ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
А) Аударма жұмыстары мен діни білім салаларыАударма жүмыстары. Бағдат қаласы салынғаннан соң парсы және хинд тілінде жазылған ғылыми шығармалар, Аристотельдің философиялық шығармалары, Галеннің медицина саласында жазған шығармалары толығымен араб тіліне аударылды. Осындай ғылым салаларының ислам әлеміне енуімен мұсылмандар жаңа ғылыми салада зерттеулер жүргізуге кірісті. Ежелгі грек, Рим, эллиндік кезеңдегі және парсы, хинд тілінде жазылғанмен ұмытыла бастаған көне шығармалар мұсылмандар арқылы бүгінгі заманға жетті. Мұсылмандар тек қана аудармамен ғана шектелмей, өздеріне тән туындылар жазып шығарды. Енді осы аударма жұмыстарына қысқаша тоқталып кетер болсақ, Үндістанға қатысты мұралардан көбінесе философиялық, астрономиялық және математика саласында аудармалар жасалды. 771 жылы Үндістаннан Бағдатқа келген саяхатшы астрономияға байланысты «Сидханта» атты кітапты алып келді. Осы кітап халифа Мансурдың әмірімен Мухаммад бин Ибрахим әл-Фазари атты ғалым тарапынан араб тіліне аударылды. Бір жағынан бұл адам ислам мәдениеті тарихындағы алғашқы астроном болып, кейіннен жаңа ғылыми жаңалықтар ашты. Парсы мәдениетінің басты еңбектері өнер мен әдебиет салаларында болды. Осы тақырып бойынша ибн Муқаффаның парсы тілінен араб тіліне аударған «Қалила уа Димна» атты шығармасын ерекше атауға болады. Шығарманың негізгі мазмұны хайуанаттар арасындағы оқиғаны сарай өмірі мен саяси қайраткерлерге теңеу болатын. Негізінде бұл кітап хинд тілінен парсы тіліне аударылған болатын. Осылай мұсылмандар аталған шығармамен де танысты. 765 жылы Мансур асқазан ауруына шалдығып, қарамағындағы дәрігерлер емдей алмағаннан соң Иранның Жундишапур қаласындағы аурухананың бас дәрігері болған христиан Жоржисті Бағдатқа шақырып алады. Жоржистің жасаған емінен соң сырқатынан айыққан халифа Жоржисті сарай дәрігері етіп алып қалады. Осыдан бастап Бағдатта жаңа медициналық әдіс-тәсілдер үйретіле бастады. Халифа Мамун көне қолжазбалардан философияға қатысты шығармаларды араб тіліне аударту жолында қосымша кітаптар үшін Византияға арнайы елшілер жіберіп алдыртты. Мұсылмандар грек тілін білмегендіктен, бұл шығармаларды сириялық христиандар арқылы алдымен сурияни тіліне, одан соң араб тіліне аударды. Көне грек шығармалары Манунның кезеңінде осылай көптеп аударыла бастады. Мамунның ақылға, философиялық әдістерімен танымның жетілуіне көп көңіл аударуы нәтижесінде осындай аудармалар қолға алынды. Осы салаға байланысты 830 жылы Бағдатта «Байту-л-Хикма» атты ғылыми зерттеу, аударма орталығы, сонымен қатар орта және жоғары білім беретін оқу орындары ашылды. Осылайша аудармалар жүйелі түрде қолға алынды. Хадис саласы. Пайғамдардың өмір жолын үйрену, оны үлгі ету - әрбір мұсылманның басты мақсаты. Осы мақсатты жүзеге асыру хадистерді білуді талап етеді. Омайядтар кезеңінде маңызды жұмыстар атқарылып, Аббасилер кезеңінде оның жемісі берілді. Хадисті зерттеу, оны үйрену, үйрету жолында «Усулу-л-Хадис» атты жаңа ілім саласы пайда болды. Бұл ілім саласы хадистердің қандай жолмен келгендігін, оларды қалай тану керек екендігін, риуаят етушінің санадындағы рауилердің хадис ілімі тұрғысынан алғандағы орны сияқты мәселелерді қарастырады. Хадистердің дәрежелеріне қарап, сұрыптау нәтижесінде ислам әлеміне әйгілі хадисшілер шықты. Әйгілі «Кутубу-с-Ситта» хадис кітабының авторлары осы дәуірде өмір сүрді. Осы хадишілерге қысқаша тоқталып өтер болсақ: Имам Малик (715-800) (Малик бин Анас) тегі иемендік араб руынан болып, Медине қаласында дүниеге келген. Атасы Иемен уалиінен қысым көргендіктен Медине қаласына келіп орналасқан. Ол хадис ілімінде «Әмиру-л-Муминин» ретінде танылып, Имам Малик Пайғамбар мешітінде отырып, шәкірттерге дәріс беріп, келген адамдардың дауларын Құран мен Сүннет аясында шешетін. Имам Малик Құранды жатқа біліп, өзешеге де исламдық ілімдермен де айналысқан. Көптеген хадисшілерден хадис риуаят еткен. Хадис саласында алғашқы ең сахих хадис кітабы «Муаттаны» жарыққа шығарады. Имам Бухари (810-870) Бұхарада дүниеге келген. Ол кішкентай жасынан бастап, хадис жаттай бастайды. Сол заманның ілім-білім орталықтары – Шамды, Хижазды, Басраны, Бағдатты, Мысырды және Куфаны аралап хадис жинақтаған. Жаттаған хадистерінің саны 300 000 жеткен. Қырық жыл бойы хадис үйрену жолында Нишапур қаласына орналаспақшы болады. Сол кезде сарайда жеке хадис дәрісін беруден бас тартқандығы үшін ол жерде де тұрақтай алмай, туған жеріне қайта оралады. Бұхара маңында Хартенк елді мекеніне орналасып, сонда дүниеден өтті. Ұстазы Исхақ бин Рахуяның: «біреу шығып сахих хадистерді жинақтап, кітап жазса екен», - деген сөзінен кейін хадис зерттеуге көшеді. Өмірінің төрттен бірін осы жолда өткізіп, Құраннан кейінгі әйгілі «әл-Жамиу-с-Сахих» атты кітабын жазды. Осы кітапты жазу үшін 70 000-нан аса рауиден хадис алған. Кутубу-с-Ситта авторларынан Имам Насаиден өзге хадисшілер Имам Бухаридің шәкірттері болған. Имам Муслим (813-892) көптеген білім орталықтарын аралып хадис үйренген. Өмірінің соңында ол Имам Бухариден дәріс алған. Имам Муслим Бухариден кейінгі әйгілі «Сахих» кітабын жазарда 300 000 хадис ішінен 4 000 хадисті ғана таңдап, өте мұқияттылықпен зерделеген. Тирмизи (813-892) Бұхара, Хорасан және Хижазға барып хадис ілімін үйрену жолында Имам Бухари және Имам Муслим сияқты әйгілі ғалымдармен кездесіп дәріс алған. Оның жадында сақтау қабілеті өте күшті болған. Әбу Дауд (815-888) Нишапур, Хорасан, Куфа және Мысырды шарлап, хадис үйренген. Өз кезегінде білімі, жаттау қабілеті және тақуалығы арқасында халықтың мақтанышы болған. Жазған кітабында ахкам хадистер көбірек қамтылып, арнайы бөлген тарауларға ең сахих деп білген хадистерін жазған. Насаи Хорасанның Наса қаласында дүниеге келіп, алдымен Хорасан, одан соң Ирак, Мысыр және әл-Жазирада хадис ілімін алған. Шам халқының омайядтар кезеңінен бері Али ибн Әбу Талиб жайында шындыққа жанаспайтын сөздер айтатындығын естігенде бұған шыдай алмаған имам Шам мешітіне барып, Али ибн Әбу Талибтің артықшылығы жайындағы жазған кітабын оқи бастағанда халық оны шиит деп соққыға жығып, мешіттен шығарып тастайды. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Ремледе қайтыс болады. Ибн Маджа Қазуинде дүниеге келіп, ол да Ирак, Мысыр және Шамда білім алған. Саяхаттап жүріп көптеген кітаптар жазған. Ибн Маджаның шығармасы ретпен қайталанбастан, қысқалығы жағынан танымал болды. Фиқх саласы. Аббасилер мемлекет басына келген кезде ислам әлемінің территориясы ұлан байтақ жерді алып жатты. Осыншама жердегі халықтар көптеген ұлттан тұратын. Сондықтан, ислам дінінің әкелген үкімдерін іске асыруда жаңа пәтуаларға мұқтаждық туындады. Заманның талабына, географиялық аймақтардың ерекшелігіне, әрбір ұлттың салт-дәстүріне байланысты фиқх ғалымдары пәтуалар бере бастады. Бір шетінен омайядтар кезеңінде діни өмір мен рухани дүние әлсіреуі және ел билеушілерінің тақуалық жолды ұстанбауы мұсылман халықтарының өзекті мәселесіне айналған еді. Осыған орай аббастықтар төңкеріс жасарда діни өмірді өз қалпында ұстануды, тақуалық пен әділеттілік жолынан айнымауды мақсат тұтқандықтарын жариялап, халықты өз саптарына жинады. Сонымен қатар дін ғалымдарын өздеріне жақын тұтып, жақын қатынас құрды. Осының нәтижесінде аббастықтардың билік кезеңдерінде ғалымдар діни саламен көбірек айналысып, жемістерін берді. Солардың бірі – фиқх саласы болды. Ғалымдар фиқхи үкімдерге екі жолмен пәтуа берді: 1. Құран мен сүннет аясында өз ойларымен яғни саналық қабілетті қолдану (әһлу-р-Рай); 2 Тек Құран мен хадистерді қолдану (Әһлу-л-Хадис). Өз ойы мен ақылы арқылы пәтуа берушілер көбінесе, үкімі нақты белгісіз болған мәселеде Құранға сүйеніп пәтуа беретін. Ал хадис жолын ұстанушылар қандай бір мәселеде Пайғамбардың хадистерінен үкім шығаруға тырысатын. Олар өз ойымен салыстыра отырыпғ пәтуа беруден қашатын. Міне осындай әдістерді қолдана отырып, ислам әлемінде фиқхи мазһабтардың пайда болуына жол ашты. Осы дәуірдің әйгілі, үлгі тұтатын төрт ұлы ғалымы, имамдары өмір сүрді. Атап айтар болсақ: Имам Ағзам Әбу Ханифа 669 жылы Куфада дүниеге келген. Шын аты Нұғман бин Сабит әл-Куфи 767 жылы Бағдатта қайтыс болды. Имам Шафи 767 Ғазза қаласында дүниеге келіп, 819 жылы Мысырда дүниеден өтті. Имам Малик (Малик бин Анас) Мединеде дүниеге келіп сол қалада дүние салды. Имам Ахмет бин Ханбал 780 жылы Бағдатта дүниеге келген. Ол дүниеге келмейтұрып, әке-шешесі Мервтен Бағдатқа қоныс аударған болатынн. Имам 855 жылы Бағдатта дүние салды. Тафсир саласы. Қасиетті Құранның толық мағынасын мұсылмандар толық түсіне алмады. Себебі, мұсылмандар түрлі ұлттан құралды. Сондықтан ғалымдар тарапынан Құранды түсінікті, тілге оңай келетін әдіспен тәпсірлеу қолға алынды. Омайядтар дәуіріндегі сияқты бұл кезеңде атақты тәпсіршілер көптеп кездесті. Құранды алғаш рет толығымен тәпсірлеген 757 жылы дүниеге келген ғалым әл-Фарра «Маани-л-Қуран» атты төрт томдық тафсир кітабын жазды. әл-Фаррадан кейіегі ғалымдар тәпсірлеу саласында оның әдісін пайдаланды. Осы дәуірде тафсир хадис ілімінен бөлініп шығады. Табиундар кезеңі болғандықтан Құран толықтай тәпсір жасалып, басты тафсир мектептері құрылады. 1. Абдуллаһ бин Аббас шәкіртерінің құрған Мекке мектебі; 2. Убай бин Қааб тың құрған Медине мектебі 3. Абдуллаһ бин Масуд құрған Ирак мектебі. Осы кезеңдегі әйгілі тәпсіршілерге шолу жасар болсақ: әл-Фарра (757-824) – алғашқы тафсир жазған, әрі наху (синтаксис) ілімінің атақты ғалымы. Ол астраномия, медицина, калам және философия ілімімен де айналысқан. Бақи бин Махл әл-Куртуби (ө. 899) риуаят тәпсіршісі ретінде танылды. Яғни, Құранды Құранмен тәпсірлеу әдісімен жазылған ең құнды шығарма осы тәпсірішінің еңбегі болып табылады. Деректер бойынша ол 284 ұстаздан дәріс алған екен. Тәпсірінің ерекшелігі риуаяттарды келтіргенде сахабалардың атымен тізген. Өкінішке орай жазған тәпсір кітабы бүгінгі күнге дейін жетпеген. Табари (ө.922) – ислам тарихы мен тафсир ілімінде атақты ұстаздардың бірі. Табари Табаристанның Амул қаласында дәулетті отбасында дүниеге келген. Сондықтан, әкесі баласының білім алу үшін қолынан келген мүмкіншілікті жазады. Оның жазған тафсир кітабы риуаят тафсир әдісімен жазылған. Шығармасының аты – «Жамиу-л-Баян ат-Тафсири-л-Қуран». Махмуд аз-Замахшари (1074-1144) Хорезмнің Замахшар елді мекенінде дүниеге келген. Білім алу жолында ол Бағдат пен Меккеге саяхат жасады. Осы саяхатының бірінде суықтан аяғы үсіп, кесілді. Ол 1144 жылы Журжанда дүниеден өтті. Тафсир, хадис, тіл білімі, шешендік өнер салаларын жетік меңгеріп, өз заманының бетке ұстар ғалымы болды. Тафсир кітабын жазғанда жаңа әдісті қолдана отырып, яғни, Құранның шешендігі жағына көберік тоқталып, дираят жолымен жазды. Кітабының аты – «Кашшаф». Замахшари амалда ханафи мазхабын ұстаса, итиқадта мутазила мазхабын қолдады. Фахреддин Рази (1148-1209) Рей қаласында Құрайш руынан шыққан отбасында дүниеге келді. Ол әрі, тафсирші, әрі философ, әрі данышпан ғалым болатын. Ол 1209 жылы Гератта дүниеден өтті. «Мафатиху-л-Ғайб» атты сегіз томдық риуаят және дираят әдісімен жазылған еңбегінде, әсіресе жаратылыстану ғылымдарына көңіл бөлінген. Суфизм ілімі. Суфизм – исламдағы рухани өмір мен моральдық құндылықтардың аты. Ол ҮІІІ-ІХ ғасырда жекелеген тақуалар тарапынан қалыптасты. Бұл кезеңді «зуһд» кезеңі деп атасақ та болады. Суфизмнің мақсаты – жүректі жүрек кірлерінен арылту, рухани, ар тазалығына қауыштыру. Бұл үшін Пайғамбардың өмірінен үлгі ала отырып, рухты көркем мінезбен безендіру міндетті саналады. Аскет және суфи ретінде танымал адамдар ретінде Хасан Басри, Жафар Садық, Ибраһим бин Адхам, Суфиян Саури, Абдуллаһ бин Мубарак, Дауд Таи, Харис әл-Мухасиби, Баязит әл-Бистами, Жунайд әл-Бағдади және Халладж Мансур т.б. ерекше атауға болады. Сопылық ілім кейінгі дәуірлерде тариқаттармен жаңа арнаға түсті. Осы кезеңдерде тариқаттар ірі суфилер тарапынан құрылды. Мысалы, Абдулқадир Гейлани қадария, Ахмет Ясауи ясауия, Ахмет Рафи рифаия, Нажмуддин Кубра кубрауия, ибн Араби акбария атты тариқаттар құрды. Калам ілімі. Аталған ілім саласы ислам әлеміне грек философиясының енуінен бастап, исламның сенім негіздерін ақыл арқылы түсіндіруге тырысқан мутазила мазхабының ықпалымен пайда болған десек те болады. Дегенмен де мутазила мазхабына дейін де каламдық мазхабтардың алғы шарттары жасалынып қойылған. Мутазила мазхабының құрушысы Уасыл бин Ата Хасан Басридің мәжілісінде дәріс алып жүріп, «үлкен күнә» жайлы ұстазының жауабына қанағаттанбай, өз ойын білтіру арқылы Басридің мәжілісінен бөлініп шыққандығы үшін Уасылдың артынан ерушілер «мутазила» деп аталып кетті. Ақылға көбірек иек артқандықтан, ол исламның қойған принциптерінен тысқары шыққан мазхаб болып табылады. Бірақ, мутазила өкілдері ислам сенімін зындықтар, христиандар және атеистер т.б. исламға шабуылға шыққандарға қарсы қорғануда айтарлықтай еңбек сіңірді. Олар қарсыласының пікірін жоққа шығару үшін философиядан көптеген әдістер үйреніп, исламдық және философиялық әдістерді біріктіре отырып, жаңа туындыны дүниеге әкелді. Бұл «калам» деп аталып кетті. Әйгілі каламшылар Ашари мен Матуриди сунниттердің сенімдік мазхабын құра отырып, калам әдісін көбірек қолданды. Бірақ та ақылдың аят пен хадистен жоғары қоймады. Сондықтан осы ерекшелігі арқылы мутазила мазхабынан оқшау тұрады. Әдебиет саласы. Аббасилер дәуірінде ежелгі бәдәуи поэзиясындағы махаббат, ойын-сауық, көңіл көтеру мен шарапты жырлау жалғасын тапты. Ал прозалық шығармаларды махаббат оқиғасын баяндайтын әңгімелер және парсы, үнді, грек ертегілерінің сюжеттерінен алынып, өңделіп жинақталған романдар құрады. Осы кезеңде Бағдат, Куфа, Басра және Харран қалалары әдеби орталықтарға айналды. Бұл қалаларда әдебиет пен өнер бір-бірімен жарысқа түсіп, әдебиет пен тіл білімінің дами түсуіне жағдай жасалынды. Ақындар ежелгі тайпа тақырыбы және тайпа дәстүрімен біржолата қоштасты. Осы заман ақындарының туындыларындағы тақырыптар тайпа бірлігінен алыстай түседі. Тайпа арасындағы жанжалдар тыйылған соң поэзияда тайпа өмірін жырлау тоқтайды. Жаңа қоғам, жаңа өмір келуіне байланысты бірте-бірте әдебиетте де жаңа тақырыптар туды. Поэзияда шарапты, шарап ішкен адамның көңіл-күйін суреттеу шарықтау шегіне жетеді. Бұрынғыдай араб даласын, дала кезген шайырдың саяхаттан мезі болған халін баяндау орнына, бау-бақша сарай өмірі, жанға жайлы саяжай тынысы, Тигр өзенінің табиғаты, онда жүзген кемелер мен қайықтар, аққу-қазды суреттеу кең орын ала бастады. Осы кезеңдегі әйгілі ақын-жазушылар қатарына мыналарды атауға болады: ибн Муқаффа - әйгілі жазушы парсы текті әдебиетші, Жахыз, ибн Кутайба, Әбу Нууас және Әбу-л-Атахия. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|