Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






М. ДУЛАТҰЛЫНЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЙ-ПІКІРЛЕРІ




Бәйменова Б.

 

Ұлтына «Оян, қазақ!» деп ұран салған қайраткер, ақын, жазушы, ғалым-педагог М. Дулатұлы Ы.Алтынсариннің ағартушылық идеялары тамыр жая бастаған құнарлы топырақта дүниеге келген. Торғайдағы екі жылдық орыс-қазақ мектебінде бес жыл (1897-1902) оқып, білім алады. Ерте жетім қалған, екі жаста шешеден, он екі жаста әкеден айырылған Міржақыптың бұдан кейінгісінің бәрі өз талпынысымен тапқан олжасы.

Ауыл мектептерінде мұғалімдікпен өткен алты-жеті жыл ішінде оң мен солын танып, өмір күресі, тірлік тартысына түсіп, ұлт қамы үшін ширығып, соын сүрлеу іздеген Міржақып алдындағы ақыл-ой ағалары Алихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсыновтарды тауып, олармен пікірлес, ниеттес болады.

Міржақыптың математика жөніндегі еңбегі 1921 жылы Ташкентте «Есеп құралы» деген атпен басылып шығады. Ол кітаптың алғашқы нұсқасы 1914 жылы Орынборда шыққан болатын. Қазақ тіліндегі тұңғыш математика құралы есептер мен мысалдар жинағы түрінде дайындалған. Бірінші кітапқа 400 есеп, 128 мысал, ал екінші кітапқа 350 есеп, 240 мысал енгізілген. Құралда оқушылардың Есеп құрастыруына да мән берген. Әр түрлі мысалдар беріліп, соған орай оқушыға есеп құрастыру ұсынылады. Сондай-ақ, ауызша есептеуге байланысты тапсырмалар да көптеп кездеседі. М. Дулатұлы, А. И. Гольденберг немесе С. М. Шохор – Троцкий әдісін таңдап алып, оны қажеттілікке қарай, оқытудың мақсатына байланысты дұрыс шеше білген, яғни ол үлкен әдістемелік шеберлікпен ең тиімді әдіс – осы екі әдістің бірлестірілген түрін қолданған.

М.Дулатұлының «Есеп құралы» арифметиканың дайындық курсы материалдарын қамтиды. «Есеп құралдарында» мұғалімге қажетті әдістемелік нұсқаулар берілген.

1.Мұғалім балаларға 10-нан бастап 100-ге дейін ондықтарды жатқа санатады: 10, 20, 30 деп, онан кейін сол сандарды жаздырып үйретеді. Балалардан 20-да неше ондық, неше бірлік, 40-та, 50-де неше ондық, неше бірлік бар екені сұралады.

2.Мұғалім балаларға асық, қалам, қарындаш, кескен ши секілді нәрселерді беріп, санатуы керек. «Есеп құралында» жас балаларға есеп үйретуде көрнекілік әдісі басшылыққа алынған және қажет болғанда ережелер де беріп отырған. Ережелер, әсіресе, ауызша және жазбаша есептеу тәсілдерін баяндауда жас балаға ұғынықты тілмен беріледі. Кітаптың жаңа басылымында бүкіл үнді цифрлары араб цифрларымен алмастырылған. Бұл оқулықтың жетістігі. Сол кезде қазақ мектебінің сұранысы мен қазақ баласының ұлттық, психологиялық және т.б. ерекшеліктері жан-жақты ескерілген толық мағынадағы төл оқулық.

3.Жоғары математикалық білімі болмағанымен және математиканы оқытудың әдістемелік мәселелеріне арналған арнайы еңбек жазбағанымен, М.Дулатұлын Қазақстанда бастауыш мектеп математикасын оқыту әдістемесі ғылымының негізін салушылардың бірі деп кесіп айтуға болады.

Міржақып қазақ педагогикасында алғаш рет қазақ оқушыларының гигиена мен әдеп, мінез-құлықтары жөніндегі шарттарды жазды. Өзінің «Қирағат» оқулығының «Денсаулық жайынан» атты тарауы осы мәселелерге арналған. 1914 жылы «Қирағат» оқулығы екінші рет басылып шығады. Кітаптың алғы сөзінде М. Дулатұлы былай деп жазады: «Сүйікті қазақ мұғалімдері, міне, сол сіздер керексінген қазақ тіліндегі оқу кітабының бірі осы кітап. Кемшілігі болса, көрсеткендеріңізге шын көңілмен рақмет айтамын».

Одан әрі ол мұғалімдердің назарын бастауыш мектептің маңызына аударады: «яғни балаларды оқыту өз алдына бір ғылым-педагогика. Орыста учительский институт, учительская семинария, педагогичемкий курстар көп. Сондықтан орыс учительдері көп жапа шекпейді. Біздің қазақ, ноғай мұғалімдері өздерінің тырысуымен тәжірибе қылып жүр. Мектеп бағдарламасында бірінші орын алған нәрсе қирағат, баяндап оқыту. Оқудан мақсат жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру. Тәрбие беру үшін қирағат кітабын оқытқанда құр қарасын ғана оқытпай, жоғарыда айтқанымыз секілді ішкі мағынасын да түсіндіру тиіс. Баяндап оқытудың мәнісін білмеген тәжірибесіз жас мұғалімдер қирағат оқытудан мақсат харфін танып, көрмей оқып кету деп біледі».

Міржақып өз ұстазы Ыбырай дәстүрін осылайша жемісті жалғастыра білді. Міржақып өзінің әдістемелік нұсқауларында бастауыш сыныптағы білім беру жүйесінің ерекшеліктерін аша келіп, миссионерлердің, ұлы державалық шовинистердің неден аса сақтанғандығын да батыл ашып көрсетіп, болашақ мұғалімдерге кеңес береді. «Қирағат» оқулығы өзінің құрылысы жағынан бастауыш сынып оқушыларына жеңіл, түсінікті тілде, табиғатпен байланысты әңгімелерден жылдың төрт мезгілі, ол кездегі жан-жануарлар мен құстар өміріндегі ерекшеліктер, ел өмірі, тұрмыс-тіршілігі, т.б. тұрады, мұнда биология, экология, салт-дәстүрден хабар беру көзделген. Екінші бөлімде балаларды талаптылыққа, еңбек етуге, адамгершілікке баулитын ғибратты әңгімелер, топтап берілген. Мысалы, «Оқымысты бала» деген әңгімеде қаладан оқып келген баланың ауылға келген соң еріншектік жасап, тырнауыштың сабын басып оны маңдайына соғып алып, «тырнауышты аяқ астына тастаған қандай ақымақ екен» деп ашулануын сықақ етеді. «Қонақ

кәде» атты әңгімеде қазақтың әдет-ғұрпын сөз етсе, «Күлмеңіздер кәріге» әңгімесінде әке тілін алмай, өлмеші шал-кемпірді мазақтайтын әдепсіз балалардың қылығы айтылады.

Бұдан нешеме жыл бұрын айтылған Міржақып ойлары бүгінгі таңда да өз маңызын жоймақ емес.

М. Дулатұлының істі болу тарихын бейнелейтін материалдар жинақтап, өмірбаяндық деректер жазған жазушы Д. Досжановтың «Абақты» атты әдеби-көркем туындысының орны ерекше. Ал Міржақыптанушы ғалым М: Әбсеметов оның өмірі мен әдеби шығармашылығы туралы кандидаттық диссертациясын қорғап, ғылыми еңбектер жазды және ол бұрынғы Ақтеңіз – Балтық концлагеріндегі М. Дулатұлының қабірін тапты. Сонымен бірге оның өткен өмір жолын және көзқарасын тура түсінуде Г. Дулатованың жариялаған естелік кітабы айрықша атап өтуге тұрады.

М. Дулатұлы қазақ халқының шығу тегін зерттеуге үлес қосқандығы тарих ғылымының докторы, профессор К. Аманжоловтың, ал ағартушылық және қоғамды-саяси қызметі жайында А. Бенниксен, М. Лемерсье – Келкежей, Томахико Уемо сияқты шетелдік ғалымдардың еңбектерінде айтылған.

Қорыта келгенде, М. Дулатұлының еңбектері көбінесе саяси, тарихи, әдеби жағынан зерттеу болғанымен, педагогикалық қызметі, оған жасаған ұшан-теңіз еңбектері әлі де өз зерттеушісін күтуде. Әдебиеттің барлық жанрында бірдей қалам тартқан қаламгер, қоғамдық-әлеуметтік іске жанын салып араласқан қайраткер М. Дулатұлының өмірлік мақсатының биік нысанасы, тапжылмас темірқазығы – бір күндік даңқ, өтпелі дәулет, баянсыз шен емес, туған халқының бостандығы болғаны күмәнсіз. Өйткені ол қуғын-сүргін көріп, түрмелер азабын тартып жүрген азапты күндердің өзінде де ақтық демі біткенше бұл жолдан тайған жоқ.

 






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных