ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
АЗАҚТЫҢ СЫНШЫЛ ДАНАСЫИзатова Г
Үлкен сөз маманы ірі ғұлама Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында ұлы Абайдың өлеңдерін алғаш оқығанда өзінің алған әсеріне байланысты былай деп жазады: «1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады... Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі... Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын қасиетін, біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды да сынайды». Өлеңдерінің сазы да сыры да бұрынғы ақындар сөзінен мүлде ерекше жаңа екенін ұлы ақынның өзі де ескертеді.
«Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей, Шу дегенде құлағың тосаңсиды, Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей», - дейді.
«Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар», «Сөз түзеледі, тыңдаушы сен де түзел» деп талап қояды. А.Байтұрсыновтың Абай сөздерін ұғу - «оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады» деуі де сондықтан. Абайдың шығармаларын мектепте оқытқанда, оқушылар ұлы ақынның сөдерінің ең алдымен, ішкі сырын ұғуына айрықша назар аударылуы керек. Абай оқығаны, білгені мол, білімі терең дана ақын болғандықтан, оның шығармаларында дүние, өмір, тіршіліктің мағынасы, адам және қоғам, болашақ туралы толғаған ойлары да терең. Абайдың асыл әдеби мұрасынан философиялық категориялардың алуан түрлі көріністерін табуға болады. Абай дүниенің болмысын, оның болған және бола беретіндігін, табиғаттың өмір сүру заңдылықтарын түсінген. Ол табиғат құбылыстарының сырын, дүниенің бір қалыпта тұрмайтындығын, жаратылыстың бар нәрселері бір түрден екінші түрге ауысып, өзгеріп жататындығы, мұның өзі дамудың табиғи заңдылықтары екендігін таныған. «Дүние бір қалыпта тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бір қалыпта тұрмайды. Әрбір мақұлыққа құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ» - дейді Абай (20-қара сөзі). Абай дүниені ағып жатқан суға теңейді. Оның түсінуінше, бір құдайдан басқа нәрселердің бәрі өзгеріп жатады. Ақын «Тоты құс түсті көбелек» деген өлеңінде былай дейді:
Тоты құс түсті көбелек, Жаз сайларда гулемек. Бәйшешек солмақ, күйремек, Көбелек өлмек, сиремек.
Абай бұл жерде дүниеде еш нәрсенің мәңгілік емес екендігі туралы айтады. Бірақ бүгінгі бар нәрсенің ертең жоқ болатындығы - біржола өшіп кету емес екендігін, бұл - табиғат құбылысының бір күйден екінші күйге ауысуы екендігін түсінеді. 37-қара сөзінде:»Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?!» - деп анықтама береді. «Дүние үлкен көл, заман - соққан жел. Алдыңғы толқын - ағалар, артқы толқын – інілер,кезекпенен өлінер баяғыдай көрінер» − деп, осы құбылыстардың бәрі дамудың заңы екендігін көрсетіп, үлкен даналық ой түйеді. Абайдың философиялық ойларында таным мәселесіне айрықша назар аударылады. «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады, - дейді Абай. - Біреу - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады... Біреуі білсем екен демекілік... «ол немене!», «бұл немене!», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап,тыныштық көрмейді». Абай адамға туған күніннен тән осы екі түрлі мінездің біріншісін - «тән құмары, бұлар болмаса, Абайдың өз сөзімен айтсақ: «тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді». Ал жан құмары өтелмесе, адамдық қасиет жоғалады деп санайды Абай. «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан - адам жаны болмай, хайуан жаны болады», - деп қорытынды жасайды(7-қара сөзі). Абай таным таным процесінде сезім мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Адамның дүниедегі құбылыстардың сырын тануында сезімнің үлкен рөл атқаратындығын айтады. Адам ата-анадан туғанда есті болмайтындығын, естіп, көріп, ұстап, татып - осылар арқылы дүниедегі жақсы мен жаманды танитындығын дәлелдейді. «Сондайдан көргені көп, білгені көп адам - білімді болады», - дейді Абай(19-қара сөзі). Дүние тану процесінде Абай ақылға ерекше мәе береді. Әр түрлі құбылыстардың, сан алуан көріністердің себептерін, мәнісін дұрыс түсіну үшін, оларды ақыл таразысына салып, әбден өлшеу керек дейді Абай.
«Ақыл енбей сенбесеңіз, Бір іске кез келсеңіз... Ақыл-мизан, өлшеу қыл», − деп кеңес береді («Ғылым таппай мақтанба» өлеңі). Ақыл – адамға ғана тән жоғары қасиет деп сипаттайды Абай. Данышпан ақын дүние құбылыстарын ұғыну мәселесінде ғылымға үлкен мән берген. Ғылым – адамның танымдық қызметінің ерекше түрі екенін терең түсінген. Ғылымның қоғам өміріндегі рөлін жоғары бағалаған. Толық адам болу үшін «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау керек» дейтін Абай, ғылымды осы үш асыл қасиеттен де жоғары қояды. «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек» дейтін өлеңінде ақылға, қайратқа, жүрекке сипаттама бере келіп: «Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, Ғылым сол үшеуінің тілін білмек» − дейді. Абай ғылымның дүниеге өзгерістер енгізетін құдіреті барын, ққұдай жасаған кереметтерді ғылымның күшімен қолмен жасауға болатындығын айтады. Ойшыл ақынның үлкен мән берген мәселесінің бірі адам туралы мәселе. Абай адамның табиғатын зерттегенде, оның жануарлар дүниесінен ерекшелігін, яғни жаратылысының артықшылығын көрсететін үш түрлі қасиетін атап айтады. Адамның ол қасиеттері: ерік, сезім, ақыл. Абайдың түсіндіруінше, ерік - қайраттың ісі, сезім - жүректің ісі, ақыл - сананың ісі. Осы үш қасиетті бойына жиған адамды Абай «толық адам» деп санайды. Өткен замандардағы ұлы ойшылдардың бәрі де адамды дүниедегі ең асыл нәрсе деп бағалаған. Жеке адамның ақыл-ой және мінез жағынан жетіле дамып, толық адам болуы жайында терең мағыналы пікірлер айтқан. Адамның бойындағы ең басты сипаттар қандай болмақ және олар қалай қалыптаспақ деген сұрауларға жауаптар іздеген. Абай 38-қара сөзінде осы сұрауға «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады», - деп жауап береді.Адам болудың басты шарттары ретінде Абай бес нәрсені көрсетеді. Олар: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым. Бұларға қарама қарсы бес нәрсені адамдықтың дұшпаны деп көрсетеді. Олар: өсек, өтірік, еріншектік, мақтаншақтық, бекер мал шашушылық. Абай жастарға: «алдыңғы бесеуіне ғашық бол, соңғы бесеуінен қашық бол», - деп насихат айтады.Жастардың адам болу үшін алдарына мақсат қойып, соған жету үшін талпынуы, ізденуі, ерінбей еңбек етуі керектігін ескертеді. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, не болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал. Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен? Не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбейтіндей қылықпен өткізіпсің? Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» − дейді. Абайдың дүниетанымында құдай мен дүниенің байланысын, табиғат пен адамның, тән мен жанның байланысын ұғу туралы мәселе ең маңызды орын алады. Абай ерте заманның философтары: Сократ, Платон, Аристотельдің еңбектерін оқыған. Сол философтардың есімдері, айтқан пікірлері Абайдың шығармаларында кездеседі. Қазақтың данышпан ақыны Абай Платонның «Диалогтарымен», Ксенфонттың «Сократ туралы естеліктерімен» таныс болғаны 27- қара сөзінің мазмұнынан көрінеді. Кемеңгер Абай ежелгі грек философтарының пікірлерін олардың сол айтқан қалыптарында қайталамайды. Өзінің ойларын олардың ойларымен жарастырады. Олардың кейбір пікірлеріне келіспейді. Мысалы, Абай Сократтың дүние мен адамды жаратушы - құдай деп түсінгенін қуаттайды, бірақ адамның барлық іс-әрекетін құдайдың өзі істетеді, құдай оның бәрін өзі көріп-біліп отырады деген пікіріне қосылмайды. «Егер құдай еңбек сүймейтін бір оңбағанға мал берсе, құдайдан тілеп еңбек еткен кісінің еңбегін жандырмай, қатын-баласын асырауға мүмкіндік жасамай кедей қылса, бір момынды ауыртып, ұры мен залымның денін сау етсе, әке-шешнсі бір екі баланың бірін есті, бірін есер етсе, тамам жұрқа бұзық болма, түзу бол деп жарлық шашып, Алла өзінің құдіретімен біреуді жамандыққа мейірлендірсе - осының бәрі құдай тағаланың ғайыпсыз мінезіне, рақымдылығына лайық келе ме?» - деп сұрау қояды Абай. Бұл сұрауға өзі тіке жауап береді: «Жақсылық пен жамандықты жаратқан құдай, ләкин қылдырған құдай емес; ауруды жаратқан - құдай, ауыртқан құдай емес; байлықты, кедейлікті жаратқан - құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес», - дейді. Абай құдайдың барлығына сенеді. Шындық, әділет, адамгершілік, махаббат сияқты ізгі нәрселер - Алланың әртүрлі сипаттары деп ұғады. Және құдайды залымдарды жазалаушы деп түсіндіреді. Абай атеист емес. Бірақ өз заманындағы дін иелерінің арамдығын, халықты алдаған екіжүзділігін қатал әшкерелеген. «Отыз сегізінші сөзінде» дін иелеріне мынадай сипаттама береді: «Бұл заманның ишандарынан бек сақ болыңдар. Олар фитнә, залым бұлардан залалдан басқа еш нәрсе шықпайды... көбі надан болады... сөйлегені - жалған...». Абайдың жан мен тән туралы дүниетанымын кеңірек білдіретін шығармасы - «Көк тұман алдыңдағы келер заман» деген өлеңі. Адам өмірінің өлшеулі екені жайында ой толғай келіп, ұлы ақын жан мен тән жөнінде мынадай пікір түйеді: Ақыл мен жан - мен өзім, тән - менікі, «Мен» менен «менікінің» мағынасы - екі. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «Менікі» өлсе өлсін оған бекі. Абайдың түсінуінше, жан мен тәннің айырмашылығы: тән өледі, оның өмірі өлшеулі, ал жан - өлмейді, ол - мәңгілік. Абайдың бұл жерде «жан» деп отырғаны – адам өлгенде кеудесінен ұшып шығып кететін, молдалар айтатын «шыбын жан» емес. Абай «жанды» адамның рухани қасиеті ретінде қарайды. Яғни «жан» деген сөзді «ақыл», «сезім» деген сөздердің баламасы ретінде айтып отырғаны аңғарылады. Ақыл мен сезім - рухани байлық болғандықтан, ол тәнмен бірге өлмейді, мәңгі жасайды. Ақыл-ой сөзі кейінгі ұрпаққа мұра боп қалған адамның аты өмірден еш уақытта өшпейді, ол - әрқашанда тірі. Өлмейтін «мен» (жан) туралы ойын ұлы ақын былай қорытады: Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес. «Мен» мен «менікінің» Айырылғанын «Өлді деп ат қойыпты өңкей Білмес... Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына із қалдырған. Тән мен жан біріне-бірі байланысты емес, тән өледі, жан қайтадан тіріледі дейтін діни көзқарасқа Абайдың пікірі қарама-қарсы. Абай жан мен тәнді бір-бірімен тығыз байланысты деп қарайды. Оның көзқарасынша, жанның адам жетілуі үшін тәннің саулығы керек; сол сияқты тәннің өсіп толығуы үшін оған керек болатын рухани азық керек. Абай бұл рухани азықты - «жанның тамағы» деп атайды. Абайдың құдай мен адамның ара қатынасы жөніндегі пікірі атеистік көзқарасқа жатады. Деизм өкілдерінің пікірінше, құдай - барлық нәрсенің жаратушысы, бірақ ол табиғаттың да, қоғамның да, адамдардың да күнделікті іс-әрекеттеріне, тіршілігіне араласпайды. Ұлы ғұлама ақынның шығармаларында этика, мораль мәселелеріне байланысты терең ойлар айтылады. Оның бұл ойлары өзінің ағартушылық, демократтық идеясымен сабақтасады. Абай үш мәселені: бірінші - надандықты, екінші - еріншектікті, үшінші - залымдықты ең қауіпті кеселге санайды. Бұлар «күллі адам баласын қор қылатын» кеселдер дейді (38-қара сөзі). Абайдың пікірінше, ғылымы-білімі болмағаннан кейін ол – парықсыз. Дүниеден ешнәрсені білмейді. Бар ойлайтыны құлқыны ғана болады. Білімсіздікті Абай хайуанға теңейді. Ал Хайуанға ұқсаған кісінің жүрегінде ешқандай мейірімді сезім болмайды. Ақын еріншектікті - күллі өнердің дұшпаны деп есептейді. Талапсыздық, жігерсіздік, жалқаулық, ұятсыздық секілді нәрсенің бәрі содан шығатынын, еріншектердің арсыз болатындығы айтады. «Үшінші қара сөзінде» Абай еріншек, жалқауға мынадай сипаттама береді: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады. Әрбір қайратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді. Әрбір мақтаншақ қорқақ ақылсыз, надан келеді. Әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан... тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады. «Залымдық - адам баласының дұшпаны», - дейді Абай. Алдау, арбау, қулық, екіжүзділік, жалақорлық, күншілдік мінездерді залымдық деп қатаң сынайды. Момын жұртты алдап-арбап қулықпен пайда табатын пысықтарды екіжүзді сұрқияларды, домалақ арыз жазғыш жалақорларды, ұятсыз арсыз, құнсыздарды ақын өлтіре әшкерелейді. «Жақсы менен жаманды айырмадың, бірі хан, бірі май боп екі ұртың» деп, күншіл адамдарды, «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деп пәлеқұмар залымдарды, «Бас – басына би болған өңкей қиқым, мінекей бұзған жоқ па елдің сиқын» деп өнегесіз, баққұмар, малқұмар надан әкімдерді аяусыз шенейді. Ұлы ақын «күллі адам баласын қор қылатын» кеселдерді өткір тілмен түйреп, айыптап әшкереулемен қатар, адамгершілікке жат сол ұнамсыз мінездердің қайдан шығатынын, яғни түпкі төркінін де көрсетеді. Абай адамның дұрыс болып қалыптасуында еңбек зор рөл атқарады деп түсінеді. Ғылымға, өнерге, бақытқа бәріне адам тек еңбекпен жететіндігін, бұлардың бәрі құдайдан келетін сый емес екендігін түсіндіріп, еңбекті сүймеушілік адамды теріс жолдарға түсіріп бұзатындығын дәлелдейді. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деп философиялық үлкен ой түйеді. «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының «жаманшылыққа үйір бола беретұғынының себебі - жұмысының жоқтығы», «төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым секілді ңәрселерге салынса, бұлай болма еді», - дейді Абай (3 және 42-қара сөздері). Адам баласының қор қылатын, адамдықтың дұшпаны болып табылатын кеселдерді қалай жоюға болады? Арын, адамгершілігін жоғалтып, теріс жолға түскен адамдарды қалай түзеуге болады? Бұл мәселеде ұлы ақын үш нәрсе оңдай алады деп ой тұжырымдайды. Олар: 1) еңбек; 2) билік жүргізетін өкімет; 3) адамның жүрген ортасы. Абай адал еңбекті адамның барлық рахатының көзі деп санайды. Еңбекті сүйген адамның жан қасиеті ізгі болатындығын көрсетеді. Сондықтан «сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» дейді. Билік жүргізетін өкіметтің құдіреті жайында ұлы ақын 41-қара сөзінде мынадай пікірді айтады: қазақтың кемшілігін түзеу үшін ең әуелі «бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек» дейді. Абайдың пікірінше, зор өкімет және қолында билік бар күшті кісі қисықтардың бәрін түзей алады. «Үлкендердің қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп... бірін сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып», дұрыс адамдық жолға түсіруге болады дейді Абай. Ұлы ақынның ойынша, тәрбиеге көнбейтін, тәртіпке бағынбайтын түзелмейтін адам болмайды. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», - дейді (37-қара сөзі). Философ Абай адамның дұрыс адам болып қалптасуына оның жүрген ортасы зор ықпал ететінін терең түсінген. «Адам баласын замана өсіреді». Кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі кінәлі», - дейді Абай (37-қара сөзі). Абай жастарды арлы болуға шақырады. Осы тақырыпқа арнаған өлеңдерінде арлы азамат болу үшін адамға қандай қасиеттер керек екендігін насихат қып айтады. Ақын былай дейді:
«Кемді күн қызық дәурен тату Өткіз, Жетпесе біріңдікін бірің Жеткіз. Күншіліксіз тату бол шын Көңілмен, Қиянатшыл болмақты естен Кеткіз.
Данышпан ақын Абайдың ізгі адамгершілік қасиеттерге үндеген асыл сөздері мәңгі жасап, ұрпақтарының жүрегіне әрқашанда нұр төгіп тұрады.
Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|