ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
ТАУ БОЛЫП КЕТСЕМ... 10 страницаСонан соң қарастырып ұлдың жөнін.
Тосылар кезім де жоқ мүдіретін, Алланың қабыл алып құдіретін. Әріптер теріп жаттым компьютерде, Шабытқа кезім болды жүгінетін.
Басымды ауыртпаңдар ойды бөліп, Тойлай да кетпеймін ғой тойды көріп. Қой емес, ой бағамын осындайда, Қалайын шабыт барда айтып ерік.
Торсықтай толып тұрмын тұмарланған, Жаным тұр жұрттан бөлек сыңарланған. Кім білген, осы жырым қанат берер, Шағымда баршаңызға жыр арнаған. 31.03.2011. *** ЕКІБАСТҰЗДАН КЕЛГЕН ҚАЛҚА Бір қалқа келді сонау шығыс тұстан, Мендегі албырт сезім алып ұшқан. Қалайша қой деп айтам ынтығыма, Жыр жаздым арнап енді амалсыздан.
Қалқаның белі нәзік, жүзі күндей, Естайға берген Хорлан жүзігіндей. Қауышып бір ойнаған олжам болды, Киноның шым-шытырық үзігіндей.
Айыбы – екі бөлек, екі баспыз, Ол келген шаһар еді Екібастұз. Қос шаһар араласып кеткендей-ақ, Бұл кеште екеуміз де «басы боспыз».
Кигені қалқатайдың көгілдір түс, Сәтін сап бабын табар ебін білгіз. Сонда бір құмарлығым артқанменен, Ноқтаға бас симады сезімдерсіз.
Қалқаның жанарында жылылық бар, Ал менде тоқтам деген ұлылық бар. Есімін сұрамаған қалқатайым, Дегендей бір вальспен тынығып қал.
Қош демей кете бардым топ ішінен, Іштегі бітіспеген соғысыммен. Бақытты-ау Екібастұз ол жасаған, Шығатын қалқатайы бақ ішінен. 11.04.2011. ***
ТАҢҒЫ ШАБЫТ Шабыттың шаңқай түсі болғаны жоқ, Таңертең қорамсақтың толғаны көп. Өлеңнен өрмек өріп берсем дедім, Мендегі бар пейілдің болғаны тек.
Таңғы шақ, таңертеңгі құлшынысым, Күтіп ап тұрдым қарап күн шығысын. Алланың мұнысына мың шүкір деп, Тұлпарға талаптарым мінді бүгін.
Арманыз адам болдым ырызықты, Жұмыстың бірі бітсе, бірі шықты. Тіршілік осыменен қызық екен, Бастайды пенде осыдан ұлылықты.
Шабытым қамшылайды талантымды, Ал, жаным тұлпар сынды жарау тұрды. Алысқа алып кетсе, бара берем, Артыма мұршам да жоқ қарар тіпті.
Өлеңнің ауылына көшіп барам, Аянып қаларым жоқ келсе шамам. Өлмейтін із қалдырам осындайда, Алдыға тастай түсіп неше қадам.
Таң атты, ал мен болсам шабыттамын, Жақсы екен таңнан өлең ағытқаным. Өрлейді шапқан сайын жыр-тұлпарым, Тек алға маңдай тіккен бағыттарым.
Қауышам мақсатыммен мамырлаған, Жырларым қанат жайды тамырлаған. Кім маған тоқта дейді осындайда, Түйсігім тек игілік қабылдаған.
Таңғы ауа, таңғы самал тербетеді, Кеше де мұндай шабыт бермеп еді. Көктемдей мен де жаспын қайта оралған, Көрермін алда талай көрмегенді. 20.004. 02011.
*** КІМ МАҒАН ҚОЛ СОЗАДЫ? Осы сауал жанды жеді жауапсыз, Болғаным ба ақша таппас сауатсыз? Жиғанымды кітап етіп шығармай, Тәтті жырым қалды шекер, науатсыз.
Ешкім маған жырың қайда демеді, Жүргізетін кез келсе де кемені. Жинақталған жырым атом секілді, Жарылмаса деймін теңіз кемері.
Жыр жинағым шықса бірде топталып, Қуанар ма ед мынау марғау көп халық. Қазынамнан жыр жауһарын шашар ем, Сосын мейлі кетсемдағы сотталып.
Кім демейді, кімге барам қаржы деп, Әкімдердің жыр дегенде парқы жоқ. Қол жаймаймын, мені ұғар жан болса, Соған айтам бұл халықтық талқы деп.
Мезгіл келді, жас ортасы таяу тұр, Ал шабытым баяғыша ояу тұр. Обал болды жырларыма азықтай, Қалай айтам: сендер енді баяу жүр.
Мейлі-мейлі, демемесең демеме, Өзім ғана капитанмын кемеме. Мұзтауына соқсамдағы мұхиттың, Алға жүзем әлем кезіп жел еме.
Мен ақынмын, ал кәсібім қаламгер, Қолдайтұғын дегенім жоқ адам бер. Түсінетін жандар болса ақынды, Дерім анық: қалам керіп маған ер.
Мониторда менің арым, санам да, Қол тимейді енді байғұс қаламға. Пернелерде менің барлық айтпағым, Алға ұмтылдым хандай кезбен әманда.
Шаршадым деп айтпадым да тегінде, Өзім ұштым өзім ие көгімде. Еркін құспын, Алла ғана қолдаушым, Бастауышпын сөйлем-өмір шебінде. 20.04.2011. *** СӘУІР КЕЛДІ Наурыз кетіп, сәуір келді гүлдеген, Менің пейілім сондай ғажап гүлдеген. Төрт күн тірлік кімнен қалып қоймады, Байлар өтті оранып ап бүлдемен.
Жарлы да өтті қу сүйегі қажалып, Жұмысшы жүр жалақысын аз алып. Бай жылайды мынау затың қымбат деп, Байғұс отыр кінәсіз-ақ қамалып.
Сәуір келді, наурыз кетті қол бұлғап, Шортан жүзер көл бетінде шолпылдап. Ақшасы жоқ жарлы қайтер күн үшін, Ару отыр байға тиіп солқылдап.
Заман қалай, кімдер оны биледі, Айтқан қарғыс иесіне тимеді. Шенеуніктің шені өсті жағынып, Паңданады бәйбішесі үйдегі.
Ал, жарлы ше, оған қандай бейім бар, Толтыра ма қос қалтасын тиындар. Күні үшін құл болды-ау бейшара, Түк пайда жоқ көбейіп тұр жиындар.
Сәуір келді, тәуір қашан келеді, Арлыларды қалай аршыр елегі. Су құйылса електе түк қалмайды, Заманның айт қашан жұртқа берері? 20.04.2011.
*** МЕН СЕНДЕРДІҢ БАУЫРЫҢМЫН Заман қалай, жүрдек пойыз сықылды, Елемей-ақ келе жаттық тықырды. Алыстарға алып бара жатырған, Пойыз-өмір неге енді құтырды.
Неге енді бұзбакерлер құтырды, Құтырғаны – базар жаққа шұбырды. Өмір деген тауар болып сатылып, Ардың өзі ақша алдында жұтылды.
Осы жайлы толғап жүрген жаныңмын, Бауырыңмын, жазылатын шағыммын. Елемесең елемей-ақ қоя ғой, Заманымда барды айтып қағындым.
Тірлік шіркін тоқтамы жоқ тоқылдақ, Барлық адам сөзге келсе ақылды-ақ. Тіні қайда тіршіліктің тарқамас, Кім біледі бақ келе ме жақындап.
Бауырлар-ай, бәріңді де сүйемін, Неге керек жұртқа жағар күйенің. Түсінісу бұл өмірдің мәйегі, Ұғынысу ең зоры екен киенің.
Айһай, өмір, күрмеуі зор шырмауық, Шырмауықтан біздер жүрміз мұң тауып. Оралыңның барында ғой сыйластық, Ана армансыз қызы барда ұл тауып. 20.04.2011. ***
ГҮЛЖАНҒА Бір қыз бар дәмханада дәмдей тәтті, Сымбаты сәуле шашып таң боп атты. Мәзірге көрік беріп айдай жүзі, Қыздырды бір өзі-ақ салтанатты.
Тіл қатпай жаулап алды атырапты, Кигені ақ кеудеше жапырақты. Тұсына «Гүлжан» атын жазып қойып, Биікке шыққандай-ақ сахна атты.
Бұрымы сабалаған бөксе тұсын, Құлшынтты бір өзіне көңіл құсын. Ибалы ізетімен қызмет етіп, Жұтып бір қоятындай жеңіл мүсін.
Гүлжандай ару қандай, ай бір қандай, Кезін айт иіліп кеп шай құйғандай. Қазақтың барлық қызы сендей болса, Арынан болмас еді айрылғандай.
Мән қалды менде жырлар марқалаған, Шашында салмақ қанша арқалаған. Өрілген бұрым қалды дәмханада, Иілген иба қалды тарқамаған.
Табам ба сол аруды іздеп келсем, Еш ару сендей мені гүлдетпеген. «Асторда» астан бұрын Гүлжан қымбат, Ибасын қазағымның кірлетпеген. 20.04.2011. *** ӘКЕНІ АҢСАУ Жеңістің күні келді мамырлаған, Ал әкем дәл қасымнан табылмаған. Жауымен алысқанда оққа ұшып, Жатса да тауы оның шағылмаған.
Жеңістің күні келді көктемінде, Әкем сол жүрген өмір өткелінде. Жеңіс деп жан алысып, жан берісіп, Майданның жүрген алғы шептерінде.
Оқ тесіп кеуде тұсын, жамбасын да, Жарылған мина шіркін дәл қасында. Жатса да қарға сіңіп қызыл қаны, Қалмады қу мүрдесі жар басында.
Оқ атты жараланып жатқанымен, Таң атып, түнек болып батқанымен. Ұлы еді жалғыз ғана қу кемпірдің, Амал не, жанға осы батқанымен.
«Көппенен ұлы тойда» көрді барды, Елемей алға ұмтылды мұзды-қарды. Зуылдап снарядтар құлақ тұстан, Иісінен алапат от тұншығады.
Қарайтын ондайларға қане шама, Арқада қалды байғұс жалғыз ана. Қарындас ол да болса жатжұрттық қой, Құдайым дейді болсын бізге пана.
Оқ атты, қанша жауы жан берісті, Кім айдап әкелді екен бұл немісті. Адамды өлтіруден асқан қор жоқ, Сондықтан ибанудан күдер үзді.
«Жауыңды аяғаның өлім» деген, Тағдырың саудаласты өлімменен. Я өліп, я жауыңды өлтіресің, Арасы осы жіктің бөлінбеген.
Ұмтылды әке байғұс жас басымен, Қолында автоматы таспасымен. Келіпті мерзімі де арып-ашып, Есепті айырар кез қастасымен.
Кім білген қанша мерзім, күн өткенін, Оқ жалап жаралапты білектерін. Жамбасы көтертпейді қу сүйегін, Шығарған жаудың оғы сілікпесін.
Қарайды шошына сап шоштиғанға, Жатқаны осы екен госпиталда. Есіне түсті сол шақ алғы шепте, Жауына жан бермеген жанпидада.
Қолтыққа тірегені балдақтары, Қу тірлік оны қайта алдатпады. Оралды соғыс жақтан жараланып, Намыссыз болмаған ел солдаттары.
Көп өтпей жеңіс туы желбіреді, Қадірін осы күннің ел біледі. Майдангер әкем айтты жеңіс жайын, Соғыстың көзі тірі таңкілері.
Әкем жоқ бүгін менің пана-бағым, Кім ұғар ана менен бала жанын. Еске алам мамыр келсе қызылданған, Сағынам жан әкенің алақанын. 20.04.2011. ***
ТІС АУРУЫ Аурудың ең жаманы тісте деген, Айтқанын дәрігердің істемеген. Қақсайды тісің сонан солқылдатып, Тамағың қалар шетте тістемеген.
Аурудың ең жаманы тісте болар, Жаныңды көзге әкеп тістеп алар. Халін де сұрамайтын бұл аурудың, Қайғысы сол себепті іште болар.
Тіс деген ауырудың орталығы, Елемес адам көп жыл жорта мұны. Ыстық та, салқындық та жақпай жатса, Татуға дәмді содан қорқатыны.
Тіс деген саламаттық әліппесі, Маржан тіс сұлулықтың көріктісі. Қадірін білмегендер опық жейді, Құбыжық боп көрінен кемік тісі.
Аурудың ең жаманы тісте дерсің, Неге енді оған күтім істемедің? Емдету бұл заманда арзан емес, Енді өзің қайтар оның үстемесін.
Осылай тіс ауырды менде кеше, Қақсады күндізің бе, күнде кешке. Ақыры белді байлап келдім жетіп, Алдына дәрігердің үрке-үрке.
Қыжылы станоктың қалды есте, Келеді қинағаны кейде түске. Мұншама бұрын азап көрмеп едім, Жетпеді тіс қадірі ештеңеге.
22.04.2011. ***
МЕН АТАЖҰРТТАМЫН Мен өзімнің жұртымда, Отандамын, Орындалған тілегім, от арманым. Мадақтаймын елімді, кең даламды, Өмір атты көшінде отарбаның.
Мен өзімнің жерімде, көгімдемін, Небір қиын істерде шегінбедім. Тәуелсізбін, мың шүкір егеменмін, Отан оны қолдаған семірсе кім.
Мен өзімде, жұртымда, төрімдемін, Биіктіктер болады көрінгенім. Елге етем еңбекті, міндеттерді, Мал бағамын, қырманды егіндемін.
Өз меншігім – кең далам, орманым бар, Енді қандай қол жетпес арманым бар?! Биікпін мен бар дүние шыңдарынан, Қазынаға үлесті салғаным бар.
Отан менен күтеді от жүректі, От еңбекті, от пейіл, от тіленкті. Аянуға хақым жоқ менің мынау, Жырларым да алапты дүркіретті.
Солай, бауырым, мен өзі жұртындамын, Ода жазып құр күліп, құр тұрмадым. Саған берем, Отаным, бар байлықты, Талпынысым сен үшін, ұмтылғаным.
22.04.2011.
***
ӨМІРДІ БАҒАЛАЙЫҚ Бағалайық өмірді, тіршілікті, Кімдер күліп, ал кімдер күрсініпті? Өмір осы қадірі білінбеген, Алла ием қалайды құлшылықты.
Төрт күн тірлік Алланың аманаты, Түсінбеске жармасар жаманаты. Өтті күндер құр бекер, жастық қалды, Денсаулықтың бос өтіп саламаты.
Алла бізге сыншымыз, құдірет те, Қалай есеп береміз ахыретте. Тәңір берген саулықта қадір қане, Орныменен жұмсалмас қабілет те.
Көп кемшілік кетіпті осы бізден, Шығарыппыз барлығын есімізден. Ұғынбаған күндер-ай зуылдаған, Қызық атты қымыран кешіп ішкен.
Қайран жастық, уайым болмаған-ай, Жастық деген жіңішке толмаған ай. Енді келдік он төрттің тоғысына, Қарманайық қалғанға қордаламай.
Өмір шіркін бағасыз, байыпсызым, Кешір мені, қайтейін, айыптымын. Алла берген мүмкіндік осы болса, Кемшілігім үшін де майыптымын.
Артымда бар іздерім өлең деген, Күндерім-ай, күндерім еленбеген. Мен сендерді сүйемін, қалың елім, Өрнектеймін шамамша өлеңменен.
Мен ешкімнің малайы, күңі емеспін, Тек Алланың құлымын, бір елеспін. Қадіріңді білмесем, кешіре көр, Көп күнімді көрсоқыр жүре кештім.
22.04.2011 ***
КАКТУС Бір гүл бар тікенегі қаптай өскен, Тікенек тиіп кетсең жақпай кеткен. Инесі жібермейді ұстап алып, Мұнысын енді кімдер мақтайды екен?
Кактустың жағымды да жағы болар, Өсірген жанның сондай бағы болар, Сәулесін рентгеннің жұтар болса, Тұрағы компьютердің жаны болар.
Бір гүл бар тікенегі кірпіленген, Кескіні қолға батар түрпімен тең. Күн сайын баптап және суғарсаңыз, Келбеті нұрланады кіл түлеген.
Бір шөп бар кеңсемізде шомырланған, Жап-жасыл, кейде қошқыл қоңырланған. Саулыққа пайдасы зор бұл өскінді, Еш адам бапсыз түртіп, омырмаған.
Кактустың отаны қай алап екен, Біздерге қай бағбан қол ала келген. Сырты ине болғанымен іші шипа, Кактусты өсіреді қала көрген.
Жап-жасыл бой түзеген білек гүлім, Ебімен осындайда гүл екті кім. Кактусты жусанменен туыс десем, Байытып жылытар ма ең жүрек түбін. 5.05.2011. ***
МАМЫРДА Сол мамыр еске түсті артта қалған, Зуылдақ өтіп жатқан дүние жалған. Жастығым қалып барат елес болып, Қиын-ау дәуреніңді еске алған.
Жыл еді сексенінші мамырлаған, Жастықтың алау оты тамырлаған. Шоқ гүлдер құшып едік осы күні, Мектептің есігі еді жабылмаған.
Сол мамыр қандай ғана ғажап еді, Сезім де мөп-мөлдір бір таза еді. Қалқаның сыйға берген естелігі, Мәңгілік құшағымда қала берді.
Қаракөз, ақ фартукті қиғаш көзім, Қинадың осы күні мені несін. Гүлің де тарту еткен қалды есте, Сені ойлап сол күнгідей кенелемін.
Отыз бір жыл өтіпті сонан бері, Кетпеді тіршілікте заман кері. Есейтті зуылдақ күн тыным таппай, Ақылым азаймады, кемелденді.
Қоңырау үні қалды құлағымда, Жастығым қаша түсті құла құмға. Өзіңді ұмыта алмай балғын шағым, Келіп тұр менің осы жылағым да.
Қош, дәурен, қадіріңе жеттім бе екен, Бос жүрдім той тойлаумен көп күнде мен. Есесін қайтарамын оның қалай, Жетем бе жыр жазумен екпіндесем.
Мамырдың жиырма бесі мамыражай, Жайылған ағаш басы жапырақ-ай. Жастығым, қалып қойма, менімен бол, Шабытым тұрған шақта шашырамай.
Мен келем, мамыр тағы келе берсін, Тірлікте тағы қайта еленермін. Мереке құтты болсын түлектерге, Шаттыққа мен де бүгін кенелермін.
25.05.2011.
***
АЙЫМ ҚЫЗ Ай нұрын төгіп жатты жанарынан, Гүл атты айдай сұлу қабағынан. Күлкісі бұлақтан да сыңғыр тұғын, Еріні сүю үшін жаратылған.
Айымның ақ тамағы асықтырған, Көргенді бір қарап-ақ ғашық қылған. Ойнаған жанарлары жан тербетіп, Көңілді оттай демі ысыттырған.
Тулатқан жүректерді қарағаны, Ақуыз үріп қойған балапаны. Жанынан айналақтап кете алмаған, Жігітке арман болып алақаны.
Мүсіні құлындалып таратылған, Көргенде жүрек біткен аласұрған. Сұлуға бір қараудың өзі бақыт, Келбеті ай мен күннен жаратылған.
Мың қыз бір, Айым бөлек арасында, Көңілді емдер көзбен қарасың да. Арман қыз – аспан әлем перісіндей, Қайтейін, қолға қонбай барасың да!
31. 05. 2011 ***
КІТАБЫМ ШЫҚПАДЫ Ақшам жоқ шығаруға кітабымды, Осы іс мен байғұсты құса қылды. Жалақым ол да жетпей тамағыма, Жырымды күнде туар қыса тұрды.
Жырларым түгемеді, туа берді, Арманды бала көңіл қуа берді. Кім айтар мені мына қартайды деп, Әнімнен сәби біткен уатылды.
Жырларым оқылмады жарияланбай, Тоқтаған Әму һәм Сыр дариялардай. Тірлікке қан жүгірер болса кезек, Танылсам деп ойладым қария болмай.
Кітабым жарыққа да шықпай жатты, Күндерім ширатылған тұттай қатты. Арманды қуып барам сондадағы, Иілмей тұра тұрып мықтай қатты.
Кітабым бір күн шығар нәсіп етсе, Іздейді оқырманын ғашық етсе. Жырларым менің осы бар байлығым, Мен кетем өлеңімнің басы кетсе. 31.05.2011. ***
ҚҰРБАНДАР ЕСТЕН КЕТПЕЙДІ
Саяси қуғын-сүргінде, Талай боздақ атылды. Осындай зұлмат мүмкін бе, Шарасыз ана «аһ» ұрды.
Не деген қиын заман ед, Жазықсыз сорлы оққа ұшты. Отаншыл ерен талай ер, Жаламен сонда жоқ болды. Құрбаны болып зұлматтың, Арыстар кетті құрбан боп. Рухы бүгін тіл қатсын, Естелік осы жырдан боп.
Құрбандар естен кетпейді, Есімі қайта жаңғырар. Көз жасын енді төкпейді, Ескеріледі мәңгі олар.
31.05.2011 ***
ЖАҢБЫР ЖАУДЫ Нұр төкті аспан-әлем сіркіретіп, Мен жаттым шабытымды сілкілетіп. Өлеңдер туып жатты ақ санамнан, Дүние дөңгеленіп, бір күн өтіп.
Нұр төкті көк күмбезім сұрғылттанып, Ал менде шабытым тұр жыр құттанып. Саулығым саламатты, жаным көктем, Жыр туды секунд сайын ырғақталып.
Ұрады ақ тамшылар тереземді, Бір Аллам қалауымды бере берді. Мың шүкір жаратқанға осы күнді, Ақының өлшенбеген өлең өрді.
Тамшылар қайта енді ұсақталды, Кернеді шаттық жырлар құшақтарды. Аспандап тұрдым сонан алпамсадай, Жарыста артқа тастап ұшақтарды.
Жаңбыр-жыр төгіледі толастамай, Ынтығым тапты мені аластамай. Жау, жаңбыр, жауа берші осылайша, Жаңбырмен дұрыс жырым жарасса ұдай. 1.06.2011
*** АЛЫСТЫ НЕГЕ КӨРМЕДІМ Жанарым нашар көрер алыстарды, Қыран көз неге бұлай қалыс қалды. Окулист сырын білмей мүкісімнің, Әйнекті талай-талай салыстырды. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|