Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






ЕКІ ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ТӘЛІМДІК ҮНДЕСТІГІ




Алиев С.

Кеңес дәуірінде ғылым атаулыны саясатқа бағындырып, Қазақ елінде педагогикалық ағартушылық ойлар тек орыс ағартушы демократтарының ықпалымен XIX ғасырдың екінші жартысында Шоқанның, Ыбырайдың, Абайдың еңбектерінде пайда болды деп біржақты жаңсақ пікірді уағыздап келдік. Бұлай болғанда, X ғасырда өмір сүрген әмбебап-энциклопедист ғалым-бабамыз Әл-Фарабиден кейін қазақ топырағында тоғыз ғасыр бойы ғылым-білім дамымай үзіліп қалғандай. Шын мәнінде олай емес. Әл-Фарабидің философиялық, психологиялық, педагогикалық пікірлері X-XIII ғасырларда қазақ даласында өмір сүрген талай ойшылдардың толғаныстарынан көрініс тауып, жалғасып жатқан.

Қазақтың көрнекті ағартушылары Шоқан да, Ыбырай да, Абай да ауыз әдебиетінен мол сусындағаннан кейін діні, салт-дәстүрі бір, тілі ұқсас шығыс халықтарының көрнекті классиктері Науаи, Фердауси, Хафиз, Шамси, Омар Хаям, т.б. ғұламалардың шығармаларын оқып үйренеді.

Абай Әл-Фараби шығармаларын оқып үйренеді деген нақты деректер болмаса да, екі ғалымның еңбектерін оқып, дүниетанымдық көзқарасын салыстыра қарасақ, идеялық ұқсастығын бірден байқауға болады. Өзін ертедегі грек философы Аристотельдің шәкіртімін деп санаған, әмбебап ғалым атамыз Әл-Фараби оның ілімін сынап, талдап, толықтырып дамытты.

Аристотель өзінің «Жан туралы» еңбегінде өсімдіктерде, жануарларда, адамдарда үш түрлі жан болады... Жан атомдар құрамынан тұрады десе, Фараби өз ұстазының еңбегіне терең тоқтала келіп, «Әлемді жаратқан құдай. Бәле жаладан аман сақтаушы жарылқаушыға шүкірлік!» - дей отырып, жанның адам мен жануарларда ғана болатынын ескертеді. «Ал адамның жануардан айырмашылығы қоршаған ортаның сырын тани білетіндігінде». Табиғат сырын білу дәлелет ғылымдарына еңбек сіңіріп, қиналудан табылмақ. Дәлелет ғылымы екі түрлі. Оның бірі геометриялық (һандасир), екіншісі логикалық (мантики). Сондықтан алдымен геометриядан білім алып, сонан кейін логика ғылымынан тиісті үлес қосу керек... «Әлемде даналық бар, ал адамда балалық бар» деп қорытынды жасайды.

Ал Абай да өзінің «отыз жетінші» қара сөзінде Фараби ойын одан әрі жалғастырып, «Дүниені жаратушы бір құдіретті күш бар... Алла тағала жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуанды жаратты, ал жанды хайуандардан ақыл иесі адам баласын жаратыпты... Дүниенің тылсым тынысын, ішкі құпия сырын оқып-білу үшін ғылым керек. Ал ғылымның сегіз сипаты бар. Ол: Рахмет (арабша жарылқаушы), Рахим(мейірімді), Ғафур (кешіруші), Уадил (сүюші), Хафиз(қорғаушы), Сәттар(айыпты жабушы), Разақ (қызық беруші), Нафиг (пайда беруші) деп қарайды. Ғалымның осы қасиеттерін бойға жинау арқылы адам баласы өсімдік, мал өсіріп, жер бетін жаннәт етіп, өзен-көлдерді бөгеп дария жасайды. Бу мәшинелерін шығарып, дүниені рахатқа бөлейді. Ғылым арқылы адамның жаны рахат табумен бірге адамгершілік, ізгілік рухын да бойына сіңіріп, мейірімділік, ізгілік рухына бөленеді»-дейді.

Әл-Фарабидің түсінігі бойынша «жан мен тән бірге дамиды, тәнсіз жан жоқ, жан тәннің тірлік қасиеті. Адамның тәні мен өмірі өткінші, уақытша. Тән жанның дамуына оның біртіндеп қалыптасып жетілуіне үнемі әсер етіп отырады. Жанның дамуы үшін тәннің саулығы қажет. Шыққан жан адамға ешуақытта қайтып келмейді, ол бір денеден екінші денеге көшіп те жүрмейді: көңілі мен рухы - жаны таза, көзі ашық оқыған адамның жаны мәңгі өмір сүреді де, надан, залым, зымиян адамның жаны өшіп отырады» десе, Абай өзінің «жетінші» қара сөзінде «Жас бала да анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмарлығы, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды.

Ал екінші білсем екен демектік. Не көрсе соған талпынып жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса даусына ұмтылып, онан ержетіреңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?» «Бұл немене?» деп көзі көрген, құлағы естіген бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі жан құмарлығы деп жан мен тәннің байланысын, бірінсіз бірінің күні жоқ екенін айтып, Әл-Фарабише түсіндіреді.

Сондай-ақ Абай «Өлсе өлер, табиғат адам емес. Ол бірақ қайтіп келіп, ойнап күлмес» - деп тән өлгенімен, жақсы адамның рухы, абыройы, аты өлмейді, сондықтан артында өлмес ісі, асыл мұрасы қалған адамды өлді деуге болмайды деген қорытынды жасайды.

Фараби адамда ең алдымен тәнінің өсіп-өнуіне негіз болатын қоректендіру қуаты пайда болады. Адамдардың танып білу қуаты да екіге бөлінеді. Мұның біріншісі сыртқы жан қуаты деп аталады. Мұндай қабілет сыртқы дүние заттарының сезім мүшелеріне тікелей әсер етуінен пайда болады. Сыртқы жан қуатының бес түрі бар. Олар: көру, есту, дәм, иіс, тері түйсіктері. Екінші ішкі жан қуаты. Оған адамды жануарлардан ерекше бөліп тұрған есі, ойы, ақыл- парасаты, сөйлей алу қабілеті жатады. Абай да «Адам баласы көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабардың ұнамдысы қалпымен, әрнешік өз суретімен көңілге түседі. Оны жанның жибили қуаты дейді, бірі ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы әсер хасил болып жаман нәрседен көңілге жаман хасил болу секілді нәрселер. Бұл қуаттар әуелден кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады. Бұлай етіп характерге түсінген адамды ақылды дейміз»- дейді.

Фараби адамның тану процестері екі кезеңнен тұрады деп тұжырымдайды. Оның біріншісі - сезімдік кезең. Бұған түйсік, қабылдау, ес процестері жатады. Түйсік дүниетанудың алғашқы кезі, бірінші баспалдағы. Адамның есі мен елесінің саналы, әрі нәтижелі болуы оның дұрыс түйсіктене алуына байланысты. Ойлау дүниені әр қырынан тануға, мәселені тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, бұл адам танымының екінші басқышы, танымының жоғары сатысы деп қараса, ақын Абай да «Адам ата-анадан туғанда, есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздері ескеріп жүрген кісінің өзі де есті болады. Естілерден естіп, ең жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды.

Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі - көкірегі байлаулы берік болмақ керек, екіншіден, сол нәрсені естігенде я көргенде ғибраттану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу, бекіту керек, төртіншіден, уайымсыздық, салғырттық, ойшыл, күлкішілдік я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық сияқты ой кеселінен қашық болу керек» дейді. Яғни, Абай естігенді еске сақтау үшін ынта, зейін қоя тындаудың, естігенді ой елегінен өткізіп, жақсыдан ғибрат алудың, ал жаманнан жиренудің тәлімдік мәніне ерекше тоқталған. Ұлы ойшыл өзінің еңбектерінде тәрбиенің рөліне тоқтала келе, адам дүниеге ақылды не ақылсыз зұлым, не ақ ниетті болып келмейді, адамның моральдық қасиеттері оның өмірден алатын тәлім-тәрбиесінен туындайды деп қараса ұлы ақын Абай да, «Адам баласының туысы, өсуі, тойуы, ашығуы, қайғысы, қазасы, дене бітімі, шыққан жері, бармақ жері - бәрі бірдей. Яғни, табиғаты, қоршаған орта бір болғанмен, тәлім-тәрбие түрлі-түрлі болғандықтан, олардың ақыл-ойы, мінез-құлқы алуан түрлі болып келеді. Оның бәрі тірбиеге байланысты. Адам мінезін тәрбие арқылы түзеуге болады» деген қорытындыға келеді.

Фарабидің пікірінше әлемдегі жаман мен жақсыны тек адам арқылы ғана ажырата алады. Ақылды болу үшін ғылым меңгеру, өнерге жетілу қажет. Осы жолда өмір бойы еңбектеніп, әрекеттенген абзал, мұның өзі адамға зор бақыт. Бірақ дүниеде жалғыз жүріп бақытқа жетуге болмайды, ол үшін бірлесіп, қоғамдасып әрекет ету керек. Адам алдымен ойлы, парасатты болуға, ақыл ойының жан- жақты дамуына көңіл бөлуі қажет. Білім мен өнерді меңгергеннен кейін адамда белсенділік, іскерлік, парасаттылық пайда болады. Сөйтіп, адам біртіндеп логикалық ойларға машықтанады, теориялық білім өз бетінше меңгеруге әдеттенеді деп қарады. Ал Абай да өзінің бірнеше өлеңдері мен қара сөздерінде «дүниенің кілті өнер мен ғылымда тұр. Бар малыңды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң балаң тапсын. Ғылымсыз ахырет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан оразаң, қылған каж, ешбір ғибрат орнына бармайды. Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға, әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмей іздегенмен табылмас. Білім-ғылымда бақастық, күндестік, күншілдік, менмендік үшін үйренбей орынды жеріне жұмса, ғылымның ақылды сақтай тұғын мінез деген салты бар. Сол мінез бұзылмасын. Ақылды, арды сақтарлық мінез беріктігі болсын» дейді.

Фараби мен Абайдың адамдар арасындағы достық, қастық қарым-қатынасты, достықтың екі түрлі болатыны жайында айтқан игі пікірлерінде де үндестік бар. Фараби достықтың екі түрі барлығын, оның бірі - адал дос, екіншісі- алдамшы дос екенін саралап берсе, Абай осы ойды әрі қарай жалғастырып, «Малға достық мұңы жоқ малдан басқа; араларында шара жоқ алдамасқа» ар ұжданы, ынсап-ұяты бәрі сатулы бір күн ішінде дос болатын екі жүзді алдамшы жандарды сынай келе әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады. Әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді. Әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан арсыз келеді, әрбір арсыз жалқау сұрамсақ, өзі тойымсыз, өзі тыйымсыз, өнерсіз ешкімге достығы жоқ жандар шығады» - деп достық пен қастық, өтірік-өсек пен жалқаулықтың, сақи мен сараңның түп төркінінің қайдан шығатынына терең талдау жасаған. Абай уәдеге берік, алған беттен қайтпайтын, досы үшін жанын беретін «айнымас дос қайда бар?» деп жар салады. Адам болам десең бар асыл қасиеттерді бойыңа үйір қыл. Бас асыл істің жолына бар өміріңді сарп ет. «Ол талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» деп өсиет айтты. Ал оған жету үшін жаманнан жирен, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік пен мал шашпақтық әдеттерден аулақ бол. Сонда толық адам боласың дейді. Абайдың бұл пікірі Әл-Фарабидің «парасаттылық, табандылық пен қажыр-қайратқа, зор еңбекке байланысты. Зиялы адамның жақсы мінезінен, білім дағдысынан, адамгершілік қасиетінен туындайды» деген пікірмен үндесіп жатыр.

Абайдың «Өнерпаз болсаң арқалан» деген өлеңінде ақыл-парасаты мол, адамгершілігі жоғары азаматтың бойынан осы қасиеттерді іздеді. Адам деген атты ала отырып, надан қалуға хақың жоқ, бойыңдағы барыңды халқыңның қажетіне жұмса, сонда ғана елің сүйген адал ұл боласың, қайрат пен ақылды, әділет пен имандылықты бірдей ұстасаң өнер де білім де қонады.

«Ғылымды болу үшін үнемі сол ғылымның жолында болу қажет» - дейді ғалым бабамыз. Арада мың жыл өткеннен кейін дәл осындай пікірді өзінің «отыз екінші сөзінде» Абай да айткан. «Көңілінің өзге нәрседе болса - дейді Абай - білім, ғылым қонбайды. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі...

Ғылымды үйренгенде ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек».

Фараби еңбектерінде ұстаз бен шәкірттің ара қатынасы, олардың моральдық бейнесі қандай болу керек?» деген еңбегінде ол былай дейді. «Мұғалімдік (ұстаздық) еткен адамның өлшеуі (әдіс) тым өктем (қатаң) болмасын және тым асыра босаңсытқан төмендікпен де болмасын. Егер тым қатты үнемі ызғарлы болса, онда оқушылар мұғалімін жек көретін халге келеді. Егер де өте босатып жіберген кішіпейілділік болса, онда оқушылар жағынан мұғалімді кем санау, оның ғылымына жалқау қарау қауіпі туады». Ұстаз ескерер тағы бір жәйт,- дейді. Фараби - бұл шәкірттің мінез-құлқындағы жағымсыз мінезді, ұнамсыз қылықты болдырмау, оның бойында жақсы қылықтарды қалыптастыруына мүмкіндік беру. Мінезділік бақытты болудың басты шарттарының бірі деп карады. Мінездің кедейлігінен кейбір адамдар қолдағы бақытынан оп-оңай айырылып қалып, тіпті бақытсыздыққа да ұшырайды дейді. Ұстаз өз шәкіртінен адалдық, сыпайылық, ізгілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерді көргісі келсе, онда оның өзінде де осы қаситеттердің болуы шарт деп қарады. Ұлы ақын Абай:

«Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас,

Үйретуден балаға», деп ұстаздарға зор талап қойды.

Сонымен, Әл-Фараби мен Абайдың психологиялық, педагогикалық ой-пікірлерінің үндестігі олардың философиялық көзқарастарының бірлігін көрсеткендей. Өзінен бұрын өмір сүрген Әл-Фараби, Диуани, Жалаири, Бабыр, Науаи, Шамсы, Фердауси, Омар Хаям сияқты ғұлама ғалымдарды пір тұтып, олардан оқып үйренуді мұрат еткен ұлы Абай өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге, ұстаз болған қазақ топырағынан шыққан шығыстық ойшылдардың бірі.

 






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных