ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
УЕЗОВ МҰРАСЫ - ҰРПАҚ ҚАЗЫНАСЫАлдабек Н. Әдебиеттегі ең басты тұлға - адам. Қандай да болсын көркем шығарманы талдаған уақыттағы ең бір көкейкесті проблема – кейіпкердің шынайы бейнесі. Әсіресе тарихи көркем шығармада кейіпкер тұлғасы тұрғысында сөз болғанда оның күрделілігіне жете назар аударатынымыз рас. «Көркем образ жасау - тарихи деректердегі кейіпкер бейнесін сол қалпында көшіріп алу емес, оған жарып шыққан гүл сияқты әдемі көрік, даралық сипат беру». Бұл барлық қаламгерлердің ұстанатын негізгі ұстанымдарының бірі. Ал М.Әуезовтің тарихи шығармаларындағы оқиға кейіпкерлері шағын, бірақ ешкімге ұқсамайтын дара, кесек тұлғалар. Әрине жазушы тарихи деректен тым алыстамайды, бірақ өзіндік тұжырымын ұстанады. Шындығында да көркем дүниедегі болмысты кейіпкерлер арқылы біз көз алдымызға елестетіп, олардың жасайтын іс-әрекетінің жақсысына сүйініп, жаманына күйініп, автормен бірге толқып, толғанып отыратынымыз ақиқат. Шығарманың тарихи болу-болмауы да шығарма кейіпкерлеріне, олардың мінез-құлықтарының белгілі бір тарихи дәуір шындығына сай келуімен тығыз байланысты. Сонда ғана кейіпкер тарихи тұлға бола алады. Себебі қандай бір шығарма болсын ондағы кейіпкерлер сол дәуірдің тыныс-тіршілігінен, әр түрлі қоғамдық жайлардан хабар беретіні сөзсіз. Ал «жазушы өз шығарасының арқауы, сюжеттік негізі етіп алып отырған оқиғалардың деректе сақталмаған немесе көрініс таппаған беттерін өз тарапынан ойлап табатындықтан кейіпкердің тарихи тұлғасы сол заман биігімен өлшеніп отырады». Көркем тұлғаның да өз табиғаты бар. Оның қыр-сырын, көзге көріне қоймайтын құпия беттерін тани білу әрбір жазушының өзіндік ерекшеліктерін байқатады. Көркем ойға ерекше шырай беріп, жан бітіретін басты бөліктерінің бірі саналатын образ шындығына, мінез даралығына жазушының ерекше мән беретіні осыдан болуы керек. Бұлретте жазушы «Қилы заман», «Хан Кене» сынды тарихи туындыларындағы кейіпкерлерді бейнелеуде суреткерлік қиялға да кеңінен орын беріп, архив құжаттары мен деректерін аса бір талғампаздықпен қолдануы негізінде көркемдік амал-тәсілдері арқылы әбден қашалған, өзіндік бояуы бар жанды бейнелерді және нақты образдар жүйесін көз алдымызға әкеледі. Әрбір образ шығармада тек тарихи кейіпкер ретінде ғана емес, сыртқы болмыс-бітімімен, ішкі психологиялық жан дүниесімен де ерекшеленіп отырады. Себебі «көркем тұлға табиғаты арқылы ұлттық, қоғамдық ерекшеліктер, проблемалар бейнеленеді». «Қилы замандағы» Ұзақ, «Хан Кенедегі» Кене образдарын бір-бірімен салыстырып көрсек, екеуінің бойынан ортақ белгі-сипаттарды оңай табуға болады. Екеуінде де батырға тән тентектік, аңғалдық, сонымен бірге ешнәрседен қаймықпайтын ержүректілік қасиеттер басым. Екеуінің де тағдырлары бір-бірімен ұқсас. Кене мен Ұзақтың жандарын ауыртып, шымбайына бататыны елдің жайы. Бұлардың қай-қайсысы да қара күшпен елдік жолында жеңіл құрбан бола салғысы келмейді. Бар қиыншылықты қатар көріп, ел тұтастығын сақтап қалуға барынша тырысады. Екеуінің өмірі трагедиямен аяқталады. Драмадағы Кененің тұтқындағы «Мені қара қайрат алған жоқ, кескілесіп қарсыласқан исі жауым да емес....Сырттың күші жығатын болса, әлдеқашан жықпас па еді? Бәрі де ала алған жоқ. Мені іштегі дерт жағып отыр... Менің жауым...мұршам жетпеген жалғыз жауым...» деген соңғы сөздерінен елдің ішкі жайына, ұлт тұтастығына алаңдау байқалады. Бұл нақты дерек. Сонымен қатар М.Әуезовтің авторлық тұжырымдамасы. Ол тарихи тұлғаны ақтап алуымен қатар әр дәуірдің ұлт жанашырларының мақсатын айқындап береді. Жазушы көркем тұлғаның өсу жолын айқындай түсу үшін бірнеше тәсілдерді шебер қолданады. Әсіресе кейіпкер тұлғасын, мінезін таныту мақсатында қаһармандар табиғатын, оларды бір-біріне қарама-қарсы қою, әнгімелестіру, диалог арқылы байқатса, кейіпкер портретін, іс-әрекетін, ішкі психологиялық жан-дүниесін монолог, авторлық баяндау арқылы шебер үйлестіреді. Кене мен Ұзақ образдары мінез жағынан да ұқсас. Екеуі де әрекетшіл, сөзден гөрі бірден қарсыласуға бейім. Олар аз ғана жасақпен аузынан ажал оты көрінген патша жендеттерін жеңе алмасын өздері де сезеді. Оған қоса күншілік пен рушылдықтың кесірінен ұсақталып, жан-жаққа шашырап кеткен елдің тұтастықтан айрылуы айықпас дертке айналады. Сондықтан олар ең болмағанда ұлттық рухты сақтап қалуды тілеп, еркіндік күресіне шығады. Жазушы да көтерілістің басталуын «осалдық» деп түсінбейді, қайта ел ағаларының болашақ үшін бастарын өлімге тіккен ерліктерін сүйсіне баяндайды. Олардың трагедиясы да осында. Себебі олар алдына қандай мақсат қойса да, оның жеңіл табуы сөзсіз, дәлірек айтқанда, бұл тарихтың алдын-ала шығарып қойған үкімі болатын. Жазушы осы тұжырымдама арқылы олардың төңірегіндегі болған оқиғалардың ақиқатына жетіп, қатып қалған «принципшілдікке», кереғар пікірлерге тойтарыс береді. Соның бірі – Кененің тарихта алатын орны. Әлі күнге дейін үлкен талас туғызып келе жатқан теріс пікірлердің бірі - Кененің хан тағына мұрагер болу үшін немесе мансап үшін небір астамшылыққа баруы және осының салдарынан «жеңіліс» тапты дейтін пікірлер. Осындай жайларға қарсы бола жүріп Мұхтар Омарханұлы да кезінде «өз сыбағасын» алған болатын. Бірақ жазушы «Хан Кене» шығармасы арқылы бір ғана тарихи тұлғаның трагедиясын көрсетіп қойған жоқ, сонымен қатар мұнда тарихи қоғам дамуындағы өзгерістердің бүкіл бір ұлт тағдырына ықпалы жатыр. Тек бір ғана тұлғаның тағдырын сипаттап шығу-ең алдымен, драманың құнын жоғалтса, екіншіден ол идея атаулыданада болар еді. Бұл М.Әуезовке жат нәрсе. «Қилы заман» шығармасындағы Ұзақ батырдың сөзінен де автордың өз үнін анық байқауға болады:«Ел аман еді, жайлауы жарасып еді. Қарын шашы аланбап еді дейсің. Қазақтың аяғына жем түсіп, ұлы бойына оқ тиген бүгін бе екен? Мойнына бұғылықтың түскені әлдеқашан емес пе еді? Бүгін тұқыртып, біржолата шөктіргелі темір қолы құлаққа келіп жабысып отыр. Баяғыдан қорыққанда неден қорқып, сиынғанда неден сақта деп сиынып едің? Көптен торып, обырдай обып, кеміріп, енді түгіңмен жалмағалы отырған осы. Бұл бүгін емес, көптен келген пәле де, Енді жетер жеріңе жеттік... Айтқаныңдай асау болсаң енді тұяқ серпетін шағыңа келдің, Абиырдың ашылып, мол дәулеттің ақтарылатын күні міне енді туды. Ел болар болсаң,енді сіресіп, ұстасып көр....» М.Әуезов шығармаларында тағы бір баса айта кететін ерекшелік оқиға тартысын қоюлата, күшейте түсу үшін кейіпкер образы нақтыланып, олардың әрқайсысының мінезіне сай репликалары, ниет-пейілдері диалог арқылы беріліп, шығарма идеясының жалпы суреті жасалады. Екі шығармада да оқиғаның өріс алуы ел басшылары бас қосқан жиылыстың өтуімен байланысты. Екеуінде де характер ашылғанымен, олардың іс-әрекеті бірден көрінбейді. Олар оқиғаның соңына дейін бар болмыс-бітімімен, іс-әрекетімен әр эпизод сайын даралана түседі. Зерттеуші пікіріне жүгінсек:«Кейіпкердің тек өзіне ғана тән портреттік пішіні бірден беріле салмайды, ол, көбінесе, ұзақ үрдіс арқылы ашылады. Автор кейіпкерінің сыртқы пішініне үнемі қайта айналып, соғап отырады. Сөйтіп оны сыналап суреттеу арқылы әр кезеңде жаңа бір деталь, соны сурет, тың қасиет қосып отырады». Осы тәсілмен суреткер бейнені тереңдетіп, жан-жақты көлемде алады. Қандай шығарма болсын, оның негізінде ұлттық қасиет-ерекшеліктердің орын алатыны сөзсіз. Әсіресе бұл ұлттық кейіпкер сомдауда айқын көрінуі тиіс. Өйткені әрбір кейіпкер өзінің әрекет-мінезімен, бітім-қалпымен даралана отырып, өз ұлтына тән табиғатын танытады. Сөйтіп бүкіл бір ұлттың өкілі ретінде сол елдің әлеуметтік ақиқатын ашады. «Қилы замандағы» Жәмеңке қарттың образын жазушы, көбінесе, шынайы өмірдегідей суреттейді. «Жетпістен асқан қарт, қырандай кәрі шораяқ, алғыр шешен еді. Бірақ зорын таппай сөйлемейтін, көбінесе, үндемей,өз ішіне үңілген сияқты ойда отыратын, жадағайы жоқ, тартымды жинақты мінезі бар». Жәмеңке шығарманың өне бойында іс-әрекеті арқылы көрінбесе де бірнеше эпизодтарда, диалогтарда шешендігімен, даналығымен ел ақылшысы, дана қарт ретінде көзге түсіп отырады. Әсіресе шығарманың үшінші тарауында Жәмеңке бейнесі айқындала түседі.Ол жазушының өзге де шығармаларындағы: мәселен «Еңлік-Кебектегі» Абызды елестетсе, енді бірде «Зар заман» ақын-жыраулары - Асан, Ақтанберділерді еске түсіреді. Тарихи деректерге қарағанда Жәмеңке Қарқара қазақтарының қадірлі парасатты, ақыл-ойы терең қоғам қайраткері болған деседі. Он тоғыз жасында ел ісіне араласып, төрелік айтып, қазақ-қырғыз ел жақсыларының билері мен сыншыларының көзіне «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тауып ұзақ сүре дау-таласта әділдікпен шешім айтып байыпты қазылығымен көзге түскен». Осылайша аты аңызға айналған Жәмеңке қарттың ел аузына тарап кеткен ғибратты сөздері де жоқ емес. «Берсек бала өледі бермесе шал өледі, бала өлгенше шал өлсін, адам бермейміз» деген қанатты сөзін жазушы өз шығармасына сол қалпында енгізген. Әрине тарихи шығармада кейіпкер басындағы болған оқиғаларды түгелдей тізіп шығу мүмкін еместігі белгілі. Автор оның көркем туындыда ең қажет деген әлеуметтік халықтық маңызы бар тұстарын екшеп сұрыптап алады. Жоғарыда атап өткеніміздей, ұлттық мінез-құлықты және оның портреттік пішінін анықтауда жазушы шеберлігі ерекше. Бұл ретте автор диалогты характер жасаудың көркем бөлігі ретінде суреткерлік қолданыста ұтымды пайдалана біледі. Жәмеңке образына лайық оған қанжардың жүзіндей өткір тіл, бұрынғы би-шешендерге тән риторикалық шешендік сөз, сөз саптау ерекшеліктерін тастан қашалғандай етіп игертеді. Бірақ «диалог тек тұнық сөзден тұрады» деу қате пікір. Кейіпкердің әр түрлілігіне қарай олардың сөз қолданыстары, іс-әрекеттері де әр түрлі болмақ. Дегенмен де кейіпкердің шыққан тегі, қоғамдағы орны портретте берілгенімен оған тән табиғаты диалогта неғұрлым айқын көрінетіні шындық.
Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|