мухаммад бин Уасыл алдын ала шаралар жасап, Рамхурмузда халифа армиясымен шайқасып, жеңіске жетті. Халифа осы жеңілістің артынан елші жібергенімен, ол елшіні қабылдамай, батысқа беттеуді ұйғарды. Ол Ахвазға дейінгі жерлерді басып алып, халифаға қауіп төндірді. Осы кезде Яқуб бин Лайс бастаған көтерілісшілер де Бағдатқа беттеген еді. Ол жолда Иранға тұрақтап, 875 жылы тамыз айында екі көтерілісші де билікке таласып шайқасып, Мухаммад бин Уасыл жеңілді. Осылай бір көретілістің қаупі жойылды. Орталық биліктің әлсіреуі нәтижесінде туындаған көтерілістің ең қауіптісі – Яқуб бин Лайс ас-Саффаридікі еді. Ол 867 жылы Иран аймағын басып алып, артынан Герат, Балх және Кабулды жаулап алды. 871 жылы Нишапурды бағындырды да Табаристандағы зайдия шииттеріне шабуыл жасады. Бірақ, ол шиттермен шайқаста көп шығынға ұшырап, кері шегінді. Яқубтың негізгі мақсаты Хорасан билігі болатын. Ал халифа бұған қарсы шыққандықтан, Яқуб батысқа қарай жылдыды. Яқуб 875 жылы Рамхурмузды басып алған Яқуб Ахваз арқылы Бағдатқа беттеді. Халифа Мутамид оған елші жібергенімен еш нәтиже шығара алмады. Ендігі кезек тек соғысу болғандықтан, халифа қалың қол жинап, Самаррадан Бағдатқа келіп, онда Муаффақтың армиясымен бірікті. Осы кезде Яқуб Уасыт қаласын басып алған болатын. Халифа Мутамид бас қолбасшылыққа інісі Муаффақты тағайындап, өзі Бағдатта қалды. Муаффақ армиясы мен Яқубтың армиясы 876 жылы Уасыт пен Бағдат арасында Тигр өзенінің жағасындағы Дайру-л-Ақул деген жерде шайқасып, халифа армиясы жеңіп шықты. Осылайша Яқубтың көтерілісі де бастырылды. 870 жылы Басра аймағында Али ұрпағының бірі екендігін жариялаған парсы текті Али бин Мухаммад көретіліс ұйымдастырды. Бұл көтеріліс «негрлер (зинжи) көтерелісі» деп те аталады. Өйткені, Али сол аймақтағы егістікте ауыр шарттармен жұмыс істеп жүрген негр құлдар арасында үгіт-насихат жүргізіп, оларды байлыққа кенелтемін деп уәде беріп, ұйымдастырды. Құлдар да қожайындарына қарсы шығып, оларды түрмеге қамап, мал-мүлкін талан-таражға салды. Али бин Мухаммадтың діни түсінігі харижиттерге жақын болғанымен, Али ин Әбу Талибтің жақтастарын (шииттерді) қарамағына жинай білді. Негрлер аз уақыттың ішінде мықты күшке айналып, Басра, Убулла және Абадан қалаларын басып алды. Халифаның әскерлерін де жеңіп отырды. Қауіптің күшейігенін сезген халифа 873 жылы Муса бин Боғаны негрлер көтерілісін басуға жүктеді. Мусаның қарамағындағы қолбасылар негрлермен шайқасып, әжептеуір тойтарыс беріп отырды. Бірақ Муса бин Боғаның орталыққа шақырылуы, екіншіден, халифа армиясының Саффарилермен соғысуға кетуі Али бин Мухаммадтың күшеюіне мүмкіндік тудырды. Ол өзіне орталық етіп, Мухтара қаласына бекінді. Негрлердің әскери қолбасшылығын Сулайман бин Жами басқарды. Халифа армиясы саффарилермен шайқасуға кетуінен кейін кішігірім, жасақтар негрлермен қақтығысып отырды. 877 жылы Самаррада үлкен дайындықтан өткен Әбу Ахмет муаффақ қарамағындағы Муса бин Боғамен бірге қалың қолмен негрлерге қарсы шабуылға беттеді. Бірақ Бағдатқа жеткенде Муса бин Боға ажалы жетіп қайтыс болды. Мусаның өлімінен кейін Муаффақ негрлермен шайқаспастан, тек кішігірім жасақтар жіберіп отырды. Негрлер көтерілісі күшейе келе Уасыт қаласын басып алды. Халифа қолбасшылары арасынан Текин әл-Бухари атты түркі қолбасшысы қарамағындағы жасақтармен негрлерге үнемі соққы беріп отырды. 879 жылдың басында Тустер қаласын көтерілісшілерден азат етіп, соғысын ары қарай жалғастырды. Негрлер көтерілісінің басындағы Али бин Абан жеңіске жете алмайтынына көзі жетіп, Текинмен келіссөз жасауға көшеді. Текиннің көтерелісшілермен бітімге келу жолындағы әрекетін кейбір көре алмаушылар қызғанып, жоғары жаққа Текинді басқаша қырынан танытқан соң, оны орталық кері шақырып алады да, қауіптеніп қамауға алады. Текиннің орнына Ағартмыш ат-Турки тағайындалды. 880 жылы Ағартмыш Али бин Абанмен шайқасып толық жеңіске жете алмайды. Екінші рет шайқасқа түскенде Алидің айламен Ағартмышты жеңді. Осы оқиғадан кейін негрлерді біржақты ету үшін жауапкершілікті Муаффақ өз мойнына алып, жақсылап дайындық жасап, негрлер шоғырланған аймақтарға беттеді. Екі жылдай қиян-кескі шайқас жүргізе отырып, 883 жылдың басында Али бин Мухаммадты қолға түсіріп, Мухтара қаласын қиратады. Жиырма жылдай халықты күйзеліске ұшыратқан негрлер көтерілісі де бастырылды Осы дәуірдегі халифалық билікке қаршы шыққан ірі көтерілістердің бірі – Кармати көтерілісі. Халифа Мутамид дәуірінде, яғни 890 ж. Куфада Хамдан Кармат тарапынан ұйымдасырылған көтеріліс халифатты қатты әлсіретті. Месопотамия, Басра, Куфа сияқты қалаларды, өлкелерді олар басып алып, халифа армиясын талқандап, Бағдатқа қауіп төндірді. Тіпті олар Иракты, Рейді, Мервты, Талеканды, Джузжанды, Дайламанды, Сиджистанды, Бахрейнді және Иеменді жаулап алды. 930 жылы Меккені басып алып, Қағбадағы “Хаджар Асуадты» әкетіп, 20 мыңнан астап қажыларды өлтірді. 20 жылдан кейін ғана Фатимит халифасы Мансурдың бұйрығы бойынша 950 ж. тас орнына қайтарылды. Муқтафи биллаһ (902-908 жж.) халифа қайтыс болғаннан соң 908-932 жылдар аралығында халифа болған Муқтадир 13 жасында таққа келгенде мемлекет ішін бейберекетсіздік белең алған болатын. Беделді мемлекет қайраткерлері жік-жікке бөлінді. Муқтадирдің әлсіздігін пайдаланып, уәзірлер арасында кикілжің басталды, 7 жылда 8 уәзір ауысты. Осы дәуірлерде ғылыми жұмыстар тоқырады, ғалымдар саны күрт азайған соң, мазхабтарарасы тартыстар белең алды. Тіпті болмашы нәрсеге бола адам шығыны болып отырды. Билік басындағы адамдар арасында мансап таласы өрбіді, парақорлық белең алды. Халифа Муқтадир 932 ж. өлтірілгеннен соң, таққа Қаһир биллаһ (932-934 жж.) келеді. Ол халықты қанауымен тарихта аты қалған. Өзіне сенімді адамдармен бірге ол ұнамаған немесе күмәнданған адамдарды өлтірді немесе зынданға қамады. Осыған орай, халық көтеріліске шығып, халифаның көзін ағызып өлтірді. Одан соң Разы биллаһ (934-940 жж) таққа отырғанда халифа билігінің ешқандай беделі қалмаған болатын. Уалилер өз аймақтарында тәуелсіздіктерін жариялап жатты. Соның бірі – Ихшидилер мемлекеті. Разы әлгі уалилерді өзіне бағындыра білу үшін «Амиру-л-Умара» деп аталатын лауазым беру тәсілін ойлап шығарды. Аталған лауазымның мақсаты – құлауға айналған халифалық билікті бір жүйеге түсіру. Умаралыққа басқарма, әскери және қаржы саласындағы толық өкілдік беріп, құтпада халифадан соң «Амиру-л-Умараның» аты аталды. Разының өлімінен соң таққа отырған Муттақи биллаһ тың (940-944 жж.) кезінде яғни 942 жылы түркі текті Түзүн жасақтарымен Бағдатқа кіріп, Амиру-л-Умаралықты өз қолына алды да артынша халифаны өлтірді және халифалыққа Мустақфи биллаһ ты (944-946 жж.) ұсынды. 945 жылы шииттік бағыттағы Бувейхид (Буид) сұлтаны Муиззудаула Бағдатты басып алды. Халифа бұл кезеңде тек рухани көсем ретінде таққа отырды. Шииттер өз сенімдерін мойындауға халықты күштеді. Осыған байланысты бағдат маңайында Шиит-Суннит жанжалдары өрбіді. Бувейхидтер мемлекеті тегі ирандық Әбу Суджа Бувейх тарапынан құрылған. Осы әулеттің Ахмет, Али, хасан сынды ұлдары Ирандағы биліктерін бекемдеуге тырысты. Али Фарста, Хасан Медияда билік жүргізген кезде, Ахмет Кирманды жаулап алып, одан соң Бағдатқа кірді. 969 жылы Мысырда үстемдік жүргізген Фатимилер күн сайын күшейе келе Бағдатқа дейінгі өлкелерді өз бақылауына алды. Ал Иран мен Ирак Бувейхидтердің қол астында болды. Осылайша осы кезеңде шииттердің үстемдігі артты. Аббаси халифалары Бувейх әмірлері алдында ойыншыққа айналды. Бувейхилер Адудудаула заманында Иракты, Оңтүстік Иранды және Оманды өзіне қаратып, Жазирадағы Хамданилерге, Табаристандағы Зиярилерге және Саманилерге қарсы жорықтар жасады. Одан соң мемлекет іші алауыздықтарға тап болды, осындай қиындық кезеңдерде Селжұқ сұлтаны Тұғрыл бек Иран аумағын Шығыстан жаулай бастады. Фарс, Ахваз, Хузистан және әл-Жазира аймағын ол өзіне қаратып, Визаниямен шайқасады. Осылайша ислам әлемінде екі алып күш бір-біріне бетпе бет келген. Біріншісі – Бувейхид-фатимит халифаты, келесісі – Селжұқ сұлтандығы. Бувейхидтер фатимиттерге вассал мемлекет болатын. Екі оттың ортасында қалған халифа Қаим биамриллаһ жасырын түрде Тұғрыл бекті Бағдатқа шақырады. Тұғрыл бек 1055 ж. Бағдатқа кіріп, қала мен маңайын шииттер үстемдігінен азат етеді. Халифа қасына Тұғрыл бекті отырғызып, 1058 ж. Тұғрыл бекке «Шығыс пен Батыстың сұлтаны» деген атақ берді. Алайда, Тұғрыл бек Хорезмшах Текиштен жеңіліп, халифаға Хорезмшахтан қауіп төне бастады. Хорезмшах Мұхаммед Аббаси халифатын құлатуды мақсат тұтып, жорыққа шыққанымен, жолда болған табиғат апатынан кері шегінді. Артынша монғол шапқыншылығы бұл жорықты жүзеге асырмай тастады. 1226-1242 жылдар арасында халифалық құрған Мустансир биллаһ білімді халық қамын ойлайтын билеуші болатын. Ол Шығыстан шыққан қауіпті ел – монғолдарға дайындық шараларын жасады. Ал одан кейінгі халифа Мустасым ның (1242-1258 жж.) ел билеу қабілеті нашар болатын. Сондықтан, оның уақытында елдің қорғанысы нашар жасақталды. Халифа әскері саны 100 мыңнан 20 мыңға қысқарды. Уақыт өте келе оған бағынышты жекелеген сұлтандықтар бөлініп кетіп жатты: халифаның қарамағында тек Бағдат пен оған қарасты сол аймақ қана қалды. Монғолдың ханы және Шыңғыс ханның немересе Хулағу Хан Хорасан, Рей, Исфахан қалалары мен сол аймақтарды басып алып, күн сайын Бағдатқа жақындай түсті. 1257 жылы моғолдардың қалың қолы мен халифаның 20 мың әскері кескілескен шайқаста бағдаттықтар жеңіліс тапты, халифа әскерінің жартысы Бағдатқа, ал қалған жартысы Сирияға қашты. 1258 жылы монғолдар қаланы қоршап, тас атқыштармен қалаға тас жаудырды. Қоршау 45-50 күнге созылды, соңында халифа беріліп, келісімге келгенімен монғол әскері қалаға баса-көктеп кіріп, қала халқын қырғынға ұшыратты. Мәлімет бойынша шашамен 500 мыңға жуық қала халқы қырғынға ұшыраған. Аббаси халифалығының құлау себептері: 1. Аббаси халифалары Омайядтардағы Муавия және Абдулмалик халифалар сияқты ел билеуде белсенділік көрсете алмады; 2. Аббасилер қолынан іс келетін адамдарды дұрыс бағалай білмеді. Өздеріне шынайы қызмет еткен уәзірлер мен қолбасыларды әртүрлі сылтаулармен өлтірді немесе қудалады (Әбу Муслим, Әбу Салама және Бармакилер сияқты); 3. Омайядтар тәрізді Аббасилер Али әулетіне дұшпандық қатынас жасады. Сондықтан, Али әулеті мемлекет ішінде көтерілістер ұйымдастырып, халифатты әлсіретті. 4. Дін адамдарына қажетінше құрмет көрсетпеді, Муқанна, Бабек, Ибн Равендия көтерілістері шыққан кезде, Мутазила мазхабын мемлекеттік ресми мазхаб ретінде жариялап, Сунниттік ғалымдармен қатаң қатынас жасады; 5. Халық пен ғалымдардың халифалардан алыстағанына байланысты өзге ұлт өкілдерінен арнайы армия жасақтады. Үнемі көтеріліс, лаң шағырған Ирак халқынан қашып, Самарраға қоныс аударды. Осы тұста арнайы жасақ үстемдік етіп, халифалардың басына бәлекет алып келді. Осылайша, Аббасилер халифаты әлсіреп, құлады. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|