Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






AНДАЛУСИЯ ОМАЙЯД МЕМЛЕКЕТІ




Әмірлік кезең (756-929 жж.). Билік басына келгеннен соң Аббасилер Омайяд өкілдерінің соңына түсіп, өлтіре бастады. Осы қудалаудан аман қалғандар арасынан халифа Хишам бин Абдулмаликтің немересі Абдуррахман бин Муауия болатын. Палестина мен Мысырды басып өтіп, ол Солтүстік Африкаға қашты, бірақ, мұнда да тыныш өмір сүре алмайтынына көзі жеткен Абдуррахман 755 жылы Андалусияға өтеді. Андалусияға өткен кезде тек бас амандығын сақтау мақсатында емес, мұндағы біршама Омайяд жақтастары болып табылатын арабтарды, сириялық әскерлерді және басқа да мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ол Омайяд династиясын қайтадан құруды мақсат тұтты. Андалусияға аяқ басқан кезден бастап, осы мақсатта әрекетке көшті және аз уақыттың ішінде уали Юсуф әл-Фихридің кедергілеріне қарамастан мауалилердің, қайстықтарға дұшпан иемендіктердің және берберлердің қолдауын пайдалана отырып, Жазиратулхадраны, Шазунаны, Севильяны (Ишбилия), Эльвираны (Илбира) өз бақылауына алды. Одан соң Кордоваға (Қуртуба) кіріп, өзін тәуелсіз әмір ретінде жариялады.

Тәуелсіз Андалусия Омайяд мемлекетінің құрушысы және алғашқы әмірі І Абдуррахманның бетпе-бет келген проблемалардың басында ең алдымен ел іші тартыстары болатын. Соңғы уали Юсуф әл-Фихри Абдуррахманнан жеңіліс тапқанмен оны елдің әмірі ретінде тани қоймады және Абдуррахманның таққа отыруына көмек берген иемендіктер мен берберлер көмектерінің қарымтасын беруді талап етті. Алайда, Абдуррахман иемендіктер мен берберлердің талаптарына бой ұсынбай, ондағы көсемдердің өкілеттігін шектеп, барлық билікті өз қолына алды. Сондай-ақ істің алдын алу арқылы топтардың өз арасында алауыздыққа тап болуын жүзеге асырды және оларды бір-біріне айдап салды: оның артынан сый-сияпат, байлық және мансап беріп, олардың кейбірін өзіне тартты. Осылайша көпшілік арасында өз абыройын сақтап, Абдуррахман оларды өзіне бағындыра білді. Келесі жағынан арабтар арасында рушылдық бақталастық мемлекеттің әлсіретуіне жол ашатындықтан, әскерді көбінесе Солтүстік Африкадан әкелінген жалдамалы әскерлер мен соғыс тұтқындарынан жасақтады. І Абдуррахман аталған мемлекет іші мәселелермен қатар 778 жылы Испанияның солтүстік-шығысынан еніп Сарагосаға (Сарақуста) жақындаған франктармен де бетпе-бет келді және нәтижесінде елінде шыққан алауыздыққа байланысты франктар кері шегінуге мәжбүр болды. Олар жол бойында шыққан мұсылмандар тарапынан шабуылдар нәтижесінде көп шығынға ұшырады. І Абдуррахман одан кейінгі жылдары христиандардың қол астына өткен кейбір қалаларды қайтарып алуға талпыныс жасағанмен, оның бұл ісі сәтсіз аяқталды. Бұған қарамастан ол дүние салғанда (788 ж.) баласы І Хишамға ел іші алауыздықтарды біршама тыныштандырған, Аббасилер мен Византия тарапынан мойындалған, Сирия-Омайяд дәстүрін паш еткен тәуелсіз мемлекет қалдырды.

Өзінің діндарлығымен Омар ибн Абду-л-Азизді еске түсіретін І Хишам (788-796 жж.) таққа отырған алғашқы жылдарда бауырларының қарсылығынан басқа маңызды деп есептелетін ішкі қайшылыққа тап болмады. Осындай қолайлықты пайдалана отырып, әмірлік кезеңін Испанияның солтүстігіндегі христиан корольдіктеріне қарсы жорық жасаумен өткізді және Септимания уақытша болса да кері қайтарылды. І Хишам дәуірінде Малики Андалусияның ресми мазхабына айналды. Ғалымдарға көрсетілген құрметтің нәтижесінде аталған топтың елдің саяси аренасындағы ықпалы арта түсті. Сонымен қатар исламның таралуына берілген мәннің арқасында жергілікті халық арасында аталған дінді қабылдағандар (муаллад) қатары көбейе түсті. Алайда аталған екі топ өкілдерінің дамуы кейінгі билеуші заманында кейбір маңызды оқиғалардың туындауына себеп болды. І Хишамның орнына отырған ұлы І Хакам дәуірінде (796-822 жж.) ішкі көтерілістер дүмпуы өрби түсті. Оның назар аударарлық ерекшелігі – осы көтерілістерде арабтар мен берберлерден басқа олардан да саны артық муалладтардың орын алуы болды. Бас көтеруде жаңа әмірдің әкесінің жүргізген саясатына қайшы түрде діни ғұрыптарды орындауда немқұрайдылық және ғалымдарға көрсетілетін құрметті шектеп, олардың санын азайтуға тырысуы маңызды рөл ойнады. Осы себепке байланысты Кордова (Қуртуба), Толедо (Тулайтула), Мерида (Марида), Сарагоса (Сарақуста) сияқты қалаларда көтерілістер бірінің ізін бірі басты. Мұны І Хакам жағдайға қарай қатаң әскери тәртіппен немесе айламен көтерілістерді басты. Осы кезеңдегі ел ішіндегі көтерілістерді шебер пайдаландар – 801 жылы Андалусияның маңызды шекара қалаларының бірі – Барселонаны (Баршалуна) басып алған франктар.

І Хакамнан соң таққа отырған оның ұлы ІІ Абдуррахманның билік жүргізген жылдары (822-852 жж.) Андалусия әмірлігінің ең гүлденген кезеңі болды. Ел іші алауыздықтардың аздығы және Абдуррахманның проблемаларды дер кезінде оңды шешуі нәтижесінде ел тұрақтылыққа қол жеткізді. Бұл Андалусияның экономикалық жақсаруына және Аббасилер үлгі ретінде алынып, жаңадан құрылған мемлекеттік басқарманың күшеюіне жағдай туғызды. Осымен қатарлас араб тілі мен ислам дінінің таралуы деңгейі жоғарылады. Осы кезеңнің соңына қарай Андалусиядағы мұсылман жұртшылығының көпшілігін «муалладтар» құрады. Бірақ, Кордова, Севилья (Ишбилия), Толедо сияқты үлкен қалаларда христиан халқын қосқанда христиан дін иелерінің қатты қарсылығына қарамастан араб тілін қолдану кең таралды. Әсіресе, жастар араб тілін ана тілдерінен де жақсы білетін және жазатын. ІІ Абдуррахман Испания корольдіктерінің шабуылдарынан Андалусия территориясын қорғауда үлкен жетістіктерге қол жеткізгені сияқты, 844 жылы теңіз арқылы шабуылға шыққан нормандардың жергілікті мұсылмандар арасынан Муса бин Мусаның ерекше қайсарлығымен кері шегінуіне мәжбүр етті. Осы кезде Византия императоры Теофилос елші жіберіп, Андалусия Омайяд халифатымен дипломатиялық байланыс жасады. Осындай жетістіктерге байланысты ІІ Абдуррахман дәуірі «аййаму-л-арус» (той күндері) деп аталады.

ІІ Абдуррахманның ұлы Мухаммад (852-886 жж.) әмірлігінің алғашқы кезеңінде әкесінің жетістіктерін жалғастырды. Кордовада басталып, Толедоға дейін таралған «христиан жанкештілері әрекеті» атты көтерілістерді басқан кезде, солтүстіктегі Испания корольдіктеріне қарсы сәтті жорықтар жасады. Алайда билігінің соңғы он бес жылында басқарманы жас, тәжірибесіз адамдарға бергендіктен, мемлекет тәртібі бұзыла бастады. Соңында муалладтар бастаған арабтар мен берберлер көп шоғырланған өлкелерде, қалаларда және қамалдарда орталық билікке қарсы бас көтерулер болды. Аталған көтерілістер Мунзир (886-888 жж.), әсіресе, Абдуллаһ (888-912 жж.) дәуірлерінде одан ары арта түсті. Андалусия Омайяд әмірлігінің билігі тек ел астанасы Кордовада ғана жүретін халге келді. Тіпті, Кордованың өзі бір уақытта атақты муаллад лидері ибн Хафсуннің қатеріне де тап болды. Нәтижесінде елде саяси және әлеуметтік бөлшектену процесі орын алды және орталық билікке формальді түрде бағынышты немесе толықтай тәуелсіз сандары жиырмадан астам кіші-гірім мемлекеттер құрылды. Андалусиядағы Мухаммадтың соңғы он бес жылынан басталған бөлшектенудің нәтижесінде солтүстіктегі христиандардың шабуылына қарсы төтеп беретін күш те табылмады және көтеріліс болған өлкелерде салық алынбағандықтан, мемлекеттік қазына да азайды.

Андалусияны осы тоқыраудан Абдуллаһтың орнына жиырма бір жасында таққа отырған немересі ІІІ Абдуррахман (912-961 жж.) құтқарды. Алдымен орталық билікке тәртіп орнатқан және билікті өз қолына алған жас әмір көтірілісшілерге жорық жасады. 913 жылы Севилья мен Кармонаны (Кармуна) билеген Бани Хажажды, 924 жылы солтүстік шекара өлкесіне иелік еткен муаллад династиясы Бани Қасиді, 928 жылы оңтүстікті бақылауға алған және Андалусиядағы муаллад әрекетінің лидері рөліндегі Бани Хафсунды, одан соң батыс өлкелерге билік жүргізген басқа да муаллад династиясы Бани Маруан мен ұзақ уақыт бойы орталық биліктен қашық қалып келген Толедо қаласын, Сарагосада (Сарақуста) билік жүргізген араб текті Бани Тужиб әулетін және сандары жиырмадан асқан араб, бербер, муаллад және мустариб (арабтанғандар) иеліктерін тізе бүктіріп, Андалусияны бір орталыққа бағындырды. Елдің тыныштығын орнатқаннан соң осы жетістігінің арқасында бір жағынан саяси билігін одан ары нығайту, келесі жағынан Солтүстік Африкада кең етек ала бастаған шииттік фатимиттерге қарсы тұра білу үшін 929 жылы өзіне «Наср Лидиниллаһ» деген атақ беріп, халифа ретінде жариялады. Осылайша, Андалусия Омайяд әмірлігі Андалусия Омайяд халифалығына айналды.

Халифалық кезең (929- 1031 жж.). ІІІ Абдуррахман ел ішінде бірлік пен тұрақтылықты орнатқаннан соң Фатимилерге және солтүстіктегі Испан корольдіктеріне қарсы соғыс жариялады. Оның нәтижесінде Леон мен Наварра (Памплона, арабшасы: Банблуна) корольдіктері салық төлеуге мәжбүр болып, Анадалусия халифалығының қол астына қарады. Фатимилерге қарсы Солтүстік Африкадағы кейбір үлкен бербер тайпаларымен тізе қоса отырып, ықпалын Мағриб ішіне де жүргізе білді. Аталған жетістіктер халифаның абыройын асқақтата түсті: Византия мен Герман императорлары елшілер жіберіп, халифамен саяси байланыс орнатты. ІІІ Абдуррахман ел ішінде бөлшектенуге жол ашатын араб рулары арасындағы бақталастықтың күшін жойып, «бір ұлттықты» орнату үшін барлық жігерді жұмсады және білім беруді қолға алды. Келесі жағынан ол Кордова ғимараттарын біршама әсем сәулеттік ескертшіктермен толықтырды.

Андалусия Омайяд халифалығының астанасы болған Кордова қаласы жарты миллион халқы бар, жеті жүз мешітімен танымал Батыстың әсем қаласына айналды. ІІІ Абдуррахман Еуропада теңдесі жоқ «Мадинату-з-Захра» атты сарай салдырды. Мемлекеттік қазына бұрын соңды болмаған кейіпте толтырылды. Андалусия Омайяд халифатының атақты билеушісі болып табылатын ІІІ Абдуррахман 961 ж. дүние салғанда оның орнын ғалымдығымен танымал елу жастағы ұлы ІІ Хакам алды. Бұл халифаның дәуірінде (961-976 жж) де ел іші тұрақтылық одан ары жалғасын тапқаны сияқты сыртқы байланыстарда Испан корольдіктері алдында үстемдігін көрсете білді. ІІ Хакам заманындағы негізгі даму ғылым мен өнер саласында болғандығы байқалады. Андалусия осы дәуірде Ислам өркениетінің негізгі ордасына айналды. Соның бір көрсеткіші ретінде Кордова мешітін айта аламыз. І Абдуррахман негізін қалаған және оның ұлы І Хишам аяқтаған Кордова мешіті кейінгі кезеңдерде кеңейтіліп, ІІІ Абдуррахман және ІІ Хакам дәуірлерінде үлкен сәулеттік ескерткішке айналдырылды.

ІІ Хакам өлгеннен соң оның ұлы ІІ Хишамның (976-1009 жж., 1010-1013 ж.ж.) әлі бала кезінде таққа отырғандығын пайдаланып, Хажиб ибн Әбу Амир және оның екі ұлы Абдулмалик пен Абдуррахман билік тізгінін қолдарына алып, өз аттарымен аталатын Амирилер дәуірін дүниеге әкелді. Ибн Әбу Амирдің жұлдызы негізінен ІІ Хакам заманында-ақ жанған болатын. Зеректігі және Хакамның басқа текті күңі (Хишамның анасы) Субхпен болған жақсы қатынасы арқылы кейбір маңызды басқармалық қызметтерге отырды және соңында сарайға еркін кіру мүмкіндігіне ие болды. Хакам өлген кезде азаттығын алған христиан текті құлдардан құралған «сақалибаның» халифалық таққа өлген халифаның бауыры Муғираны отырғызуға жасаған ұмтылыстың жолын кесіп, Хишамның таққа отыруын жүзеге асырды. Одан соң басқармалық механизмді өз бақылауына ала бастады және өзіне бәсекелес деп санаған мемлекеттік қызметтегі адамдардың көзін жойды. Одан соң арабтар мен сақалибаның санын азайту үшін әскердің көпшілігін жалдамалы бербер әскерінен жасақтады. Осылайша ол саяси билікті және әскерді өз бақылауына алды. Ибн Әбу Амирдің осы кезеңде «хажибтік» (уәзір) мансабына ие болуына қарамастан өзіне «Мансур» лақабын беруі, өз атынан ақша бастырып, құтпа оқытуы және ресми жазуларды өз қолымен бекітуі оның іс жүзінде халифа ретінде әрекет еткендігін және билікті өз қолына алғандығын көрсетеді. Ибн Әбу Амир қол жеткізген мансабын шебер пайдалана білді және бір жағынан ел ішінде өзіне қарсы топ құрған қарсыластарын басса, келесі жағынан солтүстіктегі христиан корольдіктеріне жасаған жорықтарында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Оның ізінен хажиб мансабына отырған ұлы Абдулмалик те елді үлкен жетістікпен биледі. Бірақ, 1008 жылы Абдулмаликтің орнына бауыры Абдуррахманның отыруымен Андалусияда ІІІ Абдуррахман тарапынан құрылған және сол күнге дейін жалғасын тапқан тұрақтылық бірден бұзылды. Мұнда Абдуррахманның асыра сілтеуінің де қатысы бар. Өйткені, әкесі мен бауырына қайшы түрде ол хажиб лауазымына қанағаттанбай, ІІ Хишамды бас хажибтік лауазымын беруге мәжбүрлеген, тіпті, ең маңыздығысы халифаның тақ мұрагері ретінде өзін таңдағанын алға тарта отырып, оның жазған хаттарын елдің барлық аймақтарына жіберген. Оның бұл әрекеттері әсіресе, әкесі мен бауырына наразы сақалиба мен Омайяд династиясының жақтастарын ашуландырды. Осы арада сандары арта түскен бербер әскерлері астамшылықтарымен Кордова халқының мазасын ала бастады. Осы наразылықтар соңында шегіне жетіп, бас көтерулерге жол ашты. Амирилер мен оларға бағынышты мемлекеттік қызметкерлер отырған Мадинату Захира талан таразға түсіп жойылды. Абдуррахман бин Әбу Амир өлтірілді. Ал Халифа Хишам үлкен шығынға ұшырады. Осы көтерілістерден соң Андалусия, әсіресе, ел астанасы Кордова тәртіпсіздікке душар болды. Кордовалықтар және Омайяд жақтастары аталған династияның одан ары жалғасуы үшін ІІ Мухаммад, Сулайман, ІҮ Абдуррахман сияқты адамдарды таққа отырғызғанмен олардың ешбірі елдегі тәртіпсіздікке нүкте қоя алмады.

1016 жылы Али әулетіннің өкілі ретінде қуатталатын шииттік Хаммудилер Омайяд династиясының әлсіздігін пайдаланып, Кордова мен тақты өз қолдарына алды. Бірақ бастапқыда байқалған тыныштыққа қарамастан олар да елдің негізгі пробеламаларын шеше алмады және соңында олар 1022 жылы Кордова халқы тарапынан елден қуылды. Бұдан кейінгі жеті жыл Омайяд династиясына тән адамдардың арасындағы тақ таласымен өтті. Осындай алауыздыққа деген сабыры таусылған Кордова басшылары мен халық халифалықты жойып, Омайяд әулетінің өкілдерін елден қуды да елді құрметті адамдардан құралған кеңестің басқаруына шешім қабылдады. Осылайша 756 жылы тәуелсіз әмірлік ретінде құрылған Андалусия Омайяд мемлекеті құлады.

Ел тізгінін ұстайтын басшының болмауына орай Андалусия Омайяд мемлекетінің орнына үлкенді-кішілі бірнеше мемлекеттер құрылды және Андалусия тарихында «Мулуку-т-Тауаиф» деген атпен белгілі жаңа бір кезең басталды.

Мулуку-т-Тауаиф (1031-1090 ж..). Осы кезеңде пайда болған ұсақ мемлекеттердің нақты санын білу қиын. Андалусия Омайяд мемлекетінің құлауынан соң Кордовадан тысқары қалаларда өмір сүрген саны басым әулеттер өз тәуелсіздіктерін жариялады. Олардың кейбіріне мыналар жатады: Толедода Зуннунилер, Сағрулала өлкесінде Тужибилер мен Худилер, Бадахос (Баталиаус) пен маңайына Афтасилер, Севилья мен оның маңайына Аббадилер, Гранадада (Ғырнада) Зирилер. Сонымен қатар біршама кіші қала мен қамалдың орталық биліктен бөлінгендігі байқалады. Андалусияда орын алған саяси оқиғалардың ең маңыздыларының бірі - Мулуку-т-Тауаиф арасында басталған және салыстырмалы түрде жалғасын тапқан шайқастар. Бұл мұсылмандардың мейлінше әлсіреуіне әкеліп соқты және христиан корольдіктерінің «реконкиста» (Испанның «қайтарып алу» деген сөзінен шыққан, Испанияны азат ету) әрекетін жүзеге асыруға мүмкіндік жасады. Алғаш рет 1057 жылы Кастилия корольі І Фернандо Бадахосқа шабуыл жасап, Афтасилерге, 1062 жылы Толедодағы Зуннунилер мен Севильядағы Аббадилерге ауыр салықтар салды. 1085 жылы Кастилия корольі ҮІ Альфонс Андалусияның Кордовадан кейінгі екінші үлкен қаласы Толедоны жаулап алып, сол кезеңде мұсылмандарға үлкен соққы жасады. Бір-бірімен алауыз болып, бір-бірімен жанжалдасқан және өздеріне жат жұрттықтардың не істегелі жатқандығына мән бермеген Андалусия мұсылмандары Толедодан айрылып қалғаннан соң ғана өздеріне жасағалы отырған реконкиста әрекетін түсіне бастады. Осы тарихи оқиға – Толедо қолдан кеткенде Андалусияның келешегіне деген үміт үзылып, ел дүрбелеңге түсті. Толедоның қолдан кетуі – Андалусияның христиандар алдындағы ең маңызды қорғаныстың жоқ болғандығы деген сөз және мұндай қауіп Бадахостың, Севильяның немесе Кордованың да басына түсуі мүмкін. Жақындап келе жатқан осы қауіпті ойлаған кейбір әмірлер ғалымдар мен халықтың қолдауымен Солтүстік Африкада билік жүргізген Мурабиттерден (Мурабыт, Альморавид) көмек сұрауға мәжбүр болды.

Мурабиттер (Альморавид) кезеңі (1090-1127). Андалусия мұсылмандарының атынан Аббади әмірі Мутамид Алаллаһтың (ибн Аббад) шақыруы бойынша мурабиттердің билеушісі Юсуф бин Ташфин Толедоның қолдан кетуінен бір жылдан соң үлкен армиямен Андалусияға өтті және осы кезеңде Бадахосқа қауіп төндірген ҮІ Альфонсты Заллака шайқасында (1086 ж.) үлкен шығынға ұшыратып жеңді. Осы жеңістен соң шығысқа қарай қол созған христиан дініне тосқауыл қойылды. Юсуф бин Ташфин Андалусиялық әмірлерге дұшпандарға қарсы тізе қосу қажеттігін ескертіп, мағрибке кері қайтты. Бірақ, Мулуку-т-Тауаиф бір-бірімен қайта жанжалдасуына байланысты христиандар шабуылдарын қайта бастады және мұсылман әмірлеріне тізелерін қайта батыра бастады. Осыған орай Юсуф бин Ташфин екінші мәрте Андалусияға өтті. Бірақ бұл жолы тек көмек ретінде өтіп қана қоймай, ол кейбір әмірлердің, әсіресе дін ғұламаларының қолдауымен бүкіл Андалусия билігін қолына алды және Андалусияны Мурабиттер мемлекетінің бір бөліміне айналдырды. Мурабиттердің Андалусиядағы билігі алпыс жылға жуық болды. Осы кезеңнің алғашқы жиырма бес жылында елде тыныштық орнады және сыртқа, христиандарға қарсы үлкен жорықтар жасалынды және жеңістерге жетіп отырды. Бірақ, одан кейінгі жылдары ел ішінде алауыздықтар қайта тұтанды. Мұнда андалусиялық әмірлердің Мурабиттерге қолдау көрсетуді азайтуы, халықтың ауыр салықтарға шыдай алмауы, бастапқыда Мурабиттерге қолдау көрсеткен кейбір дін ғұламаларының осы кезеңдерде оларға қарсы шығуы және Солтүстік Африкада бас көтерген көтерілістер маңызды рөлді ойнады. Мағриб пен Андалусияда наразылықтың артуы Мурабиттердің қуатын әлсіретті және христиан әскерін үнемі жеңіліске ұшыратып отырған Мурабит әскерлерінің енді өздері әлсірей бастады.

Мурабиттердің құлауымен (1147 ж.) Андалусияның саяси бірлігі қайта бұзылды. Осы бөлшектенуді пайдалана отырып, Кастилия корольдігі Арагон, Пиза және дженовалдықтардан құралған крестілер жорығымен Мерияны (1147 ж.), Каталония графтығы да Тортоса (Туртуша) (1148 ж.) мен Лериданы (Ларида) (1149 ж.) басып алды. Бір жағынан саяси бөлшектенудің жалғасуы, келесі жағынан христиан корольдіктерінің жаулау әрекетін бастауы дәуірінде Андалусияны құтқаруға басқа бір Солтүстік Африка мемлекеті болып табылатын Муаххидтер Андалусия мұсылмандарының жанынан табылды.

Муаххидтер (Альмохад) кезеңі (1147-1229 жж.). Мурабиттер тәрізді Муаххидтер династиясын құрған Солтүстік Африкалық бербер болатын. Масмуда тайпасының өкілі болып табылатын Мухаммад бин Тумарт (1078-1130) өзінің діни-саяси әрекетін Атлас таулары жағасы мен Солтүстік Африкаға тарата бастады және өз соңынан ергендерді «Муаххидтер» (Алланың бірлігіне бет алғандар) деп атады.

Мухаммад бин Тумарттың орнына әскер басыларының бірі – Абдулмумин бин Али (1130 ж.) отырды. Ол Заната тайпасының өкілі болатын және Солтүстік Африкада қуатты мемлекеттердің бірін құрды. Абдулмумин таухид сенімін насихаттау жолында жихад жасауға мән берді. Алдымен 1144-1146 жылдары Тилимсан маңында Мурабиттер әскерін бірін қалдырмай қырып салды және одан Фастың (Марокко) Сеута (Себта), Танжер (Танжа) және артынан Марракеш атты қалаларын 1147 жылы жаулап алумен Мурабиттер династиясын құлатты.

Муаххидтер көмек сұраған кейбір дос әмірлердің қарсыластарына қарсы оларды қорғау мақсатында Андалусияға өтеді. Алғашқы жылдарда Кордова, Бадахос, Севилья және Силвиш (Шилб) сияқты қалаларды өз бақылауына алған Муаххидтер одан соң Мурабиттердің жалғасы болып табылатын Бани Ғанияны жеңіп, Балеар аралдарын жаулап алды және 1172 жылы Кастилия корольдігінің қол астына кірген Бани Марданиш әулетінің бірі – Мухаммад бин Садты жеңіліске ұшыратты. Одан соң Валенсияны (Балансия), Мурсияны, Джеййанды, Уадиашиді, Кармонаны (Кармуна) және Гранаданы өзіне қаратты. Муаххид армиясының Солтүстік Африкаға кері қайтуынан соң қайта әрекетке көшкен христиандардың бірі – поругалдар 1189 жылы француздардың, немістердің және ағылшындардың қатысқан крест жорығымен Силвишті жаулап алды. Осы арада Кастилия корольі ҮІІІ Альфонс Севилья мен Кордованың солтүстігіндегі кейбір қамалдарды басып алып жатқан болатын. Муаххид билеушісі Әбу Юсуф әл-Мансур осы жолы христиандардың жорықтарын тоқтату мақсатында Андалусияға қайта өтті және ол 1195 жылы Кордованың солтүстігіндегі Эрек (Аларкос) деген жерде Кастилия әскерін жеңді. Соңынан солтүстікке қарай жол тартып, Уадилхиджара, Саламанджа сияқты кейбір қалалар мен қамалдарды қайтарып алды (1196 ж.). Муаххидтер Толедоны да қоршауға алды бірақ қаланы ала алмады.

Эрек (Аларкос) жеңісі мұсылмандардың христиандар алдындағы үстемдікті қайта ояту сезімін тудырды. Бұған кедергі болу үшін Папа ІІІ Иннокентидің үндеуімен Кастилия корольі ҮІІІ Альфонс және бас архиепископ Родриго Хименес де Рада бастамасымен Арагон, Наварра, Леон, Португал және Француз әскерлері тізе қосқан үлкен крест жорығы жасақталды. Аталған армия 1212 жылы атақты Иқаб шайқасында Әбу Юсуф әл-Мансурдың орнына отырған оның ұлы Наср Лидиниллаһтың басшылығындағы Муаххид армиясын жеңді. Осы жеңіліс Муаххидтердің Солтүстік Африка мен Андалусиядағы үстемдігінің әлсіреуіне және Мурабит пен Муаххидтердің Андалуисияға аяқ басуымен тоқтатылған реконкиста әрекетінің жаңадан қуат алуына жол ашты. 1227 жылы жағымсыз әрекеттерге жауапты деп есептелген Муаххидтерге қарсы бірнеше бас көтерулер орын алды. Көтерілісшілер лидерлерінің бірі Заййан бин Марданиш Валенсияда тәуелсіздігін жариялаған кезде, ибн Һуд Мурсиядан бастап, Андалусияның шығысындағы бірнеше қалалар мен қамалдарды, Мухаммад бин Наср да Джаййанды, Уадиашиді және Гранаданы қол астына қаратты. Осы кезде Андалусия сияқты Солтүстік Африкада да саяси тұрғыда бөлшектеніп кеткен болатын. Муаххидтердің әлсіреуіне байланысты Тунис пен оның маңайында Хафсилер, Алжирде Абдулуадилер, Мароккода (Фас) Маринилер тәуелсіздіктерін жариялады. 1230 жылы Кастилия мен Леон корольдіктерін біріктірген ІІІ Фернандо мен Арагон корольі І Хайме Андалусия мен Солтүстік Африкадағы осы жағдайды шебер пайдаланып, Испанияны жаулау әрекетіне кірісті. Осы арада Арагон корольі І Хайме 1229-1237 жылдары арасында Балеар аралдарын, 1238 жылы Валенсияны, 1244 жылы Денияны, 1246 жылы Шатиба мен басқа да кіші қалаларды, Кастилия-Леон корольі ІІІ Фернандо да 1236 жылы Кордованы, 1246 жылы Джеййан мен Арджунаны жаулап алды. Ал Португалдар 1242 жылы Силвишті, 1250 жылы Сантаренді (Шантарин) және Алгарвані басып алды.

Гранада әмірлігі (Бани Ахмар, Насрилер) (1238-1492 жж.). Христиан корольдіктерінің үстін-үстіне жасаған жорықтарынан тек қана Мухаммад бин Наср тарапынан Гранадада құрылған және Андалусияның Оңтүстік-Шығысындағы Элвирадан Рондаға дейін созылған теңіз жағалауына билік жүргізген Насрилер (Бани Ахмар) ғана аман қалды. Қатаң шарттарға қарамастан екі жарым ғасырдан астам уақыт тарих сахнасында өз болмысын сақтай білген аталмыш мемлекет Андалусиядағы мұсылман мемлекетінің соңғы өкілі және әл-Хамра (Элгамра) сарайы сияқты исламдық сәулеттік ескерткіштердің ең кемел үлгілерін берген кезеңді құрағандықтан тарихта таңдаулы орынды иеленеді. әл-Хамра сарайы қызыл реңді тастардан тұрғызылғандықтан осылай аталды.

Гранада әмірлерінің көпшілігі сыртқы байланыстарында шарттарға қарай ауыспалы икемді саясатты ұстанып, әсіресе, христиан корольдіктерімен бетпе-бет келмеуге баса мән берді. Келесі жағынан аталған корольдіктерден төнетін қандай да бір қауіп алдында жалғыз қалмау үшін Солтүстік Африкадағы Маринилермен жақсы байланыс жасады. Бұл саясат нәтижесінде 1462 жылына дейін тыныш кезеңді өткізді. Бірақ аталған жылдан соң туындаған ішкі қайшылықтар себебіне байланысты жағдай өзгерді. Реконкиста әрекетін аяқтау жағынан осы мүмкіндікті пайдалана білген Кастилия-Леон корольдігі 1462 жылы Андалусия мұсылмандарының Солтүстік Африкамен қатынас жасайтын жалғыз жол «Жамалитариқты» (Тариқ тауы) жаулап алады. 1469 жылы Кастилия-Леон королевасы Изабелла Кастильская мен Арагон корольі Фердинанд Арагонскийдің үйленуімен Испан корольдіктері бірігіп, Андалусияға христиан дінінің таралуы күшейе түсті және 1489 жылға дейін Гранада әмірлігінің астанасынан басқа әл-Хама (Альхама), Ронда, Лауша (Ложа), Малага, Баййаса, Мерия сияқты басты қалалардың барлығын жаулап алды. Христиан әскерлері Гранадаға келгенде мұсылмандар жанкештілік танытқанмен қоршауда қалғандардың азық-түліктері таусылуына және басқа де қажеттіліктердің жетімсіздігіне байланысты олар 1492 жылы берілуге мәжбүр болды. Осылайша, мұсылмандық мемлекеттің Андалусиядағы соңғы қаласы да христиандар қолына өтті. Осы оқиғадан соң Испанияда қалған мұсылмандар христиан дінін қабылдағандармен қоса бір ғасырдан астам уақыт өте қиындықта өмір сүрді және соңында түгелімен елден қуылды (1609 ж.).

Әлеуметтік құрылым. Андалусияны жаулап алғаннан соң бұл өлкеде Визготтар заманынан өзгеше әлеуметтік құрылым белең ала бастады. Дін тұрғысынан қоғам мұсылмандар және мұсылман еместер деп аталатын екі топтан құралды: мұсылмандар – арабтар, берберлер, мауалилер және сақалиба сияқты әртүрлі этностардан құралды. Арабтар саны жағынан аз болғанымен Испанияны жаулап алғаннан Андалусия Омайяд мемлекетінің құлаған 1031 жылға дейін басқармалық, әлеуметтік және экономикалық өмірдің басты және реттеуші элементін құрады. Елде қайстықтар және иемендіктер болып, бастауы исламнан бұрынғы кезеңге барып тірелетін рушылдық сезімінің әсерімен туындайтын тайпалар арасы қақтығыстар байқалатын. Бұл қақтығыстар мемлекетті саяси және билік жағынан әлсіретіп жіберетін. Ал берберлер Испанияны жаулап алғанда үлкен рөл ойнағанына және саны жағынан арабтардан бірнеше есе көп болғанына қарамастан Андалусия Омайяд халифатының құлауына дейін әсіресе басқармалық өмірде арабтар сияқты биік орыннан көріне алмады. Бұған қайшы түрде Амирилер кезеңінде әскердің негізінен бастап берберлерден құрылуы аталған халықтың Андалусиядағы санын одан ары арттырды және бұл Гранаданың құлауына дейін жалғасын тапты. Арабтар сияқты берберлер де рушылдық сезімге берілгіш келгендіктен бербер тайпалары арасында рушылдық қақтығыстар орын алып отырды және кейде арабтармен бетпе-бет келіп те жатты. Бірақ аталған қақтығыстар арабтар мен берберлер арасындағы мәдени байланысқа кедергі болмайтын. Испанияны жаулап алғаннан аз уақыттың ішінде берберлер бір жағынан арабтар арқылы ислам дінін жақыннан тану мүмкіндігіне қол жеткізсе, келесі жағынан аз уақыттың ішінде араб тілін меңгеріп алды. Көпшілігі шығыстық әсіресе, парсы текті болып келген «мауалилер» сандарының аз болғанына қарамастан саяси және басқармалық өмірде маңызды рөл ойнады.

ІХ ғасырдың орталарынан бастап Андалусиядағы мұсылман халқының көпшілігін ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтан құралған «муалладтардан» тұрды. Кейбір араб қоғамдары көршілес қоныстанған муалладтармен жақсы қатынас орната алмады және мұнда рушылық түсініктің әсерімен арабтар өздерін олардан жоғары деп санайтын. Бұл араб-муаллад арасындағы дұшпандыққа ұласты және нәтижесінде ІХ ғасыр бойы олар бір-бірімен жауласып өтті. Муалладтар ұзақ уақыт өз мәдени ерекшеліктерін сақтап келді, мұның басты себебі, мұсылмандықты қабылдамаған «мустарибтермен» аралас өмір кешулері болатын. Бірақ ІІІ Абдуррахман дәуірінен бастап аталған этнос мустарибтермен бірге өмір сүруді қажет еткен саяси оқиғаларға нүкте қойылуы, тұрмыстың жақсаруы, оқу-ағартушылықтың етек алуы, басқармалық жұмыстың қоғамның барлық саласына лайықты жұмыс атқаруы және рушылдық түсініктің жоғалуы сияқы себептерге байланысты сіңісіп кетті. Арабтар мен муаллидтер арасындағы дұшпандық ХІ ғасырда әдеби салада көрініс тапты. Осы тақырыпта муалладтардың бірі – Ибн Ғарсия арабтарды төмендетіп, өздерін асқақтататын трактат жазды. Андалусиядағы мұсылман халықтарының ішіндегі тағы бір этносты сақалиба құрады. Олар құл сататын саудагерлерден сатып алынып, сарайда тәрбиеленген және мұсылмандықты қабылдауы және сарай әдептерін игеруі арқылы әртүрлі қызметтерге отырған француз, неміс, италян, славян, орыс т.б. текті құлдар болды. Рушылдық бақталастықты жою үшін ІІІ Абдуррахманның қолбасшылық, уәзірлік сияқты жоғарғы қызметтерге арабтардың орнына сақалибаны орналастыруы және жер иелігі сияқты байлықтарға ие болуы қоғам ішінде сандарының едәуір өсуіне жол ашты. Соңында сақалибаның осындай жағдайлары араб, бербер ақсүйектерін мазасыздандырды. Сондықтан, ибн Әбу Амир уәзірлік мәселесінде олардың жолын кесуге тырысты.

Мұсылман еместерге келер болсақ, олар христиандар мен иудейлерден құралды. Испанияны мұсылмандардың жаулап алған кездегі келісім бойынша христиандар діндерін, храмдарын, әдет-ғұрыптарын сақтауға, жандары мен малдарына иелік етуге құқықты болды. Сондай-ақ олар мемлекетке джизия және хараж салықтарын төлеп тұрды. Христиан халқы ислам мәдениетінің ықпалында қалды. Жергілікті испандар ана тілдерімен қатар жазба және ауызекі тілі ретінде араб тілін қолданатын жағдайға жетті. Киім кию, жеп-ішу сияқты күнделікті тіршілікте мұсылмандарға еліктегендіктен оларды «мустариб» (арабтанғандар) деп аталды. Олардың басында «кумис» деп аталатын лидерлері болды және олар мемлекеттің алдында христиан халқының өкілі саналды. Олар әскери жұмыстарды қосқанда мемлекеттің кез келген қызметтерін атқарды.

Андалусияда ғылым мен мәдениет. Мұсылмандар Испанияны жаулап алғаннан соң ол жерде Еуропаны жарыққа бөлеген құнды еңбектерді жарыққа шығарды. Бұл өлкеде атақты филологтар шыққандығы сияқты әдебиетшілер өмір сүді. Солардың қатарына кордовалық ибн Абди Раббих (860-940 жж.), ибн Хазм (944-1064 жж.) сияқты ғалымдар ғұмыр кешті. Сондай-ақ ақындар арасынан Әбулуалид Ахмад бин Зайдун (1003-1071 жж.) ибн Аммар, Валенсиялық Әбу Исхақ бин Хафажа т.б.-лардың орны бөлек.

Ал тарихшылар қатарына ибн Кутия Әбу Бәкір бин Омар, ибн Хаййан, Абдулуахид әл-Марракуши т.б. жатқызуға болады. Әлемге танымал философтар арасынан ибн Бажжа, ибн Туфейл мен ибн Рушд және атақты суфи ибн Араби Андалусияға кіндік қаны тамған ірі тұлғалар болып табылады.

Андалусия мәдениетінде зерттелген астраномия, зоология, ботаника, химия, математика, медицина сияқты ғылым салалары кейінгі Еуропа мәдениетінің дамуына жолбасшылық жасағаны белгілі.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных