ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
НҰҒЫМАН МАНАЕВ ТУРАЛЫ СӨЗСейталиев Қ. Халқымыздың тарихы мен мәдени өмірінде өзіндік із қалдырған, күшжігері мен білімін туған халқының болашағы үшін сарп еткен, кезінде сталиндік тоталитарлық саясаттың құрбаны болған майталман ағатушы-педагог, белгілі қоғам қайраткері, әдебиетші, ғалым, жуналист, аудармашы Нұғыман Манаевтың ағартушылық-педагогикалық көзқарасына тоқталуды жөн көрдік. Нұғыман Манаевтың сан-салалы ғылыми-педагогикалық,ағартушылық және шығармашылық мұрасы күні бүгінге дейін зерттелмей елеусіз қалып келеді. Қазіргі ұрпақ оның кім екендігін, халқымыз бен егеменді елеміздің қилы кезеңдерінде еңсесін көтеруге қаншалықты еңбек сіңірген ақиық азаматтарының бірі екендігін білмейді. Нұғыман Манаев - қарапайым ауылдық мұғалімнен көрнекті мемлекет қайраткеріне дейін көтерілген, республика мәдениетінің өсуіне, халқының рухани дамуына атсалысып, оқу-білімге, халық ағарту жұмыстарына белсене араласып, үлес қосқан ұстаз. Оның педагогикалық көзқарасы қоғамдық-саяси жұмыстарымен ұштасып, сабақтасып жатады. Жастайынан бұқара халықтың қара түнек қараңғылықта келе жатқанын көріп, одан шығудың бірден-бір жолы халықтың сауатын ашып,білім беруде екенін, соның арқасында ғана әлеуметтік теңдікке жету мүмкін екендігін түсінген ол Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, өзінің барлық күш-жігерін сан алуан қызметтерімен, ғылыми-шығармашылық еңбегімен қатар халқының мәдениетін көтеруге, жастарға білім мен тәрбие беру ісіне арнады. Оның ұстаздық, қоғамдық-шығармашылық қызметін белгілі кезеңдерге бөліп,саралап қарастыратын болсақ,негізінен,үш үлкен кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – Нұғыман Манаевтың ұстаз, ағартушы ретінде қалыптасу кезеңі. Бұл мерзім 1917 жылға дейінгі, яғни, оның «Ғалия» медресесін бітіріп, өз туған ауылына мұғалім болып оралуы (1916 жыл). Екінші кезең – оның ауыл мұғалімінен көрнекті мемлекет қайраткері деңгейіне дейін көтерілуі яғни, 1916 жылдан бастап, 1932 жылға дейінгі әр түрлі уездік, губерниялық, республикалық деңгейдегі жауапты жұмыстарды атқаруы. Үшінші кезең - Нұғыман Манаевтың ғылыми-шығармашылық жұмыспен айналысуы. Нұғыман Манаев 1894 жылы 17-қыркүйекте бұрынғы ішкі Бөкей ордасы Екінші Теңіз бойы окрругінде (қазіргі Құрманғазы ауданы Атырау облысы) орыс селосы Жанбай деп аталатын қасиетті топырақта дүниеге келді. 1847 жылы бұрынғы Ішкі Бөкей ордасында хандық жойылып, Бөкей ордасы Астрахан губерниясының құрамына кірді, Бөкей ордасы әкімшілік жағынан Тарғын, Қалмақ, Таловка, Қамыс-Самар, Нарын болып бес бөлімге және Бірінші теңіз бойы, Екінші теңіз бойы болып екі округке бөлінеді. Төңкерістен кейін бұл өңір Үш шеркеш округі деп аталған болатын-ды. Осы өңірде туып-өскен Нұғыман жастайынан жоқшылық пен тұрмыстың ауыртпалығын басынан кешірді. Нұғыман алғаш рет ауылдық молдадан сауат ашып,білімін өз бетінше ары қарай жалғастырды. 1907 жылы Уфа ққаласындағы атақты «Ғалия» медресесіне келіп оқуға түсуге тілек білдіреді. Бірақ оның оқуға түсуіне білімі жетпеді. Өз бетінше оқуға түсуге даярланып, Уфаның «Шығыс баспасында» жұмысшы болып істейді. Уфа қаласындағы кезең Нұғыманның дүниетанымы мен көзқарасының қалыптасуы-на, жеке басының шыңдалуына орасан зор әсер етті. Уфа қаласында шығатын қазақ зиялыларының еңбектерімен танысып қана қоймай, сол кездегі Шығыстағы мәдени-білім ошақтарының бірі саналған Уфада орыс, қазақ, татар, башқұрт зиялыларының еңбектеерімен, олардың өздерімен жүзбе-жүз танысуға мүмкіншілік алды. Бес жылдан кейін, тек ғана 1912 жылы Нұғыман Манаев 18 жасында «Ғалия» медресесіне озқуға түседі. Шын мәнінде, «Ғалия» медресесі түрік тілдес халықтардың бәріне ортақ, бірде-бір прогресшіл бағыттағы жоғары оқу орны, халық азаттығын армандаушылардың сана-сезімдерін оятатын ақыл-ой орталығы болды. «Ғалия» медресесінде белггілі ұстаздары Сәлімгерей Жантурин, Ғалымжан Ибрагимов(татардың классик жазушысы), Мәжит Ғафури, Зия Камали сияқты (башқұрттың белгілі ағартушылары) ғұламаларының алдынан дәріс алды. Медресе қабырғасында қазақтың белгілі ақын-жазушылары Бейімбет Майлинмен бірге оқып, өзінен екі жыл бұрын оқыса да, Мағжан Жұмабаевпен (1910 жылы түсіп, 1914 жылы бітірген) жете таныс болды. Медресенің қоғамдық жұмыстарына Бейімбет Майлинмен, Мағжан Жұмабаевпен бірге белсене араласып, сонымен қатар башқұрттың атақты жазушылары, ақындары Саифи Құдашпен, Шайхзада Бабичпен бірге оқығандығын әр уақытта да мақтан етіп жүрді. Башқұрт әдебиетінің классигі Сайфи Құдаш 1964 жылы Мәскеуден шыққан «Ұмытылмас сәттер»деп аталатын кітабында «Ғалия»медресесінде Нұғыманның өзімен бірге оқыған сәттерін еске ала отырып, оның азаматтық қасиетін, дарын иесі екендігін ерекше бағалайды. Нұғыман медреседе қаншалықты беделді болғандығы туралы айта келіп, оның пікірімен бірге оқыған тұстастары ғана емес, Ғалымжан, Мәжит сынды ұстаздары да санасқандығын ерекше атап өтеді. Ғалия» медресесінде оқыған кезінде Нұғыманның әдебиетке, өнерге, журналистикаға көзқарасы қалыптасып, жаңа бір шығармашылық қырынан таныла бастады. Ол Бейімбет Майлинмен бірге «Садақ» деп аталатын қолжазба журнал ұйымдастыруға мұрындық болып, редакторлық жұмысын өзі атқарды. Сол кездегі қазақ ғалымдарының кеңінен қатысып, үлкен әлеуметтік-қоғамдық мәні бар мәселелерді көтергені белгілі. «Айқап» журналына үзбей қатысып, мақалалары мен еңбектерін жариялады. 1915 жылы онда «Аяқталмаған романнан үзінді»аты еңбегін жариялаған болатын. Оның журналист әрі жазушы ретінде қаламының шыңдалуына журналдың рөлі зор болды. Н.Манаев 1916 жылы «Ғалия» медрресесін үздік бітіргеннен кейін өзінің туған ауылына оралып, ұстаздық еңбек жолын бастаған еді. Ол кезең қазақ ауылында мектептің де, оқулықтар мен оқу құралдарының да жоқтығы өз алдына, маман ұстаздарға да зәру болатынды. Ұзтаздық қызметті Нұғыманға тақыр жерден бастауға тура келді. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, мектеп ашу, қазақ жастарын кенже қалған өнер-білімге тартуды мақсат тұтты. Ол міндеттерді орындау Нұғыманға оңайға түскен жоқ. Ауылдың ақсақалдарымен ақылдасып, жергілікті халықтан қаражат жинап, болашақ «Талап» мектебінің іргетасын қалап, мектеп үйінің құрылысын жергілікті халықтың күшімен тез арада аяқтап, ұстаздық жұмысын бастап та кетті. Н.Манаев ауыл мектебі жағдайына халқымыздың тұңғыш ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің білім беру жүйесін енгізіп, Абай мен Ыбырай шығармаларын өз жұмысында кеңінен пайдаланып, шәкірттермен жүргізілетін білім мен тәрбие жұмысына арқау етті. Осы өңірде бұлармен қатар болашақ мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімді курс ұйымдастырды. Қазіргі Құрманғазы, Исатай аудандарының аумағы бұрынғы Екінші теңіз бойы оругіне қарасты болғандықтан, сол өңірде жемісті еңбек еткен ұстаздардан белгілі халық ағарту ісінің майталмандары Сейітқали Мендешевтің, Салахидин Сарталиевтің, Ғалиден Қазбековтың, Хамидолла Наубетовтың, Алпан Құдайбергеновтың есімдерін Нұғыман Манаевпен қатар айта аламыз. Олардың осы өлкеде ағарту ісін дамытудағы еңбегі ұшан-теңіз. Н.Манаевтың ұсынысымен ауылда ашылған қысқа мерзімді курстар арқылы даярланған мұғалімдер бастауыш мектептерде сабақ беруде және ересектердің арасында сауатсыздықты жоюда біршама жұмыстар атқарды. Ол жергілікті халықтың арасында ерекше беделге ие болды, үлгілі ұстаз атанды. Оны бүкіл ел қастерледі. Жергілікті газеттердің бәрінде оның ұстаздық іс-тәжірибесі, шәкірттерді оқыту әдістемесі туралы мақала жарияланды. 1917 жылы сәуір айында Орда қаласында өткен Бөкейлік қазақтардың губерниялық съезіне Нұғыман Манаев Екінші теңіз бойы округі бойынша делегат болып қатысты. Қазан төңкерісін еңбекші жерлестерінің қалың ортасында күмәнсіз сеніммен қабылдады да, осы идеяның кейіннен жалынды насихатшысы болды. 1919 жылы Астрахан қаласындағы төңкеріс комитетінің жұмысына шақырылады да, 1920 жылы Коммунистік партияның қатарына мүшелікке өтеді. Нұғыман Манаев төңкеріс комитетінің тапсырмасы бойынша қазақ ауылдарында жергілікті Кеңестер жұмысына, кедейлер комитетінің оқу орындарының жұмысын басқаруға, азық-түлік дайындау, т.б. сан алуан жұмыстарға араласты. 1923 жылы Ордаға шақырылып, губерниялық деңгейдегі жетекші жұмыстарды атқаруға тура келді. 1925 жылы Бөкей және Орал губернияларының бірігуіне байланысты Н.Манаев Орал губерниясының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Бұл жерде айта кететін жайт: Астрахан губерниясының құрамына кірген Бөкей даласы 1919 жылдан бастап өз алдына облыс болды. 1921-1925 ж.ж. губерния деп аталды. Сол 1925 жылы уезд құқымен Орал губерниясының құрамына кірді де, Бөкей уезі деп аталды. Н.Манаев 1925 жылдан 1929 жылға дейін Жетісу губерниялық, Ақтөбе округтік партия комитеттерінің бірінші хатшысы жұмысын атқарды. Қандай жауапты жұмыстарды атқарса да, уақыт талабының алғы шебінде еңбек етіп, ел алғысына бөлене білді. Н.Манаев өлкелік партия комитетінің бюро мүшелігіне, Қазақ республикасының халық ағарту комиссары болып 1929 жылы тағайындалды.Ол кезде халық ағарту комиссариатының жұмысы сан арналы болатын. Тек қана мектеп пен оқу орындары мәселесімен айналысып қойған жоқ, сонымен қатар мәдениет, өнер, әдебиет, театр, баспа ісімен айналысты. Әсіресе, 1930 жылдардың бас кезінде ерекше мән берілген мәселе Қазақстанда жалпыға бірдей бастауыш білім беру туралы заңды оындау, мектептер ашу, ауыл мектептері үшін мұғалім кадрларын даярлау, сол мақсатта жоғары оқу орындарын ашу жұмыстарымен шұғылданды. Жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдардың бас кезінде Нұғыман Манаев Қазақ республикасының Халық ағарту комиссары қызметін атқара жүріп, сол кездегі халық ағарту ісінің, мәдени құрылыс, мұғалім кадрларын даярлау, ағарту майданының көкейкесті мәселелерімен қатар қала мен ауыл балалары арасындағы оқу, тәрбие, тұрмыстық алшақтық туралы, жаңа әліпті екі жыл ішінде жүзеге асырудың шаралары мен әдістері,кеңсе ісін жаңа әліпті көшіру,оқулықтар мен оқу құралдарын шығару туралы проблемаларды қозғап, ұстаздар қауымының жанашыр серігі, ғылыми-педагогикалық және әдістемелік ой-пікірдің насихатшысы болған «Жаңа мектеп» журналының бетінде бірнеше мақалалар жариялады. Журналдың белсенді, ағартушыларының бірі болды. Мәселен, 1929 жылы «Жаңа мектеп» журналының №6 санында Нұғыман Манаевтың «Мәдениет аттанысында шабандық бар» атты еңбегі жарияланды. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|