ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
МӘҢГІ ЖАСАЙТЫН ТҰЛҒАМолдабеков Ж Абай ұлылығы – оның тұлғалық даралығында, өмірге деген рухани – әлеуметтік жауапкершілігінде, адам болмысында үлкен қозғалыс тудырар өнерінде. Ал ұлылық жаңару жетістігінде екені кәміл. Әйтсе де жаңару ұмтылыс серпілісінен басталатынын ескерген абзал. Онсыз тарихтың да, тұлғаның да тағлымын түсіну екіталай. Ақын өмір сүрген дәіур – қазақ өзін-өзі ұғынуға ұмтылса да тағдырын өзі айқындау мүмкіндігіне қолы жетпей, әрі-сәрі абдырап қалған кез. Халқымыз бағдарын таңдау құқығынан айырылып, жұртымыз өз елінің шынайы қожайыны екендігін сезіне алмаған кез. Оның үстіне, заман тозғанда, тарылғанда елдің нұсқыны кетеді. «Елдегі еркек босқа селтек қағып елін қармады. Елде жақсы қалмады». Тума-төкпен заманда «ел билеген адам жоқ, ел жамаған билер жоқ». Елі бұзық табанымен тозды, құр жүгіріп тарпылды. Өзінен шыққан жақсылар кесапатты түзей алмай зорықты, борышын түгел бере алмай көп пысыққа малықты, көрінгенге обықты. Не керек, аққа тартқан, жөнге қайтқан, ақыл айтқан пенде жоқ». Мұндай қағынған кезде ел жоғын, адам жоғын іздестірушілер некен-саяқ қарайлайды, дарындыларды елеп, көзге алушылар шамаланады, зиялылар жаманға жүзін сарғайтты. Себебі, адам болмысын күштілердің сөзіне бас изейтіндер де, әлсіздердің бейшара үнін салғырт тыңдайтындықтан да босаңсытты, екіжүзділікке тұсады. Екі қасиетте орнықсыз шала ұғымнан мағына тапқызды, теріс пиғылға жығылды. Жақындарды жау етті. Ел азаматын, пенде елін аңдыған кез туды. Осындай көмексіз қалған кезде қан бұзылды, көмекей тарылды. Ұрпақ өзгерсе де қазақ даласындағы әділетсіздік әлсіремеді. Тіпті дөрекі тұл мен кертартпа қатыгез уақыт өз талабын көлденең тартты: «Замана замандасқа жағын дейді, тағдырға көн, бүгінге бағын дейді». Сайып келгенде, зары тиылмас сорлылар бар әділетсіздікке, ақталмаған үміт азабына сыпайы түрде көндікті. Әйтеуір, жарқын сезімге емес, мылқау дүниеде көрген қоқыс–қалдыққа көмілді. Ел бұзылса, шайтан өрнек табадының керісі келді. Абай тұлғасы қазақтың әлжуаздықтан арылып, жетексіз дүниенің ыңғай–ырқына сабылып, дөрекі қылықтарға бірде ұрынып, бірде бұрылып діңкесі жұқаланғанда қалыптасты. Ондағы әлеуметтік тартыс пен үлкен мақсатқа икемдейтін ығы-жығы дүмпуде қатайды. Абай тұлғасы – жан мен тән саулығының, зерде мен парасат шоқтығының зәулім бейнесі, тәңір берген, салт-дәстүрге иленген қабілет-қасиеттердің тұтастығы. Тұлғаның тірегі – рух пен ерік, ырқы – сана мен сенімге серік шешімі – жетістік пен үмітке берік. Абай тұлғасы – еңбек және ерлікпен, ұмтылыс пен төзімділіктен тапқан, елдің де намыстың да жүгін тартқан нардың беделі. Өзін-өзі көрсететін, өзін-өзі танытатын мекем күш, адамдықты сыйлатқызатын халықтықпен сиыстыратын, қауымдықты қолдайтын үлгі-өнеге. Абай келбеті жүрек жырында, адам жарасымдылығына жетелейтін сүйіспеншілікте, ынтымақ-ықыласқа жақындатқызатын кең пейіл үмітте марқайды. Ол қазақының жан азабын толғады, еті тірі алаштың тіліне, дініне қуат берем деп арпалысты. Тектіні, естіні, ерлерді, өнерпазды топтап, тыным таппады. Абай тұлғасы пендешілік пен тобырға қарсы күресте, адамды жатсындыратын қаулаған қылықтармен тіресуде шынықты. Өйткені ол өзіне үйреніп тұйықталған жан құмарлықтың құлы, әлжуаздықтың тұтқыны болып қалатынына, ал жаңа талапқа әлсіз тобыр тіршілікке жат көзбен алаңдап, далаңдаудан өктемдікке ауытқитынына күдіктенбеді. Абай – ыстық жүрек, қайсар ерік терең парасат теңдігін тапқан ерекше тұлға. Ол адам дамуының жоғары шоқтығына жеткен бапкер. Оған себепкер болған тағы бір жағдай бар. Абай болмысы қазақ халқының үш бірдей өлшемінде – тартыста, шегіністе, шабуылда шынықты. Әлгі тартыс, шегініс, шабуыл қазақ әрекетінде үш бірдей күшті – оң жағымды, теріс-жағымсыз және бейтарап күшті қалыптастырды. Қазақ бойындағы және Абай мінезіндегі осы үш бірдей күштің ара салмағы бір-біріне сәйкес келе бермеді. Тек Абайда әр күштің анағұрлым белсенді, айқын, қарқынды болғаны даусыз. Қарқын тұрмыстағы сырты бүтін, іші түтін қарекеттен ғана қуат алған жоқ. Оның қозғаушы күші – ішкі рухани қайшылықта. Осыдан Абай-индивид пен Абай-тұлғаның қалыптасуы, дамуы бірде қабаттасты, бірде кезектесті, біртіндеп рухани күштің үстемдігі орнады. Айтпағымыз, заман тынысы – Абай тынысы. Абай көк пен жердің кереметін көк3регінде құндақтағанша, жаратылыспен жақындасар жолды мерейлегенше көп есітерлік өз сөзін айтқан жоқ. Жасынан алғыр, ойдан жырақ өссе де, халық өнерін ұйып тыңдаса да, ол көпке не айтарын ұққанша өлең жазуға асықпағаны мәлім. Жастық шақтағы өзімен өзі болған, ғұмырының сақтық қорын жинаған кезі Абайдың жағымды, жұғымды мінез-құлқы еді. Бірақ есерсоқтардан етек бастыны көп көрген, ерге бермеген не онымен ермеген жұртты көрген Абай ерте оянды, әр саққа ой жүгіртті. Іштей жүдеген жұрт шындық тәркіне ермеді, ал парасатты ой ерікке тыныштық бермеді. Әнтектік иен әпендінің әңгірінен көңілі әркез қамықты, жанына қайғы батты. Сол бұлыңғырда «заман түзелмей, адам түзелмейді» деген тоқтамға келді. Тоқтам деңгейінен өзін-өзі іздеді, берекесіз болмысқа басын батыл бұрды. Абайдың басынан қанағаттанарлық жағымды да, қиналтарлық теріс те қарекеттер кезеңі өтті. Өмірінде қарама-қарсы күштердің шатысуына әлденеше себептер ұйытқы болды. Былықтың бастамасын Абай бірде қазақтың ат жалындай үкілі шағын тобы мен кейде көптің ара жік тұңғиығынан көрсе, енді бірде қазақтың ескі өмір салты мен ол туралы дәрменсіз ойдың алшақтығынан тапты. Сонымен, жіктелген заман берекесіз десек, оның үстіне қазақ дүниесінде білгеннен білмесі мол болады. Осыдан заман түзелмейді деген қанға сіңді. Келімсіз көзқарастың кереғарлығы күшейді. Өйткені жіктелген заман үш бағытта бүлінді, іркіліп кездейсоққа ілінді. Заттарды мүлікше именденуге бейімделген қазақ адамының қарым-қатынастарын заттық қатынастарға балады, әрі тұрмыс-салттың әлеуметтік деңгейін мүліктік байлықпен бағалауды дағдыға айналдырды. Оның үстіне, адам денесін «менікі» деп, өз меншігіндегі мүліктердің өлшем құнымен бағалады. Заттық мазмұндағы «менікі» рухани-әлеуметтік келбетті – «мені» ығыстырды. Ақыры, бағытын таппаған, әруақты аттаған, үлкен мұратқа ұмтыла қоймаған тобыр қауымдық ұйымның қадірін қандық, жерлестік белгімен шектеді. Тұқым қуалаушылық пен биологиялық фактор рулық қатынастың негізін құрастырды. Тарихтың осы әлеуметтік дерттерін бір-бірінен бөле жара қарау жөнсіз. Әйтсе де, адам дене қозғалысы мен дене еңбегіне берілген кезде бірде заттық қатынасты қоғамдық қатынасқа ұластырады, бірде эмоционалды, ойлану қабілетін саналы емес, инстинкті мінез-құлыққа бағындырады. Адамның дене құрылымы, денелік қозғалу қабілеті оның психикалық өміріне біржақты басым ықпал етеді. Көргенге қызығу, әуесқойлық ұғымды талдауға ырық бермейді. Талайлар орта оқиғасын ішкі асаулық ырқына бір жақты көндіріп бақты. Байқаған адам біледі, сезіне білетін – дәл қабылдайды деген қағида бәріне бірдей жеріккендерге телінеді. Осыдан ескі өмір ескерусіз қалады да, адам болмысы туралы бірсарындылық орнығады, сайып келгенде, өмірлік ой жүдеулігі жойылады. Мұның бәрі де, Абай айтпақшы, егінге, саудаға, өнерге, ғылымға күрме мен кедергі, көзқарас тарлығына бейімдейді өзі тәуелді ұлық-болыстарға бас июге мәжбүр етеді. Оның үстіне дүние мен нәпсіге бой ұрғандар – сұңқылаға сүрініп аяғын көп шалдырғандар. Нәпсіге аптыққандар шынның жүзін араздықтан көре алмайды. Ал есіл дерті мен жан-сезімі қиналған жайда «бір күндік өмірін бар малына сатып алмақ» бетінен қайтпайды. Еліктеп ерегісушілік делебені қоздырады, тек ой мен істі оздыра алмайды. Онсыз елдік көңіл жайлауына қонбайды, елдіктің тозу себеп-заңдылықтарын түсіндіру қиындайды, ойға келмейді. Жұрттық, қауымдық сана мүліктік қатынастың шеңберінен шықпайды. Тыныс тарыққан кезде «дүниеге дос ақиретке бірдей болмас. Екеуі тап бірдей орныға алмас» деген Абай сөзінің ақтығына күдіктенуші табылмас. Тыныс тарылғанда «сұм дүние тонап жатыр. Ісің бар ма, баяғы күш баяғы түсің бар ма?» деген Абай сұрағы есіңе түседі. Бұл – өмірден өзін іздеудің, өзгеге қарсы қоюдың бастамасы. Оның алғы шарттары қилы–қилы. Солардың қатарында табиғаттағы заттық ұқсастықтан рухани, ішкі тұтасттыққа өту мәселесі. Мысалы, туған жер, туған ел қадірі адамның асқақ ой, ыстық жүрек, қайсар жігер қуатынды шымырланса, тура шындық пен тумалық сезім адам бойында жұпталмақ, онда әлеуметтік-психикалық өлшем – «Мен»-ді дараламақ. Содан «менікі» деген мүліктік бағдар «Мен» деген әлеуметтік талғам мен талдау барысында толастайды. «Менікі» тек оқиғалық, біртекті заттық өлшеммен ғана анықталады. Мұндай сыңаржақтылық адам қызметін келте бағалайды. Соны дәл түсінген Абай: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес. Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес. «Мені» мен «менікінің айырылғанын, «Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес» дейді. Абай үшін «Мен» өлмейді. Өйткені ол – рухы өрлейтін, өнерсізге ермейтін, біртума азаматтық. Жүрек санасын қозғайтын, көңіл рахаты мен парасаттан озбайтын күй. «Мен» мақтан мінездің жұлыны емес немесе кейіптің оқшау көрінісі ғана емес, адам ғұмырының әлеуметтік әрекет-ісінің шоқтығы. Оның негізі – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл. Онда кісінің қайраты мен айбаты. Осыны ескерген Абай: «Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ. Иілтіп, екі басын ұстаған хақ. Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ, құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ» деп, өмірден түйгенін ағынан жарады. «Мен» адамның өзінен жақсылы-жаманды қайрат-күш алады, ортадан қорған не қорлық табады. «Ия, адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса замандасының бәрі виноват». Абай замандастар кінәлі дегенде, талантты танымаған ақыл-парасат дарымаған, арын сатқан, жалтақ харекетсіз бөлінген немесе бассыз, басқарусыз қалған, нөлге ұқсас бедерсіз де тіреусіз қалған тобырды айтады. Тобыр – кісімсінген білімсіз көп, сөз танырлық кісісі тым аз-ақ. «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап» күнін көруші жат мінезділер. Соңғылары не керек, «терең ой, терең ғылым іздемейді. Өтірік пен өсекті жүндей сабап», әйтеуір дөрекі сөзбен ісін, бөтен идеямен ойын қақтады. Елін танымай, үйін танығандар шаруасын да ұқпады. Абайдың сескенгені де, сақтанғаны да осы. Өйткені тобырдан үміт, уағда күткендер көп нәрседен ғапіл, бос қалды. Топырлағандардың қысымы мен кегіне ұшырағандар бірде қазымырлыққа салынып, қолындағысының қадірін білмеді. Жиі-жиі ұшқалақтылыққа ұрынды. Бірде көзін майбасып ұмтылмады. Қайтсе де көзінің ұшынан ақыл құрастырмақ пиғылдан қайтпады. Ондайда«жақсылық ұзақ тұрмайды, жамандық әркез тозбайды» деген даналық ұмыт қалды. Қалай болса да,өзіне келер ұятты өзі сұранып тұрды. Абай қайраты – әулие тұтарлық қасиет. Адамның мінез-құлқы мен әлеуметтік айтыс-тартыстың, қиюы кеткен кезеңде «түзетпек едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып деген үмітінен көп уақыт жұбаныш тапты. Жұбанышты тобырдың жаратылысынан емес, ағартушылық дәстүрден іздестірді. Алғашқыда білімдінің жолы тар, өз көзін жоғалтуға әлсіздік жар. Мүлікке құныққан керенаудың сүйреуінде күйзелді елі мен ар деп, заманын сынады. Ескі әдетіне қарысып сөзге ермеген, қорадағыдан арғыны көрмеген надандарды «жұртым деуге арлымын, өзге жұрттан ұялып» дейді жарлы Абай. Жаны жабырқаулы Абай өз рөлімен беттесіп белдесе алмай, күштілердің иықтауынан ажарын тоздырды, Оны қажытқан иықтылар ғана емес, жауапсыз қалған сұрақтар, шешімін таппаған мәселелер. Расында, азаматының қорланғанына көндіккен дүрме топқа не айтып, қандай үміт арту тұрарлық? Сондай-ақ менмен тобырдың дүрлігіне тартылса да, оның миқұлақ қылықтарына көндіге алмады. Күтпеген қысым халыққа күш берді, қорланғандар кегіне ерді. Азатыққа деген ұмтылыс бостандық идеясына үйлеспеді. Жаны ашымасты көргенде жүрек сыздайды, «бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды» деп, күйзелісін білдірді. Абай рухында күйзеліс пен шегіністе күрмелді, тартыста түлленді. Елдегі тобырдың жұғымсыздығы ердің белінен тартты, көпшіл жұрттың жарасымды, жағымды қылықтары мен салттары қазақ рухын көтермеледі. Тобырдың апатынан құтылу – басты бір міндет, ал зерделі көпшіл адамды қалыптастыру – түбегейлі жауапты меже. Абай тобырға қарсы амалды, көпшілдікке лайық қамалды пайдалы қайырымнан – ағартушылық істен, демократиялық жаңарудан тапты. Қайырымды пайда дегеніміз – тектінің нұсқасын танып сыйласу, көңіл қаруын сайлау, көптің қамын ойлау, оның мүддесіне орай қызмет ету. Абайдың түсінігінше, қиындығын біреу көтеріп, қызығын бөтен көретін заманда тәрбиеге көнетін жалпы тобыр емес, жеке адам, оның жалқы қасиеттері. Адам түзелмей, заман түзелмейді, өзін–өзі өзгерту жолдары іріктелінбейді деген тұжырым дүниетанымын жаңартады. Оның кепілдігі – тобырдан тұлғаға өту, жалаң жалпыдан жекелілікті жинақтау, мінез шірігінен рух шыңына көтерілу. Бұл тоқтауды тасыр ұқпас, көңіл көзі ұғар, оған ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстағандар тұрар. Абай сенімі осында. Сенімді өмірде сергіту үшін не керек? Ақыл керек, мінез керек, іс керек, адамшылдықты сақтайтын ұят-намыс, көңіл-күйді өсірер жүрек тәрбиесі керек. Барға ынсап, жарастыққа қанағат керек, тәрбиешіге бостандық, ұмытылушыға бапкер керек. «Керек» - мінез-құлық пен өмір-салттың жаңа бағытына үміткер ұмтылыс. «Керек» - адам мұратының, халық мүддесінің, туған ел ертеңінің басты бағдарламасы. Идея Абайды құлшындырды, оны бар болмысымен қабылдады әрі жүзеге асыруды перзенттік борышына жатқызды. Перзенттік борыш тың талаптарды ұсынды. Әр ұрпақ Абай талабынан өзіндік тағылым алады. Оның құндылығына көз жеткізу қиын емес. Кейбір талаптың нұсқауларымен танысып көрейікші: - ақыл сенбеген іске кіріспе, жақсылықты ойда сақта, көңіл қаруын бапта; -Мақтан қума, керек қу, ойсыздарға қосылма, ары кеткен алдамшы, пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге; -Дана болмасаң да, ұқсап бақ, өз мініңді қолға ал; -Білім, ғылым, өнер пайдасын мүлік пайдасынан жоғары қой, әуелі өнер ізділік қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық; -Әр іске жеке баға бер, онда адалдық пен адамдық теңігер. Талаптың түбірі түйінді, ортақ. Абйдың тілегі: өмірдің ойлы, жылы шырайлы көзін қалыптастыру, өмірдің адамдық өлшемдерін пайдалану, адамның келбетін түзету арқылы заманды түзету. Иә, күрмеуі көп күрделі іс, сұрары көп жауапты әрекет. Осы есеп нүктелерінен адамтанудың, қазақтанудың өлшемдерін айқындады, жинады. Өлшемнің есебі – адамның өздігінен түзелуден басталмақ. Содан болар, Абай Сократтың «өзіңді өзің таны» қағидасынан қалт кетпеді. Өз қадірін өзі білмеген, сөздің парқын қош етпей бос етеді. Адам өзін қадірлеу үшін өзін билейтін, өзгеге көмектесе алатын бостандыққа қол жеткізуі шарт. Мұндай бостандық – адамды тоздырмайтын сара да дана жол. Бостандықта «адамзат тірлікті дәулет деп білмек, ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек», адам даналықты құндылықтың жоғары түрі деп қабылдайды. Даналық – бостандықтағы тұлғаларға тән, тынымсыз тірлік. Ол – рухани түсіністік, рухани-әлеуметтік беріктестік, әлеуметтік-мәдени жетістік, шығармашылық келбеттің құралы. Қысқасы, даналық – өнерді өркендетпек өркениеті өмірлік мәселемен ұштастыратын қабілет – қасиет шоқтығы, адам өмірін марқайтатын өзара мүдделіліктің алпыс екі тамыры Абай тұлғасы – оның даналығында. Абай даналығы – жүрек үнінде, парасатты сөзінде, сүйіспеншілік үмітінде: - Қарсыласынан асып түсетін білімдарлық, сезімталдық, еріктілік икемділігінде; - Қазақты қор қылатын кеселдерден сақтандыратын талап, ұғым, махаббат сияқты рухтың ең мықты қайнар көзінде, қуат аймағында; - Тұтастық пен тыныштықты туралайтын, татулықты тәрбиелейтін тоқтамында; - Шығыс пен батыс мәдениетін үйлестірген шеберлігінде... Абайдың білім туралы айтқаны көп, қилы-қилы. Дегенмен, ойының тоғысар нұсқасы ескерулі. Білімнің ерекшелігі неде? Білім – көрген есіткеннің мән-жайын білу, танымақ нәрсенің бағытын түсіну, әрекетті жүзеге асырудың тәсілдерін табу әрі тарату. Білім – құбылысты тану, адамның өзін таныту, адамды тіршілікпен табыстыратын тәсілдерге үйрену және оларды меңгеруге үйрету. Білім – «қайрат пен ақыл, мұнсыз барар едің, қай жаққа?» Ақыл – парасат табиғат жарасымдылығынан, қимыл-әрекет үйлесімділігінен ұшқырланса, бұл тұрар шындық, үйренер үлгі. Онда адам бостандығы мен тіршілік шексіздігі кеңейіп жалғасады. Абай түсінігі шығыс пен батыс ойшылдарының көзқарасымен үндес. Олардың білім, ғылым туралы еңбектерімен жақсы таныс. Білім – ақыл ісі, ғылымды көбейтудің құралы, өнер қажеті. Ақыл ісі – дүниедегі пайдалы мен залалды білетұғын, сөзін ұғатұғын қасиет. Әр нәрсенің өлшеуін білу – үлкен іс, құнды бағдар, ескерулі өнеге. Мұның бәрі білу үшін қажет. «Білігенге жол бос, болсайшы қол бос, талаптың дәмін татуға». «Мені таныған ақылменен таныр» деген сөз бар. Ақылы бар кісіге «иман парыз, әрбір иманы бар ғибадат парыз екен» (28 сөз) Білім – ғылым үшін, парыз – намыс үшін керек. «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңіл. Қайырылып өзіңе, көп ізде жөнін». Ғылымның міндеті – тапқанын терең талдау, толық сипаттылықты қазақтанудың түңлігіне көтермек болды. Ойы сайрап, білгені жетіп тұрса да, дегеніне дәрмені жетпеді, болмысы аяғынан тартты. Абай білімі өмірдің сала-саласынан арқау тауып, ойын болашаққа ұзартса да, Абай болмысы қазақшылықтың былығынан кеудесін көтере алмады. Жасы келген сайын Абайдың рухани дамуы мен әлеуметтік рөлінің қайшылығы анағұрлым шиеленісті. Қордалы мәселелердің шешімі табылмай немесе ол тыңдаушысын таппаған сайын, Абай амалсыздан өзінің, ғана емес, сауатсыз халқының әлсіздігін мойындауға мәжбүр болды. «Адам деген даңқым бар» деп шабыттанып, «Атымды адам қойған соң қайтып надан болайын»? деген берік сеніммен өмір тартысына бір кезде батыл енген Абай, «соқтықпалы, соқпасыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысып» қажиды, үміті бек тарылады. Расында, Абай идеясын жүйелі түрде жүзеге асыратын әлеуметтік күш, ортақ маңызды мүдде пісіп-жетілмеген еді. Осы шындықты толық түсінбесе де, Абай оның түп-тамырын өзінше пайымдады. «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын», «Таппадым көмек өзіме, көп наданмен адасып» деп, сүйенетін де, сүйсінетін де тіректің табылғанына қатты налиды. Үмітпен үзілген өмір тұлсыз қалды. Абайдың аңдымай әлсіреген шағын өлшеуге алмаймыз. Ол – бір жұмбақ адам, заманынан анағұрлым озған, бірақ қапада, топас ортада үмітінен тірідей арылғанда жүрегі кілт тоқтаған жұмбақ адам. Бүгінгі қоғамдық өзгерістер халық санасынан, адам болмысының қиындықтары білім саласынан анағұрлым алшақтаған кезде, Абай даналығының, Абай тұлғасының тәрбиелік тағылымдық маңызы артуда. Оның мұрасы мен үлгісі – жаңа дүниені түсіндіру үшін, ондағы адам өмірін өзгерту үшін таптырмас құрал. Өнер түзге кетпесін, қапы қалмайық, ағайын. Үйренуден, ұстаздық етуден жалықпайық!
ШӘКӘРІМНІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ОЙ-ПІКІРЛЕРІ Диярова А XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, қазақтың қоғамдық, әлеуметтік, рухани, мәдени, әдеби өміріне белсене араласып, гуманистік, адамгершілік, демократтық, ағартушылық идеяларды уағыздаған ұлы Абайдың талантты шәкірті және оның реалистік дәстүрін жалғастырушы, артына мол мәдени мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердиев еді. Ол – әрі ақын, әрі прозаик жазушы, әрі аудармашы, философ, тарихшы, әрі журналист. XX ғасырдың алғашқы кезеңінде қазақ қоғамы дамуының ішкі заңдылықтарына қарай әлеуметтік, таптық қайшылық, қақтығыстар күрес-тартыстар шиеленісте, бұрынғы қалыптасқан қоғамдық ой-сана тынымсыз ізденісте болып тығырыққа тірелген, революциялық ой толқыны туған кезде Шәкерім әдеби өмірге құлшына араласып, Шоқан, Абай, Ыбырай салған ағартушылық арна-дәстүрді жалғастырушы болды. Қазан революциясына дейін оның бірнеше кітаптары жарық көрді. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» және «Мұсылмандық шарты» Орынборда 1911 жылы басылды. «Қазақ айнасы» өлеңдер жинағы, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары Семейде 1912 жылы жарияланды. Осы жылдары Шәкерім «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде көтерілген әлеуметтік мәселелерге араласып, бірнеше мақалалар жазды. Совет дәуірінде Шәкәрімнің бірсыпыра шығармалары жарық көрді. «Абай» журналының 3-4 санында екі мақала «Хафизден аударма» Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасынан, еркін аударған нұсқасы 1922-23 жылдары «Шолпан» журналының 2-3 сандарында жарияланып, кейін Сәкен Сейфуллиннің алғы сөзімен Алматыда 1933 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Ұзақ жылдық үзілістен кейін 1959 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде және Ленингратта орыс тілінде 1978 жылы «Қазақ ақындары» деген атпен шыққан кітапта Шәкәрімнің бір топ өлеңдері жарық көрді. Шәкәрімнің ақындық шығармашылығы, аудармашылық еңбегімен тарих шежіресін жасаудағы игі істері жайында соңғы жылдары газет-журнал беттерінде көптеген мақалалар жазылып, шығармаларының толық жинағы 1988 жылы «Жазушы», «Жалын» баспаларынан шықты. Алайда Шәкәрімнің философиялық, психологиялық, педагогикалық көзқарастары – арнайы зерттеп сөз етуді қажет ететін тың тақырып. Шәкәрімнің өз бетімен білім кеңейтуі араб, түрік, парсы, орыс тілдерін меңгеріп, ол елдердің мәдени қазына қорына еркін бойлауы, орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің «Дубровский» повесін өлеңмен поэма етіп жазуы, Л.Толстойдың өлеңдерін аударуы, шығыстың ізгі адамгершілікті дәріптер классик ақындар Қожа Хафиз бен Физули шығармаларын аударып, бас бостандығын аңсаушыларды қазақ жастарына үлгі етіп ұсынуы Абай үлгісі екені даусыз. Шәкерім Абай үлгі еткен өнер-білімді, адамгершілік ізгі қасиеттерді өзіне ұран тұтып «Жастарға» деген өлеңінде: Қой, жігіттер, күн болды ойланарлық, Білім, әдет, ақылды ойға аларлық. Надандақтан еліріп босқа жүрсең, Мына заман көрсетер бізге тарлық... Асыр сал – ақыл, білім, бойда барлық, Айла, өтірік, арсыздық өнер емес, Мен де анаудай болсам деп таласарлық, – деп, қатарыңнан қалма, өтірік, өсек, ұрлық-зорлыққа әуес болма, жалқаулықтан жамандықтан қаш. Өнегелі, өнерлі елдердің жастарынан үйрен, оқу оқы, білім ал, талаптан, талпын, бойындағы өнеріңмен біліміңді өз қажетіңе жұмса дегенді айтады. Ақылды мен ақылсыздың адал мен арсыздың ара жігін ашып:
Ақылды сол – ынсап пен ар сақтайды, Арсыз сол – арамдықпен жан сақтайды. Адал сол – таза еңбекпен күнін көріп, Жаны үшін адамшылық ар сатпайды, – деп, соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп береді. Үлкен айтқан ақылды қабыл алып, ар тазалығы үшін күресу жас адамға қажетті қасиет, ал өтірік-өсек, ұрлық жолы адамгершіліктен аздыратын жол, өзгеден айлаңды асырып, жұртты аздырушылардың «ақыл кеңесін» алсаң, оңбайсың, қор болып, азып-тозып, адамдық қалыптан айырылсаң дей келе: Өнер қылма ар сатып, жалданбақты, Ұлық болып, елді жеп малданбақты. Біреуді жеп, біреуді табамыз деп, Қашан жақсы көруші-ек алданбақты, Өлсең де ондай сөзге құлақ салма, Ардан күсіп, ақылдан құр қалма. Әкең түгіл, арғы атаң айтса-дағы, Білімі жоқ наданның тілін алма! – деп, жастарды иманды болуға шақырады. Залым болсаң, санға кірмейсің, кісі ақысын жесең, құдайға да, адамға да жақпайсың, мұндайларға «ажал оғы бір күні-ақ тиеді», обал бар жерде, сауап бар. Қу-сұм атану, алдап-арбау, кісі ақысын жеумен ұзаққа бармайсың, «арамдық пен жамандық көрінбей қалмайды», «шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынады», ондай қулар қақпанға өзі түседі, – деп, ұлы ақын Абай да әділет жолын сілтеген ғой. Байқасам, ет жүрегі езіліп, жастарға жаны ашып, жігерленсін, білсін деген екен. Бірақ жаны ашыған ақылшы ағаның ақылын ұғайын деп талап қылған талпынған жанды не жастан, не үлкендерден көрмедім деп ақын алты бақан алауыздықты, пәле-жаланы, дау-шарды қуып, елдің береке-бірліктен азуы неге әкеп соғар екен деп қайғырып қапаланады. Шәкәрімнің жастарға ұсынған жолы – адалдық пен ғылым жолы. Осы жол ғана қиындықтан құтқарады, надандықтан арылтады, ізгі адамгершілікке салады. Сондықтан да ақын өзінің жүрек қалауын талаптанған, талпынған жастарға арнайды. Байладым белді бекен буайын деп, Жүректі адалдықпен жуайын деп. Талпынған мақсат іздеп мақұрым қалмас, Адамдық ғылым жолын қуайын деп. Шәкерім осы ойды «Арман» өлеңінде ары қарай жалғастырған. Адам дүниеге келген күннен, көз жұмып, о дүниеге аттанғанша алдына мақсат қойып, соған жетсем екен деп арман-тілекпен өмірін өткізеді. Арман алға жетелейді, «мақсатсыз өмір тұл», арманның үлкені бар, бай да, кедей де, хан да, қара да, үлкен де, бала да, еркек те, әйел де арманмен өмірін өксіп өткізеді. Арман деген қусаң жеткізбес сағым сияқты. Арман біткен күні өмір бітеді деген философиялық терең толғанысына оның мына шумақтары дерек болғандай: Бағаласам, адамның бәрі арманда, Санай берсем, табылар сан арман да. Өзі білмес, білгеннің тілін алмас, Анық ойлап қарасам, әне арманда.
Нағыз сорлылық «білгеннің тілін, ақыл-кеңесін алмау»,– деп ой топшылайды. Ақынның дүниенің ішкі сырын білу жөніндегі философиялық таным көзқарасы «Анық пен Танық» өлеңінде жақсы сипатталған. Адамды қоршаған табиғаттың ішкі сырын ұқсын, білсін, табиғаттың байлығын өз қажетіне жаратсын деп жаратылыс адамға ми берді, білу, нану, ұғыну – ақыл ісі, ол мидан шығады. Тән сезіп, құлақ естіп, көзбен көрмек. Мұрын – иіс, тіл дәмнен хабар бермек. Бесеінен мидағы ой хабар алып, Жақсы, жаман әрі істі сол тексермек.
«Ми қызметі адамның бес сезім мүшесінің әрекеті арқылы іске асады» деп, психологиялық анықтама бере келе, ойға алған істі іске асыру, әділет жолын қуу жүрек ісі, миға жүрек үстемдік етсе әділдік жолына жетелейді деген материалистік қорытындыға келеді. Яғни адамның әділетті, әділетсіз болуы, ізгілікті қууы немесе жауыздық жолға түсуі ақыл мен жүректің ісі, не нәрсені сарапқа салып, байыбына барып, терең ойлап, топшылап ақылмен іс қылу адамдақтың парызы дегенді айтады. Шәкерім жер жүзінде неше түрлі халық бар, олардың бәрі жаратылыстың ішкі сырын ұғып, білуге құмар, бірі «дүниені жаратушы тәңірі – күн» тіршілік күн нұрынан жаралады деп, екінші «құдай жоқ» деп жар салады, үшіншісі кеп құдайға табынса, төртіншісі, міне, құдай деп суретке табынып ойын он саққа жүгіртеді. Соның бәрі – дүние сырын білуге ұмтылушылық, шеліктерін өткірлеп, ағартушылықпен шұғылданады. Дала жұртына қоғамдық және жаратылыс ғылымдарынан жаңа мағлұматтарды кең таратқан. Дала университетінің түлектерінің дарындылығы, оқуға құмарлығы, халқына қызмет етуі – қазіргі жастарға үлгі тұтарлық жайт. Ақын шығармашылығының бір тамыры шыққан тегіне, генетикалық бағытына байланысты. Осы тұрғыдан Шәкәрімді «тұтқын қуалаған» дарын деуге болады. Әкесі Құдайберді биязы мінезді, білімді, терең ойлы кісі болған. Ауруына байланысты үйде жиі отыратын, балаларына түрік тілінде кітап оқып, қазақ эпосын жатқа үйрететін, сурет салуға қағаздан жануарлар мен құстардың бейнесін қиюға көмектесетін. Ақыннығ шешесі Төлебике (ел арасында есті мырза Дәметкен атанып кеткен) айналасындағы әйелдерден өз өнерімен ерекше көзге түсетін. Сонымен қатар ол интеллектуалдық ой өрісі кең адам болыпты. Ұзатылып келгенде өзімен бірге кітап толы сандық әкеліпті (әжесінің сандығы жайында Ахат Құдайбердиев әңгімелеген). Ұлын ұсталыққа баулыған, пышақ, орақ құю сырларын ашқан, ағаш оюды үйреткен – шешесі. Төлебике туыстары ән-күй жағынан алдарына жан салмайтын, Шәкәрімнің ақындыққа, музыкаға деген қабілеттері нағашыларына тартқан дейтін. Ақын мұрасының негізінен қалаған бір кірпіш – шығыс текті. Жастайынан түрік, араб, шайырларының газелдеріне, рубайларына, дастандарына ынтық болып, Науаи, Сейхали, Фзули, Фирдоуси, Шәмси, Хафиз сияқты шығыс алыптарының шығармаларынан нәр алған Шәкәрім – шығыстың бір жарық жұлдызы. Таза қазақи ортадан шыққанына қарамай Шәкәрім араб, парсы, татар, түрік, өзбек, шағатай, орыс тілдерін еркін меңгерген. Шәкәрімнің шығармашылығының келесі қайнар бұлағы – орыс классикасы, сол арқылы Европа мәдениетіне де жол ашты. Ғалым-ақын кітаптарын оқи отырып, Батыс ғұламаларының тізімін құрастырдық: Анаксагор, Демокрит, Гераклит, Пифагор, Августин, Декарт, Кант, Ньютон, Шопенгауэр, Гартли, Льюис, Дарвин, Дрепер, Спиноза, Спенсер, Байрон, Белинский, Герцен, Гоголь, Лермонтов, Некрасов, Пушкин, Толстой, Салтыков-Шедрин. Батыс әдебиетімен жақсы таныс болуға Семейде 1888 жылы ашылған Гоголь атындағы кітапхананың атқарған ролі зор. Кітапхана қабырғасында Радловтың «Ұйғырлар туралы», Аристовтың «Түркі тайпалары туралы» орыс жазушыларының ескі және жаңа басылымдары мен етене танысты. Осы жерде ол саяси бостандықтан айрылған, Россиядан келген оқырмандармен кездесіп, ой таластырып, тамырласып жүрді. Орыс қоғамдық ойлары ішінде ақын ерекше бөліп, іштей жақын тұтқан – Ясная Поляна ақсақалының идеялары. Лев Николаевичтің жеке басы, шығармашылығы қазақ шәкіртіне рухани-моральдық ізденісте бітпес бұлақ болды. Толстой шығармаларындағы халыққа деген сүйіспеншілік, адам психологиясын терең бейнелеу Шәкәрімнің көңілінен шықты. Ұстаз үлгісімен дала ақыны жер жырту, мал бағу, шөп шабу, отын дайндау, әйелдерге үй шаруасына көмектесу, дәрігерлік жәрдем ету т.б. істерге ат салысты. Толстой мен Шәкәрімнің жақындығы бір-біріне жазған хаттарынан айқын аңғарылады. Екі тұлға еңбегімен, жан-тәнімен туған халықты сүю, қоғамға қызмет ету, адам ар-намысын биік ұстаудың үлгісі болған. Ақынның педагогикалық көзқарастарының, шығармашылық мұрасының ұлттық және жалпы адамдық түп-тамырлары: -Қазақ халық педагогикасы. -Үйелмендегі тәлім-тәрбие әдістері. Абай сабақтары. -Шығыс классиктерінің ағартушы-педагогикалық идеялары. -Европа мәдениеті, ғылым, әдебиет, қайраткерлерінің гуманистік ой-пікірлері. -Л.Толстойдың жеке адам құлығын жетілдіру ілімі. Шәкәрімнің шығармашылық мұрасы қазақ мәдениетіне тән, әрі ұлттық, әрі жалпыадамдық мағынаға толы.
Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|